Жұма, 3 Мамыр 2024
3150 1 пікір 8 Ақпан, 2019 сағат 13:06

Цифрландыруға арналған жаһандық форум Қазақстанның IT саласына қалай әсер етеді?

1 ақпанда Алматы төрінде «Жаһандану дәуіріндегі цифрландырудың күн тәртібі 2.0.» атты форум өтті. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық деңгейдегі басқосулардың бірі. Онда цифрландырудың сан саласындағы басты тақырыптар талқыға түсті. Әлемдік сарапшылар мен саясаткерлер бір жерде бас қосып, пікір алмасты, һәм тәжірибелерімен бөлісті.

Келелі кездесуге ЕАЭО Үкімет басшылары, әлемнің жетекші IT компанияларының негізін қалаушылар, жаһандық IT басшылары келді. Олар ең озық тәжірибелерімен бөлісіп, технологиялық индустрия туралы ойларын ортаға салды.

Ал басқосуға жиналған эксперттер қауымы болса цифрландырудың еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететінін айтып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығында блокчейн технологиясының қолданылуы – бақылау мен сертификаттауды жақсартуға көмектеседі. Сондықтан болар әлемнің жетекші елдері бұл бағыттағы жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткен.

Шетелдік қонақтар жаһандық форумдардың елдер арасындағы  ынтымақтасты арттыратынын алға тартуда. Сондай-ақ, тәжірибе алмасудың таптырмас көзі де осындай алқалы жиындар  екенін айтуда.

"Бұл форум - қос елдің инновациялық дамуын салыстыруға мүмкіндік беретін шара. Қазақстан мен Ресей мәдениеті бір-біріне ұқсайды. Екі елде де тауар мен қызмет еркін жүзеге асырылады. Енді жасампаз жобаларға басымдық беретін уақыт келді. Бұл мәселелерді жиында бас қосқан премьер-министрлер және басқа да құзырлы орган өкілдері талқылауы тиіс. Бұл іске министрлер мен қолдау институттарын, ірі компанияларды қосу керек. Бүгінгі форум соған тамаша мүмкіндік болмақ", - дейді форумға келген "Сколково" қорының  төрағасы Аркадий Дворкович.

Әлемнің әр қиырынан келген делегаттарды еліміздегі бірқатар инновациялық өзгерістер қызықтырды. Цифрландырудың ауыл шаруашылығы мен кен өндірісіндегі кең қолданысы олардың қызығушылығын оятты.

"Қазақстандық новаторлардың пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу саласындағы жобалары қызықтырды. Үлкен мәліметтер базасы қаржы жүйесіндегі төлемдерді бақылауға, қаржылық құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында түрлі дәнді дақылдарды өсіру мен будандастыру саласында да өте қызықты жобалар бар екен", - деді А. Дворкович.

Айтулы кездесуде ЕАЭО Премьер-Министрлері цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, цифрлық экономикаға бірден қол жеткізу оңай еместігін тілге тиек етті. Дегенмен, заманауи жаңашылдықтар қатып қалған шекараларды ашуға, жандандыруға жаңа серпін беретінін атап өтті. Мәселен, Ресей Үкімет басшысы Дмитрий Медведевтің сөзінше, мемлекеттердің даму деңгейі әртүрлі. Тараптар бір-бірімен барынша ашық болған жағдайда ғана кез келген қиындықты оңай еңсереді. Сонымен қатар ол цифрландыру жұмыстары үшін Ресейде 30 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлінгенін айтты. Ал Қырғыз тарапы болса цифрлық экономикаға көшпес бұрын мемлекеттік қауіпсіздікті жолға қойғанды жөн санайды екен. Бұл туралы форумға келген Қырғызстан Үкімет басшысы Мухамедкалый Абылгазиев баяндап берді. Көршілес мемлекет бүгінде барлық білім ошақтарын кеңжолақты интернетпен жаппай қамтамасыз етуді қолға алыпты.

Бір қызығы, форумға келген меймандар кейбір мамандықтардың өзектілігін жоғалтып жатқанын сөз етті. Осы тұрғыдан цифрландыру талаптарына сәйкес, қайтадан біліктілікті арттыруды жөн санайды. Мәселен, əйгілі Tlabs компаниясының бас директоры, Singularity University экономика жəне қаржы факультетінің деканы Амин Туфанидың айтуынша, адамдар қайта мамандануы керек, əсіресе цифрландыру бағытындағы біліктіліктің маңызы зор. Ол Facebook, Amazon, Alibaba секілді платформалардың қызметтері бастапқы кезде дұрыс бағаланбағанын, ал қазіргі таңда мүлдем басқа көрініске ие екенін айтады.

«Интернет мүмкіндіктері кітапхана ісін қалай өзгертті? Респонденттердің дайындығы бұрынғыға қарағанда əлдеқайда жоғары екенін айтамыз. Осылайша, экожүйе, ең алдымен, адамдар үшін өте маңызды, осы экожүйенің нақты бір адамға, нақты бір азаматқа қандай пайда əкелетінін ойланған жөн. Инновациялар туралы айтқан кезде, оның адамдарға қалай əсер ететінін ойластыру керек», – дейді А.Туфани.

Мұндай форумдар түрлі мемлекеттердегі көптеген технологиялық өзгерістерді тануға әрі талдауға көмектеседі. Нәтижесінде, отандық IT мамандарының танымы кеңейетін болады. Бұл өз кезегінде ұтымды әрі ұтқыр технологиялық туындылардың туындауына себеп болады. Бұдан бөлек, цифрландыру бойынша сан түрлі салаларды салыстыру мүмкін болмақ. IT саласының серкелері өз ойларымен бөліседі, кеңестерін береді. Сонымен қатар әлемдік эксперттер мен саясаткерлердің ойы бір арнада тоғысады. Ынтымақтастық орнайды. Цифрлық мәселелер бойынша екіжақты немесе көпжақты келіссөздер жасалады. Осылайша, адамзатқа пайдасы тиер үлкен жобалар осындай жаһандық басқосулардан бастау алады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 813
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 646
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 511
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 526