Жұма, 3 Мамыр 2024
Жолдау - 2018 3358 32 пікір 6 Қазан, 2018 сағат 14:49

Мәулен Әшімбаев: Елбасының Жолдаудағы ұсыныстары - жүйелі сипатқа ие

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда айтқан ұсыныстары - жүйелі сипатқа ие деп айтуға толық негіз бар. Астанада өтіп жатқан «Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалциясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының Жолдауында қоғамымызда талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы сол мәселелерді шешу үшін нақты шараларды ұсынып отыр. Атап айтқанда, қоғамымызда соңғы кезде көп талқыға негіз болған халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын ары қарай көтеру, сонымен қатар баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік сияқты мәселелер көтерілді», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаевтың айтуына қарағанда, аталмыш мәселелерді шешу үшін Елбасы нақты ұсыныстарды енгізіп отыр.

«Мемлекет басшысының ұсыныстары - жүйелі сипатқа ие деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көбейту - миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейін оң әсерін тигізетін шара екені түсінікті. Сонымен бірге, медицина, денсаулық сақтау саласына, білім беру саласына бөлінетін қаражат көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі болып, Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды ары қарай дамытуға серпін берері сөзсіз», - деді ол.

Мәулен Әшімбаев сөзінде Президенттің Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтарын айқындап бергенін атап өтті.

«Осы басымдықтарды жүзеге асыру - Қазақстанда өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуға жұмыс істейтін болады. Сондықтан, барлық саяси және қоғамдық күштер, мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, Елбасының көтерген ұсыныстарын халыққа түсіндіруге күштерін біріктіру керек. Екіншіден, біз бәріміз - басқа саяси партиялар бар, мемлекеттік емес ұйымдар бар Елбасының ұсыныстарын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылап, Үкіметпен бірге оны жүзеге асыруға өзіміздің үлесімізді қосуды жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, біз ары қарай басқа саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен Елбасының ұсыныстарын жүзеге асыруда қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын боламыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, Мемлекет басшысының ұсыныстарын барлық негізгі саяси, қоғамдық күштер қолдап отыр деп айтуға толық негіз бар.

«Бұны бүгінгі біздің демократиялық күштердің жалпыұлттық комиссиясының жиналысы дәлелдеп отыр. Біз ары қарай өзіміздің әріптестерімізбен осы бағытта бірге жұмыс істеу тетіктерін талқылап, осы бағытта нақты жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Елбасының Жолдауы халықтың әл-ауқатын ары қарай біршама деңгейге көтеруге бағытталған. Бүгінгі барлық саяси партиялардың, барлық қоғамдық ұйымдардың үдесінен шығады. Сондықтан, қоғам болып бірігіп, нақты істерді жүзеге асыруымыз керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 689
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 486
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 418
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 421