Жұма, 3 Мамыр 2024
7028 12 пікір 17 Қазан, 2018 сағат 13:38

Көкпардың кері кетуіне тосқауыл қою қажет!

Туысқан   қырғыз  бауырлардың  елінде   өткен үшінші Дүниежүзілік     көшпенділер  ойынынан   қазақ     көкпары  абыройсыз, көкпаршылары  намыстан  жұрдай  болып  елге қайтты.   Таяқ  еттен,   сөз    сүйектен   өтеді.   Көкбөрінің     көрнекті  өкілі  Талас  Бегалиевтің   автобустың    ішінде  отырған     Қазақстан  құрама    командасының  көкпаршыларына  көзді  шұқып тұрып,  қапаланып  айтқан  мына   сөздері: «Еркекше  ойнамадыңдар  ма? Намыс  деген  бар ма  сендерде?  Өзбекстан   көкпар  ойнамаған. Мен деген  қазақтың  жігіттері   келіп, біреудің   астына  жатып  бергендерің  позор  болды. Қай  беттеріңмен   елге  барасыңдар? Қалай  барасыңдар? Позор!» - дегені қазақтардың  намысына  тиіп, қан-қысымын көтеріп,  сай-сүйегін  сарқыратып,    дүр  сілкіндірді.

Оның   үстіне,   қазақтардың     атына  бұрын -соңды   айтылмаған   ауыр-ауыр  айыптауларды   ақтарып,   үкімін  жариялап,   жаназасын  шығарып,  есекке   теріс  мінгізіп   тұрған   оған,  біздің  бір  көкпаршының   «сіздер  дұғада  болыңыздар»  деп,    жалынып- жалбарынып қайтарған  жауабы,     отқа  май құйғандай,  бейне  бір    атом  бомбасы  жарылғандай,   халықтың   ашу  ызасын  одан  бетер  лаулатты.

Көкпардағы  дау-дамай,  бұқаралық ақпарат  құралдары мен бүкіл   әлеуметтік желілердегі  2018 жылдың қыркүйек  айының басты тақырыбы  болды. Мұндай  жағдайда  халық    ашуланбағанда, намыстанбағанда   қайтеді?  «Сенген, қойым, сен  болсаңның» нағыз кері болды. Көкпаршыларымыз   әлсіздік  танытып, бір   күн   бұрын  Қазақстан  республикасының Тұңғыш  Президенті  Елбасының   Әлемдік   Көшпенділер  Ойынының биік   мінберінен,  қасында  отырған  достас елдердің    басшыларымен бірге   қол   бұлғап,   құрмет   көрсеткен   сеніміне  селкеу  түсіріп,  екінші   күні  ойынға  шықпай, кәмпитке өкпелеген  баладай    «этно-олимпиада»  ауылынан  кетіп қалды.

Мәселеге терең бойлау үшін әңгіменің басын 2016 жылдың 22 желтоқсанында өткізілген жиыннан бастағанды жөн көріп тұрмын. Осы датадан екі-үш күн бұрын беделді үш атбегі Нұрмұқан Жолдасов, Қилан Нұртазинов және ҚР Спорт комитетінің сол кездегі төрағасы Елсияр Қанағатовтар жігіттердің атынан телефон шалып, жиналысқа келіп қатысуға шақырды. "Не болып қалды?" дегеніме: "Айтпаңыз, Сәке, тапа-талтүсте көкпардың қазандығын алып тастамақшы»  болып  жанталасып жатыр, - деді. Бұл көкпарға жасалған қиянат екенін айттым. Қазандықсыз біздің  спорттық   көкпардың әлсіз  болып қалатынын ескерттім. «Айтқаныңыз  дұрыс. Өзіміз де бұған аң-таң боолып отырмыз. Сондықтан  да Сізді  шақырып тұрмыз. Міндетті түрде келіңіз. Баталуы сағат 10.00 де. "Жұмбақтас" қонақүйінде өтеді" деді жігіттер.

