Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4787 0 пікір 27 Маусым, 2011 сағат 06:17

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ. Сібірді отарлаудың сыры

Қазан хандығының құлауы

Қазақ даласы және Орта Азияның түркі тұқымдас халықтар мекендеген ендігіне орыстардың көз тігуі Алтын Орда хандығы әлсірегеннен кейін басталды. Әсіресе 1357 жылы Алтын Орда ханы әз Жәнібек өлген соң, елдің саяси жағдайы қиындап, таққа талас басталды. Айналасы жиырма (1357-1377) жылдың ішінде 14 хан бірін-бірі өлтірді. Осы берекесіздіктің белең алуынан кейін, нақтырақ айтқанда, ХV ғасырдың басында-ақ құдіретті Алтын Орда ыдырап, кішігірім алты-жеті хандыққа бөлініп кетті. Олар - Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-Тархан хандығы, Ноғай ұлысы, Көк Орда, Қазақ ұлысы, Сібір хандығы, - деп аталды.

Қазан хандығының құлауы

Қазақ даласы және Орта Азияның түркі тұқымдас халықтар мекендеген ендігіне орыстардың көз тігуі Алтын Орда хандығы әлсірегеннен кейін басталды. Әсіресе 1357 жылы Алтын Орда ханы әз Жәнібек өлген соң, елдің саяси жағдайы қиындап, таққа талас басталды. Айналасы жиырма (1357-1377) жылдың ішінде 14 хан бірін-бірі өлтірді. Осы берекесіздіктің белең алуынан кейін, нақтырақ айтқанда, ХV ғасырдың басында-ақ құдіретті Алтын Орда ыдырап, кішігірім алты-жеті хандыққа бөлініп кетті. Олар - Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-Тархан хандығы, Ноғай ұлысы, Көк Орда, Қазақ ұлысы, Сібір хандығы, - деп аталды.

