Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3117 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:29

Сұлтанов мырза, сіз кімсіз?

Әзімбай ҒАЛИ


Әзімбай ҒАЛИ


Жақында орыстілді интернет сайттарда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (одан ары КИСИ деп атайық) директоры Болат Сұлтановтың тұжырымдары берілді. Сұлтанов мырза әлгі тұжырымдарында біраз ойлар айтқан екен. Мысалы ол былай дейді: «Антироссийская направленность некоторых материалов в СМИ Казахстана вызывает обеспокоенность экспертов республики». Одан ары және былай депті: «Меня беспокоят появляющиеся антироссийские материалы в СМИ Казахстана». Сұлтанов «СМИ Казахстана» деп негізінен қазақ баспасөзінің «антиресейшілдігін» меңзей келіп төмендегі пікірін ортаға салады:  «...за океаном существует специальный проект – создание по всему периметру границ России своего рода антироссийского кордона». «К нему, как мы знаем, подключились все наши бывшие союзники по организации Варшавского договора и некоторые бывшие республики СССР. За это - первых приняли в ЕС и НАТО, вторым - обещают это сделать». Сұлтановтың айтуына сенсек, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дербес саясаты жоқ болса керек, тек Ресейге білместіктен ұрынып жүрген сияқты. Ал, Дүниежүзілік демократиялық елдердің қауымдастығы, Еуропалық Одақ та, оған серіктес НАТО да - залалды ұйымдарға ұқсайды. Әйтседе, Сұлтановтың білмеуі мүмкін, Қазақстан да, Ресей де НАТО, АҚШ, Еуропалық Одақ сияқты күштермен бірігіп «Бейбітшілік үшін әріптестік» жолында мәмлеге келіп, келісімдер бекіткен болатын. Қазақстанның негізгі тауар айналымы да аталған мемлекеттермен арадағы сауда-саттықтың негізінде жүретіндігі белгілі. Егерде біз  аталған мемлекеттермен экономикалық қатынастарды үзсек, онда біздің мұнайымыздың, уранымыздың, бидайымыздың халықаралық нарықтағы сұранысы құлдырап кетер еді. Сондай-ақ, біз төрағалыққа жеткен ЕҚЫҰ да беделді еуропалық елдердің ұйысқан ортасы емес пе? Осының бәрін індете ойлап келгенде КИСИ-дің директоры Қазақстанның саясатына бірқатар ресейшіл талаптар(!) қойып отырған жоқ па деген сұрақ туады. Мысалы, ол Ресей саясатына тәуелсіз баға берген еліміздегі газеттер мен сайттардың  жазасын беруді ұсынып отыр. Одан қалса, Қазақстанның көпвекторлы саясатының кеңістігін шектеп, оны тар құрсауға салмақшы: «бүйтсек, Ресейге жақпаймыз, сүйтсек те сорлаймыз» деп, өзін меңдеген шарасыз ойларға ырық бере толғанады. Өз басым Германия, Франция мемлекеттерінің біздің КИСИ тақылеттес институтарында болдым, сонда мен олардың өз елдерінің мемлекеттік мүдделері мен ұлттық қауыпсіздігін алдымен қарастыратынын аңғардым. Ал бізде ше? Сұлтановтың қай мақаласын оқысаңыз да, баяғы Ресей мүддесінің маңыздылығын ұғасың. Бұл қалай өзі? Сұлтанов қай мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғап жүр? Мүмкін, оның пайымдауынша Қазақстанның дербес мүддесі мүлде жоқ шығар? Олай болса, тәуелсіз елміз деп жүргеніміз қайда қалады? 
Тағы да КИСИ директорының ойларына жүгінейік: «В целях пресечения поставок в республику наркотиков из Афганистана создать пограничные зоны на территориях районов страны, граничащих с Киргизией, Узбекистаном и Туркменией». «В ближней и среднесрочной перспективе, на мой взгляд, интеграция в нашем регионе нереальна. Следовательно, прозрачность границ с нашими южными соседями не отвечает интересам национальной безопасности». Бұл «гениальный» ой Астанада өткен «Қазақстан-Ресей қатынасы: жаңа күн тәртібі» деген тақырыпта өткен  эксперттер форумында «жарық дүниеге келіпті». Одан әрі оқыңыз - «Поэтому к 2010 году, к планируемому созданию таможенного союза (формируется в рамках ЕврАзЭС) надо вводить пограничные зоны и режимы на территориях сельских округов, примыкающих к границам Казахстана с Кыргызстаном, Узбекистаном, Туркменистаном, как это существует на казахстанско-китайской границе. По мнению наших пограничников, это позволит полностью исключить перемещение людей и грузов вне пунктов пропусков на госгранице». Сонымен, Сұлтановтың ойынша, Қазақстан Орта Азиядағы бауырлас мемлекеттермен арадағы шекараны бүрге кірмейтіндей қымтаса,  Ресейді есірткі трафигінен құтқарады екен-мыс. Ол тіпті, Ресеймен кеден одағына кіріп, Кіндік Азиядан ат кекілін кесуге дайын екендігін де аңғартады.
Қысқасы, біресе Орта Азия елдеріне шүйлігіп, енді бірде Еуропалық Одақ пен НАТО-ға қарап кіжініп, одан қалды қазақтың елдік мақсаты мен мұратын мансұқтап, сыңар жақты пікір білдіруден танбайтын Сұлтанов кім? Бәлкім, бұл сауалға сергек ойлы оқырман жауап тауып қалатын шығар.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 962
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 821
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 629
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 691