Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2647 0 пікір 23 Желтоқсан, 2010 сағат 18:39

Тұрсын Жұртбай. Абақтыдағы Алаш

Бұдан кейін жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбір айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГПУ-дің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсінік­теме беріп жатудың өзі артық.

"ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұт­қын Ғаббасовтан.

Өтініш

Мен, 1928 жылдың 15 қа­занынан бастап түрмеде отыр­мын. 1928 жылы 10 қараша күні маған - байлардың малын тәр­гілеу науқанына кедергі жасады - деген Қылмыстық Ереженің 58-бабының 13-тармағы бойын­ша айып тағылды.

1928 жылдың 10/ХІ күні бас­та­лып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қо­йылған сұрақтар негізінен менің бір кездегі, бұрынғы "Алашорда" тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақта­рының арасында екі не үш тар­мақ қана маған тағылып отырған айыптың айналасын жалпылама қамтып: 1. малды тәргілеуге де­ген менің көзқарасым қандай және 2. кооперация туралы бай­лармен кеңес өткіздім бе деген т.б. сауалдар қойылды. Осы тек­тес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмыс жаса­дым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келті­рілді - бұл туралы менің табан­ды түрде талап еткеніме қарамас­тан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.

Бұдан кейін жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбір айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГПУ-дің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсінік­теме беріп жатудың өзі артық.

"ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұт­қын Ғаббасовтан.

Өтініш

Мен, 1928 жылдың 15 қа­занынан бастап түрмеде отыр­мын. 1928 жылы 10 қараша күні маған - байлардың малын тәр­гілеу науқанына кедергі жасады - деген Қылмыстық Ереженің 58-бабының 13-тармағы бойын­ша айып тағылды.

1928 жылдың 10/ХІ күні бас­та­лып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қо­йылған сұрақтар негізінен менің бір кездегі, бұрынғы "Алашорда" тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақта­рының арасында екі не үш тар­мақ қана маған тағылып отырған айыптың айналасын жалпылама қамтып: 1. малды тәргілеуге де­ген менің көзқарасым қандай және 2. кооперация туралы бай­лармен кеңес өткіздім бе деген т.б. сауалдар қойылды. Осы тек­тес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмыс жаса­дым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келті­рілді - бұл туралы менің табан­ды түрде талап еткеніме қарамас­тан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.

Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тер­геуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегия­сына тапсырылғанын хабарлады, алайда, тергеу материалдары ма­ған таныстырылған жоқ. Тергеу­шінің маған берген сұрақтары­ның барлығы да жалпылама жағ­дай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемле­кеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым. Өйткені, менің Мем­лекеттік Жоспарлау мекеме­сін­дегі жұмыстарым олармен байла­нысты болды, сондықтанда олар менің жалпы саяси бағда­рым мен менің жеке басым тура­лы толық мінездеме бере алар еді. Алайда, тергеушілер бұдан да бас тартты.

Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түрін­дегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым - ауылды жер­лерді кеңестендіруге үнемі кедер­гі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:

І. Маған Дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді алып берді де, сондағы айтылған сөздерді - менің қазақ қызмет­керлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы "тұрақты түрде арандату­шылық­пен шұғылданғанымның" айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жал­ғыз айғақ) мен: "біз коммунизм­нің қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс" - деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілде­месіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым - мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекім­дермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнде­лікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандай да қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адам­мен (Павловпен) өзінің күнде­лігінде жазылғанындай "екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен" болсам, онда оны неге жасыра­мын. Оның үстіне Павлов қо­наққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жы­лы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта ала­мын: мен 1919 жылы Үкі­баев­тардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, "Губзем" дейтін. Сондықтан да Павлов "Губзем" дегенді "Зав­губземотделмен" - Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі деген­мен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әлде­біреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орнымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құ­жатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымай­тын, кездейсоқ ұшырас­қан көлденең көк аттыға мы­на тергеу­шінің "бел­гілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әре­кеті" деп айыптап отыр­ған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.

2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бо­йын­ша, әйтпесе, жазба құ­жаттарды мен көргемін жоқ) айыптар та­ғыпты:

а/ маған: 1924 жылы өткен Алаш (Қазіргі Жаңа Семей - авт.) ау­дандық-ауылдық одақ­тар­­дың (мойынсе­ріктік­тері­нің - авт.) өкіл­де­рінің құрылтайының сайлауын басқарғансың-дейді. (Мен ол мойын­се­ріктік­тердің құрылта­йы­на қа­тысқамын жоқ жә­не сайлау өткен жерден 200 шақырымдай қашық жер­де демалып жатқа­мын). Ал 1925 жылғы құ­­рылтайдағы менің жа­саған баяндамама ке­ле­тін болсақ, онда мен қыр еліндегі қос­­шылар одағының мойынсерік­тік­­терінің (кооператив) құрылы­сына ғана тоқталғамын. Менің мойын­серік туралы пікірімді және ондағы баяндамамның мазмұнымен қос­шылар одағының қаулысының хаттамасынан танысуға болады.

