Жұма, 3 Мамыр 2024
Арандату 12199 25 пікір 9 Қаңтар, 2019 сағат 13:19

Косарев неге кіжірейді?

Алыстан орағытып, мәймүңкілемей, әңгімеміздің тоқетерін айтайық. Бүгін Парламент депутатының кәсіби этикасы туралы, соның ішінде Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің ең егде депутаты Владислав Косаревтің тәртібі туралы сөз етеміз.

Қарағандыдағы қанды оқиға туралы қайталап айтып жатпайық. Күнделікті тарап жатқан ресми, бейресми ақпардан естіп-біліп отырған боларсыздар. Міне, сол оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде жұрт билік өкілдерінің үнсіздігін сынаған еді.

Ал жақында "Азаттық" сайты Астанадағы алқа-қотан, ақ жағалылардан пікір сұрай барыпты. ҚР Парламент Мәжілісінің бірнеше депутаты, атап айтсақ, Кәрібай Мұсырман, Серік Сәпиев, Ирина Смирнова, Павел Казанцев, Владислав Косарев қатарлы депутаттар "Азаттық" сұрағына өз пайым-парасатынша жауап берген екен. Жақсы дедік. Әркім өз пікірін айтты. Пікіршілердің сөзі оқырманның ойымен бір шығуы міндетті де емес-тін. Сондықтан, жұрт ерен санап, ештеңе деген жоқ.

Десе де, біздің көңілімізді күпті еткен, кәрі-сүйек коммунист  Косаревтің пікірі болды. Енді сол туралы жазайық. Әуелі, Косарьев не деді?

"Тіпті тыңдағым да келмейді. Мен неге әртүрлі дауға араласуым керек? Бұл менің міндетіме кірмейді. Сіздің де міндетіңіз емес. Мүмкін сізге, журналист ретінде бірдеңені ойлап тауып, жалған ақпарат бергіңіз келетін шығар. Бұл дұрыс емес...Сот өткеннен соң ғана резонанс тууы мүмкін", дейді депутат.

Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің ең егде жастағы депутаты, кәрі-сүйек коммунист Владислав Косарев неге мұнша кіжірейді?

Қарағандыдағы қанды оқиғада қазақ азаматы кісі қолынан қаза тапты. Қазақстанның болашағы, резиденті, өрімдей жас азамат қандықол қарақшының қолынан қаза болды. Мыңдаған адам алаңға жиылып, кінәлілердің жазалануын талап етті. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың өзі қаралы топқа, назары топқа басу айтып, жиылған жұрттың талабын тыңдады. ҚР Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Армения Премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашиняннан бастап, бірқатар армениялық шенділер пікір білдірді. Қазақстанның да шенді-шекпенділері үн қосты. Әлеуметтік желіде мыңдаған адам кінәлілерді жазалауды сұрады. Қарағандыда жұрт дүркін-дүркін алаңға жиылды. Жиылған жұрттың қарасы ресми ақпардан әлдеқайда көп болды. Бұл "тұрмыстық кикілжің" шын мәнісінде жалпыхалықтық резонанс тудырды.

Ал осының бәрін естімей, естігісі келмей отырған, дым білмейтін депутат Владислав Косарев ашулы жұртты арандатқысы келе ме?

Әйтпесе, Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде пәлен жыл депутаттық қызмет атқарып келе жатқан Косарьев сөзін түзу сабақтар еді ғой. Қызметтік креслосында шалқая жатып, кекірейе сөйлемей, қаралы отбасыға көңіл айтса, аузы қисая ма?  Біз білсек, орыс екеш орыстың да салтында қазаға көңіл айту деген бар.

Жалпы бұл Косарев деген кім? Енді сол туралы аз-кем сөз етейік...

Владислав Борисович Косарев. Ұлты орыс. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Жасы 81-де. Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы ОК Хатшысы. "Халық коммунистері" Фракциясының жетекшісі.

Қызметін бұрынғы Көкшетау облысында трәктірші болып бастаған. Омбыда ауылшаруашылық институтында оқыған.

2004 жылы Ақмола облысындағы №1-округтен Мәжіліс депутаты болып сайланған. Кәрі коммунист сайлаудың санын көрген.

