Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Деп жатыр 4830 10 пікір 10 Қыркүйек, 2018 сағат 15:50

"Бұл орынға жабысып қалған ештеңем жоқ"

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бүгін Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына орай баспасөз жиынын өткізді. 

Жиын барысында Бекболат Тілеухан соңғы көшпенділер ойынында орын алған көкпаршыларға қатысты келеңсіз оқиғаны түсіндіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Аbai.kz сайты алдымен көкпар додасының жартылай финалында Өзбекстаннан жеңілген қазақ көкпаршыларының әрекеті саясат па деген сұрақ төңірегінде талдау жасап, одан кейін "қазақ көкпаршылары өзбектерден әдейі жеңілді" деп айыптаған қырғыз азаматының сөзіне ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының жауап беруін талап еткен еді.

Бүгін аталған қауымдастықтың президенті Бекболат мырза ел алдында берген түсініктемесіне назар аударып, өз сұрақтарымыздың жауабын іздедік. Бекболат Қанайұлының айтуынша, Өзбекстаннан жеңілуімізге біздің құраманың тәжірибесіздігі себеп болған. Қырғыз жеріне еліміздің екінші құрамы барған екен.

— Көшпенділер ойынына біздің ересектер құрамасы барған жоқ. Алдыңғы ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алып қалған. Сондықтан, жалпы көкпаршылармен, осы саладағы мамандармен ақылдастық. Бұл Азия немесе Әлем чемпионаты емес, бар болғаны фестиваль ғой. Біз бұл додаға жастар командасын салдық. Жастар да додаға түсіп, сол сыннан өтуі керек. Қырғызстанда ойнаған - Қазақстанның жастар командасы. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады, өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын, - деді Бекболат Тілеухан.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті әлеуметтік желідегі көпшіліктің еліміз көкпар құрамасын қатты сынап жатқанына келіспейді. Ол кісінің айтуынша, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар ұғым. Оның үстіне, елімізде өткен жарыста қырғыз спортшыларына қиянат жасалды деген бос сөз екен.

— Спорт болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Ересектерді жіберсек, жеңетініміз анық. Енді жастар да кіріспей ме!? Біздің жетекші ретінде алдымызға қойып отырған негізгі мақсат бар - бұл әділдік. Қазақстанның жеріне кеп ойнағанда, аударыспағыңыз болсын, көкпарыңыз болсын - әділдіктен бір сантиметр тайған жері жоқ. Өйткені, қалыптасу кезеңіндегі ойын болғаннан кейін басталмай жатып, әділетсіздікке баратын болсақ, берекесі кетіп қалады, - дейді ол.

Бекболат Тілеухан сонымен қатар, Ұлттық спортқа бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын да айтып берді. Ол кісінің айтуынша, Ұлттық спортымызға бөлінетін қаржының мөлшері аз болғандықтан қажет кезде қаржыны басқа жақтан іздеуге де тура келетін көрінеді.

— Ашығын айтайын, осы уақытқа дейін 200 миллион теңге бөлінді. 40 пайызға жуығы жүлде қорына кетті. Оны білу қиын емес. Жеңіс тұғырында тұрған спортшылар қолына сертификатты ұстап тұр ғой. Сонда санап алсаңыздар, сол соманың 30-40 пайызы шығады.

Басыңнан төмен қарай аспа-төк ақша төгіліп жатса қызық шығар?! Айналып келгенде анаған-мынаған жалпақтап жалығасың. "Әй, жігіттер, бере тұрыңдаршы. Сендерге бергенге ақша болмай тұр. Осының бір есебін табармын" деп өздеріне жалынып кетесің, - дей келе Бекболат Тілеухан осы уақытқа дейін ұлттық спорт түрлерін өркендетуге үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Сөз соңында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметінен кетуге де қарсы емес екенін айтты. Соңғы уақытта Бекболат Тілеуханның орнын босатуын талап етушілер қарасы артқан болатын.

Дәл қазір қуана-қуана кетуге дайынмын. Жұмысымды істей алатын адам ұсынса, орнымды қазір-ақ босатуға дайынмын. Бұл орынға жабысып қалған ештеңем жоқ. Мен өзіме тиесілі жұмысты орындадым деп ойлаймын. Әлі де орындай бермекпін.

Тағы да айтайын, Бұл орынға жабысып қалған ешнәрсем жоқ. Рахатанып басқарып, атын шығарып отыр десе — ол екінші мәселе. Жасыратын ештеңесі жоқ. Ат пен танымалдылыққа зәру болып жүрген адам емеспін. "Ұлттық спорт Бекболатқа керек пе? Бекболат ұлттық спортқа керек пе?" деген тағы бір мәселе бар. Мақтанып жатқаным жоқ. "Таза мінсіз асыл сөз шер толқытса шығады" демекші, алдыларыңызда шерімді тарқатып отырмын, - деп қорытындылады сөзін Бекболат Тілеухан.

Айта кетсек, осыған дейін Қырғыз Республикасында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алған болатын. Сондай-ақ, өзбектен жеңілген қазақ көкпаршылары көшпенділер ойынының қола жүлдегері атанған.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 455
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 239
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 266
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 260