Жұма, 3 Мамыр 2024
Алаш арысы 8137 0 пікір 26 Қараша, 2018 сағат 10:27

"Дала уәлаяты" газеті және Бекхожин

Адамзат тарихында бар саналы ғұмырын өз елінің келешегі үшін арнаған тұлғалар жетерлік. Солардың бірі қазақ журналистикасы тарихы ғылымының қайнар бастауында тұрған ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин еді. Жасынан білім мен ғылымға жаны құмар жасталаптың есімі де,  осы қазақ журналистикасы ғылымының іргетасын қалаушылармен бірге мақтанышпен айтылады. Ол  көзінің тірісінде қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына арнап 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиялық еңбек жазған ғалым. Бүгінгі таңда ғалымға аталмыш  зерттеулерді дүниеге әкелу оңайға түсті ме? Кешегі «Қызыл империя» тұсында халқымызға өткен тарихымызды, оның ішінде сол заманның «көзі, құлағы һәм тілі» болған  баспасөз тарихын шынайы күйінде жеткізудің сәті түсті ме, жоқ әлде өзіндік қиыншылықтар мен кедергілер болды ма деген сауалдар туындайды.

Қ.Бекхожин

Мәселен, оның «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» деп аталатын монографиясының алғашқы тарауы  «Қазақ публицистикасы мен баспасөзінің негізін салушылар» және «Қазақ тілінде шығарылған алғашқы газеттер» деген екі тақырыпқа бөлініп қарастырылады. Алғашқы тарауда Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай  Құнанбаевтардың публицистикалық мұраларына терең талдау жасалып, олардың не себептен қазақ публицистикасының негізін салушылар екені дәлелденсе, екінші бөлімде қазақ тілінде алғаш жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті» туралы тұңғыш деректер жазғандығы байқалады. Ғалым аз да болса бұл басылымдардың прогрессивтік жақтарына баға беріп, оның ресми емес бөлімінде көтерілген мәселелерге көңіл аударуға тырысады.

Монографияда Ә. Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен халық ауыз әдебиеті хақында материал жариялап, полемика тудырғанын, М.Ж. Көпеевтің, Р. Дүйсенбаевтың және тағы басқа сол кезеңде есімдері ауызға алына бермейтін ғұламалар туралы тың деректер беріліп, астарлап болса да бұл екі газеттің де халқымыз үшін сарқылмас бұлақ екендігін сездіріп кеткен. Соның бір дәлелі ретінде соңғы жылдары Үшкілтай Сұбханбердинаның тікелей маңдай терімен жарыққа шығып, рухани байлығымыздың бір белгісіне айналған «Дала уәлаяты газетінің» 5 томдық толық мәтіні берілген библиографиялық көрсеткіші десек болады.

Екінші бір көңіл аударарлық мәселе кітаптың үшінші тарауында XX ғасырдың басында бейресми тұрғыда шығып тұрған, демократиялық, прогресшіл бағытты көздеген  «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналына деген автордың өзіндік көзқарасы, ұстанған позициясы екені анық.

Бірақ, көп уақыт өтпей осы еңбекке орай «Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 17-қарашадағы санында Б. Қорқытов пен Ә. Досбаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» атты көлемді мақалалары жарияланды. Онда Қ. Бекхожиннің жоғарыда аталған «Дала уалаяты – қазақтың тұңғыш газеті» деген кандидаттық диссертациясы қатты сыналады. Осы сәтте ғалым Қ. Бекхожинге  «Дала уалаяты газетін» зерттеу кезінде заман талабынан туындаған қиындықтарды басынан өткеруге тура келді. Өйткені, алғашқыда қазақ баспасөзінің қарлығашы деп саналып келген бұл басылым туралы пікір айтудың өзі сол заманда үлкен қауіп тудырды. Бар ғұмырын қазақ журналистикасын зерттеуге арнаған Қайыржан Бекхожин: «Дала уалаяты» газеті барлық патшалық  губерниялық газеттердегідей «ресми» және «ресми емес» бөлімдерден тұрады. «Ресми» бөлімінде үкімет және әкімшілік органдардың указдары, нұсқаулары, бұйрықтары басылды. Сонымен бірге «ақ патшаға» адал берілгендікті сездіретін материалдар да жарық көрді» деп көрсетті.

Ғалым әсіресе өзінің еңбегінде «ресми емес» бөлімге ерекше назар аударады. Себебі, мұнда сол замандағы қазақ даласының қоғамдық ой-пікірлері жайлы біршама көріністер суреттелген. Зерделі ұстаздың айтуы бойынша осы газеттің маңына топталған қазақ зиялылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин және А. Құнанбаевтар көшпелілерді:

*шаруашылықты жаңаша жүргізуге, басқаша айтқанда отырықшы болып, егіншілікпен айналысуға шақырды;

*орысша оқып білім алуға, орыстың озат мәдениетіне жақындасуға үндеді

*өздерінің ізашарлары сияқты қазақ әдебиетін, тілін дамытуды көздеді, әйелдер теңдігі және оған қатысты әлеуметтік проблемаларды ұсынды.

Ғалымның еңбегінде баяндалғандай,  қазақ қауымының үстем тап өкілдері жаңалық пен өркениеттіліктің бәріне мейлінше қарсылық білдірді. Қазақ қауымы ішінде кертартпа, мұсылманшылдық және прогресшіл  орыс мәдениеті ықпалдарынан туған екі түрлі мәдениеттің арасындағы идеялық күрес  ХІХ ғасырдың аяқ шенінде және ХХ ғасырдың басында күшейе түсті. Бұл күрес «Дала уалаяты» газетінің бетінен батыл көрініс тапты. Газетте ең алдымен халық туындылары және демократияшыл жазушылар мен публицистердің шығармалары басылды. Сонымен бірге қазақтың реалистік бағыттағы жазба әдебиетінің, әдеби тілін ұстартудың негізін қалаған Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары жарыққа шығып,  Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы да мақалалар жарияланды.

