Жұма, 3 Мамыр 2024
46 - сөз 3274 1 пікір 19 Қараша, 2018 сағат 11:45

13 ғасыр салып, арамызға сонау түркі заманынан "Күлтегін" келді!

2009 жыл қазақ анимациясының жаңа дəуірі басталған жыл ретінде есте қалмақ. Дəл осы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шəкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына келген сапарында аталмыш киностудияның жай-күйімен таныса келіп, қазақ киносына жаңа серпін беру мәселелерін көтерді. Соның ішінде жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде балалар киносының орны ерекше екендігіне айрықша тоқталып, анимациялық фильмдер өндірісін қолдауға, дамытуға пəрмен берді.

Сол-ақ екен жұмыс қызып сала берген. Қараусыз қалған ескі мультфильм цехы қайыра жөндеуден өткізіліп, қайта жаңартылып, заманауи талаптарға сай құрал жабдықтармен, қажетті техникалармен жабдықталды. "Қазақфильм" өндіріс комплексі ғимаратының бір қанаты анимация шаруашылығына беріліп "анимациялық кино" шығармашылық, өндірістік бірлестігі құрылды. Енді тек сапалы мультфильм түсіру қалған еді...

Əрине, бұрынғы анимациялық кино мамандары қайта жаңғырған бірлестікте бас қосысып, өздерінің анимациялық жобаларын жандандырып, жүзеге асыра бастаған. Алайда заман талаптарына сай жаңаша мультфильмдер түсіру үшін озық технологиялардың тілін білетін, жаңа көзқарастағы жас маман, ең бастысы талантты режиссерлер керек еді.

Ондай жас көп күттірген жоқ, Ол - Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі, аталмыш академияны "Анимациялық кино режиссеры" мамандығы бойынша тəмамдаған Адай Əбділда еді. Жас режиссер "Қазақфильмге" келе сала бірден іске кірісті. Сөйтіп өз замандастарының арасынан алғашқылардың бірі болып суырылып шығып, қазақ анимациясына тыңнан түрен салды. Кезіндегі Əмен Қайдаров ұстазы сияқты жаңа заман анимациясының көшін бастады.

Соның айғағындай, келесі яғни 2010 жылы жас режиссердің "Аңшы" мультфильмі көгілдір экран жүзінде жарқ етті. (Бұл фильм Татарстанда өткен "Қазан кинофестивалінде" жүлде алды). Жас режиссердің шығармашылық қарымын байқаған "Қазақфильм" басшылығы Адай Əбілдаға тағы бір тың жобаның тізгінін ұстатты. Сценарийін марқұм Таласбек Əсемқұлов, Зира Наурызбаева, Тамара Мұқанова жазған "Оттан жаралғандар" фильмі 2011 жылы жарыққа шықты. Абылай ханның атақты "Көкбалақ" тұлпары жайлы аңыздың желісімен түсірілген бұл қысқаметражды мультфильм Адайдың режиссерлік қолтаңбасын анық танытқан анимациялық фильм болуымен ерекшеленді.

Күллі дүниені ұмытып, таза шығармашылыққа ден қойған еңбекқор режиссер 2013 жылы "Жерұйық", 2014 жылы ұйғыр халық ертегісінің желісімен түсірілген "Бергиз туралы аңыз" мультфильмдерін жарыққа шығарды.

Арасында жас режиссерлер: Тұрдыбек Майдан, Жəнібек Нұрбекұлы, Тілек Төлеуғазы, Ділшат Рахматуллиндей замандас-əріптестерінің шығармашылық жобаларына қол ұшын беріп, атсалысып, ақыл-кеңесін айта жүріп, өз буынының көш басшысы бола білді.

2017 жылы Адай Əбілда өзі армандаған "Күлтегін" толықметражды фильмін түсіруге қол жеткізді. Айы оңынан туған ол қуанышы қойнына сыймай, жаңа туындыны түсіруге зор ынта, күш-жігермен білек сыбана кірісіп кетті. Алайда оның жолына көптеген қиындықтар килікті. Соның бірі аталған фильмді сол жылғы ЭКСПО көрмесіне үлгеріп, көрсету еді. Төтен талап, қисынсыз қиындыққа Адай мойымады. Жанына жиған өңкей сайдың тасындай аниматор қырық қыз-жігітімен күні-түні бел шешпей еңбек етті. Тура Күлтегін жазуындағыдай "Күндіз отырмады, түнде ұйықтамады". Ақыры аса ауқымды бір сағаттық фильмді сегіз айдың ішінде аяқтап үлгеріп, Үкімет алдындағы уəдесінде тұрды.

Шынында да бұл рекордтық көрсеткіш еді. Мəселен əлемге əйгілі Дисней студиясы атақты "Арыстан патша" (Король Лев) мультфильмін жарыққа шығаруға 5 жыл уақыт жұмсаған екен. Жəне бұл фильмде Диснейдің мыңға жуық үздік аниматор мамандары іркіліссіз еңбек еткен. Əрине "Қазақфильм" мен əлемге əйгілі Диснейдің əлеуетін салыстыруға əсте болмас. Дегенмен, осыдан-ақ Адай Əбілданың қандай жанкештілікке барғанын бағамдай беріңіз. Мен əлгі "100 есім" деген атышулы жобаға осы Адай Əбілда, көрермен жылы қабылдаған "Мұзбалақ" мультфильмін түсірген "Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы сияқты жас суреткер, режиссерлердің неге ілікпейтініне қайранмын... Осылар ғой, нағыз жаңа есімдер!

Жə, "Күлтегінге" келейік. Қысқаша түйіндесек, "Күлтегін" - арғы бабаларымыз құрған Түрік қағанатының (552-744) Күлтегін, Білге мен Қапаған қағандар заманындағы айшықты оқиғаларды анимация тілімен шебер бейнелеген, нағыз түркілік рухта, көне сарын желісімен 3D форматында түсірілген көркем туынды. (Осы орайда 3D форматын өте күрделі технология екенін, оны игеріп, іске жегудің аса қиындығын айтқым келеді. Десек те Адай Əбілда бастаған жас буын анимация шеберлерінің бұл технологияны меңгеріп үлгерген жайы бар.)
"Күлтегін" - тəуелсіздік жылдары шығармашылық тұлғасы, өзіндік ой-пікірлері қалыптасқан жастардың ерен еңбегінің жемісі. "Күлтегін" - азат сананың көрінісі! "Күлтегін" - жас ұрпақтың түркілік санасын оятуды көздейді...

Міне, ағайын, көптен күткен сол "Күлтегіннің" бүгін тұсауы кесілмек!
"Күлтегін" толықметражды анимациялық фильмінің көрсетілім премьерасы бүгін, 19.11.18 ТРЦ "Глобус " (Абая-Əуезов даңғылы) "Бекмамбетов синема" кинотеатрында 18:00 де болады.
Балаларыңызбен - біздің болашақ ел азаматтарымен келіңіздер, фильм сол жеткіншектеріміздің тарихи санасын жатқа, жауға бермеу үшін түсірілді ғой... Көріңіздер, бағасын беріңіздер, ағайын!

Ерлан Төлеутайдың

Facebook-тегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 967
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 829
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 634
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 696