Алтын Орда құлаған соң тәуелсіздікке қол жеткізген бір-ақ уыс Мәскеу княздігі өздерін бұдан былай «Русия» деп атап, сан ғасыр тізесі батқан түркі тұқымдастарды бір-бірлеп талқандаудың жоспарын түзді. Ол үшін не істеу керек? Дәл іргеде тұрған Қазан хандығын талқандап, байтақ шығысқа жол ашып алған дұрыс. Құдай сәтін салса, аузынан жалын шашқан отты қарудың арқасында, құтырған түземдіктерді бір-бірлеп табанға салып, өмір бақи құлдықта ұстаған жөн...
Сөйтіп 1552 жылдың қара күзінде орыс патшасы Иван Грозный 150 зеңбірегі бар, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласының қамалына келіп, тұмсық тіреп тоқтады. Сол кезде Қазан қамалында небәрі 30 мың ғана сарбаз бар еді. Жаудың әскер саны бес есе, ал қару-жарақ жағы жойдасыз 20-30 есе күшті еді. Қазан ханы Жәдігер бас болып, Құлшәріп молда, ноғай Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр, атақты Шора батырдың інілері - Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікейлер жасанған жауға қарсы тұрды. Шайқас қырық күнге созылды. Қала алынғаннан кейін ІV Иван: «Әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар», - деп жарлық қалды.
Соғыста 500 мың қазандық түркі-татарлар қаза тапты. Орыстар шайқаста қырылған түркі-татарлардың басы жоқ, паршаланған денелерін біріктіріп, жүздеген сал буып Еділге тастады. Өліктерді дарияның қос қапталын жайлаған қалың ноғайды үрейлену үшін төмен қарай ағызды. Аталмыш қырғын жайлы сол кездің тарихнамаларында: «Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып өтіп, бергі бетке шығатын еді», - деп жазыпты (А.Кәкен, «Жұлдыз» журналы, №9 қыркүйек, 2010 жыл. 142-бет).
Осы қырғын шайқас туралы жазушы Мұхтар Мағауин: «Біздің туыстас түрік халықтарының бұрын-соңғы тарихында - ең қанды, ең қайғылы, сонымен қатар кейінгі ұрпаққа үлгі, даңқты шайқастардың бірі болды. Қазан құлаған соң орыс күшейді, ұлы даланы мекендеген барлық халықты қырып-жоюға, бодандыққа алуға, біразын жер бетінен мүлде өшіріп жіберуге жол ашылды», - деп жазады («Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж. 139-б).
Арада төрт жыл өткенде, әбден құтырған орыс әскерлері Хажы-Тарханды (Астрахань) жаулап алды. Қазандықтарды қалай қырғанын естіген башқұрт, шубаш, шеремис, удмурттар орыстың бодандығына өздері барып кіріп кетті. Алтын Орданың жұрнағы Ноғайлы хандығы да кешікпей бас иіп, тізе бүкті. Бодандыққа бас игісі келмеген бір тобы жаңадан шаңырақ көтеріп, еңсесін тіктеп келе жатқан Қазақ хандығына барып қосылды.
Сөйтіп, аз ғана жылдың ішінде Алтын Ордадан бөлініп шыққан бірнеше хандық өлеңді жерде семірген өгіздей өкірген Русияның (Ресейдің) боданы болды да қалды. Кешікпей мұндай қауіп Сібір хандығының да басына үйірілді.
Cібір хандығы
Тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаев марқұм 1992 жылы тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының Құрылтай жиынында сөз сөйлеп: «Орыс елі Қазақияны 1731 жылдан емес, 1580 жылдан бастап шапты. Өйткені Жармақ жаулап алған Ібір-Сібір жұртының халқы, негізінен, қыпшақ, арғын, найман, керей, жалайыр, т.б. тайпалардан құралған. Осы кезде этнос болып қалыптасқан башқұрт, бұлғар, өзбек, қарақалпақ, қазақ халықтарының құрамына ғалым Р.Күзекованың деректері бойынша, 100-ден аса біртекті ру-тайпалар енген. Бұлардың бір шеті сол Ібір-Сібір жұртынан басталатын. Ендеше, Қазақ елінің ресейлік отарлық Сібір хандығының астанасы - Ескер бұғауына іліге бастағанына 400 жылдан асты», - десе, тарихшы ғалым Керейхан Аманжолов: «Орыстардың Қазақ елін бодандыққа алуы 1731 жылдан емес, 1580 жылдары Сібірді жаулау кезінен басталды. Өйткені Ібір-Сібір жұртының халқы, негізінен, қыпшақ, арғын, керей, найман, жалайырдан құралғанын еді», - дейді («Түркі халықтарының тарихы», Алматы, 1999 ж. 10-б).
Сол сияқты орыстың географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым А.Лепшин 1832 жылы жарық көрген «Тарихи хабарлар» атты еңбегінде: «Сібір хандығының негізін қалаған орта жүздің қыпшақ және арғын рулары еді», - деп жазады.
Сібір хандығы 1420 жылға дейін «Түмен хандығы» деп аталған. Хандықтың территориясы үлкен болғанымен, тұрғындар саны ХVІ ғасырдың ортасында 30 500 адам шамасында болған. Қазан құлағаннан кейін, 1555 жылы Сібір ханы Едігер (Тайбұғы тайпасынан) Мәскеу княздігінің бодандығын қабылдады. Бірақ 1563 жылы Көшім хан билікті қолға алған кезден бастап, бодандытан бас тартып, орыспен қарым-қатынасын бірден үзіп тастады.
Көшім хан 1569 жылы орыс патшасы Иван Грозныйға: «Сенің билігің бізге жүрмейді, тату тұрғың келмесе, тұрысатын жеріңді айт...», - деп хат жолдағаны жайлы дерек орыс зерттеушісі П.Небольсиннің еңбегінде айтылады.
Орыс жазбаларында Көшім хандығын «Ертіс хандығы» деп те атаған. Астанасы Ескер (Ескі жер) қаласы Ертіс өзенінің оң жағалауында Тобыл қаласынан 16 шақырым жерде ХІІІ ғасырда бой көтерген. Бұл өлке қазір Ресейдің Түмен облысына қарайды.
Көшім немесе Сібір хандығының құрамына қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан өлкесі енген. Хандық Қазақ және Ноғай ордаларымен қарым-қатынаста болған. Қыз беріп, қыз алысқан. Көшімнің үлкен ұлы Әли ноғай нояны Дін-Ахметтің қызын алса, өз қызын тағы бір ноғай ханзадасы Ақмырзаға берген.
