Жұма, 3 Мамыр 2024
Алаш арысы 5185 1 пікір 20 Ақпан, 2019 сағат 10:12

Ілияс Жансүгіров һәм «Тілші» газеті

Ілияс Жансүгіорвтың 125 жылдығына арналады

Ілияс Жансүгіров – ақын, қоғам қайраткері. 1894 жылы Алматы облы­сының Ақсу ауда­нын­да дүниеге келген. Алғашында өз әке­­­сі­нен, ауыл молдаларынан сауат ашқан. 1919 жылы Ташкенттегі екі жыл­дық мұғалімдік курс­қа түседі. Оны бітір­ген соң өз ауылында мұға­лім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Вер­ныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады.

Әуелі, газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, халыққа көз, құлақ һәм тіл боларлықтай газет шығару баспасөз ісін жандандыру ісі Жетісу жерінде ескі үкімет заманында да мұсылман оқығандарының ниетімен қолға алына бастады. Бірақ, жергілікті үкімет мансаптыларының қысымы патшаның цензура қойып шектеуі һәм мұсылман харіптеріннің жетіспеуі салдарынан газет шығару ісі кейінге шегеріле бастады. Алғаш шыққан газеттер ноғай немесе тараншы (ұйғыр) тілдерінде шығу себебінің бірі де осында.  Тек 1921 жылдың екінші жартысында ғана жолдас Қ. Абдуллинның бастамасымен  таза қазақ тілінде «Кедей еркі» деген газет шыға бастады. 1922 жылы 18 августте С. Оспанұлының (Сәдуақас Оспанов) қарамағында «Тілші» (бүгінде газет «Жетісу» деп аталады ) газеті шыға бастаған.

Жансүгіров 1928 жылы өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деге қолжазбасында өмір жолы туралы айта келіп: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным осы 1923 жылдан, «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым... сол «Тілшіде» күні бүгінге шейін жазып тұрам» - деп атап көрсеткен-ді.

Жоғарыда аты аталған «Тілші» газетінің бір бөлім сандары, бүгінде Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивтің сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы.

Жансүгіров Ілиястың өз мөрі басылып 1925 жылы 18 август дүйсенбі күні шыққан № 190 санында (1 суретте) «Жетісу баспасөзі жайында» деген мақала жарық көрген екен. Сонымен қатар, газеттің осы санында алғашқа беті мен екінші беттерінде «Тілші» газетіне қатысты адамдар, газет ұжымы һәм гезетте жұмыс жасайтын белді азаматтардың суреттерін бастырып, арнаулы таныстырулармен қоса берілген.

Жұбаныш Барыбайұлы

Губеренелік (Губерниялық) партия комитетінің жауапты хатшысы. «Тілші» газеті шыққаннан бері қарай салт-сана, шаруашылық жағынан басшылық қылып келген азамат.

Қалдыбай Абдуллин

 Жетісу губернесінде қазақ баспасөзіне бірінші негіз салған және Тілшіге қалам күшін аямай жазып келген осы күнгі жазушылар құрамасының мүшесі.

Ыдырыс Көшкінұлы

Губернелік атқару комитетінің төбе ағасы. Соңғы кезде «Тілші» газетінің өркендеуіне күш көмегін көрсеткен азамат.

Айтқожаұлы Сабыр

 Жақыннан бергі Тілші гаетінің жауапты шығарушы.

Садуақас Оспанұлы

«Тілші» газетінің тұңғыш шығарушысы Һәм осы күндегі жазушылар құрамасының мүшесі.

Есқызы Сара

«Тілші» газетінің үш жыл ұдайы мен жауапты шығарушысы болып, ерінбей еңбек сіңірген адам. Қазақ ұлытында әйелдер табынан шыққан ең бірінші жігерлі жұмыскер.

Қажым Білсімұлы

Тілшіге жазу жағынан көмегін көрсеткен кісі.

Сәрсембай Бейсембайұлы

«Тілші» газетіне 500 алушы жинап ел ішіне Тілші газетінің тарау жағынан бірінші бәйге алған жігіт.

