Жұма, 3 Мамыр 2024
Жалқы сұрақ 4774 4 пікір 17 Қазан, 2018 сағат 11:00

Қостанайдың бір ғана шенеунігі Румынияның алты сенаторының көлігіне мінеді

Біз әдетте өркениетті елдердегі жақсы істерге сүйсіініп, олардың жеткен жетістігіне қызығып, өзіміз де солардай болуға тырысып жатамыз. Мұны жаман нәрсе деуге болмас. Өзімізге пайдасы тиетін, солармен терезесі тең болуға жол ашатын дүниелерден үлгі алсақ, жарасымды емес пе? Алайда бізде бәрі де керісінше болып шығады. Мәселен, олардың қандай нәрсеге де асқан үнемшілдікпен, халықтың ақшасын мейлінше қайтарымды етіп жұмсауға тырысатыны секілді қасиеттері санамызға сіңбей, көңілімізге қонбай қойды. Әлде мұның себебі біздің өзіміз күнде айта беретін айрықша менталитетімізден бе екен?

Жә, фактілерге сөз берелік. Алдымен мына суретке көз салыңыз. Онда Еуропадаағы кішкене ғана ел - Румынияның заң шығарушы органның өкілдері - сенаторлар мінген көліктерді көресіз.

Осынау қаздай тізіліп тұрған машиналар - жақында ғана қайта жаңғыртылған  Dacia Logan атты көліктер. Ішінде барлық жағдай жасалынған бұл көліктің құны барлығы 9 мың 020 евро тұрады. Біздің теңгемізге шаққанда  3,5 миллион теңгеден сәл ғана асады. Міне осындай қарапайым ғана машинамен сол елдің дырдай депутаттары өз қызметін еш қысылмастан атқарып жүр. Қысылғанды айтасыз, қайта олар мұндай қарапайымдылықты мақтан етеді. Бюджеттің, яғни халықтың ақшасын босқа ысырап етпейтінін қарапайым  жұртқа айқын танытып отыр. Айтпақшы, бұл машиналар сол Румынияның өзінде құрастырылады. Мінекей, өз еліндегі автомобиль өнеркәсібіне қолдау көрсетудің бұдан асқан қандай дәлелін көрдіңіз.

Ал бізде ше? Біз енді өзіміздің парламентіміздің депутаттарының мінетін көліктерін айтпай-ақ қоялық. Кейбіреулеріміздің жүректеріне салмақ түсіп кетер. Тек өзіміздің Қостанай облысына көз жіберелік. Ол үшін басты суретке бір сәт назар салыңыз.

Бұл - біздің Қостанайдың шенеуніктерінің бір жиналысқа мініп келген көліктерінің сұлу сымбаттары. Осынау сылаңдаған көліктердің елімізде жасалынған машина еместігін былай қойғанда, шетелдік аса қымбат машиналардың қатарына жататынын байқау қиын емес. Мәселен, бұлар-- біздің шенеуніктердің ерекше жақсы көретін ToyotaLandCruiser 200 машиналары. Ал енді оның бағасын бажайлап көрелік. Ол осы көлікті сататын www.toyota.kz атты ресми сайтта ең арзаны 22 миллион 670 мыңге тұратындығы тайға таңба басқандацй етіп көрсетілген. Ал егер жай есепшотқа салып, қағып жіберсек, осындай бір машинаға румындық 6 бірдей машина сатып алуға болады екен.

Біз осы тым романтикпіз-ау деймін, жоғарыда байқамай 6 машина алуға болады деп жаздық. Сөйттім де тілімді тістеп қалдым. Біздің шенеуніктер румынның депуттары секілді жаңағыдай қарапайым машина мінеді дегенді өңімізде түгілі түсімде де көре алмаспыз. Өйтсе, тағынан түсіп қалмай ма? Жай машина мінсе халықтың көзіне қалай қарайды? Бүкіл беделінен айрылмай ма? Ондай шенеуніктерді кім сыйлайды? Қой, мен де қайдағы-жайдағыны ойлап кетеді екенмін. Олай дейін десем, Елбасының қашанда шенеуніктерге өз автоөндірісімізді қолдау керектігін айтудан жалыққан емес. Тек тыңдайтын құлақ болса.

Айтпақшы,  Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары ондағы мемлекеттік мекемелерге шетелдік көліктерді сатып алуына тиым салу туралы бастама көтерді. Оның төрағасы Олег Альферовтың айтуына қарағанда мемлекеттік мекемелер былтырғы жылы ғана жалпы бағасы 4,7 миллиард теңге тұратын 461 шетелдік қымбат көлік сатып алған. Биылғы жылдың өзінде ғана олар жаңағыдай алты көлікке ие болып үлгірген. Шенеуніктер негізінен шетелдің Toyota маркалі машинасына аса құмар көрінеді.

- Егер нақытап айтар болсақ, Қостанай облыстық ішкі істер департаменті бағасы 13,9 миллион теңге тұратын Toyota Hilux машинасын, Шымкент мәслихатының аппараты бағасы 12,9 миллион теңге тұратын Toyota Camry машинасын,  Шығыс Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансері бағасы 12,9 миллион теіңге тұратын Mitsubishi Outlander машинасын сатып алған. Мұндай мысалдар жетіп артылады, - дейді ол нақты фактілерді алға тартып.

Бәрі жөн ғой, әрине, Алайда егер біздің шенеуніктер тіпті Елбасының сөзін елең қылмаса, онда қайдағы бір қоғамдық ұйым басшысының айтқанын құлағына қыстарар деймісің.

Біз осындай даңғойлық пен ысырапшылдықтан қашан арылар екенбіз? Әлде ол өзімізбен бірге кететін «ұлттық сырқатымыз» ба?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

  

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 811
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 640
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 508
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 520