Жұма, 26 Сәуір 2024
Ой түрткі 3999 0 пікір 12 Тамыз, 2018 сағат 22:34

Тасқын судан үндістандық тәсілмен құтылуға болады

Еліміздің әр аймағында көктемгі қар еру маусымын қорқынышпен күтетін болдық. Алапат судың астында қалған егістік алқаптардан, су шайып кеткен жолдар мен көпірлерден, қираған тұрғын үйлерден келетін миллиардтаған теңгелік материалдық залалды айтпағанда, жыл сайын мемлекет қазынасынан тасқын су салдарын жоюға, баспанасыз қалғандарға көмек ретінде бөлінетін қисапсыз қаржының өзі біздей барын жарата алмай отырған экономикасы шет жұртқа тәуелді елге жеңіл жүк емес.

Ең сорақысы, тасқын сумен ұрандатқан күрес барысында құрдымға құйылатын миллиардтаған қаржыдан еш нәтиже жоқ. Ал зардап шегетін баспанасыз қалған, бау-бақшасын су  басқан халық. Ендеше жергілікті тұрғындар үкіметтен көмек күтпей тасқын су мәселесін шешуді өз қолына алуы керек.

Бұл орайда өзгелердің тәжірибесінен сабақ алған артық болмас. Үндістанның аумағы не бары 196 000 шаршы шақырымды құрайтын Гуджарат уәлайатында 67 миллионнан аса адам тұрады. Онсыз да қуаң тақыр жерге салғаны өнбейтін шаруалар бұған дейін жыл сайынғы нөсер жауын маусымында сел астында қалып зардап шегетін. Алайда соңғы жылдары жергілікті елді мекен тұрғындары осы қуаң жерді мол өнім беретін егістік алқабына айналдырып отыр. Бхангру деп аталатын жер асты су қоймаларын салудың арқасында олар тасқын судан құтылып қана қоймай, бұрын алапат шығын әкелетін суды құрғақшылық кездерде егістікті суаруға пайдаланады.

Бхангрудың құрылысы қарапайым, көп шығынды да қажет етпейді. Ол үшін жер жағдайына қарай 30-100 метр тереңдікке кететін, жан жағында су ағатын тесігі бар құбыр бұрғыланып орнатылады. Құбырдың жоғарғы бөлігі ені 1-2,5 метр, тереңдігі 0,5-1 метр цементтелген құдықшадан шығып тұрады. Мұндай жер асты су қоймалары топан су жиналатын еңіс жерлерге орнатылады. Ағын су құбыр арқылы жер астына кетеді..    

Су қоймасының астыңғы қабатында  құм мен қиыршық тас болғаны абзал.

Мұндай қондырғыларды орнату үшін ауылдық әкімдіктер тарапынан техникалық көмек қажет пе, жоқ па, білмеймін. Ең бастысы, жыл сайынғы ағын судан мезі болған тұрғындардың ұйымшылдығы, белсенділігі қажет. Қазақтың асар дәстүрін қайта тірілтетін кез де осы.

Қарап отырсақ, жыл сайын «жасыл ел» бағдарламасымен жастарды ағаш отырғызу науқанына тартып, үлкен дабыра қылудың да жөні жоқ сияқты. Тіпті жері тақыр Нигерияның өзінде осы маңызды мәселенің оңай шешімі табылған сияқты. Онда орман шаруашылығы қызметкерлері ішінде ағаш тұқымы бар кептірілген саз балшық түйіршіктерін қағаз қорапқа салып балаларға таратып береді де, қолдарына резіңке серпілті ұстатып ағаш отырғызу жоспарланған жерге алып келіп, серпілтіден алысқа атудан жарыс ұйымдастырады екен. Бұл жарысқа ересектер де қатысады. Серпілтімен жан-жаққа атылған тұқым түйіршіктері бес-алты жылда сол жерді желекті орманға айналдырады.

Егер Abai.kz оқырмандарында арзан электр қуатын өндіру жөнінде немесе басқа да тың ойлары болса бөліскені дұрыс болар еді.

Марат Ермұқанов, Қызылжар қаласы

Abai.kz

0 пікір