"Бұл не жұмбақ әңгіме екен" деп, таңғы шытырлаған аязда жетпіс шақырым жол жүріп межелі жерге жеттім. Иә, спорттық көкпардың түбіне жетіп, астан-кестеңін шығарған сол күнгі "қаралы" жиналыс "Жұмбақтас" қонақ үйінің екінші қабатындағы шағын залда отыз шақты ғана адамдардың қатысуымен өтті.

Бекболат Тілеухан : «Келесі жылы «Экспо-2017» Астанада болады. Соның шеңберінде көкпардан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған америка және басқа да шетелдіктер қатысады. Бұл жерде  бір мәселе бар. Олар қазандықпен ойнауды білмейді.  Оған,  (қазандыққа) біз де қарсымыз. Сондықтан бүгін осы сұрақты дауысқа салып шешеміз» - деп сөзін бастады.

Сөз алған азаматтардың басым көпшілігі қазандықты алып тастауға үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Менің алдымда екі  кісі сөз  алды.  Екеуі де қазандықтың   алынуына   қарсы  болды. Спорттық   көкпардың    білгірлерінің  бірі   Қилан   Нұртазинов қазандықтың    қажеттігін   жетесіне   жеткізіп   баяндап, дәйекті  мысалдар   келтірді. Ол:  «өткен   ғасырдың   сексенінші  жылдары   «шеңбердің»   орынына   касемсоттың  балондарын   қойып    ойнайтынбыз.    Сонда , балонға   салым  салу шеңберге   қарағанда  қызықты  болатын.    Бұл    «қазандықтың»   ізі ,  алғашқы  нышаны   еді. Кейін «қазандыққа»  көшкенде    спорттық   көкпар күрт   көтеріліп  кетті. Далада  ойнайтын  «дода»  немесе  «жаппай»   көкпарда   «шеңберге» ойнауға  болатын  шығар, ал, спорттық   көкпарға   ол келмейді.   Спорттық   көкпарда     жылдамдық    мол  болады  да, салым  салу   көрінбей   қалады   және   дау-дамайдан  арылмаймыз. Менің  пікірім    «қазандықты»  қалдыру   керек» деді.

Оңтүстік    өңірі  ежелден    көкпардың  отаны  болып    саналады.   Ол  рас.   Аймақтағы   ең    басты  спорт  осы көкпарымыз. Ал, Нұрмахан  Жолдасов    бауырымыз, көкпар  десе     ішкен   асын  жерге   қойып,   соның  басы   қасынан  табылатын   абзал   азамат. Ол жиырма жылдан  асты      облыстық   көкпар  Федерациясының төрағасы   міндетін   абыроймен  атқарып   келеді.  Нұрмахан  өз   сөзінде : «Қазандықсыз   ойнауға  қарсымын. Оны  біз   2000  жылдардың   басында қырғыз,  өзбек,  тәжік ағайындармен     талқылап   қабылдаған  болатынбыз.   Мен  соған қатысқан  кісімін.    Көкпар   күштілер  ойыны. Онда жарыстың көрігін  қыздыратын   кедергілер  мен   ережеге сәйкес қақпа   болуға тиісті» - деді.

Келесі   кезекте  сөзді  мен   сұрадым. Бірден  уақыттың  шектеулігіне    байланысты, қызыл сөзді көбейтпей, мәселенің   тоқ  етеріне көштім: «Бекболат,   «қазандықты   алып  тастау»   деген  қайдан  шықты? Оны  кім  ойлап  шығарды? Бұл  мәселені   жиналыстың   күн  тәртібіне  шығару  тұрмақ, ойлаудың   өзі  қате  деп  санаймын.   Өйткені,  дәл осы сұрақты  осы   жиын  шеше  алмайды. Қазандықты   бірнеше  жылғы тәжірибеден  кейін   2001  жылы    төрт  мемлекеттің   заңды  тұлғаларының     келісімімен  және   қатысуымен  Халықаралық    Көкбөрі   Федерациясының  Конгресі  бекіткен.  Оның  заңды   құқық иесі  де   осы – Халықаралық   Көкбөрі Федерациясы. Бұл  бір.  Екіншіден, қазандықты  шеңберге  ауыстыру кері  кету  процессі,   көкпарды  50  жылға  артқа   қайтару» - деп  турасын      айттым.

