Жұма, 10 Мамыр 2024
46 - сөз 4433 7 пікір 2 Мамыр, 2019 сағат 11:43

Бізге демократиялық реформалар керек

1 мамыр күні Алматы мен Астанада көшеге бейбіт шеруге шыққан xалықты әлеуметтік желі арқылы бәріңіз көрген шығарсыздар. Бұл шеруде байқағаным бұрын тек қазақтар бас көтерсе қазір орыс ұлтының өкілдері де бой көрсете бастапты. Кем дегенде екі қаладан да мыңға жуық азаматтар ашық наразылыққа шыққанын байқауға болады.

Менің ойымша, егер алдағы уақытта елде демократиялық реформалар басталмаса, әлеуметтік жобалар қолға алынбаса шеруге шығушылар саны жыл санап арта береді. "Шүкір етіңдер", "Сабыр сақтаңдар", "Еліміз тыныш болсын" деген құр ұрандардың күшімен xалықты ұзақ ұстап тұра алмайсың. 2-3 жыл бұрын xалық бұл сөздерге сенсе де қазір елде саяси басшылықтың өзгергенін қалайтын белсенді азаматтар саны артып келеді. Автократиялық жүйе қалай айналдырсаң да өз беделін жоғалтып заманауи өзгерістер мен xалықтың сұранысына жауап беруден қалды. Шет мемлекеттерде оқыған жаңа буын жастар өсіп екі жақты салыстыра алатын сауатты азаматтар қатары күн санап өсіп жатыр. Егер төмендегі 3 мәселе 1-2 жылда шешілмесе xалықтың алаңға шығып, саяси элитаның биліктен кетуін талап еткен Украина мен Грузиядағы жағдай бізде де қайталануы әбден мүмкін:

1. Президент сайлауы өтіп, транзит аяқталғаннан кейін Елбасы мен оның отбасы толық биліктен кетуі қажет. Бюджетке шығын Елбасы канцеляриясының бізге қажеттілігі жоқ.

2. Жаңа сайланған президент билік тізгінін толық қолға алғаннан кейін елде саяси реформаларды бастап саяси партиялардың арасындағы ашық бәсекеге ерік беріп, келесі Парламент сайлауында оппозияциялық күштердің заң шығарушы билікке келуіне жасанды түрде кедергі жасауды доғару қажет.

3. Азаматтық қоғамды орнықтырып Қазақстан xалқының өз ойын еркін айтуына шектеу қоюды, жұмыстан қудалауды доғару қажет. Оның орнына сананы модернизациялайтын, саяси мәдениеттің өсуіне ықпал ететін реформалар қолға алынуы керек. Халықтың пікірін айтатын платформа фейсбукпен ғана шектелмей сауатты азаматтар шоғыры жиналған саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қызметіне көшіп әрі онымен биліктің үш тармағы да өркениетті диалог орната білетін саяси жүйені орнықтыру қажет.

Біз қоғам болып бір нәрсені мойындауымыз қажет. Халықты қысқан сайын кері реакция күшейе береді. Ал, егер елдің мұңын билікке жеткізер сауатты саяси жүйе мен саяси платформалар жұмыс істеп тұрса эволюциялық жолмен ақырындап демократиялы елдердің қатарына жақындай түсеміз. Қазір 10 жыл бұрынғы түсінікпен ойлайтын xалық жоқ. Әлемде, ТМД елдерінде болып жатқан өзгерістерді xалқымыз көріп отыр. Әрмен қарай әкімшілік күшпен, қорқытып-үркітумен қоғамды ұстап тұру тактикасы өз нәтижесін бермейді. Мұндай тактика кері реакция тудырып жүйеге наразылар санын арттырғаннан басқа жолға алып келмейді.

P.S. Егер Елбасының ойында 1-2 жылдан кейін Дариғаны не отбасының бір мүшесін билікке әкелу идеясы бар болса бүгінгі болған оқиғадан кейін ойланар. Шеруде Астананың атын ауыстыруға қарсымыз деген талап көп айтылды. Егер Дариға не басқа бір отбасының мүшесі билікке келсе бұл отқа май құюмен тең. Қызын жақсы көрген әке наразы xалықтың ортасына, жанып тұрған отқа өз баласын әкеліп "Елді басқар" деп тастамас. Ең дұрысы абыроймен кетіп, келесі президенттен гарант алып, 30 жыл жинаған байлықты сақтайтын жолдарды жасап, қалған өмірді Ельцин секілді тыныш өткізу. Билікті уысынан шығармауға ұмтылған сайын xалықтың наразылығы да арта береді. Алдағы 1-2 жылда толық саясаттан кетпесе xалық елдегі бар сәтсіздікке билікті уысында ұстап отырған Елбасын айыптауға ашық түрде көшеді. Тәжірибелі саясаткер ретінде мұны Елбасының болжай алмауы мүмкін емес. Елбасы айналасында 30 жыл жүрген азаматтардың кеңесін емес, елдің тілегін тыңдайды деп үміттенемін!

Бауыржан Серікбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1906
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1987
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1667
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1511