Жұма, 3 Мамыр 2024
«Цифрлы Қазақстан» 6986 14 пікір 21 Шілде, 2020 сағат 15:44

Ақша. Ақша. Тағы да ақша керек...

11 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев Асқар Мамин Үкіметіне 2 апта уақыт беріп, жағдайды реттеуді қатаң тапсырғанын білесіздер. Президент жауапты шенділер коронавирус індетінің таралуына қарсы шараларды тиімді жұргізбеді деп сыныған. Егер 2 аптада жағдай оңайлмайтын болса, Үкімет құрамын өзгертуі мүмкін екенін айтқан. Содан бері тұп-тура 10 күн өтті. Тоқаевтың 2 аптасы 25 шілдеде аяқталады.

Кеше Мамин командасынан алғашқы болып Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев кетті. Дәлірек айтсақ, қызметінен алынды.

Асекең бұл министрлікті басқарып жүріп, көштің басы емес, көптің бірі болды. Тіпті, көлеңкелеп жатты десек те артық айтқандық емес шығар. Көп дегенді – ел-жұрттың емес, Ақорданың айналасындағы көп шендінің бірі деп ұғарсыздар...

Асқар Жұмағалиев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш ...

Асекең ақсаған 2 мәселе:

Әрідегісін айтпағанның өзінде, қытай вирусы қаһарына мініп, індет өршіген, Төтенше жағдай жарияланып, ел де, ел басқарғандар да абыр-сабырға түскен соңғы 5 айда Асекең туралы ел талқылаған 2 мәселені еске түсіргенді жөн көрдік.

310 миллиардтың есебі қайда?

Біріншісі, ел бюджетінен «Цифрландыруға» деп бөлген 141 миллиард теңгенің есебі. Бұл соманың сұрауы басқа-басқа емес, дәл осы Асқар Жұмағалиевтен еді. Өйткені, Асекең Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды.

2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» жобасына 310 миллиард теңге бөлінген. Оның 169 миллиард теңгесі квазимемлекеттік субьектілердің қалтасынан, ал 141 миллиард теңгесі бюджеттен деп келісілген. Әуелгіде бұл жоба мен бұл сома 4 жылға деп жоспарланған еді. Яғни, 2021 жылға дейін осы қаржыны игеруі керек-ті.

Тағы 258,8 миллиард теңге сұраған

2019 жылдың қорытында есебінде Үкімет басшысы Асқар Мамин ел мектептерінің 90 пайызы интернетпен толық қамтылды деп сөйледі. Сонан соң, цифрландыру жобасының алдағы үш жылына деп бюджеттен тағы 258,8 миллиард теңге бөлінгелі жатқаны ақпаратта жария болды.

Шынтуайтына келгенде, Асекеңдер (Жұмағалиев те, Мамин де) жаңағы жобаға бөлінген 310 миллиард теңгенің, оның ішінде бюджеттің 141 миллиард теңгесінің есебін берген жоқ. Есесіне, карантин жарияланып, студенттер мен оқушылар қашықтан оқу режиміне көшкенде министр Асқар Жұмағалиевтің де, Жұмағалиевтің дерегіне сүйеніп, «90 пайызды қамтыдық» деп сөйлеген Маминнің де өтірігі әшекере болды. Интернет түгілі қарапайым байланыс құралдары жөнді істемейтін алыс ауылдарды айтпағанда, Алматы, Астана секілді ірі мегаполистердің маңайындағы шағын елді-мекендердің өзі интернет іздеп, тау-тасты, төбе-төмпешікті кезіп, тентіреп кетті.

Бір күнде 15 миллион адам?

Екіншісі, Президенттен пәрмен түсіп, Үкімет мақұлдаған соң, әлгі жыр болған 42 500 теңге бас-аяғы 3 миллион адамға берілетін болған-ды. Бір емес, бірнеше министр мәлім қылып, жарылқап берген жәрдемпұлға жауапты шенділердің бірі – біздің Асекең еді.

Асекеңнің министрлігі арнайы сайт ашқан. Ал іске келгенде «Сайт» сызылып-созылып ол тұрды. «Электронды үкімет» «кілт» түгендеп ол тұрды. «Телеграмм-боттардың» хабарын естіген адам тағы жоқ. Күн ұзаққа сайттың бетін шұқылап отырған көп адам ақыры өтініштерін өткізе алған жоқ.

Кейін ақау үшін ақталудың амалын тапқандай болған Асекең: «Еgov порталына бір мезетте 15 миллион өтінім түскен», - деп сөйледі.

Өзі елде 19 миллионға жетер-жетпес жан саны болса. Министрлік жап-жаңа ашқан, ашқанына 1 тәулік те болмаған ол сайтқа бір күнде 15 миллион өтініш түскен болса, әрі қарай өзіңіз есептей беріңіз.

Сөйткен Асекең кеше қызметінен алынды. Асқар Жұмағалиев қызметінен алыған сәтте-ақ, әлеуметтік желідегі жұрт: «Тоқаев министрлерді қызметінен ала бастады», - деген сөз таралды.