Есімде   қалғаны   менен  кейін   пікірлерін жеткізген  Ерғали   Тоқабаев,   Марат   Қойшин,    Қыдырбек  Рысбек,   Әлімқұлов     Еркін   және Елсияр   Қанағатовтың  айтқандары.   Танымал  көкпаршы әрі  жаттықтырушы   Ерғали  Тоқабаев:  «Өмір  бойы көкпардамын.  Спорттық   көкпардың   ең  дұрысы  да , ең  қызығы  қазандық»  десе   Марат Қойшин: «Мен  Сәдібек  ағаның   айтқандарын  толығымен   қолдаймын. Қазандыққа   тиіспейік. Көкпаршыларға  ол  ұнайды» деп   тұжырымдады.  Ал,  белгілі   спорт  журналисі   Қыдырбек  Рысбек   «Футболға,  хоккейге   қақпа ,  баскетболға    сетка   қалай   керек  болса,   көкпарымызға    қазандық   сондай   қажет» -деп   келелі  сөздер  айтты. Атбегі  Әлімқұлов  Еркін: «Сәдібек   Түгел   дұрыс   айтады.     2001  жылы сол конгрестің    жұмысына   мен де    қатысқан  болатынмын.   Төрт  мемлекеттердің қатысуымен   жоғары   деңгейде    өткен конгрессте қазандығы  бар  Ереже  қабылданған   болатын. Қазандықты  шеңберге   ауыстыру  дұрыс  емес» деді.

Сол   кездегі  ҚР   Мәдениет  және    спорт   министрлігінің   Спорт  және   денешынықтыру    комитетінің   төрағасы   Елсияр   Қанағатов  сөзі: «Көкпар    ойынын   қазандықсыз  елестетудің   өзі   қиын. Қазандық   көкпардың   дәрежесін     биікке    көтеріп  тастады.   Енді  оны қозғаудың  қажеті   жоқ  Мен де  қазандықтың   алынуына  қарсымын».

Барлық   сөйлегендердің  ішінен  екі-үш   адам  ғана  шеңберді   жақтап  шықты.  Қалғандары  жоғарыда  айтқанымдай   үзілді-кесілді   қарсы  болды. Сөз   алып,    пікір  білдірген   азаматтардың      басым      көпшілігі   қазандықтың    алынуына    қарсы  болғандықтан,   бұл  мәселе  осымен   тоқтатылып,  жиналыс   аяқталатын   болар   еді  деп  ойлап  отырған   болатынмын.    Жоқ, Бекболат   оның  орынына  дауысқа   саламыз,  тізімді  жасаңдар   деп   шықты. Алдымен  28   адамның  тізімі,  кейін  тағы   төртеу  қосылып   32   адам  болды.   Менің  о  бастан      қазандықтың   алынуына    қарсы  болатыныма   сәйкес  тізімге  қоспады. Сонымен  бірінші «Қазандық   алынсын» ,  екінші   «Қазандық   қалсын»  деген   мәселе  дауысқа     қойылды. Алдымен "кімде –кім  қазандық   алынсын  дегендерің  қол     көтеріңдер?" делінді.  Оған   Бекболатты   қосқанда     төрт-ақ   адам    дауыс  берді. "Қазандық   қалсын" дегенге   28  адам    қол   көтерді. Дауыс  берудің  қорытындысы   бойынша қазандық  алынбайтын  болды. Әділдік   үстемдік  құрды. Алдымен  дауыс  берудің  нәтижесін   Бекболаттың  өзі   мойындады.

