Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Апат 5533 1 пікір 28 Мамыр, 2020 сағат 16:14

Блок-бекеттегі жол апаты. Кім өтірік айтты?

Алматы қаласы мен Алматы облысы арасындағы блок-бекетте болған қайғылы оқиға жайлы ақпарат әртүрлі болып тұр. Алдымен патруль көлігін соққан жеңіл автомобиль жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істегені туралы ақпарат тарады. Бірақ Алматы қалалық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бұл ақпаратты жоққа шығарды. Артынша, Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов күдіктінің полицияда қызмет істегенін растады.

«Ол полицияда алты жыл қызмет етті, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ ол одан кейін де өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, рөлге мас күйінде отырып, қылмыс жасады», - деген еді Қанат Таймерденов.

Алайда бұл ақпараттың да түбі шикі секілді. Өйткені көлік тізгінінде болған Азат Азаматовтың әкесі 31 арнаға берген сұхбатында апат болған күні ұлының кезекшілікте болғанын айтады.

Өзі де ішкі істер органдарында 28 жыл жұмыс істеген Талғат Мұқашевтың айтуынша, Азат Азаматовты бұрынғы полиция деген ақпарат жалған. Ол тіпті осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған. Коронавирус кезінде демалыссыз жұмысқа шығып, шаршап жүрген.

«Коронавирус үшін мүлде демалған жоқ. 18-19 күн жұмыс істеді. Жол апаты таңғы 5-те болған, сол уақытта ұйықтап қалған болуы мүмкін деп ойлаймын. Адам демалмай жұмыс істесе, рөлде отырып ұйықтап қалуы мүмкін. Иә, ол заң бойынша жол апаты үшін жауап беруі керек. Бірақ мен оның әріптестерін қасақана қағып өлтірді дегенге сенбеймін», - деді Азаттың әкесі.

Ішкі істер органдарында ұзақ уақыт қызмет етіп зейнетке шыққан Мұқашев оқиғаның анық-қанығы камераға түсуі керек екенін айтып отыр. Ол құрылғының істен шыққанына күмән келтірді.

«Қайтыс болған жігіт баласының шілдеханасына шақырған екен. Екеуі араласқан. Сөйте тұра, қалай қылмысқа барды деп ойлайсыздар. Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды. Бұл оқыс оқиға ғой. Қайтыс болған азаматтардың ата-анасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамын», - деді Мұқашев.

Естеріңізге сала кетейік, 25 мамыр күні Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ықшамауданындағы блок-бекетте болған қайғылы оқиғадан екі полиция қызметкері көз жұмды. Біреуі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

1992 жылғы азамат мінген көлік алдымен бақылау-өткізу бекетіне, сосын полиция көлігіне соғылған.

Қайғылы оқиғадан кейін ІІМ тексеріс жүргізіп, алдын алу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар орын алды деген шешімге тоқтаған. Тәртіп бұзған қызметкерлерге дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған екен. Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактісіне де баға берілген. Сөйтіп, министр Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығы бойынша 9 полицейге тәртіптік жаза берілген3 полицей қызметінен босатылған.

Abai.kz

1 пікір