Жұма, 17 Мамыр 2024
Әдебиет 5413 1 пікір 8 Тамыз, 2018 сағат 13:50

Жыламады сол ауылда жетімдер, Қаңғымады, кіріптар боп жесірі...

МЕН ҚАЗАҚПЫН

Мен қазақпын, арға берік досқа адал,

Не ойласа, ойлай берсін басқалар.

Ақылым бар, арыным бар бойымда,

Білім де бар, біраз елді басқарар.

 

Мен қазақпын, байлығы артық бағы мол,

Не ойласа ойлай берсін тағы да ол.

Отыз елді межеге алып келемін,

Артқа жол жоқ, жүрілгесін жарым жол.

 

Мен қазақпын, танылған ел қала сап,

Астананы әлемге ортақ баласақ.

Не ойласа ойлай берсін өзгелер,

Бұл жиырма жыл, қазақ үшін дара шақ.

 

Мен қазақпын, әлемге ақыл айта алған,

Келгендерін риза етіп қайтарған.

Әлем бізден артта қалар деп білем,

Қалған заман бесті аттарың байталдан.

 

Мен қазақпын, көңілі ашық төрі кең,

130 ұлт бақыт тапты жерімнен

Көк байраққа шуақ шашып әрдайым

Күн шуағы тек төгілсін көгімнен

 

Қазақ елі, ғажап өлке қарқынды ел,

Қонақ болып келіп көзбен нарқын көр.

Ат мінгізіп, шапан жауып өзіңді,

Құшақ жайып қарсы алады алтын төр.

 

Даңқы асқақ, көңілімен халқым көл,

Бізге билік айта алмайды әркімдер.

Ақыл, байлық қатар тұнған елімнің,

Ерлеріне бабалардың даңқын бер.

 

Жер ана

Жеңілді де, ауырды да көтеріп,

Кеткен шығар жер ананың еті өліп.

Алты күнде Алла нұрын сыйлаған,

Қасиетіңе сенің қалай жетелік.

 

Ақ бесікте өстік қанша тербеліп,

Самайларға самалдарың жел беріп.

Кешірші Ана, қадіріңді біле алмай,

Кетіп жатса перзентіңнен пенделік.

 

Тіршіліктің бәрін түгел емізген,

Айналдым-ау, сол тектілік негізден.

Жұмақ мекен болғаннан соң адамға,

Құның артып тұрады әркез теңізден.

 

Қойыныңда таусылмайтын қазына,

Тоқ мейілсіп көрмеген көп , азына.

Сұлу мекен, табиғаты тамаша,

Айналды елдің сүйіп айтар сазына.

 

Қадіріңді бағаласақ, ұғынсақ,

Желбірейді барша әлемге тұлымшақ.

Мейірімің азаймайды-ау өзіңнің,

Пенделікпен біз өзіңнен суынсақ.

 

Жаратқанға өзің үшін мың алғыс,

Біз өзіңде әлі мың жыл тұрармыз.

Бойыңдағы ұлылық пен байлыққа,

Өмір бақи сүйікті Ана құмармыз

Менің елім

Армандары жататын әнге айналып,

Қазақ деген ақ ұлпа қардай халық.

Сезімдері серіні селт еткізіп,

Әндеріне жатады ел қанбай қалып.

 

Ерлігі бар томдарға сыймайтұғын,

Өрлігі бар өлімнен сынбайтұғын.

Ат үстінде найзамен жауын түйреп,

Күнде өзін біліммен шыңдайтұғын.

 

Жандары бар барша әлем силайтұғын,

Таңдары бар жұмаққа қимайтұғын.

Қазақтар ғана шығар бар әлемде,

Бар байлығын қонаққа жинайтұғын.

 

Айласы жоқ біреуді алдайтұғын,

Қайласы көп, өзекті жалғайтұғын.

Төресі бар, төрі бар, тегі мықты ел,

Тегін бір зат ешкімнен алмайтұғын.

 

Ұраны бар әлемді шарлайтұғын,

Ұланы бар ұлы істі жалғайтұғын.

Ұрпағы бар білімнен, ғылымнан да,

Ешбір елден екі елі қалмайтұғын.

