Жұма, 3 Мамыр 2024
Алаң 4003 7 пікір 21 Қараша, 2018 сағат 10:19

Қостанайдың «қожасы» Архимед не дейді, ел не дейді?

Біз кейде облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетовтың басқару тәсілінің «ерекшелігін»  онша түсіне бермейтініміз бар. Мүмкін,  жастайынан ұлық болған іскер жігітіміздің өзіндік құпия сырларын ұға бермейтін шығармыз. Негізінен жұрттан жырақтау, өзгелерге сыр аша бермейтін, биліктен ертерек дәм татып қалған адамның табиғаты солай шығар. Бұл енді бір Құдайға болмаса, қарапайым пенденің еншісіне бұйырмаған тылсым дүние.

Мұны неге айтып отырмыз? Оған тамызық болатын бірер фактіні көлденең тартсақ, мәселенің мән-жайы белгілі болары сөзсіз.

Жақында әкіміміз Астанаға барып, орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында есеп беріп қайтты. Тек біздің әкімнің ғана емес, барша ұлық атаулының ұстанған дәстүрі ғой, оған аса тоқталмай-ақ, қоялық. Бізді таң қалдырғаны ол емес. Бізді елең еткізген сол басқосуда Архимед өзінің атына бір топ адамның атынан өтініш-хат келгендігін, сол үшбу хатта облысымыздың атауын Қостанайдан Торғайға ауыстыру жайы айтылғандығын жұртқа жайып салды. Сөз соңында өзінің бұл өзгеріске қарсы екендігін қадап айтты. Мұнысын, біз әрине, теріс уәж деп айта алмаймыз. Шындығында да Қостанай да ежелгі Торғай секілді тарихи атау, қасиетті өлке, қазақтың да тағы бір киелі жері. Бір қазақы атты екіншісімен ауыстырғанда не ұтамыз? Одан да анау қабырғасы сөгілмей жатқан Петорпавел мен Павлодар атауын өзгертсе әлдеқайда әділ болмас па еді?

Алайда осы орайда біздің көкейімізде талай сауал қалды. Біріншіден, біз осы хат туралы неге Астанадан естиміз? Бұл енді күнде айтылатын өсегіміз емес, облысымыздың белгілі-белгілі тұлғалары қол қойған аса маңызды дүние десек, артық айтпаспыз. Енді неге оны облысымыздағы маңдайымызға біткен жалғыз ғана қазақ тіліндегі «Қостанай таңы» газетіне басып, дүйім жұртты хабардар етпеске? Мүмкін, сонда біз аталмыш хаттағы айтылған уәждерді өзіміз ұғынып, талдау жасар ма едік?  Мұны сонша құпия ұстап, жұрттан жасырудың астарында қандай сыр жатыр? Болмаса оған қарапайым жандардың ақылы жете қоймас деп ойлады ма екен? Әлде бұл әкіміміздің жұмыс істеу тәсілі ма? Солай шығар, өйткені әкіміміз үнемі облысымыздағы зиялы қауымнан өзін аулақ ұстауға тырысады. Мәселен, ол осында келгелі өзі құрылтайшы болып табылатын жалғыз газетіміз—«Қостанай таңына» бас сұғып, есігін де ашқан жоқ. Оның алдындағы әкімдер Кулагин де,Сәдуақасов та журналистердің жағдайынан мол хабардар еді.

Осы ретте маған бірде Қарағандыдан шығатын «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембайдың: «Бізде бір қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Біздің облысқа кім әкім болып келмесін, жұмысқа кірісер алдына осындағы екі газеттің басшысын шақырып алып, жағдайына қанығып, қандай көмек қажеттігін сұрап отырушы еді» деп ағынан ақтарылғанын айта кеткен жөн шығар. Біз болсақ оған бір жағынан сүйініп, екінші жағынан күйініп қайттық.

Жарайды, жаңағы хатымыздың жайына қайта оралайық. Әкіміміз осы хаттың  келгендігін айтып қана тоқталған жоқ. Ол: «Осы хатқа қол қойған адамның бәрі бірдей бұл ұсыныстан хабардар емес көрінеді. Мен сұраған адамдардың барлығы да оған қол қоймапты. Бұлар-бірнеше аудандарға әкім болған Сабыржан Ахметов пен сазгер Қалибек Деріпесалдиндер. Олар бұған қол қоймапты», дейді.

Бұған енді не деуге болады? Біз, біріншіден, әкімнің оларды өзіне шақырып алып, сұрағандығынан сескеніп отырмыз. Ол жерде жаңағы екі адамға қысым жасамағандығына кім кепілдік бере алады? Бүкіл бір облысты ашса алақынында, жұмса жұдырығында ұстап отырған үлкен ұлықтың алдында қасқайып қарсы тұруға екінің бірінің батылы жетпеуі де ғажап емес. Өйткені өз басым «Мен қол қойған жоқпын» деп бас тартуынан үлкен күмәнім бар.

Хатты ұйымдастырушылардың әлгілермен телефон арқылы хабарласып, келісімін алуы мүмкін. Сосын сыртынан  қол қойып жіберген де болар. Тіпті солай болғандығының өзінде түгел 17 адамның екеуінің ғана бас тартуы  бұл хатты түгелдей жоққа шығаруға негіз бола алмайды. Өйткені  әкімнің сөзінің сарынан аталмыш хатты домалақ арыздың қатарына жатқызуға деген ниеті аңғарылатын секілді.

Бір қызығы, әкіміміз осылай дей келе жалпы бұл хаттағы көтерілген мәселенің облыстық қоғамдық кеңесте қаралатындығын да айтып өтті.

Сонда дейміз-ау, мұндағы жұртың барлығы дерлік ондағы айтылған проблема қаншалықты дәйекті, қаншалықты қисынды екендігінен мүлдем хабарсыз болса, ол қоғамдық кеңесте қалай қаралады? Шешімі онсыз да белгілі осынау қисынсыз мәселені кеңестің назарына ұсынудың қаншалықты қажеті бар? Оның орнына бұрынғы әкімдер Кулагин мен Сәдауақсовтың кезінде біздегі қордаланып қалған ана тіліміздің қиын түйіні жыл сайын алқалы жиында талқыланып жүрген, ал Архимед келгелі ол мүлдем ұмытылып, кейінге ығыстылып тасталған осы мәселе қоғамдық кеңестің тақиясына тар келе ме? Әлде оған бұл кеңестің де пәрмені жетпей ме?   Енді мұндай келеңсіз жайтты бір білсе Архимед қана біледі. Ал біздің оған миымыз жетпей отыр.

Айтпақшы, біз сөз қылып отырған Астанадағы атақты басқосуда әкіміз: «Бұл хатқа бола халықтың арасында шу көтерудің қажеті жоқ» дегенді қосып қойған еді. Мүмкін, бар мәселе осында жатқан болар?

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 843
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 691
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 542
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 548