б/. Мені осында - Қызылорда қаласында отырып-ақ, 1925-26 жылдары Семей уезіндегі Медет /Медеу-?/ болысындағы ру таласына басшылық етті, яғни, "ру басы­ларын тағайындады" - дейді. Мұны кәдімгі тіршілікпен қалай байланыстыруға болады өзі... Біздің өлкедегі уездік, болыстық мекеме­лерді былай қойып, орталықта­рымыздың өзі губерниялық орта­лықтармен әзер байланысып, өзінің міндетін әзер атқарып отыр. (Оның барлығы жердің тым қашықты­ғынан ғой). Жалпы алғанда, кейбір жеке адамды белгілі бір әлеуметтік топтың іс-әрекеттері үшін кінәлау­дың өзі әділеттілікке жата ма?

Мені сонау Медет болысындағы рулық тартысқа байланыстыру үшін де бір түйсікке түсінікті, ақылға сыйымды сылтау керек емес пе: ол үшін айғағы толық айып тағылып, уақыт пен ара қашықтықтың ара­сын есептеп барып кінә айтпай ма.

Ондай жағдай болған да емес және болмайды да. Медет болы­сында өткен оқиғалардың бәріне мені кінәлай беретін несі? Аталған рулардың өзара талас-тартысына менің ешқандайда қатысым жоқ екенін ашық мәлімдеймін және одан үзілді-кесілді бас тартамын.

Мені бұл ру таласына байла­ныстырып тұрған оқиға 1917 және 18 жылдары болған. Облыстық қазақ комитетінің (оның құра­мында мен де бар едім) сол болыс­та 40 жыл бойы үзбей болыснай­лыққа сайланып келген Молдабаев­тарды билік тізгініне енгізбей қоюы болса керек. Біз ол кезде тек қана елдік, төңкерістік мақсатты көз­дедік, ешқандай да рулық мүддені көзге ілгеміз жоқ. Содан бастап заманның ығына қарай жығылып, әр қилы жолын тапқан Молда­баевтар өзінің қас жауы ретінде тек қана мені қарауылға алып (мен де сол болыстың адамымын, ал қазақ комитеті болса сол кезде-ақ тарап кеткен) аңдумен келеді. Ең бастысы - бұл арандату оған емес, сол Молдабаевтармен етене араласқан және араласып жүрген менің кейбір "достарыма" қажет болып отыр. Міне, бүкіл істің мәнісін түсіндіріп беретін жай осы. Басқаша болуы мүмкін емес.

3. Бұған қосымша мені тағы да: әлдебір жер туралы ерекше сая­сатты жүргізушілердің көсемі деп айыптапты. Оған "дәлел" ретінде қалалық бақшада кешкі ас ішіп отырғанда Омаров жолдаспен әңгімелескенім алыныпты /Менің Омаров жолдасқа жазған хатымды қараңыз/.

"Менің жер мәселесі туралы пікірім тергеудің хаттамасында баян­­далған. 1921-22 жылдан кейін жер мәселесімен айналысқан емеспін".

Осыдан кейін тағы да сұрақта жер мәселесіне баса назар аударыл­ған. Кейбір жауаптардың ішінара қайталанатындай көрінгеніне қарамастан, тың деректер мен дәлелді қисындар келтірілгендіктен де қысқартпай ұсынамыз.

"Сізден өтінерім: менің Омаровпен, Сұлтанбековпен бетпе-бет кездестіру туралы тілегіме қарсы болмасаңыз екен, себебі, тергеушінің айтуы бойынша, мені Омаровтың (және) болыстың көрсетуі бойынша жауапқа тартқан екен, сондай-ақ жергілікті газетке менің Омаровқа жазған ашық хатымды жариялатуға мүмкіндік берсеңіз екен.

...Бұл тергеуге тән бір сәйкес­сіздік сол, жоғарыдағы келтірілген тармақтардың барлығы да бір-бірімен жалған желеу арқылы жал­ғанған, еш нақты айғақсыз жалаң сөзге құрылған. Бұдан келіп мынадай заңды сұрақ туады: егерде 1919-1929 жылдардың арасындағы іс-әрекетім үздіксіз зиянкестікпен астасып жатса, онда мені неге дер кезінде ұстамады, неге осы уақытқа дейін мені қызметімде тыныш жүргізді? Қандай адам (бақылау органдары жағынан) менің сондай аса қауіпті қастандығымның өршуі­не жол беріп, ішмерездік жасаған?!

