Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2630 0 пікір 26 Мамыр, 2011 сағат 06:25

Сағат Жүсіп. НКВД-ы түрмелерінің сөйлеуі мүмкін бе?

31 мамыр  -  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Жазушы О.Шаяхметовтың «Түркістан тұтқыны» романын оқығаннан кейінгі  ойлар.

Тәуелсздіктің  жиырма жылы ішінде «қазақ қасіреті», «Қазақстан қасіреті» деген  сөздерді жиі айтып, жиі қолданып келеміз. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ең бір қасіретті кезеңдерінің бірі кешегі большевиктік кеңес заманында, атап айтқанда 1917-1920 жылдары басталған зорлық, аштық, індет жылдарының одан кейін байларды тәркілеу және қазақтарды күштеп ұжымдастырудан басталып, әрі қарай отызыншы жылдардағы Ұлы аштық қырғынына әкелді. Оның жалғасы 1937-1938 жылдардағы жаппай халық жауларын іздеп табу арқылы қазақтың бетке ұстар азаматтарын ату, асу, ит жеккенге айдауға ұласып өткен ғасырыдң елуінші жылдарының ортасына дейін созылды.

31 мамыр  -  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Жазушы О.Шаяхметовтың «Түркістан тұтқыны» романын оқығаннан кейінгі  ойлар.

Тәуелсздіктің  жиырма жылы ішінде «қазақ қасіреті», «Қазақстан қасіреті» деген  сөздерді жиі айтып, жиі қолданып келеміз. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ең бір қасіретті кезеңдерінің бірі кешегі большевиктік кеңес заманында, атап айтқанда 1917-1920 жылдары басталған зорлық, аштық, індет жылдарының одан кейін байларды тәркілеу және қазақтарды күштеп ұжымдастырудан басталып, әрі қарай отызыншы жылдардағы Ұлы аштық қырғынына әкелді. Оның жалғасы 1937-1938 жылдардағы жаппай халық жауларын іздеп табу арқылы қазақтың бетке ұстар азаматтарын ату, асу, ит жеккенге айдауға ұласып өткен ғасырыдң елуінші жылдарының ортасына дейін созылды.

20 жыл болды, қазақ тарихының қасіретті беттері жайлы тақырыпты зерттеуге кеңінен жол ашылды деп жүрміз. Бірақ, бұл зерттеулердің жалпы баяндау мағынасында өтіп жатқанын, жалпы цифрлармен, статистикалық деректермен шектеліп жатқанын айтқан жөн болар. Атылған, асылған, қырылған жандардың тек жалпы санын айтамыз, жеке адамдар мен тұлғаларға келетін болсақ атылған, сотталған атақты арыстарды ғана, солардың отбасылық төңірегіндегі деректерінен аса алмай келеміз. Атақты Ахмет, Әлихан, Міржақып, Сәкен, Мұстафа, Мағжандарды айта отырып бүкіл қазақ тарихының қасіретті беттерін айтқан боламыз.

Әйтсе де, біле білсек қазақ қасіреті Қазақстанның әрбір облысында, қала, ауданында, ауылында, елді-мекенінде болды емес пе. Әр аймақтың өзінің «халық жаулары», «қазақ ұлтшылдары», «жапонға, түрікке, ағылшынға жұмыс істеген шпиондары», «ұлттық фашистері» болды. Солардың әрқайсысының аттары аталды ма, тарихы зерттелді ме, қашан, қай жерде атылғаны, мүрдесінің қай жерге көмілгені ашылды ма? Өкінішке орай, жоқ. Қаншама қандасымыз кеңес зобалаңынан қашып жүріп өлді, шет жерде көмусіз қалды, аштықтан, індеттен сүйектері далада қай жерде қалды? Білеміз бе? Білмейміз. Өкінішке орай бүгінгі үкімет бұл жұмысты қолға алуды, кеңестік замандағы зобалаң құрбандарының қасіретін арнайы зерттеуді қолға алмай отыр. Қолы жетпей отыр ма, әлде құлқы жоқ па?! Мұндай жағдайда не істеу керек? Халық, ел, қоғам болып бұл тақырыпты өзіміз қолға алуымыз керек, асығуымыз керек. Себебі,ол жылдардың куәлары арамызда таусылып бітіп болды десе болады. Енді 5-10 жылда сол қасіретті оқиғаларды жас ұрпақ ұмытып, ол кездерді  «жұмақ заманы» деп айтатын болады.

Сондықтан да бұл жұмысты әр аймақтың, ауылдың өз төл тарихына жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды, иманды, қазақы көзқарастағы азаматтары, өлкетанушылары, жергілікті тарихшылары қолға алуы қажет. Сондай азаматтар сирек болса да арамызда кездеседі екен. Міне, сол қатардан шымкенттік ардагер қаламгер, жазушы, өлкетанушы ақсақалы Ордабек Шаяхметовтың табылуы қуанышты жағдай деп айтар едім. Жақында кітап дүкенінің сөресінен О.Шаяхметовтың «Өлмес әннің рухы»  атты кітабын қолға ұстағанымда осындай ой келді. Кітап негізінен алғанда «Түркістан тұтқыны» романынан тұрады. Айтар әңгімемеміз де осы роман төңірегінде.

