Жұма, 3 Мамыр 2024
3644 2 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 11:00

Баспанамен қамту. Президент тапсырмасы қалай жүзеге асырылуда?

Биыл наурызда Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Елбасы бұл бағдарламаны Парламенттің бірлескен отырысында айтқан еді.

Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын көбейту үшін олар­дың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арт­тырып, студент жастардың жатақ­ханадағы жағ­дайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газ­бен қамтамасыз ету ісін жал­ғастыру жөнін­дегі бастамалар қамтылған.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әлеу­меттік бастамалар қоға­мымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға және әрбір қазақ­стандықтың әл-ауқатын ары қа­рай жақсарта түсуге бағыт­талғанын атап өткен еді.

– Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз. Бұл – елдің игілігіне ар­налған ұтымды, сонымен қатар опти­мистік жоба. Өркендеген Қазақстан – бұл, ең алдымен, мемлекеті өзін қорғап, қол­дайтынын, қамқорлық жасай­тынын се­зінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, пат­риоттық танытатын өздеріне сенімді адам­дардың мекені деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Міне, аталған Үндеуде айтылған бірінші бастама – азаматтарды баспанамен қамту мәселесі болды. Бұл мақсатта «7-20-25» бағдарламасы ұсынылды. Біз бүгін «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылу процессіне шолу жасаймыз.

Астана

2023 жылға дейін елордада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында  елорданың  2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары жобасын таныстырған Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты.

«Экономика мен салық салынатын база өсімінің күтілетін қарқыны Жергілікті бюджет кірісінің 43,7 пайызға, 355 млрд теңгеге дейін ұлғаюын қамтамасыз етеді. Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14 пайызға, 2018 жылғы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, алдағы 5 жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн теңге жеке инвестиция салынады», - деді қала басшысы.

Осылайша, оның дерегінше, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 4-5 теңге жеке капитал салынатын болады. Өз кезегінде, бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңеюіне, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өсіміне мүмкіндік туғызады.

«Аумақтарда белсенді құрылыс салу 2023 жылға дейін шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үй енгізілімін қамтамасыз етеді. Көліктендіру деңгейінің 8-9 пайызға дейін жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 шақырым жол, 2 жол айрығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 жер асты жолын салу және 1 айналма жолды аяқтау жоспарлануда. Көлік қаңқасын құру елорда жолдарында көліктік коллапстың туындауына жол бермеуді және қаланың негізгі магистральдарынан 50 пайызға жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді», -  деді Бақыт Сұлтанов.

Алматы

Алматыда пайдалану мерзімі аяқталған ескі үйлердің тұрғындарын жаңа үйге көшіру бағдарламасы жалғасып жатыр.

Бүгінде Алматыда «Капиталды құрылыс компаниясы» ЖШС  56 ескі үйді сүріп, 576 отбасын жаңа баспанаға көшірді. Болашақта аталған компания 948 үйді сүріп, 8912 пәтерді пайдалануға бермек.

Алматы әкімі аталған бағытта жұмысты жандандыру үшін  жеке инвесторлардың қаржысын тартпақ. Қазіргі таңда Әуезов ауданы Сүлейменов көшесіндегі №18, 20, 22 үйлерді кезең-кезеңімен көшіру басталды. Қазір аталған үйдің 3 отбасы жаңа баспанаға көшіп үлгерді. Қалған тұрғындар баспананың заңды иесі екендігін дәлелдейтін құжаттарын толықтырған соң кезең-кезеңімен көшетін болады.

«Кейбір тұрғындар ұсынылған шарттармен келіспей, үлкен үй талап етеді. Ал бұл компанияның шығындарын арттырады», - деді «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативінің өкілі, «Капиталды құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы Мұхит Әзірбаев.

Шымкент

Шымкент қаласында алғашқы жарнаны азайту бойынша пилоттық жоба басталды. Оған қоса, жаңа үйлерді салуға қыруар қаражат бөлінді.

«Баспана» ипотекалық компаниясының басшысы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігімен арнайы келісімшартқа қол қойылды. Оған сәйкес, қалаға қосымша 20 млрд теңге бөлінеді.

«Әкімдік ол ақшаға «7-20-25» бағдарламасы бойынша шамамен 500 мың шаршы метр қосымша тұрғын үй (бір пәтердің ауданы 60 шаршы метр болса, ол шамамен 8,3 мың пәтер - авт.) салып шығуы тиіс. Сосын біз «Жас арман» және «Қамқор баспана» атты жобаларды қолға алдық. Соның аясында жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің алғашқы жарнасын азайту жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті билік осы санаттағы азаматтарға ұзақмерзімді несие береді. Оған проценттік мөлшерлеме жүрмейді. Мәселен, бүгінде «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасы 20 процентті құрайды. Соның жартысын жергілікті билік субсидиялайды. Тізімді әкімдіктің өзі жасайды. Қазіргі кезде Шымкент қаласында пилоттық жоба басталды. Оған сәйкес, қала әкімдігі 2 мыңға жуық адамға 2 млрд теңге көлемінде субсидия аударып береді», - деді Қ.Алтынбеков Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ал бүгіннен бастап «Баспана-Хит» атты жаңа ипотека беріле бастады. Оған қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Алғашқы жарнаның көлемі өзгермейді. Алайда проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болады.

«Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотеканың мерзімі - 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді», - дейді Қ.Алтынбеков.

Атырау

Атырау облысында үш мың пәтерлі 44 көпқабатты үй салынады. Бұл бастама облыстың 2000 тұрғынына өз үйлерін арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 172,6 мың шаршы метрді құрайды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова және «Атырау» ӘКК басшысы Марат Түсіпқалиев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл келісімшарт бойынша 2019 жылы тапсырылатын 297 пәтерге арналған 4 нысанның құрылысы басталады. Бұдан басқа, Атырау облысының тұрғындарын баспанамен қамту үшін бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ халқын   тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

«Облыста 3 мың пәтерлі 44 көпқабатты үй салынады. Жыл соңына дейін 2000 пәтерге арналған 34 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Айта кету керек, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына қызығушылық танытып отырғандар аз емес. Жыл басынан бері 59 өтінім келіп түскен, оның 34-і мақұлданды»,- деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, жасалған меморандумдар аясында «Нұрсая» ықшам ауданында 100 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұрсая» және «Береке» аудандарында 21 тұрғын үй салынады.

Одан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Талғайран» ықшамауданында 80 жеке меншік үй салынады. Олардың ауданы 64 - 191 шаршы метр, үйлер бір және екі қабатты. 1 шаршы метрдің тұрғын үй бағасы - 120 000 теңге.

Сонымен бірге, әлеуетті сатып алушылар жер учаскесін алу үшін жергілікті әкімдікте тіркеуде болуы тиіс.

«Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушысы атанып, тұрғын үйді сатып алу үшін ТҚЖБ есебінде 20% бастапқы жарна болса, жеткілікті. Айталық, 1 бөлмелі пәтердің құнын 7 миллион теңге деп алсақ, онда депозитке 1,4 миллион теңге жинау керек. Содан кейін банк жеңілдетілген несиені жылдық 5% мөлшерлемемен береді»,-деп мәлімдеді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ақтөбе

Еліміздегі «7-20-25» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық ұйымы меморандумға қол қойды. Енді алқашқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызы жеткілікті.

Ақтөбеге келген партияның хатшысы Тамара Дүйсенова бүгін бес әлеуметтік бастама аясында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Әрі «Баспана» ипотекалық компаниясы мен облыс әкімдігі меморандумға қол қойды. Бұл Ақтөбеде құны 2 миллиард теңге болатын қосымша тұрғын үй пайдалануға беріледі деген сөз.

«Бұл біздің халық үшін үлкен көмек. Негізінен бұл бағдарлама бойынша көпбалалы, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыға көмек беріледі. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ұлттық банкке Қазақстан бойынша 26 миллиард теңгенің өтініші түсті. Оның 18 миллиард теңге болатын несиесі мақұлданды.

«Нұр Отан» партиясының тапсырмасымен «Жас арман» және «Қамқор баспана» бағдарламасы енгізілді. Барлығы 2 миллиард теңге баспанаға беріліп отыр. Бұл адамдардың баспаналы болуына септігін тигізеді»,- деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Яғни, Ақтөбе облысында баспана алуға ниетті адамдар енді пәтер құнының 10 пайызын жинаса жеткілікті. Негізінен «7-20-25» бағдарламасы аясында 88 өтініш мақұлданды.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк және екінші деңгейлі банк филиалдарымен жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде осы бағдарлама негізінде 24 мыңға жуық азамат пәтер алуға ниет білдірді. Қазіргі кезде 1,6 миллиард теңгенің арызы қабылданып, құны 730 миллион теңге болатын 88 арыз қанағаттандырылды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қосымша 150 миллиард теңге бөлінді

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Баспана» ипотекалық ұйымы несиелік тұрғын үй құрылысына 150 млрд теңге сомасында өз үлесін қосуға ниетті екенін айтты.

«Бүгінде баспана құрылысында револьверлік тұрғыда, яғни несиелік тұрғын үйге әрбір екі жылда 270 млрд теңге айналып тұрады. Енді осы бағдарламаға Ұлттық банкпен құрылған «Баспана» ұйымы өз үлесін қосуға ниетті. Атап айтқанда, осы ипотекалық ұйымы несиелік тұрғын үй құрылысы мақсатында өңірлерге қосымша 100-150 млрд теңге бөлу бастамасын көтерді. Соңғы шешімді компания қашан қабылдайтындығы туралы мәлімет менде жоқ. Алайда бұған дейін осындай ұсыныс жасалған еді», - деп тоқталды министр.

Ж. Қасымбектің сөзіне қарағанда, егер де осындай шешім қабылданса, онда айтарлықтай қомақты сома револьверлік негізде тұрақты түрде несиелік баспана құрылысы нарығында айналымда болады.

«Бүгінде Үкімет 270 млрд теңге бөлуде. Сонымен қатар, Ұлттық банк тиісті шешім жасаса, онда «Баспана» ұйымы да бұл процеске қатысады. Аталған сома айтарлықтай қомақты», - деді ведомство басшысы.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 889
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 747
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 577
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 583