Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
3359 0 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 13:01

Түркістан облысындағы «Кентау трансформатор зауытында» Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңінен қолданылады

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында электр энергиясының тарифтері халыққа тиімді болау қажеттігін ескертті. Осы орайда, халықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорындардың жұмысы қарқынды дамып келеді.

Мәселен, Түркістан облысындағы «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы – Қазақстандағы төменгі және жоғары кернеулі трансформаторлар шығаратын баламасы жоқ бірден-бір кәсіпорын. Іргесі 1959 жылы қаланған зауыт негізінен электромеханикалық жабдықтар жасайды. Қазақ­стандағы трансформатор шығаратын бірегей кәсіпорын жылдан-жылға жұмыс тиімділігі мен үдемелігін арттыра түсуде. Жаңа техникамен жарақтандыруға және жаңа өнім шығаруға зауыт басшылығы әрдайым басымдық береді. Зауыт кешегі күннің өлшемімен жүруді бүгінде мүлдем ұмытқан. Жаңа көзқарас, адамдардың өзгермекке, білмекке деген ынта-жігерін анық байқайсыз.

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев оқыған-тоқығаны көп, ізденімпаз жан екенін алғаш танысқанда-ақ байқатты. Оның өз жұмысына деген сүйіспеншілігі, жұмысшылармен қарым-қатынасы, ізеттілігі мен ашықтығы бірден байқалады. Ол ә дегеннен-ақ біздің не үшін келгенімізді сұрап білгеннен соң алып өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен таныстыруды бастап кетті. Мұнда 1300 адам еңбек етеді. Бұдан тыс дуальды оқыту тәжірибесінде жүрген Кентау политехникалық колледжінің 716 студенті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 380 студенті, барлығы жиналғанда бұл жер хан базарындай қайнап жатыр.

Мұнда электр қозғалтқыштар, генераторлар, трансформаторлар шығарудың мыңдаған әдіс-тәсілдері бар. Қай аппараттың болмаса құрылғының, орағыштар мен токарьлық станоктардың, дәнекерлеуші, біріктіруші, түрлі сымдар мен қораптарды жасайтын технологиялардың жанына барсаңыз, мамандардың кірпік қақпай өз істерін мұқият қадағалап тұрғанын көресіз.

Бір цехта орау станоктары тұр. Ондағы жігіттер өз істерінің нағыз маманына айналған. Ал, келесі цехтағы құрылғылар түгелдей шетелдерден алдырылған. Жаңа технологияны мамандар тез меңгеріп алыпты.

Шын мәнінде, зауыт бүгінде инновациялар локомотиві, заманауи талапқа сай механикаландырылған алып кәсіпорын. Өнім көлемін арттыру, трансформаторлардың, реакторлардың, генераторлардың жаңа түрлерін игеру қажеттілігіне орай жаңа цехтар салынған. Сондықтан да мұнда еңбек өнімділігі жоғары.

Кентау трансформатор зауытының өнімдері шетел нарығына шыққалы жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Осы аралықта зауыт өнімдері Ресейге, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Иран, Әзірбайжан, Белоруссия, Украина, Грузия, Армения, Моңғолияға шығарылды. Дәл қазір Ауғанстан мемлекеті

50 миллион доллардың трансформаторына тапсырыс беріп қойған. 5 жыл көлемінде олар осы өнімдерді түгел тасып әкетпек. Өзара келісім бойынша Ауғанстан елі жыл сайын 10 миллион доллардың трансформаторын әкетіп тұрады. Ал, Ресей нарығына 1000 дана трансформатор шығармақ. Кентау трансформатор зауыты осылай еліміздегі іргелі өнеркәсіп орындарына да өз өнімдерін саудалайды.

Сатып алушыларға мүмкіндігінше жеңілдіктер қарастырады. Кентау трансформатор зауытының басты ерекшелігі, өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Зауыт Қазақстан Республикасы тарихында тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі

110 кВ, қуаты 63000 кВА электрлі машиналардың сериялы өндірісін жолға қойды. Демек, қазақстандық электр энергиясы саласының жаңа дәуірі басталды. Осындай қуаты теңдессіз алып құрылғы шығару Кентау трансформатор зауытының үлкен жеңісі!

