Жұма, 3 Мамыр 2024
2853 2 пікір 13 Наурыз, 2019 сағат 10:50

Туризмді дамыту арқылы ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады

Қазақстанның туристік әлеуеті туралы біраздан бері айтылып жүр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жыл сайынға жолдауларында аталмыш саланың потенциалын игеруді сөз етуде. 

Осыған байланысты Үкіметтің баспасөз орталығында жиын өткен. Онда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасап, туризмді дамыту арқылы республика бойынша 75 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға болатынын, онда да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға болатынын айтты.

"Туристік саланы дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 200-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.  Сондықтан ауылдық жерлерден 72 мың адамды біз тұрақты жұмыспен қамтимыз.

Өздеріңіз білетіндей, біздің ерекше қорғалатын табиғат аумақтар ауылдық жерлерде орналасқан. Сондықтан дұрыс тәсіл, сапалы менеджмент қолданылып, инфрақұрылым дамытылған жағдайда біз оларға жұмыс бере аламыз. Бұл нақты сан. Біз орындалмайтын міндеттер қоймаймыз. Екі жыл бұрын біз Алакөлдегі белгілі шипажайымызды дамытқанда, бұған көбі сенбеген. Ал қазір ол жерде отельдер ашылып жатыр, келушілер саны да жылдан-жылға артып келеді", - деді министр.

Сонымен, Қазақстанда туризмді дамытуға бағытталған 200 инновациялық жоба әзір. Ол министрлік қарауында. Аталған жоба жүзеге асырылатын болса, 75 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Министрдің мәліметтеріне сенсек, қазірдің өзінде туризмді дамытуға арналған аймақтардың тізімі жасалған. Олар: Алакөл мен Балқаш жағалаулары, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Баянауыл, Имантау-Шалқар шипажай кешені, Алматы тау кластері, Маңғыстау, Түркістан мен Астана. Аталған аймақтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан екен.

Министр Мұхамедиұлы өз сөзінде транзиттік туризмге де тоқталды.

"Мысалы, біздің ел арқылы транзиттік рейспен басқа елдерге ұшу үшін туристер келеді дейік. Мемлекеттік бағдарлама аясында біз шетелдік туристер үшін 72 сағаттық визасыз транзитке арнап жағдайларды арттыруды ұсынамыз. Яғни олардың осы жерде болып, қаламен танысып, оны аралап көрулері үшін мүмкіндік жасауымыз керек", - деді министр.

Министр осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілетін болса, Астана және Алматы қалалары аз уақыт ішінде транзиттік туризм орталықтарына айнала алатынын атап өтті.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 770
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 477
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 489