Жұма, 3 Мамыр 2024
46 - сөз 5704 11 пікір 2 Наурыз, 2020 сағат 11:34

Тоқаев та - толқыр...

Ақорда жақтың жаңалығын оқиын деп оқымайсың! Әлеуметтік желіде сілтеме қаптап кеткен соң, "бұ жолы президент не деді екен?" деп көз жүгіртіп шығу уәжіпке айналғалы қашан?

Сол уәжіпті Назарбаев кезеңінде де қаза етпейтін едік. Қаза еткенің не, оқымай қалсақ та - оқытатын, көрмей қалсақ та - көрсететін "армия" бар емес пе? Жасырып қайтеміз, біздің кәлләдағы миымыз жетпеген жерді түсіндіріп жіберетін "әскерлердің" сансыз жиынына қатыстық. Соны жазып баспасөзге жарияладық. Жолдаулар мен қолдаулар жайлы дәм-тұзсыз пікір жинаған көөөп тілшінің бірі болдық.

Кейіннен аздап "мүйізіміз" қатайып, "қаласам оқимын, қаласам жазам, жазғанда да мінезді мақала жасаймын" дейтінді шығардық. Сол-ақ екен, ондай тапсырмалар бізден айналып өтіп кететін болды.
Осылай жан тыныш, ар таза, қол бұлғанбайтын жол табылды. "Сен тимесең, мен тимен бадыраң көз" деп соңғы 5-6 жылымыз өтіпті. Сол 5-6 жылда көп дүние өзгерді. Арындап тұрған "арғымақ" шау тартты. Отыз жылдық жүйенің қабырғасы сөгілер кез таяды.

Әлемдік тарихта кімнің қалай таққа отырғаны талқыланбайды, тақта отырып, кімнің қалай жұмыс істегені ғана айтылады. Көптің еркінен тыс су жаңа президент те "сайланып" үлгерді.
Мен Тоқаевтің бүгінгі сұхбатын оқып шыққанда Құдай-Тағала қазақты, қазақ мемлекетін сақтап қалудың сценариін өзі жазып бергендей (лайым солай болғай) күйге түстім.

Өзбек билігінің транзиті қалай өткенін көзбен көрдіңіздер! Өз ағалар мықты-ә! Шып-шырғасын шығармай, "укә-укәлап" жүріп, қантөгіссіз билігін ауыстырып ала қойды... Ал, біз ше? Ислам әкәнің елі сияқты "момын" бола аламыз ба? Жоқ! Қазір халық көне жүйеден шаршағаны соншалық "от болып жануға" дайын тұр. Әлдебір жаманат хабар жетсе болды, "биліктің өзі" бір-бірін талап жеп қою қаупі бар. Биліктегі алып кландар бір-бірін талай бастаса, Қордайдағы сияқты қаншама қантөгіс болатынын тағы ойлаңыз. Қорқынышты. Оған жеткізбеудің бір жолы бар секілді (бәлкім менің ойым қате шығар). Қалаңыз, қаламаңыз қазақ саналы түрде Тоқаевтің айналасына топтасуы керек. Қазақстан деген мемлекет болып қалу үшін де 5-6 жыл Тоқаевтің күш алуына, ашылып жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн. Неге?

Биыл жасы 67 жасқа келген Тоқаев Назарбаев секілді ұзақ жыл ел басқара алмайды. Сондықтан да, ол өз абыройы, тарих, мемлекет үшін аз уақытта біраз дүниені істеп қалуға тырысады. Мұндай мүмкіндік екінің біріне берілмейтінін ұзақ жыл саясатта жүрген адам түсінуі керек.
Жақсы болсын, жаман болсын, бізге Қазақстан ғана керек. Ұрпағымызға қан төгілетін, қырық-пышақ болып соғысатын мемлекетті емес, білім мен ғылымға жол ашатын бейбіт ДӘУЛЕТТІ (мемлекетті) қалдырғымыз келсе, осындай өліара кезеңде Тоқаевтің күшейіп кетуін тілейік. Бәлкім, біздің тілекті сезінсе, Тоқаев та - толқыр!

Пы-сы: Тоқаев бүгінгі сұхбатында "Қазақстанда тұратын барлық ұлт қазақ боласыңдар" депті. Дәл осылай айтпаса да, нақты меңзеу жасапты. Сол сөзі маған жоғарыдағы ойды айтуыма ықпал етті...

Қанат Әбілқайырдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 889
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 747
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 577
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 582