Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жалқы сұрақ 4936 5 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 10:23

АҚШ пен Қытай. Бифштекс қонағасы не шешті?

АҚШ-Қытай сауда қатынасының бізге беймәлім қырлары

"Үлкен жиырамалық" (G20) саммиті аясында АҚШ-Қытай басшыларының қонағасы форматында өткен кездесуінде екі ел уақытша компромисске келді. Анықтап айтқанда, АҚШ-тың әуелде жоспарлаған құны 200 миллиард долларды құрайтын Қытай тауарына  салған кедендік салығы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыздан 25 пайызға өсуі керек болған еді. Енді осы қонағасы нәтижесі бойынша Қытай 90 күнге мұрсат алды. Осы уақытқа дейін халықаралық жиналыстарда Қытайды қатаң түрде айыптап, түрлі экономикалық және саяси әрекеттері арқылы қысым жасап келген АҚШ аздап жұмсақтық танытып, шешім қабылдауға уақыт беруі нені түсіндіреді?

Сауда соғысы басталысымен "АҚШ-тың түпкі мақсаты не?" деген сұрақ негізінде жасалған болжамдарды екі түрлі тұжырымға жинақтауға болады. Біріншісі, жаңа қырғи қабақ соғысының басталуы болса, екіншісі, атақты "Плаза келісімің" қытайлық нұсқасы деген тұжырым болатын. Бұл екі тұжырымның да негізі жоқ емес еді. Трамп әкімшілігінің 2017 жылдың желтоқсан айында жариялаған "Мемлекеттік қауіпсіздік стратегиясы есебі" мен АҚШ қорғаныс министрлігінің 2018 жылдың қаңтарында жариялаған "Мемлекет қорғанысы стратегиялық есебіндеде" ҚХР мен Ресейді АҚШ-тың негізгі стратегиялық бәсекелестері ретінде атауы; Дональд Трамптың осы жылдың 18 наурызында "Тайван саяхат акт" ағылышынша (Taiwan Travel Act) қытайша (与台湾关系法) заңына қол қоюы;  Осы жылдың 30 мамырында АҚШ қарулы күштерінің Тынық мұхиты қолбасшылығы атауының АҚШ қарулы күштері Үнді-Тынық мұхиты қолбасшлығы болып өзгертілуі, Ақ үй басшысының 20 қазанда «Қысқа және орта қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімшарттан» шығатынын мәлімдеуі қатарлы нақты қадамдары "Жаңа қырғи қабақ соғысының" басталу нышандары ретінде қабылданған болатын.

Ал  осыншама әскери, саяси және экономикалық қысым жасап келген АҚШ-тың  бұл қонағасы нәтижесінде Қытайға тыныстау мүмкіндігін беруі Американың "КСРО-ның ыдырауы" секілді тарихи оқиғаның қайталануына емес, қайта "Плаза келісімінің" қытайлық нұсқасының қайталануына көбірек мүдделі екенін көрсеткендей.

АҚШ үкіметі 6 шілде күні "жалпы құны 34 миллиард долларды құрайтын 818 түрлі қытай тауарына 25 пайыздық кедендік салығын ресми түрде енгізген болатын. Иә, 6 шілде күні. Бұл датаға ерекше акцент беріп жатқанымыздың өз себебебі бар. Тарихқа аздап шегініс жасасақ, бұл күннің екі ел үшін де символикалық мәнге ие екенін байқаймыз. 1785 жылдың 6 шілдесінде доллар Құрама штаттардың ресми валютасы болып бекітілген күн болса, 1840 жылдың 6 шілдесі Ұлыбритания мен Цинь империясы арасындағы "Апиын соғысының" басталған күні еді. Англияның апиынды Қытаймен арадағы кері сауда баланысын жою мақсатында экспорттағаны белгілі. Ал АҚШ сауда министрлігінің 2017 жылғы мәліметі бойынша Қытаймен арадағы кері сауда балансы 375 миллиард доллар болған еді. Ал, құны 200 миллиард долларды құрайтын Қытай тауарына 10 пайыздық кеден салығын енгізілуі 18 қыркүйекке тұспа-тұс келуі де сәйкестіктен гөрі саяси емеурінге көбірек ұқсайтындай. 1947 жылдың 18 қыркүйек күні АҚШ конгресі қабылдаған "Мемлекеттік қауіпсіздік заңының" негізінде АҚШ орталық барлау басқармасы құрылған еді. Ал 1931 жылдың 18 қыркүйек күні Жапония үкіметінің Қытайға шапқыншылық жасауының бастау алған күні еді. Қарап отырсақ, Бұл екі дата да АҚШ үшін мемлекеттік маңызы бар күн болса, Қытай тарапы үшін қаралы күн еді. Және осы екі жағдай бойынша да Қытай үкіметі мүлдем ырықсыз жағдайға көшкен еді. Екі держава арасындағы сауда соғысының процесіне және қос тараптың экономикалық-саяси әлеуеті мен мүмкіндігіне қарап, АҚШ -тың ырықты орында екені жоғарыдағы ойымызды нақтылай түседі.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының орта шенінде болған АҚШ пен Жапония арасындағы сауда соғысы да осы пікірімізді нақтылай түседі. 1985 жылғы статистика бойынша Жапония жалпы ішкі өнім бойынша Кеңес одағын басып озады. Тіптен, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша АҚШ-тың өзін артта қалдырып, Америкамен арадағы сауда профициті жалпы сауда көлемінің 50 пайызына жеткен еді. Ал қазіргі Қытаймен арадағы жағдай да осымен шамалас. Қытай қазіргі кезде әлемдегі екінші экономика, және оның АҚШ-пен арадағы сауда профициті 2017 жылғы статистика бойынша жалпы сауда көлемінің 66 пайызын иеленеді. Тағы бір қызықты жайт, АҚШ-Жапония сауда соғысы кезінде сыртқы сауда өкілінің орынбасары болып, күншығыс елін атақты "Плаза келісіміне" мәжбүр еткен саяси тұлға Роберт Лайтхайзердың 33 жылдан кейін қайтадан Құрама штаттардың сыртқы сауда өкілі болып тағайындалуы еді. "Плаза келісімінің" нәтижесі бойынша Жапония экономикасы соңғы 30 жыл бойы не өспейтін, не кері шегінбейтін бір қалыпты күйде болып қалған еді. АҚШ үкіметі сауда соғысының негізгі қаруы ретінде Жапонияның өңдеу өнеркәсібін негізгі нысанасы етіп алса, Қытаймен арадағы текетіресте де өңдеу өнеркәсібін негізгі нысан етіп алғанын көреміз. АҚШ-тың алғашқы кедендік салығына ілінген 1300 түрлі тауарының Қытай прьемері Ли Кэциянның 2015 жылы ұсынған "Қытайда жасалған 2025" стратегиясына тікелей қатысы бар екені мұның тікелей дәлелі. Morgan Stanley-дің зерттеу есебі бойынша "Егер АҚШ барлық Қытай тауарына кедендік салық енгізсе, Қытайдың 5.5 миллион адамы жұмыссыз қалады және жалпы ішкі өнімніне кері әсері 1.3 пайызды құрайды" деп көрсетіледі. Сонымен бірге, жоғары технология саласы бойынша білім алғысы келетін қытайлық студенттерді тексеруді қатаңдату, әрі оларға виза беруді шектеуі АҚШ-тың Қытайды тек өңдеу өнеркәсібі деңгейінде ғана көргісі келетінін көрсетеді. Мамандардың айтуы бойынша, Қытай жоғары технологияның 30 пайызынан көбін АҚШ-тан импорт етеді. Тіптен, бұл технологиялар баламасыз әрі ең негізгі технологиялар болып есептеледі. АҚШ сауда министрлігінің осы жылдың 16 сәуір күні ZTE телекоммуникация компаниясына негізгі детальдарды сатуға жеті жылға тиым салған еді. Әрі үш-ақ күн өткен соң компания директорларлар кеңесінің төрағасы кәсіпорынның "есеңгіреген қалыпқа" түскенін жариялауы осының негізгі дәлелі.

