Жұма, 17 Мамыр 2024
5659 16 пікір 18 Сәуір, 2019 сағат 14:29

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болу – үлкен жауапкершілік!

Нұрхат Жакиев - еліміздегі ең айтулы "100 жаңа есім" жобасының қатысушысы. Ол бүгінде ғылым саласында көптеген ізденістер жасап жүр. Біз де оның алдағы жоспарлары мен "100 жаңа есім" жобасы туралы сөйлескен едік...

-Нұрхат мырза, Сіз еліміздегі ең үздік "100 жаңа есімге" ендіңіз. Жалпы, осы жоба туралы ойыңызды білсек... 

- Қайырлы күн,"100 жаңа есім" жобасы туралы 2017 жылы әріптесім, биомедицинамен айналысатын Зарина Саутбаева арқылы білдім. Кейін көшедегі плакаттардан, теледидардан осы жобаның басқа қатысушылары туралы біле бастадым. Расында да, жасап жатқан істері де, өмірбаяндары да қызықты да маңызды. "Әр қазағым жалғызым" дегендей, қазіргі заманғы нақышта айтсақ "Әр қазақстандық дара тұлғам" екенін ашатын жақсы жоба.
«Руxани жаңғыру» жобасы аясындағы "100 жаңа есім" конкурсы аты айтып тұрғандай, өз ісімен өнеге-үлгі болатындай тұлғалар іріктелініп, олар руxани мотивация бере алатындай болу керек. Бос сөз емес - нақты іспен. Мүмкін жастар мамандық таңдауда үлгі тұтар тұлғасын табар, мүмкін қалыптасқан маман өз саласында жетер белестер әлі көп екенін түсіну үшін шығар.

Жалпы идея - арамызда жүрген азаматтардың ісін көрсету, олар өз саласында жасаған істерін дәріптеу: ғылым болсын, медицина болсын, спорт болсын, өнер болсын, журналистика т.б. барлық сала елімізді рухани мазмұнмен байытып тұр. Расында да елімізде үлгі тұтар тұлғалар көп, әр слада, олардың жұмысы көзге көріне бермегенімен, қоғамға тигізер пайдасы ұшан теңіз.

Мен өзім ғылым саласында осы тізімге ендім. Абай атамыз айтқандай, «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып, ғалым болуды армандаса деп тілеймін, қабілеті бар жастар көп, тек ғалым болу престижін көтеруіміз керек, ол артынан елімізге пайдасы мың еселеп қайтады.

-Сіз бұл жобаға қалай таңдалдыңыз?

- Жоба екі сатыдан тұратын дауыс беру жүйесі арқылы өтті. 2018 қазан - қараша айларында әлеуметтік желілерде қызу талқыға түстік. Әріптестер, қоғамдық белсенділер, жерлестердің қолдауының арқасында нәтижесінде 29 жеңімпаз болып іріктелдік. Бәрі әділ өтті, қарапайым ауылдан шыққан мен жеңімпаздар қатарынан табылғаныма қуаныштымын. Елбасымен де кездестік, өз ісіміз туралы БАҚ өкілдеріне баяндадық, жастармен кездесу шараларына қатысудамыз. Бұл жоба өмірімде болып жатқан жаңа серпіліс деуге болады.

- "100 жаңа есімге" ену сіздің ғылыми жұмыстарыңызға қандай серпін берді?

- Серпін жан-жақты болды. Ең бастысы - өз ойымды жинақтауға мүмкіндік берді. Түсіндіруге тырысайын. Ғылыми-зерттеу жұмыстары әдетте сол ғылым саласында жүрген ғалымдар назарына бағытталғандықтан күрделі терминдерді емін-еркін қолдана береміз. Зерттеудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті деген ұстаным басым болушы еді. Енді, 100 жаңа есім жобасы аясында қалың жұртшылыққа өз ғылыми зерттеуіңді түсінікті тілмен сипаттауға тырысасың. Бұрын мән берілмеген мәселелерге тереңірек ойлана бастайсың. Осы сөзімді 10 сынып оқушысы, не телекөрермен, не оқырман бірден түсінсе екен деп қалайсың.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Негізгі жоспар – бастаған істерімді жалғастыру, жетілдіру, нәтижеге қол жеткізу. Осы жолда көзге көрінбейтін көп шаруалар бар.

Ең бастысы, ғылым – жоғары бәсекелестік орта, өне бойы ізденуді талап етеді. Сондықтан компьютерлік модельдеуде әрі қарай білімімді жетілдіру, жаңа әдістер мен жаңа бағдарламалар меңгеру алғашқы приоритетте болмақ.
Себебі ғылыми мақалалар жазу үшін саламыздағы жаңалықтарды білу керек, оларды қолдана алу керек.

Жоғарыда айтылғандай, жоспарларыма қосымша әлеуметтік жүктеме қосып алдым, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ҚР Тұңғыш Президент қоры премиясының лауреаты болу – үлкен жауапкершілік, ел сенімін ақтауым керек. БАҚ өкілдерімен, оқушылармен, студенттермен кездесу шаралары көптеп жоспарлануда, оларды абыроймен өткізуім керек деп есептеймін. Жастарды ғылыммен айналысуға, ғалым болуға ұмтылуға шақыруым керек, Елдің адами капиталы, ұлттың интеллектуалдық потенциалы білімді-білікті мамандардан құралатындығын насихаттауым керек, білім-ғылымды билік басынан қолдау керектігі туралы көзқарастарымды шешім қабылдаушы тұлғаларға жеткізуім керек.

Нақты өз салам туралы айтсақ, зерттеу гранттары конкурсына қатысып, Зерттеу жұмыстарымды жаңа сатыға шығарып, шетелдік әріптестермен байланысты жалғастырып, академиялық-қолданбалы салада жұмысымды жалғастыру жоспарымда.

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

-Сіздерге де үлкен рахмет!

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629