Жұма, 3 Мамыр 2024
46 - сөз 4213 2 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 12:25

Ескерткіш қоюдың бастапқы мақсаты не, мен соны білгім келеді?

Ескерткіш қою ісі - Кеңес заманында Лениннің мүсінін бейнелеуден жаппай үрдіс алған құбылыс еді. Ол кездің идеологиясы бойынша көп ұлтты (мемлекетті) Одақтың халқын бір арнада тоғыстыратын, бір мақсатты көздейтін жаңаша тіршіліктің қамын күйттеу болған еді.

Қош, ол мақсатқа да жетті. Халық "орыс тілі - ортақ тіл" деп, бір елдің баласындай бір тудың астында бақуатты тірлік кешті. Ғылымы мен технологиясы дамыды. Əлем санасатын дəрежеде қуатты ел болды. Əр кезде мейрамдарда күн көсемнің ескерткішінің маңына гүл шоғын қойып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Халық Лениннің тас мүсінін жаны бар тірі ағза ретінде қабылдады. Өтірік емес қой?!

Қазір, құдайға шүкір, ұлтымыз тəуелсіздік алып, дербес мемлекеттің азат күндерін кешіп жатыр. Көк туымыз желбіреп, елтаңбамыз жарқырап, əнұранымыз шарықтап тұр. Халық мəңгүрттік қалыптан қазақтық əдет-ғұрыпқа бет бұрды. Өлгеніміз - тірілді, өшкеніміз - жанды.
1991 жылдан бері қарай əлгі аталған күн көсем атамыздың тас мүсіні сүріліп, өзіміздің бабаларға ескерткіштер қойыла бастады. Қазір өлісінің де, тірісінің де - ескерткішіне гүл қоюға мүмкіндік мол. Бірақ...

Қазақта батыр мен би көп. Қаншасы танымал, қаншасы беймəлім. Ауыз əдебиетімізді қазбаласақ інжу-маржан құндылықтарымыз табыла береді. Бірақ, біз сол бабалардың ерлігі мен елдігі туралы жете таныспыз ба? Оларды бір жүйеге келтіріп, зерттеп жатқан ғылыми орталық бар ма? Алтай мен Атырауға дейін, Алатаудан Оралға дейінгі аумақтағы ұланғайыр жерді қорғаған қай батырымыз тұтас ұлтқа танымал. Тарих зерделенді ме? Егер зерделенбесе, ұрпаққа түгел таныстырылмаған, сөйтіп жүрегінен жол таппаған тұлғаларға бет-алды ескерткіш қоюға неге құмармыз?

Қазір Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да ат үстіне мінген батырларды көреміз. Бəрі де бір-біріне ұқсас. Басқаны қайдам, мен өзім кейбірін жете танымаймын. Өзім танымағаннан кейін ол ескерткіштің маған берер эстетикалық-рухани əсері бола ма? Мен өз елімде өзімді шетелдіктей сезінуге мəжбүрмін. Бұл менің Шымкентте жүргенде алған əсерім еді.

Ақтөбеде 2015 жылы Тілеу батыр бабамызға ескерткіш мүсін қойылды. Бір бизнесмен атаулы қорға бірден 10 млн аударды. Басқалары да жиналып, қомақты қаржыға ескерткіш бой көтерді. Облыс орталығында Əйтеке би, Мөңке би, Əбілқайыр хан, т.с.с. ескерткіштер баршылық. Жақында Бөкенбай батырға ескеткіш мүсін ашылады. Оған мен танитын бір бизнесмен 7 млн аударған деп есіттім. Талаптары оң болсын! (негізі, 7 млнды 7 адамға баспанасын салып алуға бөліп берсе, сауабы одан да жоғары болар ма еді ғой деген суық ой санамды шарпып өткенін жасыра алмаймын).

Ел болған соң ел арасында түрлі толқулар мен наразылықтар болып тұрады. Сондайда, халық неге сол ескерткіштердің қасына барып, өз талап-тілектерін айтып, мұңдарын шақпайды? Қателеспесем, Ресейде Абайдың ескерткіші жанында үлкен пикет өтіп, билікке қарсы наразылықтар айтылды емес пе? Жақсы, ең болмағанда сол ескерткіштің жанына еске алу мақсатында жылына бір рет ел жиыла ма? Күмəндімін.

Ескерткішті қоюдың бастапқы мақсаты не, мен соны білгім келеді?

Біздегі тас мүсіндер сөйлемей тұр!

Серік Абдижамидың facebook парақшасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 936
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 786
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 609
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 634