Алик Шпекбаев возглавил антикоррупционное ведомство

Ал бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, мәжіліс өткізген. Шпекбаев мырза сол жиында жаңағы «Цифрлық Қазақстан» жобасы туралы да айтыпты. Цифрландыру жобасына бойынша 2 министрліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр екен.

«Қазіргі таңда цифрландыру тақырыбы өзекті болып тұр. Коронавируспен күресудің үздік тәжірибелерін талдау Оңтүстік Корея мен Сингапур сияқты дамыған, мемлекеттік электрондық сервистері бар елдер пандемияны тез арада тоқтата алатындығын көрсетті», – депті Шпекбаев.

Ол сондай-ақ, бюджет қаржысын жымқырып-қымқырмай, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру маңызды екенін айтқан.

«Осы тұрғыда қазіргі уақытта Цифрлық даму мен Білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты екі қылмыстық істі тергеп жатқанымызды айтқым келеді», - дейді агенттік төрағасы.

Биография Асхата Аймагамбетова

Асекеңнің күні кеше ғана Президент пәрменімен, қызметінен алынғанын айттық. Президент Тоқаев Асхат Аймағамбетов басқарып отырған Білім және ғылым министрлігінің жұмысына да сын айтқан. 10 шілдеде.

«1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Менде министрілктің бұл жағдайға дайын екендігіне күмән бар. Балалар қалай оқиды? Мектепте немесе қашықтан? Жаңа оқу жылына мұғалімдердің дайындығы қалай?

Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады», - деген еді Тоқаев.

Бүгін Шпекбаев мырза дәл осы екі министрліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда Денсаулық сақтау министрі Алекей Цой 2 апталық карантинді қорытындылап, есеп беріпті. Енді сол министр Цойдың есеп-қисабына көз жүгіртейік...

Коронавируспен күреске қанша бөлінді?

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Қазақстан Үкіметі індетпен күреске деп аз ақша бөлген жоқ.

6 триллион теңге

Мамыр айында коронавирусқа қарсы күреске Қазақстан 6 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсады деген ақпарат тарады. Бұл шамамен 13 миллиард доллар немесе ұлттық ЖІӨ-нің 8 пайызы.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 7 шілдеде коронавируспен күреске Үкімет резерві мен республикалық бджеттен қанша қаражат бөлінгенін және ол қаражаттың қайда жұмсалғанын айтып, есеп берген болды.

114 миллиард теңге

Оның айтуынша, пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күрес үшін, оның пайда болуы мен індеттің бетін қайтару үшін 114 миллиард 826 миллион теңге бөлінген. Мұның 40 миллиард 58 миллион теңгесі үкімет резервінен, ал 74 миллиарды респбликалық бюджеттен бөлінген.

191 миллиард теңге

Денсаулық сақтау министрі Цой 114 миллиардтың есебін түгендеп бергенімен, сөзі қаржы министрлігінің есебімен бірдей шықпай қалды. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, елімізде коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

150 миллиард теңге

10 шілдеде президент Тоқаев коронавируспен күреске тағы 150 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

Мұны неге айтып отырмыз? Бүгін министр Цой тағы ақша сұрапты. 42 миллиард теңге! ПТР тест үшін! Ол ма, Үкіметтің резервінен 7,2 миллиард теңге тағы бөлінген. Мақсаты - індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен медқызметкерлерге қажетті заттар алу!

Бұл ақшаға: 41 миллион бетперде, 27 миллион қолғап, 379 мың қорғаныс киімі және 1,2 миллион ПТР тест алынады-мыс.

Цой: Жағдай жақсарып келеді

Ал жалпы алғанда соңғы 2 аптады атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес, дейді. Жағдай реттеліп келеді. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші 4 пайыздан 2,1 пайызға дейін азайған. Жазылып шыққандар 60 пайызға жеткен. Тәулігіне 1500-1600 адам індет жұқтырып жатыр екен.

Енді мына бір дерекке көз жүгіртіңіз: Қазақстанда коронавирус емі мен диагностикасының протоколын 11 рет өзгерткен екен. Бұл туралы инфекционист дәрігер Тамара Утаганова айтыпты.

Түйін. Сонымен, президент Тоқаев айтқан 2 аптаның аяқталуына енді бір 4 күн қалды. Министр Цой бүгін:  «Жағдай жақсарып келеді», - депті, әне... Тек, азын-аулақ ақша керек екен. 42 миллиард теңге!

Жоғарыда айттық. Осыған дейін коронавируспен күреске деп аз қаражат бөлінген жоқ. Бұған шетелдерден келіп жатқан тонналаған гуманитарлық көмектерді қоса есептеңіз. Иә, індет өршіген осындай тар кезеңде жауапты салаға барынша қолдау керек-ақ! Тек, осы қаражаттың барлығы қаншалықты тиімді игеріліп жатыр? Гәп осыда!...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 978
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 843
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 641
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 705