Жұма, 3 Мамыр 2024
2456 0 пікір 21 Тамыз, 2019 сағат 14:22

Жас ана мемлекеттік “Еңбек” бағдарламасының аясында өз кәсібін ашты

Қазір елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға жан-жақты жағдайлар жасалған. Бұл – Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағытында айқын айтылған болатын. Осы бағыт негізінде қазір кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдердің саны артқан.

Жалпы, бүгінгі таңда қоғамның әр саласында нәзік жандылардың үлесі артып келе жатқаны рас. Мәселен, еліміздегі ең іргелі “НұрОтан” саяси партиясының 56 % ін әйел адамдар құрайды. Ал, жалпы басшылық қызметте жүрген әр саладағы нәзік жандылардың үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, бүгінде мемлекетке алақан жаймай, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген әйелдер баршылық. Нәзік жандылар үшін мектепке дейінгі білім беру саласы, мейрамхана бизнесі тағы басқа салалар өз кәсібін жүргізуге қолайлы екен.

Сол салалардың бірін өз кәсібіне айналдырғандардың бірі – Әсел Рахымжанова. Ол біріншіден жас ана. Балаларын тәрбиелей жүріп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Алайда, ол кәсіп жолында сол саланың барлық қиындығын көрген деп айтуға болады. Кәсіпкерліктің әр саласында бағын сынап көрген оның ең соңғы жобасы – Екібастұз қаласындағы арнайы мақсатта ашылған мектепке дейінгі білім беру мекемесі болатын.

Әселдің айтуынша, оның балабақшасының мемлекеттік балабақшалардан  ерекшелігі – онда үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер қабылданатын көрінеді.

-Біздің балабақшаға бір жас екі айдан бастап үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер қабылданады. Бұл жастағы бүлдіршіндерді мемлекеттік балабақшалар қабылдамайды, ал ата-аналар жұмыс істеуі керек. Оның үстіне, мен тұратын елді мекенде тек бір ғана мемлекеттік балабақша бар, ал оған баласын орналастыру үшін ата-аналар ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр, – дейді Әселдің өзі.

Айта кетейік, Әсел сияқты өз кәсібін дөңгелетемін деген жандар үшін мемлекет тарапынан арнайы “Еңбек” бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарлама – жеке кәсібін бастап, жан-жақты дамытамын деген жандар үшін тиімді несие алға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған жобаны іске асыру барысында тиісті құжаттарды да дайындауға көмек беріледі.
Ал, Әсел бұл бағдарлама туралы алғаш естіген соң, бағдарлама туралы бағыт-бағдар алып, өз бағын сынап көруді ұйғарған. Өйткені, аталған бағдарламада жеке кәсіпкерлер үшін аталған несиені банктердегідей емес, пайызы төмен мөлшерлемемен төлеуге болатынын білген. Сөйтіп, бағын сынап көреді.

Айта кетейік, бұл несие бойынша берілген қарыздың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік жобаларын іске сыру үшін жеке кәсіпкерлердің бизнеске қажетті жабдықтарын сатып алуа негіздеу болып табылады.

Ал, Әсел де осы мемлекеттік “Еңбек” бағдарламасының негізінде екінші бағыты бойынша 7 миллион теңге көлемінде несие алған.

– Бұл мектепке дейінгі білім беру мекемесі осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысын бастаған болатын.Ресми ашылуынан бұрын, мен балаларға қажетті жиһаздар, төсек-орын мен ойыгшықтар алып,үй-жайды жабдықтадым. Мұның барлығы да мемлекеттен алған несиенің арқасында жүзеге асты, - дейді кәсіпкердің өзі.

Сонымен қатар, мемлекеттің “Еңбек” бағдарламасы арқылы 505 мың теңгеге дейінгі мөлшерде грант алуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндай мемлекеттік грантқа негізінен “Бастау-Бизнес” жобасы бойынша немесе мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты негізінде оқудан өткен азаматтар үміткер бола алады.

Ал, кәсібінің нәсібін көріп отырған Әсел өз ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерге бастапқыда несие шықпаса да алған бағыттан қайтпауға кеңес береді:
-Өз ісін жаңадан ашып жатқан кәсіпкерлерге ә дегеннен несие шықпаса да, тауы шағылмауы керек екенін айтқым келеді. Мен грант алу конкурсына екі рет бақ сынап, екеуінде де мүмкіндігімді жіберіп алдым. Сонда да салым суға кеткен жоқ. Бағымды тағы бір мәрте сынап көрдім, тырыстым, нәтижесінде тиімді несие алу мүмкіндігіне ие болдым, – дейді ол.

Ал, қазіргі кезеңде Әсел жобалық қуаты 50 балаға арналған «Сәби city» балабақшасын ашып, аталған мекеме Екібастұз тұрғындарының арасында зор сұранысқа ие болған. Кәсіпкер келешекте де  табыс көзіне айналған бұл жобаны жандандыруды, ең бастысы, қала тұрғындары үшін пайдалы да тиімді істің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырған көрінеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында әйелдердің белсенділігі артып келеді. Мәселен, осы жылдың басында кәсіпкерлікті дамытуға қатысушылардың 21% ін әйелдер құраған. Яғни, 3033 әйел өз кәсібін бастау үшін шағын несие алған. Олардың екі мыңға жуығы тұңғыш рет жеке кәсібін бастады.

Ал, жоғарыдағы кейіпкер мысалға келтіріп отырған “Бастау-Бизнес” жобасының негізінде өткен жылы 28,3 мың адам бизнестің алғашқы дәрістерін алған. Олардың арасынан 19,4 мың қатысушы бизнес-жобаларын сәтті қорғаса, 7,7 мың адам жеке кәсібін ашу үшін шағын несие алған. Ал, аталған жоба Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүзеге асырылған.

Ел экономикасына серпін берер мұндай іргелі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Ал, мұндай ірі жобалардағы әйел адамдардың үлесі ендігі кезекте қарқын алмаса бәсеңдемек емес. Себебі, бүгінгі кезең – біреуге алақан жайып, көмектес деп отыратын кез емес.Мұны әр адам түсінеді. Сондықтан да нәзік жандылардың ер еадамдармен иық тіресе жүріп, осындай батыл қадамдарға баруы көңіл қуантады. Сәйкесінше, мұндай бастамаларды мемлекетте барынша қолдап, жан-жақты көмек беруде. Мемлекеттен алған шағын несиенің нәтижесінде, үйде отырып кәсібін дөңгелетіп отыған әйелдер қаншама.

Ал, мұндай іргелі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Себебі, тәуелсіздік алғашқы жылдардан бері Елбасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдағы әйел адамдарды қоғамның әр саласында қолдау білдіру үшін гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Елбасының осы саяси шешімі бүгінде оң нәтижесін беріп отыр. Яғни, кәсіпкерлік дейтін тәуекелі мол салада ер адамдармен иық тірестіре нәзік жандылар да өз орнын ойып тұрып алуда. Бұл дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз үшін үлкен жетістік деп білеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 908
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 760
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 593
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 600