Сенбі, 27 Сәуір 2024
2977 2 пікір 25 Маусым, 2019 сағат 10:44

Арыстағы апаттан екі адам қаза тапты

Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгін Үкімет отырысында мәлімдеді. 

"Мемлекет басшысы Арыс қаласындағы оқиға орнына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берді. Тиісті шаралар ұйымдастырылып, Арыс тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өкінішке орай, қаза болғандар бар: бір азамат және бір әскери қызметші. Туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі", - деді премьер-министр.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаза болғандардың бірі Арыс қаласының тұрғыны екен. Снаряд оның көлігіне түскен. Жарылыс салдарынан ауыр жарақат алып, көз жұмған.

Қайтыс болған екінші азамат ҚР Қорғаныс министрлігінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметші екен. Іздеу жұмыстары жүргізілген. Оның денесі әскери бөлімшенің жанынан табылған.

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым таңғы сағат 9:20-да Арыс қаласының маңындағы әскери қоймада өрт шығып, артынша жарылыс болған. Қала тұрғындары баспаналарын тастап, қаладан шығып кетіп жатты. Кейін қала толықтай эвакуацияланды.

Кеше оқиға орнына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облыстық әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылған.

Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде "Қауырт желісі" жұмыс істейді. 8 (7252) 44-94-72.

Abai.kz

2 пікір