Жазушы романның басты кейіпкері, өмірде болған адам  -  Бәйкен Қонақбаевтың өмір жолы негізінде, оның 1930-1955 жылдардағы басынан кешкен тағдырын қамтып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 1991 жылғы тамыз оқиғасымен, КСРО-ң тарқауымен аяқтаған. Оқиға желілері нақты деректі құжаттармен, шынайы айғақтармен, көркем сөзбен жақсы суреттелген.

Бәйкен ақсақалдың қасіретті өмірі Қазақстанның оңтүстік облыстарынан бастау алып, сол аймақпен тығыз байланыста болғанымен, ақсақалдың бастан кешкен хикметтері бүкіл қазақ даласына, сол замандағы қазақ қоғамына тән, ортақ жақтары көпшілік. Бұл кісі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтермен тағдырлас болған. Халық жауы деген жаламен әуелі жеті жылға Колымаға айдалып, оны толық өтеп еліне 1946 жылы оралады. Екі жылдан соң қайтадан тұтқындалып, сотталып Краснояр өлкесіне айдалып онда 1955 жылға дейін отырады.

Жазушы сонымен бірге ерекше көркемдік  шеберлікпен сол кездегі қоғамдағы саяси атмосфераны, «халық жауларын»  «әшкерелеудің» сол кезде қалай шебер ұйымдастырылғанын тамаша архивтік деректермен айғақтап көрсеткен. Ол кезде тиісті партия газеттері әуелі «халық жауы» деп айыпталатындар жайлы мақала жазады. Дереу жоғары жақтан сол мақалаға сәйкес обкомдарға кезектен тыс пленум өткізуге нұсқау беріледі, сосын пленумда айыптыларды партиядан шығарып, ісін тергеуге жібереді. Мәселе «шешілді», «халық жауының» да тағдыры сонымен бітті дей беріңіз. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов пен оның әріптестері жайлы әуелі мақала жарияланады, сосын  «халық жауларымен жөндеп күреспейді, оларды қорғаштайды» деген күн тәртібімен қатарынан екі бірдей пленум ұйымдастырылады. Біреуі 1937 жылдың 31-і  қазанында өтсе, іле-шала бір ай толмай жатып 26 қарашада  I I I  және IV обком пленумдары өткізіледі. Міне, осындай пленумдар арқылы қазақ ұлтының Досов секілді көзі ашық, бас көтере алатын, артынан жұртты ерте алатын зиялыларын әдейі, саналы, мақсатты түрде жоюды көздеп ұйымдастырылған зобалаңмен Қазақ елінің ең қасіретті де қаралы беттерінің жасалғанын жазушы жақсы дәлелдеген. Екі пленумда да Ә. Досов қорытынды сөзінде өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады, мойындамайды. Бір ғана өтінішін айтады, «мені халық жауы  деп айыптамаңдар» деп сұрайды. Бірақ, «өгізге туған күн бұзауға да туатынын» ойламаған, бірінен соң бірі сөйлеген партиялық әріптестері (ішінде қазақтар да аз емес) «халық жауларын қорғадың, сондықтан сенің олардан қай жерің артық» деп оны өлімге кесіп береді. Пленумнан кейін 3 айдан соң 1938 жылдың 8 наурызында Ә. Досов басқа қазақ арыстарымен бірге атылып кетеді. Ә.Досовпен бірге оны айыптауға қатысқан қызметтестері де атылады. Осындай көптеген адамдар басқаларды қуғынға ұшыратып, атуға, асуға, айдалуға ұсыныс жасағандар (мысалы Каримов) кейін өздері де атылып кеткендері кітапта көрсетілген.

Романда сонымен бірге сол замандағы НКВД тергеушілерінің образы, әсіресе қазақ тергеушілерінің сауатсыз, озбыр қатыгездігі (мысалы Омарходжаев) нақты мысалдармен суреттелген.

Кітапта суреттелген оның басты кейіпкері Бәйкен ақсақалдың 1938 жылдары Түркістанда отырған түрме ғимаратын іздеп көргісі келуінің үлкен пәлсафалық мәні, терең мағыналық ойы жақсы келтіріліпті. Ақсақал автормен бірге сонау жылдарда отырған тұрме ғимаратын іздеп барады. Барса бұрынғы түрме ғимаратының орнына қазір наубайхана орналасқан екен. Міне, осы жерде ақсақал айтқан мына бір  сөздер мен автор арасындағы диалогы бүгінгі азаматтарға, бүгінгі билікте отырғандарға айтылғандай:

«Қаншама кінәсіз төгілген қанның куәсі болды бұл үй! Шіркін, кенет, тіл бітіп, сөйлер болса ғой, осы үй!

