Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 8322. Жазылғандар — 4352. Қайтыс болғандар — 35
847 7 пікір 22 Мамыр, 2020 сағат 16:27

Бейсен Құранбек атында «Жігер» сыйлығы тағайындалды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын тағайындады. Бұл туралы министрліктің телеграм каналында мәлім болды. 

«Жігер» сыйлығы - журналистика саласындағы Ұлттық сыйлық болмақ.

«Аталған сыйлықты тағайындаудағы басты мақсат - ардақты азамат, елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімін мәңгілікке сақтап қалу және талантты жас журналистерді тану, олардың кәсіби жағынан одан әрі дамуына жәрдем беру», - деп жазылыпты ресми ақпаратта.

Сыйлық 4 номинация бойынша беріледі.

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжет;

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал (әлеуметтік желі);

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.

Бұл байқауға телевизия, баспа, интернет журналистиканың және фотосуретшілер мен жаңа медиа (әлеуметтік желілер) саланың кәсіби және кәсіби емес жас журналистері (18-35 жас аралығы) қатысып, бағын сынай алады.

Байқау үздіктерін арнайы құрылған қазылар алқасының мүшелері айқындайтын болады. Қазылар алқасының құрамына елімізде ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиаменеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді.

«Жігер» сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыр мен 15 маусым аралығында «mdq.kz» сайтында қабылданады. Сыйлыққа қатысты толық ақпаратты (қатысу ережесін) «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ресми сайтынан ала аласыз.

Ал салтанатты марапаттау рәсімі туралы ақпарат журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында хабарланады.

Еске салсақ, 18 мамырда белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Abai.kz

7 пікір