Мен бәрін естіп,  көріп  отырмын    ғой. Ол былай  деді :  «Шеңбер   өтпей  қалды.   Бір  тойда  екі  беташар  жоқ.   Екіжүзді  болуға   болмайды. Осымен   болды».  Сәл  паузыдан  кейін   нағыз   «концерт»  басталды. «Америкалықтар  және  тағы  басқа   шетелдіктер бұл  ережемен  ойнамайды. Отказ  береді.  Онда   көкпардан әлем чемпионаты   өтпей  қалады. Енді   қайттік?   Енді  қайттік?  Сендер  осыны  түсініңдер деп  залға   қарап,   қайта  дауысқа   салмасақ   болмайды» деп тура    екі  минут  бұрынғы тұжырымын 180   градусқа   өзгертіп  шыға   келді. Ең алдымен     бағана   ғана     «қазандықсыз    спорттық   көкпардың  болашағы  жоқ»  деп   сөз    сөйлеген  Қыдырбек   Рысбекұлы  бауырым  «мен  дауысымды   кері   қайтарып  аламын» деп «задний  ходқа»  салды. Өзін-өзі   сыйламағандар  тарапынан   «менде   даусымды    қайтып  алдым» дегенді  есту   мен  үшін   өте   жиіркенішіті  еді. Әкем     айтатын: «Жігіт  екі   сөйлемейді.  Жігіттің  екі   сөйлегені    өлгені». Бұл жерде  ары қарай  отыру  мүмкін  емес  болатын.   Мен  далаға, таза  ауаға  шығуға  асықтым.  «Дауыстарын   қайта   алушылар» туралы   жазып  отырып, есіме  танымал   журналист Серік   Аббас-Шах  түсті. Мен  оны   сырттай  танимын. Өмірде кездесіп, сөйлеспеген   адамым. Секеңнің :«Ең  екіжүзді, ең сатқын, ең  қорқақ»  -  деп, қазақ  жігіттерінің     адресіне    ашына  да,   күйіне  де айтқандары  «Жұмбақтастағы»  басқосуда анық байқалды.

«Әтешсіз  де  таң   атпай  ма,  осы?»,   америкалықтарсызда   «Экспо»   өтіп,   көкпар  тартылатын   еді   ғой.   Бұл  қайдағы «көкпардан   әлем   чемпионаты»?   «Айдағаның   бес   ешкі   ысқырығың  жер  жарады». Көкпардан  «ЭКСПО  Кубогі» десе   жарасар   еді   ғой. Әлем чемпионатын   өткізу    үшін    алты    құрлықтың   төртеуінде   бұл   спорт  түрі  ретінде  танылуы  және   кеңінен  таралуы  тиісті.   Дүниежүзіндегі  200  мемлекеттердің     ең   кемінде    80  елінде   көкпар   күнтізбеге   ілініп,   олардың   отандық   чемпионаттары   өтуі  қажет.  Сонда   ғана  сол  спорт  түрінен әлем   чемпионатын өткізуге   үміттенесің?

Футболдан     әлем   чемпионатын  өткізу   үшін   24  жыл  бойы   тер төгілді. 5  құрлықта бірдей  дамытып   барып   қана   сондай    шешімге   келді.  Дзюдодан әлем  чемпионатын  50  жылдан кейін,  бүкіл  жер шары  мойындаған соң  барып өткізді.

Көкпардың  не  екенін   білмейтін   америкалықтардың  қатысуымен әлем   чемпионатын өткізуге  бола ма ?

Әлем    чемпионатын   өткізу   үшін, халықаралық «Көкбөрі»   Федерациясының   шешімі   болуы  қажет  болатын.  Ондай   рұқсат  - шешім  болған  жоқ.  Бұл  бір. Екіншіден, ЭКСПО  аясында   болған    көкпардан   әлем   чемпионаты  толықтай  халықаралық    «Көкбөрі»   Федерациясының     Конгресі  зерттеп,  талқылап  бекіткен 2001 жылғы  Ережесімен    өткізілді. Тек  қазандықтың  орынында    «шеңбер  сызыла    салынды». Сонда  мұны   қалай  түсінуге   болады?  Бұл «плагиат»   чемпионат  болып   кеткен  жоқ  па? Халықаралық    «Көкбөрі»   Федерациясының    Конгресі   орын  алған   осы әпербақандыққа  қарсы, шетелдік   кез-келген   арбитраждық  сот   арқылы,  Ережені  рұқсатсыз бұзып  және оны  пайдаланғаны   үшін  миллиондаған  доллар  көлеміндегі айыппұл    салдыра   алады. Бұл  жерде   айтайын  деп  отырғаным,   қабылданып, бекітілген   және   қолданыстағы  Ереженің  талаптарын  қатаң   сақтап, ойыншыққа  айналдыруға  жол  берілмейді. Әлемдік «Көкбөрі»    Федерациясы  беделді   және   өкілетті  орган.

