Жұма, 3 Мамыр 2024
46 - сөз 3817 1 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 15:19

Өмір естелігімен қымбат

Ерекше қамқорлық

Өткен күндегінің бәрі есте қала бермейді. Өткен өмірдің ерекшелігі де сонда – есіңдегілер бірте-бірте ескіріп, естелікке айнала береді екен. Екі мыңжылдықтың түйісер тұсында біріне-бірі қарама-қайшы екі кезеңнің өмір салтын да бастан кешірген ұрпақтың өкілімін. Өз басым кіршіксіз таза өмір сүрдім деп айта алмаймын. Өкінішім, «әттеңім», босқа өткізген сәттерім болмады емес, болды. Пенде болған соң кейде – сөзіңнен, кейде ісіңнен жаңыласың. Кешегі кеңестік кезеңдегі бір кемшілігіміз – бізге дейінгі ағалар да, біздің буын да ащы суға үйірсектеу болғанымыз. Несін жасырам, өнердегі ағаларыммен бірге жүргенде мен де сол ортада жүрдім, ақаңның дәмін мен де таттым, тіпті бір кісідей іштім де. Жастықтың желігімен әрі шығармашылықтың адамы болған соң солай болуға тиіс шығар деп қабылдадым. Үлкен-кішілігімізге қарамай бір-бірімізге еркелеп жүрдік. Біздің арадағы сыйластық кіршіксіз таза, шынайы болды. Жасандылыққа жанымыз қас еді.

Ішкен маған жақпайтын... Өзім қиналып, азапқа түсетінмін. Осыны білетін Омар ағам Қиқымов: «Құлыным, сен ішпей-ақ қойшы. Одан да көже іш, жеңгең кәдімгі бидай көже салады», – деп өбектеп жүретін. Шынында да, ол үйдегі жеңешем тура ауылдағыдай етіп көже салатын еді. Қышқылтым дәмі бар сап-салқын көжені Омар ағам жиі әкелетін. Жақсыға бой тез үйренеді ғой, ағамнан мен де өзімсініп көже сұрай беретінмін. Бір күні көже үзілді. Екі-үш күн өтті, көже жоқ. Бір апта өтті. Ағамнан сұрасам, айтатын уәжі: «Бекатай, саған қашанда табылады ғой, бірақ көже ашымай жатыр». Осылай сылтаурата берді.

– Аға, онда маған бәрібір, ішіп кетем, болмаса, звондап мазаңызды алам, – дегенім сол еді:

– Күні-түні звондай бер, құлыным, тек іше көрмеші, – деді Омар ағам да...
Бірде Талдықорғанға тойға бардым. Үйге қайтып келгенше түнгі үшке таяды. Жуынып-шайынып шыққан соң бі-і-ір салқын көже ішкім келгені. Қатты шөлдеген соң ба, Омар ағам әкелетін көженің дәмі таңдайыма келіп тамсанып...

Қойшы не керек, түнгі үштен кеткеніне қарамай Омар ағамның үйіне қоңырау шалдым. Телефонды жеңешем көтерді.

– Мен ғой, Бекжанмын. Омар ағамды бола ма? – деймін ғой амандық-
саулық сұрасқан соң.

– Ағаң ұйықтап жатыр... Тыныштық па? – деді жеңешем.

– Тыныштық, жеңеше, ағаммен сөйлесейін деп едім, тұтқаны бересіз бе?
Жеңешемнің ар жақтан ағамды оятып, телефонды ұсынғанын естіп тұрмын.
Жеті түнде жын қаққан адамдай мазалағаным аздай:

– Ассалаумағалайкүм, аға! Мен ғой, Бекжан... Аға, көже ашыды ма? – деп сұрадым. Ол кісі алғашында абдырып ештеңе түсінбей қалды.

– А-а... Не дейсің?

Көжені айтам, аға, ашыған-ашымағанын білейін деп...(Пауза) Үнсіздік. Бір кезде:

– Әкеңнің тап қана аузы! Бірдеңе болып қалған екен деп шошып кетсем!
Түннің бір уағында сонша қорқытып... Көже сұрайтын уақытты тапқан екенсің! – деп зілсіз ұрысқан күйі телефон тұтқасын қоя салды.

Көзім енді ілініп, қалың ұйқының құшағына кеткем білем әрі таңғы ұйқы тәтті ғой. Ол кезде бүгінгідей кіреберістің есігінде домофон деген бәле жоқ, біреу пәтердің есігін аямай тарсылдатып қаққанда ұшып түрегелдім. Келіншегім де оянып кетті. Кім болды екен таң атпай келген... Қоймай ұрғылайтыны несі?!

Есіктің тұсына жақындап:

– Бұл кім? – дедім.

– Аш! Ашсаңшы! – деген өктем дауыс естілді ар жақтан.
Кім екен бұл? Дауысы таныс сияқты.

– Кімсің?

– Аш дедім ғой саған!Есіктің көзінен сығаласам – Омар ағам! Сабайын деп келген болар деп есім шықты. «Тәуекел» деп есікті ашса-а-ам... Екі қолында көже құйылған ыдыс салынған екі пакеті бар. Көжені жерге қойды да:

– Осыны іш те, шашалып өл! Адам деген осы уақытта көже сұрай ма?! – деп табалдырықтан аттап ішке де кірместен, күңкілдеп сөйлеген күйі кетті де қалды.. Көзім – ыдысқа құйылған салқын көжеде...

Көзді ашып-жұмғанша не болғанын ұқпаған күйі состиып ұйқылы-ояу келіншегім тұр. Ішімнен күліп мен қалдым.

Қазір кім кімге осылай өзімсініп еркелей алады? Омар ағамнан мен көрген сол мейірімді, қамқорлықты бүгінде кейбіреу тіпті туған бауырынан көре алмай жүр. Өйткені мейірім деген ұлы ұғымның шырағы сөніп қалған, оның несін жасырамыз... Сол ізгілікке ұйыған сезімнің мейірбандығын іздеймін кейде. Қатігезденіп бара жатқан қоғамнан, бір кезде көже ішкім кеп шөлдегендей, шөліркеп мейірім іздеймін. Орта жастан ассам да, Омар ағама тура сол кездегідей еркелегім кеп тұрады. Аға болған соң, үлкен жүректің иесі болғандықтан!

Суретте: Омар ағам екеуміздің "Әңгүдік" қойылымындағы сәтіміз.

Бекжан Тұрыстың Facebook-тегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 813
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 646
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 510
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 526