Жұма, 3 Мамыр 2024
Алаш арысы 4138 3 пікір 13 Желтоқсан, 2018 сағат 13:29

Алаш қайраткерінің атындағы көше небәрі 50 метр

Жуырда Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Оразгүл Мұхатованың «Асылбек Сейітов – тарихта қалған із» атты монографиясының тұсаукесері болып өтті.

Бұл елеулі ісшара турасында айтпас бұрын Алаш арыстарының қатарында халқының болашағы үшін күресіп, кеңестік солақай саясаттың салдарынан жазықсыз жапа шеккен Асылбек  Сейітовтың өмірі мен қызметін жұрт жадында бір жаңғыртып өткен дұрыс шығар.

Асылбек Жұманұлы 1894 жылы Омбы генерал-губернаторы жанындағы кеңсе тілмашының отбасында дүниеге келген. Сол кездегі қазақ зиялы қауымында қалыптасқан  дәстүр бойынша алдымен орыс мектебінде, содан кейін Омбы классикалық ерлер гимназиясында білім алған. Гимназияны бітіргені туралы куәлікте оның орыс тілі, заңтану, латын тілі, математика, география, физика, тарих пәндерін жақсы деген бағаға бітіріп, неміс және француз тілдерін өте жақсы оқығаны анық көрсетілген. 1911 жылы Томскідегі мемлекеттік университеттің медицина факультетіне оқуға түсіп, 1913 жылы үздік бағамен бітіріп шығыпты. Соның нәтижесінде университеттің дәрігерлік факультетіне қабылданып, онда  тағы төрт жыл білім алады. Соңғы оқуына Ақмола губерниясы земствосының жәрдем-қаржысы беріліп тұрғандықтан, дәрігерлік қызметін де осы өңірден бастайды.

 1916 жылы Омбыға қайта оралғаннан кейін Баянауылдағы казак станицасында дәрігер болып  орналасып, сол жылы бүкілресейлік санақтың Далалық өлкесінде жүргізілген науқанға қатысады.  Аталмыш науқанда ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмола уезінде жұмыс жасап, оның оңтүстік бөлігі комисиясын басқарады.  Осы сапарында халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ аурулрына қарсы медициналық көмек  ісін ұйымдастырып, қолынан келгенше емдік шараларын жүргізеді. Халқының мүшкіл хәлін көрген Асылбек Жұманұлы осы кезден бастап қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, алдыңғы қатарлы зиялы қауымның қатарынан көрінеді.

1917 жылы Орынбор қаласында өткізілген бірінші жалпықазақ құрылтайына делегат болып сайланғаны осыған дәлел бола алады. Онда да қатардағы қатысушы болып қалмай, құрылтай президиумының төрағасы Халел Досмағанбетұлы, қосалқы төрағалар – Ахмет Байтұрсынұлы мен әл-Мұхаммед Көтібарұлының қатарында Міржақып Дулатұлымен бірге хатшылық қызметіне сайланады. Құрылтай соңында төрағаның орынбасары болған Асылбек жайлы «Қазақ» газеті сол кезде: «Асылбек Сейітов – жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары...»  – деп жазған еді.

1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда екінші жалпықақақ құрылтайы өткізіліп, Алашорда үкіметі құрылғаны белгілі. Сол жылы Омбыда Алашорда комитеті құрылып, оның құрамына Мағжан Жұмабай, Айдархан Тұрлыбай, Баймұхамбет Серкебай,  Асылбек және оның үлкен ағасы Мұсылманбек Серкебайлар кірген болатын. Оның жанынан ашылған «Бірлік» жастар ұйымның жетекшілігіне Асылбек пен Мұсылманбек Сейітов сайланса, кіші інісі Мұратбек Сейітов Семейде құрылған «Жас азамат» ұйымының жетекшілерінің бірі болғаны мәлім.  Алаш қозғалысының бастауында тұрып, халқының азаттығы жолында жан аямай күрескен Асылбек Жұманұлын Алаш арыстары қатарына енгізу болашақта атқарылар міндеттердің бірі болмақ.

Баянауылда біраз жыл бас дәрігер қызметін атқарған  Асылбек Жұманұлы 1922 жылдан бастап 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып еңбек етеді. Осы өлкеде өкпе ауруын емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийларін ашуға мұрындық болған.  1937 жылдың маусымы мен желтоқсан аралығы Асылбектің өмірі мен қызметіндегі ең қысқа кезең болды.  Ол осы жылы Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комисариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылған. Ал, қараша айының соңында   Алматы қаласындағы темекі фабрикасының жанындағы амбулатория негізінде емхана ұйымдастыру жұмысы тапсырылады. Өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындаған ол көпшіліктің қолдауымен осы № 5 емханасының  бас дәрігері қызметіне тағайындалғаны мәлім.  Алайда өз қолымен құрған емхананы бар-жоғы бес-ақ күн басқарған Асылбек Сейітов 1937 жылдың 3 желтоқсанында қамауға алынады.  Ал,  8 желтоқсанда «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген. Асылбек атылған жылы оның аяулы жары Нәфия Сәдуақасқызы Шорманова онтөрт жасар қызы – Роза мен әлі дүниеге келмеген нәрестесін қамауға алынудан сақтау үшін Омбыға қоныс аударады. Асылбектің туған бауырлары Мұсылманбек пен Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырағандары бергілі.

«Халық жауы» деген айып тағылып, ұзақ жылдар бойы атын атауға тыйым салынған Асылбек Сейітов тек 1957 жылы ғана толықтай ақталған еді. Алайда,  тұтқындау кезінде тәркілеген құжаттар мен фотосуреттер МҚК-ның архивінен жоғалып кетуіне байланысты ол туралы деректер аз сақталған. Тек қыздары Роза мен ол атылғаннан кейін дүниеге келген Клара Асылбекқызы сақтап, жинақтаған дүниелердің негізінде Алматы қалалық архивінде арнайы қор құрылып, кітаптың шығуына түрткі болған көрінеді.

Тұсаукесер салтанатында баяндама жасаған монография авторы – тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова Алаш арысының өмірі мен қызметіне тоқтала келіп, ұлтының болашағы үшін жанын құрбан еткен күрескердің есімін ұлықтау мәселесі кенжелеп жатқанын қынжыла айтқан. Атап айтқанда, Семей мен Алматы қалаларында Асылбек Сейітовтің атында көшелер бар көрінеді. Алайда, Алматыдағы көшенің ұзындығы  бар-жоғы 250 ақ мерт болса, оның 200 метрін бір қалталы азамат қоршап алыпты. Сонда Алаш арысына арналған көшенің ұзындығы 50 ақ метрді құрап тұр. Осы орайда, қаламызда он рет қайталанатын көшелерге ат таппай жүрген әкім-қаралар елінің азаттығы жолында мерт болған арысымызды ардақтап, жөні түзу бір көшені атау тілегін ескерсе оң болар еді.

Оразгүл Мұхатованың «Асылбек Сейітов – тарихта қалған із» атты монографиялық еңбегінің тұсауын  Алаш арысының  тұяғы – Клара Асылбекқызы кесіп, әкесі атылғаннан кейінгі «халық жауының» отбасы ретінде көрген қорлықтары мен тартқан азабы, өмір үшін күресі жайында қызғылықты әңгіме айтып берген. Соңынан шараға қатысушыларға жаңа кітап сыйлыққа ұсынылды. Бұл, игі бастама елім деп еңіреп өткен ердің атын ардақтаудың бастамасы болады деп сенгіміз келеді.

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 695
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 498
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 424
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 435