Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жалқы сұрақ 6031 2 пікір 20 Шілде, 2018 сағат 17:24

Трамп пен Путиннің кездесуі. Каспийдің біраз бөлігінен айрылып қалмаймыз ба?

Әлемдік БАҚ соңғы күндері екі алып держава басшыларының кездесуі хақында жаза бастады. Әрине, ресми кездесудегі ресми әңгіменің бәрі "әдемі". Сол "әдемі  әңгіменің" өзін сынап, Трампты ағаш атқа теріс мінгізіп жатқандар жетерлік. Ресми әңгіменің сыртында жалпыға белгілі емес қандай жағдаяттар сөз болды? Ауғанстандағы мүдделер мәселесі  қалай шешілді? Орталық Азиядағы бірнеше мемлекеттің мүддесін түйістірген Каспий жайы сөз болды ма? Бізде геосаясатты тамыршыдай тап басатын мамандар тапшы болғандықтан да бұл сұрақтарға дер кезінде жауап берілмеді.

Кремль пропогандасының "соловейі" атанған Владимир Соловьев Трамп пен Путиннің кездесуі алдында бүйректен сирақ шығарғанын жазғанбыз. Ол  бұл жолы қиыннан қиыстырып, "Каспийде АҚШ әскери базалары орналастырылыпты-мыс" деген мәселе көтерді.

Қазақты қолбаласындай уысында ұстағысы келетін Ресейдің жай ғана ток-шоуын жүргізушісінің төтеден мәселе қоюының астарында не бар? Екі президенттің назарын тікелей Каспийге аударту емес пе? Әншейінде аузынан сөз шықпайтын салқынқанды Әбдірахмановтың басқаруындағы Сыртқы істер министрлігі шоуменнің сөзінен шоршып түсіп, оған жауап та беріп үлгерген еді.

Путин Ауғанстанды АҚШ-тың иелігіне біржола қалдырып, Каспий мәселесін тек өзім шешемін деген құқыққа ие болуы мүмкін бе? Біз осы сауалға Әзімбай Ғали мен Мақсат Жақаудың тарапынан жауап іздеп көрдік.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

- Менің ойымша, АҚШ тарапының басты тактикасы - екі мемлекет арасындағы жағдайды қиындатпау. Негізгі мақсат – Ресей экономикасын тұншықтыруды көздейді.  Яғни, әзірге АҚШ өздерінің жоспарымен келе жатыр. Оларда биліктің үш тарапы бір-бірін бақылайды. Сондықтан Трамп бар билікті қолына алып, бір өзі шешім шығарады дегенге сенбеймін. Десе де, екі алып державаның басшыларының дипломатиялық кездесуі Ресей тарапының қоғамдық пікірін жұмсартты. Сіз айтып отырған күдікке жол бермеу үшін біздің мемлекет АҚШ-пен арадағы дипломатиялық қатынастарды нығайтып, осыған дейінгі байланысты одан әрмен күшейте түсуі керек. Каспий аумағындағы шекарамызды күзету үшін әскери кемелерді, әскери портты күшейту керек. Сонда біз Ресейге тәуелді болмаймыз. Каспий мәселесін Трамп пен Путин бір рет кездесе салып шешіп тастай алмайды. 

Мақсат Жақау, саяси сарапшы:

- Каспийге қатысты біздің ресми жауабымыз Ресейге айтылған. Яғни, АҚШ транзиттік бағыт ретінде Каспий арқылы арсеналын өткізуге құқығы бар. Біз өз шекарамыздың аумағынан кімді өткіземіз, кімді өткізбейміз, өзіміз шешеміз. Сондықтан да, Каспий теке-тіресетін әңгіме аймағы бола қоймас деп үміттенемін.

Трамптың стилі - бизнестік стиль. Оның мүддесі тек экономикалық тетіктерді жабу, ашу, қолдан санкциялар ұйымдастырумен шектелері анық. Дипломатияның өзі - қарудың күшіне емес, экономикалық қуаттылыққа сүйенеді. АҚШ шын күшін көрсетемін десе, оған қуаты жетеді. Ресеймен әзірше саяси саудамен жұмыс істеуге мүдделі болып отыр. 

Рас. Қазір геосаясатта үлкен саяси саудалар жүріп жатыр. Тіпті, соңғы кезде Каспийдің статусын қайта қарағысы келетін елдер көбейді. "Әлемдік масштабта Каспийді көл ретінде емес, теңіз деп танып, теңдей бөліп алалық" дейтін Құдайы  көршілеріміз де бар.

Қош! Тамыз айында Каспий жағалауындағы елдердің дипломаттары бас қоспақ. Бұл кезекті саяси жиын ба, жоқ әлде Трамп пен Путиннің кездесуінің нәтижесін жариялайтын мінбер алаңы болмақ па?

Мұны  былай қойғанда АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Ресей президенті Владимир Путинді күзге қарай Вашингтонға келіп қонақ болып кетуге шақырды. Бұл кездесуде қандай мәселелер  сөз болуы мүмкін?

Кремль пропогандасының "соловейі" атанған Солвьевтің жәнігуі жаман еді?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Арнайы Abai.kz үшін

 

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 279
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 137
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 131
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 130