Жұма, 3 Мамыр 2024
Сатира 3817 2 пікір 25 Шілде, 2019 сағат 11:06

МС Сайлаубектің сандырағы һәм түсімдегі Мәжіліс

Ұйқы дегенді қойсаңшы бұл, оның «алып та, шалып та» жығатынына көзім анық жетті. Екі күн бойы әлеуметтік желілердегі алдағы сайлау туралы пікірлер мен «шүкірлерді» «сілекейім ағып» оқып, дуалы ауыздар мен «жуалы» ауыздардың (өзімше тапқан ұйқасым!) ойларына балмұздақ жегендей «тамсанып», «…ұйықтамай таң атырсам деген едім, қайтейін қалғып кетіп шырық бұздым. Мұқағали». Екі күн ұйықтамай көрсеңіз (өмірлік тәжірибеңіз де болса), менің халімді түсініп отырғаныңызға шүбәм жоқ.

Негізі, аузымнан суым ағып, еш қиналмай, кірпіктерім айқасып, «ана жаққа» қатты кетіп қалсам керек, тасыр-тұсырдан шошып көзімді ашып алдым. Ұйықтап жатсам да сезіп тұрмын, мынау «күндей күркіреп тұрған» күнделікті өмірдегі қошамет, құрмет те көрсетілетін алақан «рахметі». «Ой, бұл жақта да жақсы түс көре алмайтын болдым ғой» дегенімше, «премьер-министр, премьер-министр» деген «құрақтай жапырылған» сөздерді құлағым шалып қалды. Шалқамнан жатсам керек, мойнымды көтермеске шарам қалмады.

«Сіз сенерсіз, бәлкім сенбессіз, ана дүниеде, кешіріңіз, тіршілікте, Парламентке бір келуге уақыты болмайтын, үнемі орынбасарларын жіберетін мұртты көкем мәжілістің мінберінен Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы баяндама жасап жатыр. Жалпыға түсінікті тілде, әрине. Мен ойлап қоямын: параллель әлемде уақыт жылдам өтеді деуші еді, сол рас-ау, әйтпесе сайлауға әлі жиырма күндей уақыт бар, ал бұлар да ендігі сайланып алыпты. Неткен жылдамдық, ә?!

Айтпақшы, бірді айтып бірге кете бердім-ау осы, мені шошытқан манағы тасыр-тұсыр шапалақтың «адресі» белгілі болды. Депутаттар Мәсімовты суреттен емес, бетпе-бет көргендеріне қуанғаннан көптен бері күрек-кетпен ұстамай кеткен алақандарына «жұмыс тауып берген» болып шықты.

Содан кейін не болды дейсіз ғой? Премьер-министр ең кемі екі минуттай тоқтамай алдындағы баяндамасын оқиды, соны күтіп тұрғандай көкке пыр-пыр етіп шапалақ — көгершіндер ұшып шығады. Үлкен кісі дем алып алсын дей ме, көпке дейін қонбай тұрып алады әлгілер… Осыны қызықтап біраз жаттым.

Бітті-ау бір кезде ащы шектей шұбатылған баяндама. Ендігі кезек депутаттарға келді. Кезек алғандар Үкімет басшысына алғыстарын жаудыруда. Дағдарысқа қарсы жасаған бағдарламалары үшін рахмет айтып жатқандардың саны көп. Қаймағы кілкіген мадаққа тойды ма, бір кезде спикер: «Үкімет басшысына сауалдарыңыз бар ма?» — деп сұрады. Үнсіздік орнады. Көз алдыңызға жаздың жайма-шуақ күндерінде айдын-көлдің бетіне мамыражай тыныштық орнайтынын елестетіңізші. Үп еткен жел жоқ. Тыпыршыған толқын жоқ. Тап сол күй. Демек, бізде бәрі жақсы болғаны ғой.

Тап осы кезде қатты шыққан музыка дауысы селк еткізді. Расымды айтайын, тұла бойым ток ұрғандай дірілдеп, көзім бақырайып бара жатты… Рок па, реп пе, жын-ойнақ па, ажырату қиын. Дегбірді алып барады. Үкімет басшысының да екі иығы селк-селк етеді. Мұртынан күліп қояды. Тыпыршып әуре… Музыка әуеніне елітуде. Артынша, «пите пара, питте пара, игле сара, каму пире, сану сире, сонақа дей, сонақа кей, зік-зік» деп МС Сайлаубек әндетіп шыға келді. Сол жақ көзі көкпеңбек секілді. Әлде бояп алды ма екен?! Аң-таңмын. Ол да депутат болып сайланып алыпты. Сөйтсем, депутаттық сауалды «беймәлім тілде» рок стилімен жеткізуге күш салған түрі екен. Оған Үкімет басшысы басын изеп, қытайша бірдеңе деп жауап қатып жатыр. Демек, түсініскендері. «Апырай» деп жатып, диваннан домалап түскенім. Ояна сала дене мүшелерімді «түгендесем», бәрі орнында. Тек құлақ жақта “шығын” бар болып шықты. Умаждалып қалыпты байғұс. “Бастан құлақ садақа!”. Түсім болғаны қандай жақсы болды деп қуанып отырмын қазір. Адам өңінде нені көп естісе, түсінде соны көреді деген рас-ау. Жақсы сөздер айтайықшы, ә?

Нағашыбай Қабылбек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 966
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 827
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 632
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 695