Ол төрт   туысқан    елдер   Қазақстан,   Қырғызстан,   Тәжікстан  және   Өзбекстанның    президенттері   Нұрсұлтан  Назарбаев,  Асқар  Ақаев,  Эмомали    Рахмон   және   Ислам  Каримовтер    қол  қойып   бекіткен,    өзара ынтымақтастық  пен  достық  қарым - қатынасты  одан   әрі  нығайту   келісім   шарттарын  жүзеге   асыру    негізінде   2001  жылдың   12-16   қазан күндері Қырғыз  Республикасының астанасы   Бішкек   қаласында  құрылды.  Бұл   шара   сыртқы   істер     Министрліктері   арқылы   толыққанды  ұйымдастырылды.   Әр елдің  делегациясын   спорт   министрлері  мен   лауазымды  тұлғалар  бастап  барды. Қазақстан  жағынан отыздай  адам барып  қатыстық. Біздің   елдің   делегациясынның   сапында    ҚР   Спорт  Агенттігінің   төрағасы   Құлназаров  Анатөлі  Қожыкенұлы,  Ұлттық  ат  спорты   Федерациясының     төрағасы     Қайрат  Сатыпалды, ҚР Спорт  Агенттігінің   төрағасының  орынбасары   Елсияр  Қанағатов,   республикалық   «Көкбөрі»  Федерациясының    президенті  Қанафин   Болатбек   және  басқа  да    есімдері   елге  белгілі  спорт  мамандары  мен   көкпардың біліктілері    болды.  Бес  жұлдызды «Пинара»  қонақ    үйінің     кең  залында   өткізілген  көкпардың   тұңғыш   құрылтай   конгресінде әр  елдің  спортының  басшылары   қолдарын   қойып,  мөрлерін  басып  Халықаралық   «Көкбөрі»  Федерациясын   құрып,  оның  Ержесін  бекітті.   Ереже  заңды  құқыққа  ие  болды.

Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясының бірінші сьезінде мұқият талқыланып, қабылданып Ережеге енгізілген «қазандық» көкпар ойыны мен оның тарихындағы жарқын жаңалық және үлкен жетістік болып саналады. Бұл білім мен ғылымның, ізденіс пен құлшыныстың жеңісі. Қазандық   қолданысқа    бірден   енген  жоқ. Ол   жүздеген   практикалық   тәжірибеден   өткізіліп,  барып  қана  пайдалануға    енгізілді.  Қазандық   және  осы   спорттық    көкпардың   ережесін     жасауға    бес  жылдай    уақыт    жұмсалды.  Ғалымдармен   қатар  өнертапқыштар, программистер,   конструкторлар  атсалысты. Практикалық  және  ғылыми    тәжірибеден    өткізілгеннен  кейін   «қазандықтың»     схемасы  мен  эскизі  және  концепсиясы   жасалды. «Көкбөрінің»   Ережесін талқылауға  және  оны  қабылдауға  төрт  мемлекеттің    белгілі   көкпаршылары,   атбегілері  мен  шабандоздары   арнайы   келіп   қатысып    зор   белсенділік      танытты.   Олардың    ішінде   қазақстандықтар Нәби   аға   Момынов, Орынтай   Әмірғалиев,  Нұрмахан   Жолдасов, Ғани  Ахметбаев, Құсман  Шалабаев,     Мұрат  Қыдырбаев, Әлімқұлов   Еркін,  Мақсұт  Игаев   және  тағы   басқалар   болды. Ереже  бойынша    көкпар    ұзындығы  200  метр, ені  80  метр,  екі  жағында  қазандығы   бар    арнайы   алаңда   ойналады.   Қазандықтың  жалпы  диаметірі   3,1  метр,   жерден    биіктігі  1  метр  20  сантиметр. Салым  түсетін  қазандықтың    ені  1,5  метр,  тереңдігі жарты  метр. Бәрі жан-жақты  егжей-тегжейлі  есептелінген. Көкбөрі  алаңында:  екі  басында  екі  қазандық  орнатылады,   бір  орталық   шеңбер, екі  айып   шеңбері, ойын  басталғанда серке   жататын   кішкене  шеңбер, айып алаңы,   ойын  басталған    кезде    көкпаршылар  тұратын   сызық  және  ойыншылар  ауыстырылатын    сызықтар   жасалынады.  Командада 10  ойыншы   10  атымен   болады.    Ал,  ойынға әр  командадан  тек  4   ойыншы  кіреді. Ойын  барысында   ойыншылар  алмастырылып  тұрады.    Бұл  жаңа   ереже     көкпардың   дәрежесін    биікке   көтеріп, абыройын  арттырды, көкпаршылар мен жанкүйерлердің  ерекше құрметіне  ие  болды. Ойын  өте  қызықты   және  тартысты   спорттық   жағдайда  өтетін   болды.

