Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Бәрекелді! 5492 47 пікір 15 Сәуір, 2019 сағат 01:29

10 жастағы "Абай" порталы Алаштың қорғанына айналды

Бүгін Abai.kz порталының ұлттық баспасөз айдынына құлаш сермегеніне тура 10 жыл толды. Ғаламтор әлеміндегі әрбір қазақ бүгіндері қазақ сайттарының көптігімен мақтануы да мүмкін. Десе де, өзінің өрелі оқырманын сөзіне ұйыта білу, қоғамдық пікір қалыптастырып, ұлттық мақсат-мұрат жолында өтімді ойын жеткізе алу жағынан бірде-бір интернет-басылым «Абайдың» алдын орап кете алған жоқ.

Abai.kz ақпараттық порталы 2009 жылы 15 сәуірде жарық көрісімен қазақ интернеті кеңістігіне тың серпін әкелген ерекше басылым болды. Бұл сайт 10 жыл бойы еліміздегі мықты саясаткерлердің, зиялылардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, Үкіметтегі жауапты тұлғалар мен Парламент депутаттарының және әр аймақ-облыстың зиялы азаматтарының ойын білдіретін басты мінбері болып отыр.

Қолына қалам ұстаған қарапайым қазақтан бастап, жайлы креслода отырған министр-депутаттарға дейін Abai.kz ақпараттық порталына мақала жазып, мәселе көтеруді құп көреді. Портал 10 жыл бойы осы қарқыннан тайған жоқ.  Мұның сыры неде? Бұрын қазақ сайттары болмады. Қазір жүздеген интернет басылымдар бола тұра жарыққа асық көбелектей оқырманның "Абайдың"  айналасына топтасуының астарында не бар? Мұндай сансыз сұрақтың жауабы қысқа...

Шындығын айту керек, бұл портал жан-жақтан цензура шеңгелдеп тұрғанның өзінде жол тауып, халықтың сөзін сөйлей алды. Сөйлеп келеді.

Өткен он жылдықты ақтармай-ақ (ұзаққа кетпеу үшін) соңғы уақытқа зер салыңызшы. Жер мәселесін тұңғыш болып, "Абай" көтерді (Мақсат Ілиясұлының мақаласы). Сол-ақ екен, қазақтың қайсар ұл-қыздары атқа қонып, мұқым қазақ жерді қорғауға тас-түйін дайын екенін көрсетті. Бұл мәселені билік оңынан шешпесе, омақасатынын байқады. Бұл бір.

Екіншіден, Қытайдағы қандастардың қаншама проблемасы "Абайда" жарияланып, биліктің назарын өзіне аударды. Оның бәрін тізіп айту мүмкін емес. Мәселен, екі-үшеуін ғана айтайық. "250 отбасының тағдырын ойрандағалы отырған жоқпыз ба, Сағынтаев мырза?!" деген бір мақаланың күші 250 шаңырақтың мәселесін екі-ақ айда шешуге септесті. Сайрагүл Сауытбайдың жайын да алғаш көтерген "Абай" болатын. "Абайдың" алақандай ғана мақаласынан басталған іс БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың мінберіне дейін жетті. Мұның сыртында "Абай" Үйсін Бабан, Жайнагүл Ғажапқызы секілді ондаған азаматтың тағдырына араша болды.

Құдайға шүкір, "Абайдың" жазғаны еленбей қалған кез аз. Басқаны былай қойғанда, қазір қазаққа қажетті Заң алдымен "Абайдың" бетінде жазылатын болды. Мысалы, Ауыт Мұқибек бауырымыз Көші-қон туралы Заңның осал тұстарын әшкерелеп, "Абай" арқылы қаншама түзету енгізді. Оның бәрін бір мақаланың аясында тізіп шығу әсте мүмкін емес.

"Абай" Айман Сағидолла бастаған мұғалімдер проблемасын шешті. "Абай" Әсел Назарбаева ісі секілді тіл мәселесін көтерген қыздың арқа тұтары болды. Бұл аз десеңіз, "Абай" порталы сегіз балалы ананың баспаналы болуына да септігін тигізді.

Қош! Қысқарта айтқанда "Абай" жерін қорғады, Қытайдағы қандасқа араша түсті, қазақтың ділі мен діні үшін күресті, Заң-зәкүн жазды, тіпті "баспанасызға баспана да алып берді"...

Соңғы жылдардағы осы жеңістердің өзінен-ақ "Абайдың" он жылының босқа өтпегенін байқайсыз.

Бұған дейін Abai.kz ақпараттық порталының  307 975 тұрақты тұтынушысы бар болатын. Қазір сол сан 246 594 адамға көбейіп, порталымызды үзбей оқитын оқырман саны 581 мыңнан асып отыр. Көрсеткіш пе, көрсеткіш... Қазіргі есеп бойынша Abai.kz ақпараттық порталындағы көрілім саны 1 млн. 200 мыңнан асады. Бұл порталымызда жарияланған мақалалардың қалай көп оқылатынын білдірсе керек.

Бар болғаны 10 жылдық тарихы бар басылымның осындай дәргейге жетуі - алдымен оқырманның арқасы. Сондықтан да, "Абайдың" 10 жылдық мерекесімен Сіздерді құттықтағымыз келеді, құрметті оқырман!

Abai.kz ақпараттық порталы

 

 

47 пікір