Жұма, 3 Мамыр 2024
3571 91 пікір 12 Наурыз, 2018 сағат 09:56

ҰҚК Тоқмәдидің "қателік" жайлы айтқан видеосын жариялады

 Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өз сайты мен YouTube-тегі парақшасына Таразда "күзет астынан қашу" әрекетінен кейін ұсталған Мұратхан Тоқмәдидің сөзінен үзінді келтірілген видеоны жариялады.

48 секундтық видеода 2004 жылы қазақстандық банк басшысы Ержан Тәтішевті "тапсырыс бойынша өлтірген" деген айып бойынша сотта ісі қаралып жатқан 52 жастағы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди жалаң қабырғалы бөлмедегі үстел басында отырып сөйлеген сөзінде "өзін жақсы сезінетінін, денсаулығына шағымы жоқ екенін" айтады.

"2004 жылы Әблязовтің тапсырысы бойынша Ержан Тәтішевті өлтіргенім үшін жауапқа тартылдым. Кінәмді мойындаймын, оны сотта айтқанмын. Үкімді тосып отырып, 8 наурызда қашуға әрекет жасадым. Бірақ құқық органдары қызметкерлері ұстап алды. Тергеу абақтысына қамады. Кінәмді мойындаймын және бұным қателік болды деп санаймын", - дейді Тоқмәди ҰҚК жариялағанвидеода.

Бұған дейін ҰҚК Тараздағы облыстық ауруханадан тұтқын Тоқмәдидің бейсенбі кешкісін қашып кеткені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты растаған. ҰҚК мәліметінде өзін әлсіз сезінетіні туралы шағымданған Тоқмәдидің ауруханаға апарылғаннан кейін қашып кеткені, бірнеше сағат өткенде ұсталған соң Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына қамалғаны айтылған.

Ақпан айынан бері Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2004 жылы оқ тиіп қаза болған қазақстандық "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты айып тағылған Тоқмәдидің ісі қаралып жатыр. Тергеу болжамы бойынша, Тоқмәдиге адам өлтіруге тапсырысты Тәтішев қазаға ұшыраған соң бірнеше айдан кейін "ТұранӘлем банк" басшылығына келген Мұхтар Әблязов берген делінеді. 2009 жылы БТА банкті (бұрынғы "ТұранӘлем банк") мемлекет қарамағына алғаннан кейін шетелге кетіп қалған оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды "шылғи өтірік" деп атапжоққа шығарады және өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайды. Әблязов өзін "банктен миллиардтаған доллар ұрлаған" деп сырттай 20 жылға соттаған Қазақстан билігінің таққан айыбын да теріске шығарып, президент Назарбаевты үнемі сынап келеді.

2017 жылғы күзге дейін Ержан Тәтішевтің қазасы сол кезде жүргізілген ресми тергеу қорытындысы негізінде "аңшылық кезіндегі жазатайым оқиға" деп саналып келген. Ал былтыр жазда әуелі тұтқындалып, кейін бизнес-әріптесінен "ақша бопсалаған" және "заңсыз қару сақтаған" деген айыптар бойынша үш жылға сотталған соң түрмеде отырған Тоқмәдидің осыдан 13 жыл бұрынғы "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысын мойнына алғаны туралы ақпарат тараған. Республикалық телеарна эфирінен берілген фильмде Тоқмәди Тәтішевтің қазасы "қасақана жасалған қылмыс екенін мойындайтыны" туралымәлімдеме жасаған. Кейін Қазақстан билігі "байқаусызда адам өлтіріп алу" туралы іс бойынша шығарылған үкімнің күшін жойып, жаңадан тергеу бастаған. Ашық дерек көздерінен алынған ақпаратқа қарағанда, әлгі тергеу Тәтішевті "тапсырыспен өлтірген" деген қорытынды жасаған.

Тоқмәди тұтқындалғаннан кейін оның әйелі қамаудағы жұбайына "қысым жасап, ұрып-соққаны" туралы мәлімдеген. Бірақ соңғы кездері комментарий беруден бас тартып жүрген Жәмила Айымбетова-Тоқмади мұны қамаудағы ерінің өтінішіне байланысты деп түсіндіреді.

Abai.kz

91 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 746
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 562
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 458
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 475