Осы  тұста    осыншама  Жоғары  деңгейде     қабылданған   Ережені   аз ғана  топпен  (онда да  екінші   мәрте  дауысқа   салып)  кішігірім  жиында өзгертуге  бола  ма?

Әрине  болмайды.   Мүлдем  болмайды.   Бұл  заңға   қайшы.

Мысалға,  біз   бұрындары   барлық өзгертулер мен толықтыруларды тек   Сьездерде  қарап,  қабылдадық.   Ең   алғаш  ұлттық  спорттың      Ережелерін 1996  жылдың  1   наурызында  Алматы   қаласында   өткен     Қазақстанның  барлық     атбегілерінің    тұңғыш    Құрылтай-Сьезінде   қабылдадық.  Одан  кейін   ұлттық  спорттың   Ережелерін  1999  жылдың     7-ші    сәуірінде    және   2001  жылдың   12-14  ақпанында    өткен     атбегілердің Сьездерінде  талқыланды.  Екі    күн  бойы    талқылап,    үшінші   күні  Сьездің   қаулысымен    бекітетінбіз.

Бекболат  Тлеухан  баспасөз   мәслихатында   Ыстықкөлде    өткізілген   Бүкілдүниежүзілік    Көшпенділер   Ойынын жай  бір  фестивальмен   теңестірді.   Бұлда  мүлдем  қате   түсінік. Үшінші    көшпенділер  ойынына    82  мемлекеттердің     спортшылары   келіп  қатысты. Ойын  барысы  бойынша  56  мемлекетке  тікелей   эфир   көсетілініп, оны 1 миллиардттан   астам   адам  тамашалады.  Әлем    халқы  өте  жоғары  баға  берді .   Көшпенділер   ойынына  "Этно-Олимпиада" деген  құрметті    атақ  берілді. Бүкілдүниежүзілік    Көшпенділер   Ойынына  10  мемлекеттің     Президенттерімен  Премьер -Министрлері   келіп  қатысып, тамашалап  отырды.  Солардың ішінде  Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  болды.

Тоқсан  ауыздың  сөздің   тобықтай  түйіні  төмендігідей:

Біріншіден: Шұғыл  түрде  жіберген   қателікті   мойындап «шеңберді» алып,   «қазандықты»   қолданысқа   қайта   енгізу   қажет. Әйтпесе   бұл   қолдан  жасалған  тарихи   қателік,   тек екі   елдің     арасына  сызат   түсіргенімен қоймай,   жаңадан  бірігіп  жатқан бүкіл   түркі   әлемінің   достығына   кеселін  тигізуі  әбден мүмкін. «Қазандықты»  алып  тастап,  «шеңберге»  көшу  дегеніңіз:  «Тұлпарды - есекке, джипті - арбаға»  ауыстырумен бірдей.  Бұл  -  прогресс  емес, нағыз регресс,  кері  кету процессі.