Жоғарыда баяндалған жайларды талдасақ, онда бүкіл тергеу бары­сының бір жақты үстірт жүргізіл­генін, менің ешқандайда айыбым­ның жоқтығын, "үздіксіз жасаған зиянкестігім" туралы айтпағанның өзінде, өзімнің арымды өзімнің қорғауыма ешқандайда мүмкіндік берілмей отыр. Айыбымды айғақ­тайтындай ешқандай нақты дерек­тер мен құжаттар маған көрсетілген жоқ, шындықты қалпына келтіру үшін тергеушілерге көмек көрсе­тетіндей болмашы мүмкіндік жа­сау­ға да мұрсат бермей, істі ГПУ-дің коллегиясына жіберіп қойды.

Менің сенімім бойынша, мұн­дай сыңаржақ тергеудің жүргі­зілуіне, біріншіден: тағылған айып­тың барлығы арам, жалақор адам­дардың өсегіне құрылған (біздің Қазақстанда мұндай жайлар өте жиі кездеседі) көрсетінділер болғандық­тан да, ГПУ-дің өзін жаңсақ жолға салып жіберуі; менің өткен кезең­дегі бұрынғы "Алаш­орда" тұсын­дағы қайраткерлігім туралы, реті келгенде айта кетейін, бұл іс-әреке­тіміз ВЦИК Прези­диумының қау­лы­сы /1919 жылғы және 1920 жыл­ғы/ арқылы кешірім жасалған, бір­жақты пікір түюі болса керек. Тіпті мен бүгінгі қыз­метім үшін емес сол өткен уақыт­тағы қайраткерлігім үшін айыпқа тартып отырған жоқ па екен деп те күдіктенемін, себебі, мен соңғы 9 жылда кеңес өкіметіне адал қызмет еттім.

Жоғарыдағы мәліметтеріме орай және 86 күннен бері ешқандай кінәсіз тұтқында отыруыма байла­нысты: сіздің жеке өзіңіз тергеу ісімен танысып, тиянақты әрі әділ тексеріп, менің әділетті талапта­рымнан тиісті қорытынды шыға­руы­ңызды сұраймын.

Менің бұл мәліметтерімді менің тергеу ісіме тіркеп қоюыңызды өтінемін.

Қосымша ретінде Омаровқа жазылған ашық хатты салып отырмын.

9.І. 1929 жыл. Қызылорда".

Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, олар­ды өзіне қарсы қойып алғандығы аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған мәлімдеме іске тіркелмеген. Бұдан кейін де осы мазмұндас өтініштер жазылған. Бірақ бәрі де аяқсыз және жауап­сыз қалған. Оның орнына тергеу­шілер Халел Ғаббасовқа өзінің қателерін мойындап республи­калық баспасөзде ашық хат жария­лауды қайталап ұсынған және соған қысым көрсетудің нәтиже­сінде "мәжбүр де болған" сияқты. Төмендегі жауаптан сондай сал­қындық байқалады.

"ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жолдасқа 25/І.29 жыл.

Сіздің ескертпелеріңізге ...(жауап).

Әрине, сіздің "жалпы ұлттық ерекешелік" дегеніңізді - оның ішінде (халықтың) әлеуметтік тең­сіздік пен қоғамға тән ерекше­ліктердің бар екендігін мен мойындауға мәжбүр болдым және оны анық түсіндім.

Сонымен қатар айтылып отырған жағдай мен Қазан төңке­рі­сінің жасампаздық күшіне деген сенімсіздік те сол мәселеге тікелей байланысты, оның ішінде біздің қазақ халқының жеке мем­лекеттігін құру мүмкіндігінің ту­ған­дығы. Сол арқылы оны езгі­ден құтқарудың қажеттігі және алдағы уақытта оны мәдени эко­номикалық дамуына негіз қала­натындығы туралы "ізденістері­міз де" содан туындап отыр.

Қазан төңкерісі - менің идея­ларымның негізгі нысанасы бойынша ұлттарды қанаудың темір шынжырын үзді, олардың жеке мемлекет болуына мүмкін­дік ашты, идеологиядан (отарлау­шы - авт.) туындайтын ескі қоғамдық экономиканың негізін жойды, сондай-ақ тіршілік етудің жаңа негізін қалады және қалап та жатыр. Ол өзінің бұдан кейінгі мақсатты қозғалысына, қатыгез таптық шайқасына қадам басты, мұны қоғамның мазмұны ретінде өзіне сіңіріп алды, барлық "құн­дылықтарды" да сондай бағытпен қайтадан бағалай бастады, сөйтіп, өзінің алған бетінен қайтпайтын творчестволық ерік-күшіне түп­кілікті көз жеткізді.

