Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Рухани жаңғыру 4097 0 пікір 10 Мамыр, 2018 сағат 10:51

Отарсызданудың негізгі мақсаты: Тәуелсіздік пен тілді сақтау

Еуразиялық экономикалық одақта қазір дағдарыс. Оған мүше мемлекеттер наразы. Әсіресе, Қазақстан мен Белоруссия. Белгілі бір деңгейде Белоруссияға  ымыраға келу үшін Ресейден ақша мен преференция алу жеткілікті болса, бізге қаржылай көмек пәлендей керек емес. Шындығында, қазір Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық пайдасынан гөрі зияны басым болып тұр.

Әрине, Ресейге салынған Батыс санкцияларының кесірі бізге де тиетіні сөзсіз. Ал бұндай шығыны көп ұйымнан бөлінетін күн қашан туары да белгісіз. Онда да қауіп бар. Ол қауіп – Ресей бізге гидридтік соғыс жүргізе ме? - деген қауіп.  Тұп-тура Украинадағы жағдай қайталана ма? Сондықтан экономиканы өзге нарыққа бағыттау оңай жұмыс емес. Біз қалай десек те, ЕуразЭО ыдырауға шақ қалды.

Ресейдегі қазір дағдарыс елдің  экономикасы мен күнделікті тұрмысын жайлап алды.  Енді тек саяси дағдарыстың батпағына бату ғана қалды. Ал сол саяси дағдарыс бізге отаршылдықтың соңғы қамытын сыпырып тастауға мүмкіндік берер ме екен? Құдай бетін әрі қылсын, біздегі орысшыл аз буын Қазақстанды орыс тілді мемлекетке айналдырып үлгермесе, әрине.

Ирландия егемендік алғанымен ағылшын тіліне көшіп, ирланд тілін құрбан қылды. Шотландия элитасы егемендікті аңсағанымен, ирланд халқының көбісі Британия құрамынан бөлінгісі жоқ. Өйткені, шотландықтардың басым көпшілігі ағылшын тілді.

Менің шотландиялық досым егемендік референдумын қолдамайды. Өзі тек ағылшынша сөйлейді.  20-ғасырдың екінші жартысында Африканың көптеген елдері ағылшын, француз тіліне өздерінің төл тілдерін айырбастады.

Алжирде 1962 жылы саяси элита мен истеблишмент тек французша сөйлеп, арабшаны ұмтқан болатын. Олар екі рет арабизация саясатын бастады.  Араб тіліне өту саясатын негізінен халық қолдады. Бүгін де, араб қызметкерлері мен интеллигенция өзара француз, ағылшын тілдерінде сөйлескенді жөн көреді. Менің мавританиялық досым: арабшам нашар, диалекте сөйлеймін, деп арабшадан безеді. «Арабшаны қайтесің, ағылшынша сөйлесейік» дейді маған. Бізде міне, осындай қателіктерге жол бермеу үшін, әрі отарлық, бодандық халден біржола құтылу үшін Тәуелсіздігіміз бен тілімізді сақтауымыз керек!

Әзімбай Ғали

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

0 пікір