Қайыржан Бекхожиннің зерттеуі бойынша  газеттің бетінде орыс әдебиеті классиктері: А.С. Пушкиннің, Л.Н. Толстойдың, В.Г. Белинскийдің,  М.Ю. Лермонтовтың, И. А. Крыловтың және басқаларының шығармалары қазақ тіліне аударылып басылған. Ғалымға аталмыш басылымды зерттеуге әсер еткен алғаш рет қазақ тілінде басылып,  жарық көре бастаған әңгіме, очерк және фельетон сияқты жанрлар болды. Газеттегі «Болыс болдым мінекей» деген памфлет пен «Ықтиятты болыс» деген фельетондар Абайдың үлгісі бойынша жазылған. Мысалы, «Ықтиятты болыста» арызын айта келген кедейдің сөзіне құлақ аспай, «қымыз бен етке тойып алып жантайып, сұлап жатып алған болыстың жарамсыз қылығы, оның алдында құрдай жорғалап жүрген жағымпаздың қулығы әшкереленеді». Сонымен қатар газетте Ресейдің ішкі жағдайы мен халықаралық жағдайлар, шетелдегі сауда туралы, ғылым мен техниканың қол жеткізген жетістіктері мен табыстары, оқу-ағарту туралы көп материалдар және ішкі-сыртқы хабарлар басылды. Ғалым газетте берілген мақалаларды талдай отырып:

1. Басылымның қазақ тілі мен мәдениетіне қосқан үлесін саралайды.

2. Өз диссертациясында көптеген тың деректер пен дәйектер келтіреді.

3. Сол кезеңде жұрт назарын аудартуға, қызықтыруға арналған мақалалардың болғанын атап көрсетеді.

«Дала уалаяты» газетіндегі материалдарда «Қазақстанның Ресейге қосылуы қазақ халқы Қоқан және Хиуа хандықтарының жаулап алуынан сақтап қалғандығын сөз етеді. Бұл жөнінде автор: «Газеттің тілшілері мен авторлары қазаққа тек қана мал шаруашылығымен айналысу қолайсыз екенін, сонымен қатар отырықшы ел болып егін салудың қажеттігін дәлелдеді», -  деді.  Ғалым бұл пікірдің дәлелі ретінде басылым бетіндегі: «...Мал өнімінен түсетін кірістің шамалы болатынын  айтқан Қ. Досанов деген тілші: «Мысалға 100 жылқысы бар қазақты алайық. Жылқысының әрбірін 10 сомнан бағалағанда барлығы 1000 сом тұрады. Жүз жылқыдан кемінде 20 бие құлындайды делік... Әрбірін 3  сомнан бағаласақ, 20 құлын, 60 сом тұрады. Кемінде 10 құлын өлім-жетімге ұшырайды. Сонда бұл қазақтың 1000 сомдық жылқысынан  бір жылда 30 сом ғана кіріс кіреді. Ал бұл кіріс оның жылдық мұқтажын өтей алмайды» деген негіздемеге сүйенген. Аталған мәтінде берілген сөздерге, мән беріп қараған Қ. Бекхожин «Дала уалаяты» газетінің халық жағдайын ойлайтынын, қазаққа қажетті материалдар жариялайтынын көрсетеді. Қазақтың жазба әдебиеті  мен әдеби тілінің дамуында «Дала уалаяты» газетінің де қосқан үлесі бар екенін дәлелдейді.

Зерттеуші Қ. Бекхожин бүкіл ғұмырын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге жұмсаған азамат. Қайыржан Бекхожиннің жеке басын, оның адамгершілік, кісілік келбетін оны танитын замандастары ғалымның өле-өлгенше ұлты, халқы үшін адал қызмет етуге ұмтылып өткенін жақсы біледі. Ғалымның сонау 30-жылдардағы журналистік мұрасы мен 40-жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің іргетасын қаласқан жылдардағы еңбек жолы, қаламынан туған публицистикалық зерттеулері бүгінгі төл баспасөзіміздің өз алдына ғылым болып қалыптасуына зор әсерін тигізді. Қорыта айтқанда, қазақ өлкесіндегі алғашқы басылым «Дала уалаятының» кәсіби тұрғыдан зерттелуі де журналистика саласындағы  Қайыржан Бекхожин сияқты ұлтжанды ағаларымыздың қолы жете алмағандарын зерттеп, айта алмай құса болып кеткендерін кейінгі ұрпаққа жеткізу кейінгі толқын біз секілді жастардың қолында. Ғұмыры ғибартқа толы ғалымның  қиын-қыстау жылдарда басын өлімге тігіп, тарихтың қойнауын ақтарып, шындықтың түбіне жетуге тырысқан өнеге етер мұраларының мәңгі жасайтындығы ақиқат.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мұтанов Ғ.М. «Өнегелі өмір». Қайыржан Бекхожин. – Алматы, «Қазақ университеті», 2011. 207 б.
  2. Майкотова Ғ.Т. Қайыржан Бекхожин – журналист, публицист. Монография. - Алматы: Қазақ университеті, 2007. 188 б.
  3. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. – Алматы: Мектеп, 1981. 166 б.
  4. Бекхожин Х. “Дала уалаяты газеті”  кандидаттық диссертациясы. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің мұрағаты, 11-қор. 1949 ж.

Алмабек Ибрайымов, Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің  2 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к.,доцент Ғ.Майкотова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 700
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 503
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 425
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 438