Жұма, 3 Мамыр 2024
Әттең... 5483 24 пікір 20 Шілде, 2020 сағат 11:42

Күрсінем де күңіренем...

«Ақтабан шұбырындының» қазақты шыңғыртып қайта оралғаны ма?..

Сол сұрапыл заманда Қаратаудан көш емес, босқын шұбаған. Қара көзден жас емес, қан аққан. Төл тірсектер тілініп төбенің басында қалған. Төл сәбилер ілініп жебенің ұшында қалған. Ақ сүт көк аспанға атылып, қызыл қан қара жерді суарған.

Ошағында от жанғанда, отауынан ән төгілетін сауықшыл қазақ ошағы қаңсып, отауы қаңырап зар кешті. Қансырап кешті. Қан көмейлеп, мұң қапқан халық жауына бірақ мұң шақпады, кек атты. Жалынбай, жалындап атты.

Өйткені жауы-жоңғары көрініп келген-ді. 

Үміт сәулесі сөнбеген. Күдері үзілмеген. Арманы алға жетелеген.

Ал бүгін...

Көрінбей, сезілмей жеткен тылсым апат халқымызға ауыз сала бастады.

Ал аппараттары аз, дәрі-дәрмегі мардымсыз, дәрігерлері жетімсіз билік қазақты қынадай қырып жатқан пневмонияны «коронавирус емес!» деп өзеуреуден танар емес.

Осыдан жеті күн бұрын еліміздің бір түкпіріндегі алыс ауылда тұратын таныс оқырманым телефон шалып: «Сәке, коронавирус дейтін сұмдық бізге де жетті. Дем-тынысты тарылтып, өкпені қабынтып күн сайын 4-5 адамды әкетіп жатыр. Бәйбішем екеуіміз де төсек тартып қалдық...» – деп бақұлдасқандай болып еді-ау. Айтқаны рас болса, жарты мыңдай тұрғыны бар... өкпеге тыныс алдырар аппараты, дәрі-дәрмегі түгіл дәрігері жоқ ауылдың барша жұрты жарты жылдың ішінде қара жерді жамбастап таусыла ма...

Қазақстанның әр шалғайындағы ауылдарда дәл осындай мүшкіл жағдай болып жатыр-ау дейтін күдік миымды шаққанда, оңаша өкси күрсінем. Өзіммен өзім еңірей күңіренем. 

Жанды бүрді-ау «Ажал!» атты азалы үн,
Шаншып миға ойды үркітер азабын.
Қос өкпесін су ғып сыққан вирустан
Қайтсе ғана тірі қалар қазағым.

Араласты-ау ызғар шалып мұз демге,
Кім құтқарар мұңлы көзді сүзгенде.
Неге атпайды жазықтыны Жасаған
Ыстық демді суық ажал үзгенде.

Құлады да қара Жерге көк Аспан,
Кеудесінде өмір өлім таласқан
Сорлы қазақ мөлиеді иек қағып,
Тірлігінен бір-ақ сәтте адасқан.

Ұлт еді ғой таң нұрына шөлдеген,
Азамат боп қарыштаған пендеден.
Сол жұртыма өлім сепкен апатқа
Қай Құдырет тұра қалар көлденең?

Жарық күні боп кетті де қап-қара,
Орап алды Елді зауал шақ қана.
Суыруда өзегінен өмірін
Ақтық демді ықылықпен ақтара.

Қандай суық шуақ шашқан күн бүгін,
Түріп жеткен зұлымдықтың түндігін.
Жас ағуда көп ошақты сөндіріп,
Солқ еткізіп қара жердің кіндігін.

Көк те, Жер де аман тұрса мызғымай,
Жарық күнді бұлт баспаса,
жүзді – ылай.
Қазағымның жалғыз жұтым ауасын
Құя алар ма кеудесіне жүз құдай.

Ел жылауда етегіне жас толып,
Ойды, қырды қанға бөлеп басты өлік.
Соқты өкпеден демін улап қазақтың
Бос уәдесі қас биліктің тас болып. 

Қараң қалып айбыны мен айдыны,
От шашудан сөнді Алаштың Ай, Күні.
Қол-аяғын төресіне байлатып,
Ажал құшып, қанып ішті қайғыны.

Жасағандай адамға емес,
аңға сын,
Мүрдемен төр алмастырды жан басын.
Тірі қалса, ұрпағына кететін
Қасіреттің қарып салды таңбасын.

Тақсіреттің таңбасына тіреліп,
Емсіз, нәрсіз
Халқым – бүгін тірі өлік.
Көлім, жерім
Уға бөккен желіндеп,
Сол емшекті сорлы жұртым тұр еміп. 

Шеккен зарын,
татқан дәмін азаптың,
Ажалынан бұрын өлген қазақтың,
Шырылдатып шыбын жанын,
шыңғыртып,
Қырып салды қынадай ғып аз-ақ күн.

Еңсені езіп, көтертпестен иінді,
Мәйіт толып, мола қылды үйіңді.
Науқастарды қақпа алдында үйіп сап,
Шенеуніктер шегеледі миымды.

Қан себелеп төнді бүгін қырға бұлт.
Тақыс төрдің көмегінен құр қалып,
Аранында ажал сепкен сұмдықтан
Тауарихтан өшейін деп тұр халық.

О, Жасаған! Тұтылды ғой Елге күн.
Тоқтап жатқан Алашымның көр демін.
Жауыздардың неге өңешін тілмейсің,
Тас кеудеңді теспей ме әлде көрдегі үн.

Қайран жұртым тығырыққа тірелді.
Мың тірілсе,
Бүгін міне мың өлді.
Уай, Жасаған!
Қай кемтігің жамалар
Жер бетінен жоғалтқанда бір Елді!

Қайран қазақ, тығырыққа қамалған
Ауар кезде топырағың табаннан,
Бір тыпырлап, тұяқ серпіп көрсеңші,
Тоса бермей тажалыңды тағы алдан.

Ерегісіп іште жанған өртіңмен,
Айрылмашы азат Алаш, еркіңнен.
Мың апатты бір қажырмен тұзақтап,
Өзіңді өзің құтқарып ал дертіңнен.

«Елім-айлап» еңіреуден де жаңалып қалғанымыз ба, қазақтар-ау...

Софы Сматаев

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 736
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 550
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 454
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 471