 

Мәрт елміз, айтқанынан танбайтұғын,

Еңбексіз бақ жұлдызы жанбайтұғын.

Жомарт елміз беруден елден озып,

Шақырусыз еш жерге бармайтұғын.

 

Шарықпыз, шалғыларды шыңдайтұғын,

Алыппыз, жөнсіз мойын бұрмайтұғын.

Ұлылардың ұлдары келеді өсіп,

Ұстазын патшасындай тыңдайтұғын.

 

Халықтың абыройы патшасында,

Ғаріптің ажалдары тап қасында.

Елі аманның жері аман, бейбіт күн боп,

Жүгірсін ботақандар от басында.

АУЫЛ

Ауыл деген тәрбиенің бесігі,

Сол ауылдан өскен елдің несібі.

Жыламады сол ауылда жетімдер,

Қаңғымады, кіріптар боп жесірі.

 

Ауыл-аймақ ынтымағы жарасқан,

Сол ауылда мейірім төккен бар аспан.

Сыйластықтың сыбағасын тең бөліп,

Бір-біріне бауыр болып қарасқан.

 

Ешкім сені тепкен емес өзектен,

Еңбекқорлық, пайда әкелген тезектен.

Шөбін шауып, баласындай бір үйдің,

Тасып оны әкелетін кезекпен.

 

Бір шәугім шай ішілетін соңынан,

Ақылды сөз айтылатын молынан.

Айырмасын пенделерді бүгінгі,

Бабалардың сол баяғы жолынан.

 

Кезектесіп соятұғын соғымды,

Барлық ісі көңіліңе қонымды.

Ата-әженің қастарында шынығып,

Танитынсың оңың менен солыңды.

 

Ел ағасы абыройдың теңізі,

Тек еңбекке бағытталған негізі.

Қарап тұрсаң, көрінетін адамдар

Секілді бір тек еңбектің егізі.

 

Үлкендерге жол беретін жастары,

Досқа айналып, жатқан әркез қастары.

Бірін-бірі құрметтеді әркезде,

Жиындарда қосылғанда бастары.

 

Қандай ғажап, сол тірліктер, сол күндер,

Тәрбиеге толы өтетін мол күндер.

Ауылда өскен азаматты құрметтеп,

Тыңдап қоғам, сол пенденің орынын бер.

 

Сол сүйеді, сол бастайды елді алға,

Қамқоршы ол, жетім жесір кемтарға.

Ол сатпайды туған елін, отанын,

Қара жерге аққан маңдай тер бар да.

 

Білімі де, ілімі де мол оның,

Болашақты мен солардан көремін.

Оқығаны болмаса да бабамның,

Тоқығаны бізге қымбат көненің.

 

Көру керек, тану керек ел ішін,

Қоғам сонда өзі береді жемісін.

Ауыл елін ардақ тұтып, мәпелеп,

Кеңейтетін күн болса екен өрісін.

 

Баспаса екен ел көңілін тағы мұң,

Қайда кеткен тек таныған танымың.

Шалақазақ, дарамазақ елді етіп,

Қиылмаса жарар еді тамырың.

 

АТ АРБА

Алғаш мінген көлігім ғой ат арба,

Сол ат арба қосты мені қатарға.

Қос божыны тең ұста деп айтатын,

Әкем марқұм шыққан кезде сапарға.

 

Секілденіп домбыраның шанағы,

Доңғалағы дүңгірлеткен даланы.

Аналарым арба үстінде сан мәрте,

Қыңқ етпестен таба салған баланы.

 

Сол дауыстар секілді еді асқақ үн,

Сол дауыстар мені арманға бастадың.

Малды ауылда ең алғашқы тыңдаған,

Сол доңғалақ, музыкалық аспабым.

 

Желден басқа сыр айтады кім маған,

Түрлі-түрлі әуен берді тың далам.

Әкемнің де ең алғашқы әуенін,

Сол ат арба үстінде мен тыңдағам.

 

Дала қандай болса дағы тайғанақ,

Түнде сыртқа шығатынбыз ай қарап.

Өлең сырын өмір сырын үйрендік,

Арба үстінде шөпті жүріп жаймалап.