Екіншіден:  тағы  да  айталап  айтамын, жіберген   қателікті   мойындап   Қырғыз   көкпаршыларымен   халықаралық   «Көкбөрі»  Федерациясының   Ережесіне  сәйкес,  екі  мәрте  достық-жолдастық   кездесу    өткізу   керек.   Біреуін - Қазақстанда,   екіншісін - Қырғызстанда.

Үшіншіден: Көкпардың   Ережесін  Халықаралық  Федерацияның  Ережесіне  сәйкес  қайтадан  жасап, сьезде   бекіткен дұрыс.

Төртіншіден: 2016  және   биылғы жылы   өткен   Бүкілдүниежүзілік  Көшпенділер   Ойынына   көкпардан   Қазақстан  Ұлттық құрама   командасының ешбір  дайындықсыз қатысуына  жол  беріп, бей-жайлық  танытқан  барлық  жауапты   кісілер жазалансын. Бақтыбай  Шырынқұлов  пен Нұрдәулет  Момыновтың  видеода ашынып  айтқандары   және   мына  тұрған   қырғыздарға   атсыз  бару, ойынға  шықпай  қою  және  тағы  басқалары үшін жауапты тұлғалар жауап берсін.

Бесіншіден: Ұлттық   спорт -  ұлттық  құндылық!  Қиын-қыстау  кезде Ұлттық   спорттың     кеңінен    қанат  жайып, өсіп   өркендеуіне  барынша  зор  үлес   қосқан  және   қазір де  еңбектерін   сіңіріп   жүрген Серік   Үмбетов,  Елсияр   Қанағатов,   Қилан  Нұртазинов, Орынтай   Әмірғалиев, Нәбидолла   Кикебаев,  Төкен   Жұмағұлов,  Әбілхан   Дауылбаев,  Балтабай   Игенов,   Болатбек   Қанафин,  Нұрмахан   Жолдасов,    Кендебай      Әбішев,   Бақыт   Байтүленов, Аманқос   Дербісалин,  Мәткенов   Тілеген,  Ардақ   Әмірқұлов, Николай   Кузьмин, Қосыбек   Ырзағалиев,  Талғат  Омаров, Аманкелді   Кәрентаев,  Ғизат  Бейсенов,    Ахметбек   Нұрселинов,  Дербіс   Байділдаев,  Марат  Манабаев,   Нұрлан  Тлеулесов,   Саев  Жаныс,  Мирас   Есенбаев,   Тоқан   Базарханов,    Қаһар   Қиянтаев,   Өнербек  Жанбала,   Орынбасар   Құлбеков, Мұрат   Қыдырбай,  Шоқан   Шадияров,  Қанат  Ахметов, Василий   Симашев,   Мәди   Әлиев,   Кемелбек   Игенбаев, Владимир  Сорокин,   Құсыман     Шалабаев,   Науқаннұр   Бақбергенұлы,   Құламхан   Жақыпов,   Балабек  Есімов,   Жұмабек  Жәпішев,  Жаңбыршы    Нүркенов,   Сейітов  Сейсен,   Сейітов   Ақылбек,   Берік   Оразалинов,    Мұстафаев  Мұстафа,  Алтай   Зейнуллин,    Төлеуов   Арман,   Григорий   Матюх,   Нұрлан  Тлебарыс,   Ертілеу   Сатыбалдиев, Серік  Бекқайырұлы,   Ержан   Жанкөліков,   Дүйсен   Нұрланов,    Қайрат    Ихсан,   Горшкова   Галина    Ивановна,   Ризабек   Ибраев сынды    және   басқада   жүздеген  азаматтардың  басын  қосып,    «Ақылдастар    Алқасын»   құру  қажет.    Аты   аталған   азаматтар   өздерінің  бай  тәжірибелерімен бөлісіп,    жастарға  бағыт-бағдар ұсынып  отырса  қандай  жарасар   еді  және   қырғыздағыдай   жас   көкпаршылар   «от  басып»   қалмаған   болар   еді. Олардың   тәжірибелерін   құрметтемеу   және    атқарған   өлшеусіз    жұмыстарын   елемеу    дұрыс   емес. 1995 - 2013 жылдар   аралығындағы 18  жылдың  ішінде, мемлекеттен   бір  тиын   алмай,  қоғамдық  және   патриоттық  -  энтузиазмдік   негізде   20 -дан астам    ұлттық   спорт  түрлерінен   Федерациялар    ашылған   еді.

