Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Билік 4242 4 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 17:08

Мәулен Әшімбаев. Қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру біздің алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі

«Нұр Отан» партиясы білім күні қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балаларына көмек көрсету игі дәстүрге айналдырды. «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында биылдың өзінде еліміздің әр түкпіріндегі 15 мыңнан астам балаға нақты көмек көрсетілді.

Аталған акцияға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары да қатысып, Астана қаласындағы балалар үйіне арнайы барды. Онда Мәулен Әшімбаев жас жеткіншектерді алда келе жатқан білім күнімен құттықтап, осы нысанда ашылған ІТ-сыныптың жұмысымен танысты.

Балалар үйінің қызметкерлері және тәрбиеленушілерімен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары әлеуметтік сала партия жұмысындағы басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Жыл өткен сайын партияның бастамасымен қолға алынған «Балаларды мектепке даярлайық» акциясының аясы кеңейіп, оған нұротандықтармен бірге белсенді қоғам мүшелері мен жаны жомарт жандар да өз үлестерін қосуда. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстан бойынша 15 мыңнан астам балаға нақты көмек көрсетіліп, мектепке қажетті киім-кешек және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Тек соңғы апталардың өзінде екі мыңнан астам қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Осылайша партия әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмек қолын созатын акцияны биыл жаңа деңгейде жүзеге асырып отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары қайырымдылықтың маңыздылығына тоқталып:

– Жалпы қоғамымызда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру баршамыздың алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Бұл елді біріктіретін үлкен игі іс. Сондықтан партия осы бағытта бірқатар нақты жұмыстарды қолға алып, жүзеге асыруда. Алдағы уақытта да Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша жаңа партиялық жобалар арқылы әлеуметтік бағыттағы бастамаларға басымдық беретін боламыз, – деді.

Балалар үйінде жоғары деңгейлі инновациялық жетістіктер кеңінен қолданылады. Мекеме басшысы Динара Закиеваның айтуынша, мұнда өз қызметін жаңғырту мақсатында тұрмыстық жағдайдан бастап білім беру үдерісіне дейін жаңа инновациялық тәсілдер енгізілген. Соның аясында АҚШ-тан арнайы мамандар шақыртылып, аудиттік тексеру жұмыстары жүргізілгенін де айта кетейік.

– Нәтижесінде экономикалық салада қызметімізді жетілдіріп, он айда 8,6 млн. теңге үнемдедік. Ол қаржыны тұрмыстық қажеттіліктерге, дұрыс тамақтануға және жоғары білікті мамандарды тартуға жұмсадық. Балалар үйінде «Таңдау» бағдарламасы қабылданып, нәтижесінде әр баламен тұтас бір команда жұмыс істейтін деңгейге қол жеткіздік. Сол арқылы тәрбиеленушілеріміздің бейімділігіне қарай белгілі бір бағытқа көп көңіл бөлеміз. Сондай-ақ біздің мекемеде әр баланың жеке цифрлық жоспары жасалып, онда мектепке дейінгі дайындық пен бастауыш және жоғары сыныптардағы білім алу межесі көрсетіледі, – дейді Динара Закиева.

Abai.kz

4 пікір