-  Сізге керегі осы ғимараттың сөйлеуі болса, оны сөйлетуге болады, - дедім.

-  Сөйлетуге болады дейсің бе, - деді қарсылай сұрақ қойып.

-  Иә, сөйлетуге болады, - дедім мен күліп.

- Қалайша сонда?

- Ол үшін бұл ғимаратты музейге айналдыру керек»

Бірақ, автор жазғандай, бүгінгі билікте отырғандар мұндай орындарды музей етпек түгіл, жәй ғана «осы жерде пәлен жылдары НКВД түрмесі болған» деген  ескерткіш тақта орнатса да жарар еді. Бұл арманға Бәйкен ақсақал жете алмай кетіпті. Ақсақал осыдан бірнеше жыл бұрын өзі туралы жазылған кітапты көре алмай дүние кешіпті. Автор кітапты бұдан бірнеше жыл бұрын жазғанымен оны бастыруға көп қиналыстарға кездесіп баспаларда кітабы жатып кешігіп қалғанын қынжыла айтады.

Жазушы сонымен бірге бүгінгі таңдағы қалыптасып келе жатқан ел, өлке тарихын қайта жаңғыртуға деген самарқаулықты, бұрынғы идеологияның сарқыншақтарының кедергі болып отырғанын да жазыпты.  - Мысалы, Германияда екінші әлем соғысында қайтыс болған өз солдаттарының мүрдесіне қандай құрмет көрсетілсе, кеңес солдаттарының мүрдесіне де сондай құрметпен қарайды. Ал бізде өзге солдат түгіл өз қандастарымыздың сүйектерінің қай жақта шашылып жатқанын да білмейміз. 1917-1920 жылғы аштық пен зорлық, індет боздақтары, 1925-1932 жылғы зорлап ұжымдастыру, тәркілеу мен Ұлы аштық құрбандарының, біз сияқты «халық жауларының» қурап қалған сүйектерін бізде біреу іздейді деп ойлайсың ба?! - деген сұрақ қояды Бәйкен ақсақал.

20 жыл болды, кеңес заманындағы іздеусіз, көмусіз, сүйегі әр елде, тіпті өз жеріміздегі  құм мен сайларда шашырап қалғандарды іздеуді ұмытып барамыз. Оларды іздеу, аттарын түгендеу, жыл сайын аза тұту, еске алуды кім қолға алады? Тірі куәлер жоқ есебінде, дәлелдейтін айғақты құжаттар шетел болып кеткен Мәскеу, Ташкент архивтерінде жатса, өзімізде бар құжаттар жеті қабат сандықтың астында құпия жатыр. Оларды ашуға үкіметтің құлқы жоқ сияқты.

Қазақ елінің әр облысында, аймағында өзінің Бәйкен Қонақбаев, Әбілқайыр Досов сияқты қасірет кешкен азапты тұлғалары, оларды азаптаған жендеттері, жансыздары, НКВД тергеушілері, өз Омарходжаевтары, өз Каримовтары бар. Олардың азапты өмір жолын, тағдырын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, жамандық істегендердің ісінің ақиқатын ашып көрсету ұрпақ алдындағы парызымыз, міндетіміз.

..... 1917-1919 жылдары Перовск (қазіргі Қызылорда) уезін қандықол жендет Иосиф Гержод деген басқарған. Бар болғаны екі жыл ішінде оның қанды қолынан жүздеген қазақ атылған, сотталған. Қазақтар оның зорлығына шыдай алмай туған жерінен ауыл-ауыл болып қашқан. Уезді аштық, індет жайлаған. Бұл жендеттің қандықолдылығы сонша Гержодтың атын естіген бесіктегі бала жылағанын  тоқтатады екен. Қазақтар оған «Кәріжұт» деп ат қойған. Бір ерекшелігі, кеңестік саясат Гержодтың қандықолдылығын жариялауға тиым салған. Оның ату, асу әрекеттерін «қателіктер» деп атаған. Жендет өз ажалымен өліп, кеңес заманында ардагер большевик деген құрметті атаққа ие болған...

Осындай гержодтар қазақтың әрбір облысында, аймағында болған. Кейбірінің аттары әлі күнге дейін көше, жер аттарында ілінулі тұр. Олар жайлы ақиқат тарихтың құпия қойнауларында әлі ашылмай жатыр. Осы тұрғыдан алғанда жазушы Ордабек Шаяхметовтың «Түркістан тұтқыны» романы қазақ елінің жаңа тарихындағы «ақтаңдақтарды» ашу жолында жасалған  әдеби, ғылыми, зерттеулік маңызды шығарма, рухани дүние десе болады.

Қызылорда қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 936
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 785
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 607
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 632