Жұма, 3 Мамыр 2024
Ғылым-білім 7813 4 пікір 25 Қаңтар, 2018 сағат 10:29

Қалай оқытудан бұрын, нені оқытуды шешіп алайық

Бізде орта мектепте осы уақытқа шейін жаңа буын оқулықтарына және 12 жылдық мектептің оқулықтарына арналған бағдарламалар жасалды... Олар аяқсыз қалып, енді жаңартылған бағдарлама бойынша жазылған оқулықтар енгізіле бастады. Бұл өзі еліміздегі 30 шақты зияткерлік мектептің үлгісін жалпы мектептерге жаю мақсаттарынан туындап отыр. Мынау бір керемет екен ˗ деп таң˗тамаша болып жүргендер бар да, мынау не сұмдық ˗ деп үркіп жүргендер бар. Мен сол үркіп жүргендердің ішіндемін. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиетіне арналған бағдарламаны қарап шығып ойымды баспасөзде білдірдім. (http://abai.kz/post/64195 , http://abai.kz/post/61522)

Өзі білім берудің екі қыры болады: біріншісі˗нені оқыту, екіншісі˗қалай оқыту. Нені оқытуға білім мазмұны (базалық білім) жатады. Ал қалай оқыту дегеніміз ˗ әдістеме. Онда әлгі орта мектепке арналып өлшеніп берілген базалық білімді бүгінгі инновациялық технологиялар мен жаңаша әдіс˗тәсілдерді қолданып оқушыға қалай тиімді жеткізу мәселесі қаралады? Иә, бүгін бізге заман талабына сай тақта мен бордан, қағаз бен қаламнан артық жаңаша оқыту құралдары келген шығар. Әдістер жаңарып, тәсілдер жетілген шығар. Бірақ, базалық білімді жүйесіз, ретсіз жұлым˗жұлым етіп, ұсынуға осы жаңартылған бағдарламаны жасаушыларға кім рұқсат берді екен деп таңмын.  Негізсіз, уақытша нәрселер жасауға әуес мамандар атарбаның алдына түсіп алып жүгіргенді қашан қояр екен... Олар өздері білмесе Тіл білімі мен әдебиеттанудың сала-саласын арнайы зерттеп жүрген мамандарға неге сүйенбеген? М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына неге жүгінбеген? Бұлар ˗ жылдар бойы қалыптасқан филология ғылымының әдіснамасын ешқандай негізсіз бұза салатындай кімдер?

Жаңартылған бағдарламаны жасаушылар қазақ тілін Т1 және Т2 деп бөледі де коммуникативтік дағдыны қалыптастыру дегенді қазақ тілін ғылыми-лингвистикалық пән ретінде оқитын қазақ мектептеріне де қазақ тілін екінші тіл ретінде үйретуді көздейтін орыс мектептеріне де бірден бірдей қолданады. Олар тілі қазақша шыққан баланың коммуникативтік дағдысы туғаннан бастап қалыптасатындығын, мұндағы мақсаты соны жетілдіру, мәтіндегі тіл бірліктерін түстеп тану, мәтінді лингвистикалық талдау, мәтін тудыруға үйрету керектігін түсінбейтін сияқты. Өйткені қазақ мектебіндегі оқушыға мәтіндегі негізгі ойды тап деген сияқты ойыншық мақсаттар қойып, лингвистикалық білім беретін ғылыми пәнді сөйлеу дағдыларын қалыптастыруды көздейтін тіл үйрету пәнімен шатастырады. Ал базалық лингвистикалық білім қайда десеңіз, оны бағдарламаға үзіп-жұлып, әр жерге жүйесіз шашып қоя салады. Мұны неге өйттіңдер десек, зат есім мен бастауыштың оқушыға  не керегі бар. Сөйлеу дағдыларын дамытса болды емес пе?˗ дегенді айтады. 8˗10 сынып оқушысы басқа сабақтардан, мәселен тарихтан, географиядан, физикадан, әдебиет пәнінен көлдей˗көлдей мәтіндерді оқып, ойын айтып, ғылыми жұмыстар жазып отырған бала. Бұл оның ана тілі. Ол бала сол тілдің ішінде. Солардың енді сөйлеу дағдыларын қалыптастыру деген тілді үйрету пәнінің мақсаты екендігін қалай түсінбейді, білмеймін.

Бұл бағдарлама бойынша болашақта тіл мен әдебиетті кіріктіріп бір пән ретінде оқыту мақсаты көзделген. Зияткерлік мектептердің білім беру нормативтерінде солай көрсетілген. Жалпы білім беретін орыс мектептерінде де бұрын бөлек-бөлек пән болған қазақ тілі мен әдебиеті қазір біріктіріліп бір пән ретінде оқытылады. Бұл бірте˗бірте қазақ мектептеріне де келе жатыр ма ˗ деп қорқамын. Өйткені тіл білімі мен әдебиеттануға тиісті базалық білімнің шектеліп, жүйесіз берілуі және оқу кезінде базалық білім беру негізгі мақсат емес жанама мақсат ретінде берілуі бұл пәнді ғылыми пәндер қатарынан ығыстыру үшін жасалып отырғандай көрінеді. Басқа пәндер де солай шығар, өткенде Абай.кз˗тен география пәні туралы сын мақала көріп қалдым.

Ұсыным, жаңартылған бағдарлама бойынша жазылып жатқан оқулықтардың білім мазмұнын, алдымен бағдарламаның өзін сол саланы зерттеумен айналысатын ғылыми˗зерттеу институттарының мамандарына сараптамаға беріп, олар мақұлдағаннан кейін барып қана оқулық жазуға кірісу керек. Осы бағдарламаны ұсынушылар қалай оқытудың технологиясын шетелден экспорттап әкелсін˗ақ, бірақ нені оқытуды өзіміздің мамандарға шешуді қалдырса болашағымыз үшін ұтымды болар еді...

Бижомарт ҚАПАЛБЕК

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 843
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 691
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 542
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 548