Жұма, 3 Мамыр 2024
Пікір 4043 16 пікір 5 Желтоқсан, 2018 сағат 09:57

Тарихымызды бағалау - табысымыздың кепілі

Қандай ұлт болмасын оның өзіне тән тарихы болады. Ал тарихынан айырылған халықтың келешегі бұлынғыр. Ондай халық тарих сахнасынан жойылып кетеді. Әлем тарихында уақыт өтіп, ғасырдан ғасырға қоғам ауысқан сайын әлем халықтарының саны да азайып, оның тілі де жоғалып кетіп жатады. Өкінішке орай бұл - қазіргі заманның шындығы және заңды құбылыс.  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ халқының төл тарихына тың көзқараспен зерттелуіне жол салып отыр. Сонымен бірге өткеніміздің көптеген ақтаңдақтарын бөлек қарамай,  жаманында, жақсысында тұтас  зерделеп, көп қырлы, ауқымды тарихымызды дұрыс түсіну керектігін баса  назар салды.

Елбасы  «тарихымызды зерттей білу, басқа халықтардың рөлін төмен түсіріп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету емес. Ең бастысы біз нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дейді. Біздіңше бұл жерде ата бабаларымыздың кешегі заманда евразия аумағында ұлы империя құрған дәуірлерден алынатын тың деректерге сүйене отырып,  төл тарихымызды түгендеу маңызды болса керек. Ұлтымыздың өз тарихын терең білуін оны басқа халықтар мен елдерден алшақтату емес, керісінше оларды жақындастыру мен достастыру.

Тарихымызды терең біліп, одан ұтымды сабақ алу - ұлтымыздың  болашағы мен еліміздің іргесін бекітуге қуғын сүргіндер мен қасіретті сәттердің қайталанбауына қызмет етеді. Мәселен, бір Бату хан іргесін қалаған, Алтын орда мемлекеті, оның атауы, оны мекендеген халқы, негізгі қарым – қатынас құралы болған тілі, тағы басқа да мәселелері бойынша әр түрлі көзқарас бар. Жалпы Алтын орда деген ұғым нені білдіреді дейтін болсақ, біздіңше ол хан отыратын ставканы білдіреді. Яғни, ол  мемлекеттің атауын,  сол кездегі тілмен айтқанда хандықты білдірмейді.

Ал Алтын Орда деген сөз қайдан пайда болды деген сұраққа, ол сол кездегі іргелес жатқан, немесе Ордаға тәуелді болған елдердің қойған атауы деп жауап берудің қисыны бар. Қазіргі, «Кремл» десе Ресей Федерациясын ұғынамыз, «Белый дом» десе Америка Құрама Штаттары деп түсінеміз. Міне, сол сияқты Алтын Орда да хан отыратын ставка деген ұғымды білдірген.Сонымен бірге  хан Ордасының сол заманның озық үлгісімен, жетістіктерімен салынып, алтынмен апталғанын ескерсек көп нәрсені аңғаруға болады. Яғни, алып мемлекеттің боданында болған басқа елдер Алтын Орда деп атауына толық негіз бар. Ал оның алдында Жошы хан ұлысы, кейінен Бату хан ұлысы немесе хандығы деп аталғанын тарихтан білеміз. Ал негізгі халқы, оның ішінде билеуші топты құрған түрк тілдес халықтар болды және бәріне ортақ түрк тілінде сөйледі. Бату хан қайтыс болып, Берке - хан болған тұста, ханның өзі ислам дінін қабылдаған. Ал кейінен 1302 жылы Ұлы Хандыққа Өзбек хан келгенде, (ол кісі 40 жылдай ел билеген)  ислам мемлекетін деп жариялады.

Ұлы дала елінің ұланғайыр жері мен елдік дәстүрінің тарихына оң көзқарас қалыптастыруды ең әуелі өзімізден бастағанымыз абзал. Әйтпесе, осынау кең-байтақ жерімізге ата-бабаларымыз сырттан немесе басқа аумақтан ауып келгенге ұқсатып айтылатын сынаржақ ойлар айтылып қалуда. Ал Елбасы мақаласында көтерілген бүкіл мәдени жетістіктердің шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып,содан кейін әлемнің төрт бұрышына тарағанын айтады. Яғни бұл тұжырымда үлкен мән жатыр. Біздің бабаларымыз Ұлы далада өмір сүріп қана қойған жоқ, оны өзінің мәдениетімен, индустриясымен, дала заңымен қоғамдық әділетті қарым - қатынастың негізінде кең-байтақ жерді империя, яғни  Ұлы дала өркениетін жасаған. Елбасы мақаласында  осы екі дүниенің ара - жігін  ашып беріп отыр.

Ғұламалар: «тарихын білмеген халық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айналады» деп бекер айтпаған. Сондықтан тарихымызды білуге, оны терең зерттеуге бағытталған бағдарламалар шынайы және сапалы болуға тиіс деп ойлаймыз. Осыдан жиырма жылдай бұрын Елбасының «біз өткен замандағы батыр бабаларымыздың жасаған ерлігімен мақтанып қана қоймай, бүгінгі атқарылар тірлікпен мақтануымыз керек» деген сөзі бағдаршам сияқты. Яғни, тарихты білу тек мақтану үшін емес, еліміздің кемел болашағы үшін жасампаз еңбек етіп, оны әлемге мойындату деген сөз.

Мансұрхан Махамбетов      

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 595
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 328
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 339
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 344