Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Билік 3312 3 пікір 17 Шілде, 2020 сағат 13:46

Аида Балаева: Меморгандар ақпаратты уақытылы беру керек!

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бірнеше әкімдіктің сайтын сынға алды. Министрдің айтуынша, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының әкімдіктерінің ресми сайтында ақпараттар айлап жаңармайды.

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн отырысында мемлекеттік органдардың интернет ресурстары туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов баяндады.

«Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасында 76 мемлекеттік орган және 17 жергілікті атқарушы органды көшіруді жоспарладық. Алайда осының ішінен тек 69 мемлекеттік орган және 12 жергілікті атқарушы орган көшірілді. 863 мемлекеттік қызметтің паспорты толтырылды. Тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін жоспарланып жатқан жұмыстарды аяқтаймыз деп үміттенемін», - деді Абылайхан Оспанов.

Вице-министр баяндамасын аяқтаған соң Аида Балаева бұл министрлік мемлекеттік органдардың интернет ресурсын - порталды ашқан кезде неліктен министрліктің (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - авт.) атауы шығатынын сұрады.

«Бұл енді барлық мемлекеттік органның ресурстары қосылғаннан кейін сіздікі шықпауы керек қой. Сондықтан бұл олқылықты дұрыстау керек сияқты. Әйтпесе, бірден министрлік атауы шығады», - деді Балаева.

«Түсінікті, Аида Ғалымқызы, жедел түрде оны түзетеміз» , - деп уәде етті вице-министр Оспанов.

Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрі бірқатар әкімдіктің ресми сайтында ақпараттың жаңартылмай тұратынын сынады.

«Осы жерде Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының әкімдіктеріне осы бағытта жұмысты белсенді етуіне назар аударғым келеді. Сондай-ақ, сұрақ басқаша - бұл ресурстардың жүйелі жаңартылуында. Кейде ақпарат айлап жаңармайды. Бізге уақыты өтіп кеткен, ескі ақпараттың керегі қанша? Ақпарат әрдайым өзекті болуы керек. Біз дұрыс ақпарат берілмей жатыр, адамдар өсек-аянға сенеді деп ренжиміз. Бірақ бұған өз ресурстарымыздағы ақпаратты жаңартпай, өзіміз түрткі боламыз. Мемлекеттік органдар ресурстарыңыздағы ақпараттың жаңартылып отыруын ерекше бақылау керек. Тұрғындарға ақпарат уақтылы әрі дұрыс баруын қамтамасыз ету керек. Осыны хаттама түрде атап, ерекше бақылау керек»  , - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн отырысы өтіп жатыр.

Abai.kz

3 пікір