 

Қазанат жоқ, малды ауылдың атынан,

Зауыт заты төмен оның затынан.

Қазағымның ат арбасы мен үшін,

Болған екен ең алғашқы сахнам.

Ат арбамен асыраған халықты,

Бабаларым, сүйген ойын сауықты.

Бізді көрген өзге елдің өкілі,

Бізге қарап поезд жасап алыпты.

 

Тобындамын бүгінде сол өнердің,

Сол өнермен, сол арбамен көгердім.

Тең ұстаумен қос божыны келемін,

Бұйырғанын арман қарай көрермін.

 

ОРАЗА

Қара жерден нәр алған тамыр сынды,

Қанат еттің қаншама қауырсынды.

Сен арқылы ауылдар меккеге ұқсап,

Тас қалалар боп жатыр ауыл сынды.

 

Келбетіңнен ізгілік нәрі есіп,

Жүресің жылда ары, бері көшіп.

Қарынбайлар мешіттен орын бермей,

Ашылып жатыр неше жабық есік.

 

Толғағынан тараған ана сынды,

Алдыға үйіп жатыр бар асылды.

Ұмытқандай барлығы пенделікті,

Еске алмайтын секілді санасуды.

 

Саңлауынан санаға ми салатын,

Ораза ай киелі ме еді мұншама атың.

Маңайыңа маңдайы күлмейтіндер,

Білдіретін болыпты ишаратын.

 

Иілмейтін кеуделер иіліпті,

Қасиетіңе өзіңнің сүйініпті.

Жер басып жүргеніне тәубе етіп,

Біраз жандар нәпсіден тиылыпты.

 

Алла есімін жүр әні ауызға алып,

Ащы сумен өскендер ауызданып.

Өзінен естілерге ақыл айтып,

Гүлдейін деп келеді қауызданып.

 

Қауызданған дүние бүр жарады,

Алла есімі мұсылман үн парағы.

Көңілдерге жатырсың көрік беріп,

Толтырғандай гүлдерге құм даланы.

Көрінбейтін көзіме Көктәңірім,

Тас кеуденің бәріне өтті әмірің.

Оралғандай ораза айларында,

Кейбір жандар алдында жоқ қадірім.

 

Мейрімділік желі боп есілесің,

Мәртебесін талайдың өсіресің.

Жүректерді толтырып ар- иманға,

Мұсылманның кемітпе несібесін.

 

Пітір, намаз, бұйыртып жан басына,

Ғұмыр кешсін, берілмей саудасына.

Ораза айым орының мүлде бөлек,

Талайларды түсірген таубасына.

 

Жұмбақ күн.

 

Адам деген Ұлы өмірдің қонағы.

Кімді қайда жібереді жұмбақ күн

Күндер ғана қалады есте бағалы

Соны естен шығармайық қымбаттым

 

Қара жерге өрнек салып еңбекпен,

Қаншама адам түрлі тірлік кешеді.

Бүгінгі өмір қатыгез-ең сен неткен,

Таныстарың тамырыңды кеседі.

 

Әділетсіз қоғамдағы әр істен,

Вулкан сынды атылардай от денем.

Араздасып жүргенімше таныспен

Алаш сынды неге атылып кетпегем.

 

Адамға өмір бұйырады сан қилы,

Бірі аласа, бірі ұшады биікте.

Жақсылардан жайлау исі аңқиды,

Ал жамандар, қалдырады күйікке.

 

Арман атты арғымақ бар, алайда,

Бұйырмаған тақымына талайдың.

Мына жұртым арашаға қарай ма

Тиылмаған сөздеріне Абайдың.

 

Арамзалар былғап жатыр бүгінде,

Жер Ана мен Көк тәңірдің арасын.

Ұлттық түйір болмағандар үнінде,

Сатып жатыр қазағымның даласын.

 

Тілі басқа, діні басқа, салты да,

Ақордадан ойып орын алады.

Қарайламай өзі туған халқына

Қайран заман қайда кетіп барады.

Ғұмар Төлеужан Нүсіпжанұлы, ақын, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2106
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2518
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2213
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625