Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Туған жерге туың тік! 3926 2 пікір 18 Маусым, 2018 сағат 12:08

Қасиетті Ұлытауым - Ареопагым менің

 

Редакциядан: Қазақ халқының рухын оятып, дүр сілкіндірген Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында туған жер, Атамекен туралы мынандай ойлы сөздер бар. Қайталап естеріңізге салайық, қараңыз:

"Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі".

Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласынан кейін мемлекттік бағадарламалар түзіліп, игілікті іс-шаралар қолға алынуда. Президенттің рухани жаңғыруға бет алған бастамасы қазір жекелеген азаматтардың тарапынан да қолдау тауып жатқанын ерекеше атап өткінді жөн көреміз. Сондай отаншыл рухатағы азаматтардың бірі, тұрақты авторымыз  - Елеужен Серімов. Елекең бүгін қазақтың киелі, құтты мекені - әйгілі Ұлытауға аттанды.

Бүгін Ұлытау жүремін. Мемлекеттігіміздің кіндік бастауы болған қасиеті мол киелі мекенге тәу етіп қайтам. Алашахан, Жошыхан, Асан қайғыны айтпағанда, Мәскеуді екі мәрте өртеген Тоқтамыс хан да сол маңда жатыр деседі білетіндер. Атқа мінсе, аяғы жер сызатын алып болған. Билік үшін Тоқтамыс атасымен жағаласып өткен күйеу баласы – Едіге би де сонда дейді. «Өмірде жауласып өтіп ек, бақилықта бірге болайық» деп, атасының аяқ жағынан мәңгілікке орын тепсе керек...

Әсілі, қазақтың тауы да, тасы да әлiмсақтан сыр тартқандай сөйлеп қоя беретiн шежiресi тұнған халық екендігіне айғақ көп. Соның бірі - осы өңірден академик Қаныш Сәтбаев тапқан БЕЛГІТАС. Өмірбек Сұлтановтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2015-жылы 29-шілдедегі нөмірінде  жарияланған («Ұлытау. Әмір Темір. Белгітас») мақаласында бұл жайт барынша кеңінен айтылады. Онда Әмір Темір Алтынордаға жасаған жорығында Жошы ханның атақонысы болған Ұлытау өңірінің ғажайып байлығы мен кеңдігіне қайран қалып, «адамдар ризашылықпен еске алып жүру үшін» бітік соқтырған деседі. Жазу екі тілде: арапша және шағатайша қашалып түсірілген. Дерек ретінде келтіре кетейік, тасқа мынандай сөздер жазылған: «Жеті жүз тоқсан үшінші жылдың жазы, қой жылы, көктемнің ортаңғы айы. (1391 ж. 6-сәуір), Тұран сұлтаны Темір бек ислам діні үшін үш жүз мың әскермен бұлғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы аттанды. Осы жерге жетіп, ескерткіш белгі болуы үшін ол осы осы қорғанды тұрғызды. Алла беріп, жаратушы әділ төрелігін жүргізсін! Жаратушы ел халқына мейірімін төксін! Бізді ескеріп жарылқасын».

 
Міне, осы белгітастағы сөздің шағатайшасын алғашқы боп оқыған Н. Поппе деседі
Біз осы есімі көпшілікке таныс емес атақты түркі әрі моңғол тілінің маманы Поппе туралы мағлұмат бере кетсек дейміз.
Иіні келгенде айта кетерлік жайт, Н.Н. Поппе туралы да кейбір бірен-саран еңбектерде тиіп-қашты пікірлер айтылғанымен отандық тілі білімі ғалымдары оның өмір жолын, сіңірген еңбегін, ғылымға қосқан үлесін күні бүгінге дейін қолға алып тиянақты зерттеген емес. Бұлай назардан қалыс қалып, бағаланбаудың басты себебі өткен ғасырдың 40-жылдары Н.Н. Поппенің басына түскен тағдыр-тәлкегінен шет елге кетуге мәжбүр болған десиденттік іс-әрекеті деп ойлаймыз. Николай (Николас) Николаевич Поппе 1897 жылы 8 тамызда Қытайдың Яньтае (Чифу) қаласында дүниеге келген, 1991 жылдың маусым айында АҚШ-тың Сиэтл қаласында 94 жасында қайтыс болған. Лингвист әрі этнограф, моңғолтанушы, алтай тілінің маманы, 1932 жылдан КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі. 1921 жылы Петроград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің моңғол бөліміне түсіп, ондағы әйгілі тіл мамандары А.Д. Руднев, В.Л. Котвич, А.Н. Самойлович, С.Е. Малов, А.В. Бурдуковтармен бірге оқиды, ғылымдағы алғашқы ғылыми жетекшісі атақты Б.Я. Владимирцов болған. 1942 жылы Н.Н. Поппе Қарашай аумағында (Микоян-Шахар) басып алған неміс басқыншылары жағына өз еркімен өтіп, 1943 жылы отбасымен Германияға көшеді. Соғыстан кейін кеңес үкіметінің құрығынан тығылып, бірнеше жыл шығармашылықпен астыртын айналысқан. 1949 жылы ол АҚШ-қа қоныс аударып, Вашингтон штаты университетінің Қиыр Шығыс факультетінде профессор лауазымында қызмет атқарады. 1968 жылы «Бонн университетінің құрметті докторы» атағына ие болады, 1968 және 1977 жылдары Фин Ғылым Академиясының мүшесі болып сайланған. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған сезіктенгіш те сескенгіш, атын атау түгілі еңбегін сөз етуге қорыққан сол уақыттардан бері ол жөнінде тіл мамандары ләм-мим жақ ашпайды. Осы салқындық бергі уақыттарда оның шығармашылығының кеңінен зерттелуіне де кері әсерін тигізгені анық.

...Күші жүз Әлімнің жуан атасы – Төртқарадан тарайтын қалың рудың ұйысқан жері Ақтөбенің Қарабұтағы мен Ырғызы, АҚШ (Арал, Қазалы, Шалқар) маңы. Әйтсе де түпкі отаны Ұлытау маңындағы Айыртау жайлауы делінеді аңызда. Ұраны «Айыртау» болатыны сол себепті. Бабалар рухына тағзым етіп, өзімді (атамекенімді) іздеп барам. Қасиетті Ұлытауым - Ареопагым менің, жолыққанша күн жақсы болғай!

Қош!  Қазақ халқының рухын оятып, дүр сілкіндірген Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы аясында әлі талай әңгімелер айтылар.  Бұл - бастамасы ғана.

Елеуежан Серімов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 337
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 171
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 177
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 177