Бұл жағынан АҚШ тарапы Қытай үшін стратегиялық маңызы өте зор және бірден әсер ететін тактикалық шараларға ден қоюына қарап, сауда соғысын тезірек шешуге ең алдымен өзі мүдделі екенін байқауға болады. Қытайдан келетін импорттық тауарларға салық енгізгеннен кейін негізгі салмақтың Америка тұрғындарына түсетіні түсінікті. Ал Қытайдың кедендік салығы негізінен құрама штаттардың ауылшаруашылығы саласына бағытталғанын байқаймыз. Бұл сала Трамп үшін экономикалық маңызынан гөрі саяси маңызы жоғары. Өйткені, Трамптың сайлаушыларының көбін негізгі экономикалық саласы ауылшаруашылығы болған штаттардың құрайтынын ескерсек, бұл жағдай Трамптың саяси карьерасы үшін үлкен сынақ екенін айқындап береді. Қараша айының ортасында өткен аралық сайлау нәтижесі (Демократтар төменгі палатада басымдылыққа ие болған еді) мұны тіптен айқындай түсті. Әрі басқару жағынан, Трамп құзіреттілігінің шектеулі (ең маңызды мәселелерді бәрібір конгрес шешеді), керісінше Си-дің шексіз құқыққа ие екенін де ескерген жөн.

Әр екі тарап тоқсан күн ішінде не істеуге ұмтылуы мүмкін? Біздің ойымызша екеуі де Еуропамен байланысын тереңдетуге ұмтылары даусыз. Осыған дейін Канада, Мексика, Оңтүстік Корея, Жапония секілді негізгі сауда әріптестерімен еркін сауда келісіміне кол қойған АҚШ үшін Еуропамен сауда келісімін жасасу ең соңғы қадам болмақ. Әрі Қытайға да соңғы мүмкіндік қалдырмаудың амалы болуы мүмкін. "Үлкен жиырмалық" саммиті аясында Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалауға қатысты тариxи келісімге қол жеткізуінің өзі АҚШ позициясын тіптен нығайта түсетіні сөзсіз. Десе де, соңғы кездері Германия мен Францияның АҚШ-пен арадағы салқын қабақ болғанын ҚХР өз пайдасына асыруға тырысуы байқалады. Үш ай ішінде Си өзінің "Бір жол - бір белдеу" бағдарламасы арқылы Оңтүстік Еуропа елдерімен байланысын тереңдетуге барын салары сөзсіз. АҚШ-қа экспортының негізгі баламасы ретінде Еуропадан тиімді нарықтың жоқ екені де белгілі. Қараша айының бас шенінде Шанхайда өткен көрменің ашылу рәсімінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің "Біздің ел алдағы 15 жылда шет елдерден 40 триллион долларға тауар импорттайтын болады" деп мәлімдеуінің өзі Еуропаны ойланта бастағаны сөзсіз.

Ермек Дүйсенқожа, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының аға оқытушысы

Abai.kz

 

 

5 пікір