Рақым Омарұлы

Алматы қазақ институтының оқытушыларымыздан. ... «Тілші» газетінің жауапты хатшысы болып, басқармадағы ауыр қызметтің бәрін атқарып келе жатқан қаламы шебер сөзі өткір жас жазушылармыздан

Жансүгірұлы Ілиястың "Тілші" газетіне жарияланған суреті

Жансүгірұлы Ілияс

«Тілші» газеті шыққаннан бірі қалам қайраты жағынан зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу Тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз.

Құсайын ... ұлы

«Тілші» газетінің шыққан жылынан бері қарай қалам қайратын аямай жазып келе жатқан жігіт. Қай уақыттарда ретті жұмыскер болып та істеген азаматымыз Құсайынның қаламы өлеңге орайлы, қара сөзге кестелі, осы күні басқармада істейді.

Жансүгіровтың өзі туралы айтқандарын, жоғарыдағы «Тілші» газетінің кезекті санында  берілген мәліметтер мен дерек-дәйектер тіпті де толықтап, жан-жақты түсінікті түрде көрсетіп тұрғандай.

Тілші Облыстық партия һәм төңкеріс комитетінің тілі болып анық таза қазақ тілінде болды. 1922-жылдың декабрінен бестап жолдас С. Есқызы жұмасына екі рет шығарып келеді, – деп «Тілші» газетінің 1923 жыл 18 сентябрінде шыққан № 60 санында Сабыржан Шәкір ұлы «Жетісідағы мұсылманша баспасөз тарихы» атты мақаласында Жетісудағы қазақ баспасөздері туралы айта келіп: Тілші – Жетісудағы қазақ газетінің ең маңыздысы болып, түрлі жас қалам күштері қатынасады; қазірде шығарушы жазушылар құрамасы, Тілші 2-нші жасқа аяқ басты. Өмір ұзақ болуын тілеймі, – деп мақаласын аяқтайды.

Жансүгіров өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деге қолжазбасында: «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінің анда-санда нөмірлері кез келеді. Тек ел хабарлары болмаса, мақалаларын түсінбейтін едім, – дейді. Бірақ, Жансүгіровтың баспа бетін көрген алғашқы туындылары  қазіргі Семейде 1917-1919 жылдары шығып тұрған, «Алашорда» үкметінің тілі болған «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Сарыарқаға», «Тілек» деген өлеңдері басылған.

Мұрағат қорларында сақталған «Сарыарқа» газетінің сандарының ішінде Ілияс Жансүгіровтің ең алғаш баспа бетін көрген тырнақ алды туындылары да сақтаулы. Соның бірі «Сарыарқаға» өлеңі.

Өлең

"Сары Арқаға"

«Сары Арқа» сағынғанда көрдік сені,

Бір шайқап топырақтай ашты үміт желі,

Дегендей «сенің арқаң» бір мақал бар,

Сол арқа сен болғайсың жұрттың белі.

Құттықтап «Сары-Арқа» дай жас түлекті

Қозғалды адал жүрек сөйлегелі.

Болғайсың халыққа басшы, жұртқа мүше,

Отанға ұрпақ болып бір үлгілі!

 

Жылында 17-нші көрдің жарық,

Жұлдызын жарық таңның көрді-ау халық,

Деген бар «Ұран» құрбың, «Қазақ» ағаң,

Құрбың бар «Бірлік туы», «Алаш» кәріп.

Болғайсың енді алып, дуалы ауыз,

Бақ қарап, аймағыңа қыдыр дарып!

Қуанышың қойныңдағы түпкілікті

Болсын деп, аштым қабақ, жүрек жарып!

Ілияс Жансүгіров

Жансүгіорв шығармашылығының қалыптасуына үлкен мектеп болған, қалам мен қабылетін жетілдіруге өз үлесін тигізген, алғашқы қалам қызыметімен айналысқан  «Тілші» газетінің бір бөлім сандары мұрағат қорларында сақтаулы. Жансүгіров қаламынан туған ең алғашқы мақалалар мен өлеңдері жазушы туралы құнды дерек ретінде пайдалануға һәм зерттеп зерделеуге тиісті деп есептеуге тұрарлық.  Аталмыш «Тілші» газеті  бүгінде Алматы облысының қоғамдық-саяси газеті ретінде «Жетісу» деген атпен Талдықорғанда шығып тұрады.

Абай Мырзағали

Abai.kz

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 744
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 559
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 458
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 475