Көшімнің хандығы жайлы Протауз және Эфрон құрастырған энциклопедиялық сөздікте: «Көшім Сібірде 1563 жылы хандығын орнатты. Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі», - делінсе, орыс тарихшысы А.Оксенов: «Ескер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды», - дейді (А.Оксенов, «Ермакқа дейінгі Сібір патшалғы», 26-бет).
Жармақ жорығы
Алтын Орданың құрамынан шыққан ұсақ хандықтарды бағындырғаннан кейін орыс патшасы күшейгеннің үстіне күшейе түсті. Патша ағзамның қолшоқпарлары (орыс алпауыттары) «енді Сібірді бағындырып алсақ» деп түн ұйқыдан айырылды. Өйткені Ібір-Сібірдің ен байлығы Ресей саудагерлерінің түсіне кіретін болды. Әрі Сібір алынса күллі Азияға қақпа ашылмақ.
Бірақ Сібірді жаулау үшін әскер керек. Бұндай тапсырманы үкіметтің солдаттарына тапсырып, патша жаман атты болғанша, Еділ мен Донның бойында қарақшылық жасап жүрген казактарға тапсырса сөзсіз тиімді болмақ. Бір оқпен екі қоян ату деген - осы. Біріншіден, мемлекетке маза бермей жүрген қарақшыларға жұмыс табылып, елдің іші тынышталады, екіншіден, қарақшылардың күшімен Сібір жұрты талқандалады.
Осындай сұрқия саясатты іске асыру үшін күллі Ресейге аты мәлім алпауыт Строгановтар әулеті мен Жармақ (Ермак) дейтін қарақ­шылардың атаманы тіл табысады. Шаш ал, десе, бас алып үйренген Жармақтың қандықол жасағы 1581 жылдың жазында Жайықтың жағасында орын тепкен Сарайшықты шабады. Орыс жылнамашыларының жазуы бойынша, қаланың екі мыңға тарта халқын қырып, сұлу келіншектерін апта бойы азаптап, түгелдей зорлап өлтіреді.
Бұнымен тоқтап қалмай қала маңындағы ауыл-қыстақ, елді мекендерді жер бетінен сыпырып, тіпті көне зираттардың өзін түгін қоймай қиратып, қу сүйекке айналған мүрделерді көрден суырып алып, тау-төбе етіп өртеп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер «мынау біздің ата-бабамыздан қалған жер» деп айтатындай бірде-бір дерек қалдырмаған.
Көзіне қан толған Жармақ келесі 1582 жылдың жазында жасағын бастап Сібір жұртының астанасы - Ескерді (Қашлық) басып алуға аттанады. Бірнеше айға созылған қанды қырғыннан кейін 26 қазан күні Жармақ сібірліктерді қуып шығып, қаланы басып алды. Жазушы Мұхтар Мағауин осы күнді (26 қазан) ұлт тарихындағы ең азалы күн ретінде тарихқа таңбалауымыз керек, - дейді («Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж. 147-б). Ал осы жорық жайлы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында: «1581-1584 жылдары Жармақ отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты», - деп, оны Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.
Сібір хандығының күйреуі
Көшім жеңілгенімен хандық құрыған жоқ. Арада екі жыл өткен соң 1584 жылы тамыздың 5-нен 6-на қараған түні Ескерде есіріп жатқан Жармақтың жасағын көшімдіктер бір түнде тарпа бас салып, көсемін өлтіріп, жасағын Ертіске тірідей тоғытып жіберді. Қалған қарақшылар қашып-пысып ақ патшаның алдына барады.
Осы жеңістен кейін бұрынғы Көшім хандығы қайтадан ес жия бастады. ІV Иван қайтыс болып, жаңадан патшалықты қолына алған Федор І Иоаннович Сібір хандығының күшеюінен қорқып, қарақшы Жармақ салған іздің сүрлеуі өшпей тұрғанда, қайтадан шабуылды жалғастыруды қолай көрді. Көп кешікпей Борис Годуновтың ұйғарымы бойынша Иван Мансуров пен Данил Чулков басқарған қалың қолды Сібірге қарай аттандырды. Бұларға жолай Василий Сукин басқарған қарулы мергендер тобы қосылды. Қосындар зеңбірекпен қаруланды.
Қысқасы, Сібір жасақтары орыс әскерлерімен 17 жыл соғысты. 1591 жылы орыс воеводасы Владимир Масалский-Кольцовтың күшейтілген жасағы Көшімге шешуші соққы берді. Әлсіреген көшімдіктерді 1595 жылы воевода Доможировтың жасағы да қирата жеңді. 1597 жылы Көшім хан қалған-құтқан сарбаздарының басын қосып Тара бекінісіне шабуыл жасады. Бірақ шабуылы нәтижесіз аяқталды. 1598 жылдың 20 тамызында воевода Андрей Воейков Обь өзені бойындағы шайқаста Көшім әскерін толық талқандап, отбасы мүшелерінің кейбірін қолға түсірді.
Орыстар 1591-1595 жылдар аралығында Сібір хандығын толық бағындырды. Қысқа мерзім ішінде Ресей патшасы басып алған өлкелерге 22 жерге қала (бекініс) салып үлгерді. Атап айтқанда, 1586 жылы Шым-Тұра қаласының орнына Түмен бекінісі, 1587 жылы Тобыл, 1594 жылы Тара, 1604 жылы Томск бой көтерді.
Профессор Н.Фирсов 1915 жылы Петерборда жарық көрген «Сібір тарихының мәліметтері» атты еңбегінде: «Орыстардың негізгі мақсаты - Сібірді отарлау болды. Бұл жорық ақырында, қандыбалақ көсемнің (Жармақты айтады) басын жұтса, сібірліктердің қанын судай ағызды. Айталық, Сібір патшасы Едігердің тұсында (1555 жылы) салық төлеушілер саны 30 700 адам болса, ХVІІ ғасырда Батыс Сібір өлкесіндегі жеті уезде салық төлейтін қауқары бар 3000 адам қалды», - деп жазады.
Сібірліктер 1616 жылы отарлаушыларға қарсы соңғы рет бас көтерді. Көтерілісшілерді патша әскері қойдай бауыздап, қатын-қалаш, бала-шағасына дейін тұтқынға алды. Осылай Көшім жеңілгеннен кейін Ресей империясы Қазақ Ордасымен бетпе-бет қалды.
Қорытындылап айтқанда, Алтын Орда мемлекеті ыдырағанда Қазақ хандығымен қатар құрылған, Сібірдегі Көшім патшалығы 20-дан астам жыл өмір сүріп, тарихта ізін қалдырды. Бұл - патшалық Ресей отаршылығына қарсы тұрған ең алғашқы күш ретінде тарихтан орын алды.

jasqazaq.kz

0 пікір