Ұлттық ат  спортының,  жалпы   ұлттық  спорт  түрлерінің   авторлары  біздің    ата- бабаларымыз.   Бұл  солардан   қалаған  асыл   мұра. Олар  бізге    аманат   ретінде   қалдырды.   Біз  соны  жалғастырушылармыз.  Сондықтан  да,   біз, қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең басты­сы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары  деп есептейміз. Ұлттық спорттың  екі  мың  жылдық  тарихы бар.

Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жам­бы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – жел­мая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, Ұлттық спорт – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы. Ал, мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз – екі мыңжылдық тарихында, менің зерттеуімде 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

1-кезең: Дәуіріміздің VI  ғасырынан – XVIII ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұстары.  «XIII ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі».

2-кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық XVII, XIX ғасырлармен мен XX ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. «Байтал тұрғы бас қайғы заман».

3-кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейін – 74 жыл аралығы. «Ұлттық спортымыздың – көлеңкедегі шөп сияқты дамуы».

4-кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі аралық.

Жоғарыда айтып өткенімдей, ұлттық спор­т - ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин,  Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сын­ды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген об­лыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле баста­ды. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға арнайы көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың ме­рейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды.

Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ой­ындары өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалу­шылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жа­старды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министрі Бірғаным Әйтімоваға хат жаздым.

Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Сосын ережелер дайын болғаннан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің Федерациясы үшін тарихи дата бо­лып есте қалды.

"Даудың басы    Дайрабайдың  қасқа   сиырында" дегендей бүкіл   Қазақстан   атбегілері  мен  көкпаршыларының  көңілін    күпті   етіп   жүрген   жағдай   мемлекеттік  мекеме   «Самұрық   Қазынадан»  Ұлттық  спорт  үшін  деп,     «ұлттық   спорт   түрлері  қауымдастығы»   2013  жылдан   бүгінгі   күнге  дейін,   5 жылдың   ішінде   қанша   қаражат   алды   және  ол  қалай,  қайда  жұмсалды?  Міне, ендігі сұрақтың   үлкені   осы.    Оны   бәрінің  білгісі    келеді  және  білуге   құқылы. Ол  орынды.  Өйткені, алынған қаржы халықтың   салығы, мемлекеттің   ақшасы.

Әлемдік Көшпенділер  Ойынындағы көкпардан  ұлттық  құрама   командамыздың, көкпаршылардың   сүмірейіп   елге   қайтуы,   олардың   атына  қырғыз бауырлардан намысқа    оқ  болып  тиген    ауыр  сөздерді  айтқандарын,  біздің    команданың  «Самұрық - Қазынаның»  мол   қаражаты болса  да, ешбір  дайындықсыз, атсыз  барулары, «позор »  деген  сөз  естіп, масқараға   ұшыраулары,   содан  бері  ұлттық  құндылығымыз  көкпардың  «келемежге»  айналуы, біздің  жақтың Халықаралық көкпар  Федерациясы    бекіткен   Ережені  өрескел   бұзып, «қазандықты»  алып  тастаулары   реніш  тудырады.   Азамат  ретінде  өз  ойымды, ұсыныстарымды жеткізіп  тұрмын.  Бір сөзбен  айтқанда, бұл   мәселені   бүкіл   ел  ашу-ызамен талқылап  жатқанда  сырт  қала  алмадым.

Сәдібек Түгел,  Халықаралық «Көкбөрі»  Федерациясы, Ұлттық  Ат  Спорты  Федерациясы  мен   Ұлттық    спорт  түрлері Қауымдастығының  негізін   қалаушылардың   бірі, Ұлттық  Спорт түрлерінен  еңбек   сіңірген  жаттықтырушы. 

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 889
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 749
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 577
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 583