Осынау ауқымды қозғалыс жаңа қоғамдық қарым-қатынасты талап етеді және ол сол қозға­лыстың тұсында өмір сүріп отыр­ғандар үшін тағдырдың тауқыме­тінсіз өтпейді. Тіпті, өлгендердің өзі үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой, ал адам - зат емес, сондай-ақ идеология деге­німіз де - күрестің қатып қалған түрі емес. Жұрттың бәріне ортақ қасиеттен менің тыс қалмауым табиғи нәрсе.

Менің ой-санамдағы шешуші өзгеріс ертерек, 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың жазында: біз бірнеше саяси жүйені, біз іш тартқан қоғамды басымыздан кешкен соң, еліміздің басына түскен қоғамдық қиыншы­лық­тар­ды шеше алмайтынымызға, біздің мақсатымыздың орында­луына табиғаттың өзі сәтті үйлесімділік танытпағанына іс жүзінде көзіміз жеткен соң - басталып еді. Бірақ та, менің санамдағы бұл өзгеріс пен сенім - кеңес қызметінде істеген соңғы 9 жылда, әсіресе, кейінгі 4-5 жылда, өткен өмірімнің мән-мағынасын қорытындылап, көргендерімді санамда салмақтап, талдау жасап, жаңа қоғамдық өзгерістер мен нақты жетіс­тіктерді сезінген соң барып нықтап орныға бастады. Ең соңында, менің ұлтымның негізгі мәйегі, ең өнімді және көпшілік бөлігі (орташалар мен кедейлер) жұмысшы, шаруалар тобының құрамдас жігі ретінде кеңес өкіметінің оң көзіне ілінгенін және өзінің тағдырын соңғысы­мен (Кеңес өкіметімен) байла­ныс­тыратынын көрген соң барып мықтап орныға бастады.

Менің шын жүректен шық­қан пайымдауым бойынша, кімде-кім өзінің халқын сүйсе, кімде-кім оған адал қызмет етуді өзінің өмірлік мақсатым деп түсінсе - бұл адамның таңдай­тын жалғыз-ақ жолы қалды, ол Кеңес үкіметінің шешімін орындау және соған адал қызмет ету. Менің сіздерге талмастан-айнымастан; тоғыз жыл бойы кеңес өкіметіне адал қызмет етке­німді, бұл өкіметке қарсы бағыттаған ешқандай топқа қосылмағанымды және қосыл­майтынымды қайта-қайта тәп­тіш­теп айтып - айта беруімнің себебі осы.

Менің бұл "кредомның" (латын қарпімен жазылған - авт.) негізгі мазмұны 1925 жылы Семей губерниялық комитетінің атына жазылған мәлімдемемнен, тергеу барысында қойылған кеңестік құрылым туралы сұрақ­тарға берген жауабымнан анық байқалады, қысқасын айтқанда, менің осы "толғау - мінәжа­тымның" өзі де соны көрсетеді.

Менің бұл мәлімдемемді Волленберг жолдасқа - оның атына 29 жылы 9/І күні жазылған мәліметіммен бірге тіркеп, соған табыс етуді, ал арыздың кө­шірмесін РСФСР-дің бас Проку­роры Крыленко жолдасқа оның атына жазылып, 29-жылдың 14/І күні №3 камераға келген Рес­публика Прокурорының көмек­шісі Мусин арқылы беріп жібер­ген мәлімдеме қосымша ретін­де салып жіберуіңізді өтінемін.

25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)".

Халел Ғаббасовтың бұл мә­лім­демені қысастықпен жазғаны анық танылады. Астарлы кекету де бар. "Алашордашылардың " халық үшін кеңес өкіметіне қыз­мет істейік" деген "идеясының" ұшқыны бар. Тергеу барысында Бас Прокурордың көмекшісі келіп кеткен. Сондай-ақ әділдік дәметіп СССР-дің Бас Проку­роры Крыленкоға хат жазған. Ал оның мұны оқуға уақыты да, құлқы да жоқ еді. Бәрі де соның өзінің "бастамасы" әрі "тапсыр­масы" болатын. Осыдан кейін іле-шала; яғни, екі күннен кейін, 1929 жылы 27 қаңтар күні, Қызылорда қаласында үштіктің қаулысы шығып, оны айыпты деп үкім шығарған. Оның соңына: "Мен өзімді айыптымын деп санамай­мын. Х. Ғаббасов" - деп қол қойған. Халел Ғабба­совтың сұ­рақ-жауаптары "Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайынд­аған" өзге де 71 адамның ісіне қоса тіркелді.

Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды. Үкім шықты да. Сот Халел Ғаббасовты 1930 жылы сәуірде ату жазасына кесті. Ол осы істегі ешқандай кешірімге жатпаған, ең жоғары үкім орындалған төрт адамның бірі болды, яғни, атылды.

 

0 пікір