Іс тетігін қашан да мамандар шешеді

Білікті мамандар бар жерде өнімділік те жоғары. Сондықтан зауыт басшылығы мамандар даярлау жағына әрдайым баса көңіл бөледі екен. Жоғарыда біз университет пен колледждің студенттері осында келіп, білімдерін ұштап жатқанын айтып өттік. Олар білімнің 40 пайызын теория жүзінде, 60 пайызын өндірістік тәжірибе арқылы алады. Сөз жоқ, қолмен ұстап, көзбен көрген қай нәрсе де ұмытылмайды әрі болашақ маманның біліктілігін, есте сақтау қабілетін жоғарылатады. Зауыт басшылығы озат оқитын 50 студентке 30 мың теңгеден шәкірт- ақы тағайындапты. Қазан айынан бастап оның мөлшерін 40 мың теңгеге жеткізбек. Университеттің робототехника және компьютер графикасы факультетіне заманауи зертхана сатып әперіпті. Ұлттық технологиялық даму агенттігімен келісе отырып, студенттерге 200 миллион теңгедей грант бөлінген. Зауыттың арнайы бөлдірген қаржысына 30 студент Ресей, Украина, Қытай елдеріндегі жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Зауытта шеберлік сабақтары жиі өтіп тұрады. Мамандардың біліктіліктерін арттыру мақсатында оларды шетелдердегі конференцияларға жіберіп тұру да ұмыт қалмаған. Сонымен бірге зауыт жұмысшылары әр аптада кешкі екі сағат арасында ағылшын тілін оқиды. Оған 100 жұмысшы қатысады. Оқу тегін.

Болашақта зауытта роботтар жұмыс істей бастайды. Бұл орайда Жапония мемлекетімен арнайы келісімшарт түзілген. Жапония демекші, зауытта осы елдің басқару жүйесі енгізілгеніне биыл төртінші жыл. Мұнда басшы екенмін деп орындық арқалығына сүйеніп, қалғып-мүлгіп отыра алмайсыз. Жұмысшылардың барлығына төраға есігі айқара ашық. Тіпті, мұнда жұмысшы төрағаға тапсырма бере алады екен. «Жұмысшылар төрағаға емес, керісінше төраға жұмысшыларға қызмет көрсетуі тиіс. Міне, сонда ғана ортада нағыз түсінушілік қалыптасады» деді бізге Хайрулла Байділдаұлы.

Зауытта Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңінен қолданылады. Төраға осы жүйені меңгеру үшін Жапонияға барып, арнайы оқып келгенін айтып берді. Кайдзен дегеннің өзі қазақшалағанда өзгеріс, жақсылық деген екі сөздің қосымшасынан шыққан. Демек, жақсылыққа өзгер деп отыр ғой. Бірінші өзің өзгеруге тиіссің. Сосын отбасың жақсылыққа бейімделе бастайды. Осы өнегелі ісіңді ұжымға көрсетесің. Ұжым көпке танытады. Демек, бұл қоғамның өзгеруіне әкелетін алтын арқау.

Зауыт ішін аралап келгеннен кейін біз Хайрулла Байділдаұлынан экономикалық көрсеткіштер жайында сұрадық. Зауытта айына 2 миллиард 200 миллион теңгенің өнімі өндіріледі екен. Оның көлемін алдағы жылдан бастап 3 миллиард теңгеге көтеру жоспарланыпты.

Мұнда трансформатордың 400-ден астам түрі шығарылады. Соңғы 4 жылда жоспар үнемі 35-40 пайызға асыра орындалып келеді екен. Кәсіпорын энергетика саласында түрлі қосалқы бөлшектер де шығарады. Соның ішінде орта және жоғары кернеулі құрылғылар жасайды. Зауыт жылына 20000 дана трансформатор шығаруға қауқарлы. Жылына 25-27 миллиард теңгенің өнімін өндіре алады. Ал, жергілікті бюджетке былтыр 1,5 миллиард теңге салық төлепті. Биыл одан көп болмаса, кемімейді дейді зауыт басшылары.

Зауыттағы жұмысшылардың 60 пайызы – 30 жасқа дейінгілер. 20 пайызы – 40 жастағылар. Осының өзінен зауытта жалынды жастар қалыптасып келе жатқанын аңғарасыз. Олардың еңбекке, ертеңіне деген сенімдері басым. Ал, сенім бар жерде серпіліс бар, табыс бар. Осыны білетін зауыт басшылары жастарды жаңа кәсіпке баулуда соны ізденістерге, бетбұрыстарға батыл қадамдар жасауда.

Тағы бір айта кетерлігі, зауыт басшылары жұмыс ауқымы мен шетел нарығына шығудың даңғыл жолын кеңейте түсуді жіті ойластырған. Осы мақсатта Орал, Шымкент, Петропавл қалаларында зауыттың еншілес бөлімдері салынып жатыр. Кентауда жасалған трансформатордың түрлі бөлшектері аталған қалалардағы кәсіпорындарда құрастырылады. Одан әрі тапсырыс берушілерге жөнелтіледі.

Импорт алмастыру саясаты жағынан үлкен бәсекелестікке қол жеткізген зауыттың ілкімді қадамдары сүйсіндірмей қоймайды. Отандық өнімнің шетелдерде үлкен сұраныстарға ие болуы біз үшін қашан да қуаныш әрі мақтаныш. Осы тұрғыда Кентау трансформатор зауытының ертеңі бүгінгіден де жарқын екеніне ешкім дау тудыра алмаса керек.

Міне, Кентауда еліміздегі бірегей әрі баламасы жоқ осындай қуатты зауыт бар. Онда Отанын, туған жерін сүйген, ертеңінен үлкен үміт күтетін еңбеккерлер бар.

Сабырбек Олжабай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1678
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1628
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1362
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1295