2004 жылдан бері  Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы ОК Хатшысы әрі жетекшісі болып келеді.

2007 жылы ҚР Паламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі болған.

2012 жылдың қаңтарынан бері партия тізімі арқылы Мәжіліске өткен.

ҚР Парламенті Мәжілісінің II, V, VI шақырылымында депутат болды.

Сәбет кезінде "Құрмет белгісі" орденін 3 мәрте, "Еңбек Қызыл Ту" орденін 2 мәрте алыпты.

2012 жылы Тәуелсіз Қазақстанның  "Құрмет" орденін, 2017 жылы "Парасат" орденін кеудесіне таққан.

Бұдан бөлек 2015 жылы Ресей Федерациясының "Достық" орденін алған.

81 жастағы Владислав Борис баласының кеудесі ұсақ-түйек темір-терсекке толы көрінеді. Рarlam.kz-тегі парақшасында "көптеген мадельдер" деп жазылыпты.

Енді осынша атақ-даңқы бар зейнеткер депутат жұрт есінде қалардай не айтты деген сұрақ туындайтыны тағы заңдылық. Бәрін тәптіштеп теріп жазбасақ та, бірлі-жарымын есімізге түсірейік...

2016 жылы Парламенттің тағы бір пенсионері Қуаныш Сұлтанов Астананың атын өзгертіп, "Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін берейік" дегенде, бұл пікірді алқашқылардың қатарында қолдаған депутаттың бірі Косрев еді.

2017 жылы дәл осы Владислав Косаревті түлен түртті ме, жоқ түсінде көріп, шошып оянды ма, әйтеуір ешкім керек қылмаған көсемнің қаңқа сүйегін қазақ жеріне әкелу туралы ұсыныс айтқан. Қазан төңкерісінің 100 жылдығында. Мәскеудің Кремлінде жатқан пролетариат көсемі Лениннің мүрдесін әкелейік дегенді осы Владислав Борисович Мәжілісте көтерген.

Дәл сол жылы Дума даурығып, «Кремльде жатқан қаңқаның көзін құртайық» деп бастама көтергенде, «сендерге керек болмаса, бізге керек» деп өзеуреген. Кейін Мәскеу Ленинді Кремльде қалдырды.

Қазақ Ханы Кеңесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесінде "ләм-мим" демеген, кешегі Кейкі батырдың басын елге жеткізерде жақ ашпаған Косарев еді ғой бұл.

2018 жылдың мамырында Мәжілестегі депутаттардан пікір сұрай барған "Азаттыққа" арсылдап, антиамерикандық көзқарасын көрсеткен.

Ленин шалдың шіріндісіне шын ғашық Косарев Қазақстанның көпвекторлы саясатынан хабарсыз ба? Жоқ, әлде Ресей Думасының депутаттарына тән антиамерикандық дертті Владислав жолдас та жұқтырып алған ба, деген еді жұрт.

2018 жылы журналистерге берген сұхбатында "Біз өмірге Ресеймен бірдей көзқараспен қарауымыз керек" деп сөйлеген.

Осы жерден тоқтайық. Осының өзі 81-дегі "сергек саналы" заң шығарушы орган өкілінің саяси һәм адами сипатын ашса керек.

Түйін. Өзі зейнеткер. Өзі проресейлік пиғылын БАҚ-қа ашық айтып жүрген, Ленин шалды жан-тәнімен сүйетін Владислав Косарев Қарағандыдағы қанды оқиғаға қатысты пікір айтқанда қарапайым этиканы сақтамағаны қалай? Қаралы отбасыға қайғырып көңіл айтуға ақылы жетпеген Владислав Борисовичтің тәртібі міндетті түрде кеңесте қаралуы керек-ақ. Керек болса, зейнетке шықса да ұзақ жыл мемқызметте жүрген Косарьевке креслосынан түсіп, орнын жастарға беру міндет!

Өйтпегенде, ашынған жұртқа ақыл айтар ақсақалдың алжып сөйлегені онсыз да енді тыншып келе жатқан шоқты қайта үрлейтіні сөзсіз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 641
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 410
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 379
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 382