Жұма, 3 Мамыр 2024
Көкжиек 7916 0 пікір 17 Қараша, 2017 сағат 16:21

ОҚО-да Қытайлық кәсіпкер Күн электр стансасын салмақшы

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіндегі кездесу. "Облыс әкімі бізді жылы қарсы алды", - дейді Ге Дженсон мырза.  

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өз деңгейінде өтіп, абыроймен аяқталды.  2 миллион турист тамашалайды деп топшылаған жәрмеңкеге 4 миллион турист келіпті. Бұл әуелгі межеленген жоспардан екі есеге көп көрсеткіш. Қысқасы, «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем алдында еліміздің мүмкіндіктерін паш еткен айтулы шара болды. Елдің де, Елбасының да мерейін үстем етті.

Енді елімізге шетелдік инвесторлар топырлап келе бастауы, жасыл энергиядан қуат алатын жобалар бір-бірлеп іске асуы керек. Міне, соның алғашқы қарлығашы  - «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының (http://www.jssunhui.com/about.php) дүбірі қазыналы Оңтүстіктен естілді. «Оңтүстік Қазақстан облысында қытайлық кәсіпкерлер қуаттылығы 100 мвт болатын күн электр стансасын салмақ»-деген жағымды жаңалық тарауда. Сол жағымды жаңалықты жалпы жұртқа кеңінен таратып жеткізу мақсатында сайтымыздың тілшсі «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының өкілі Ге Дженсон мырзамен (суретте) кездесіп, сұхбат құрды.

Ге Дженсон

 

- Ге Дженсон мырза, Сіздің Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр стансасын салуға ниет білдіріп жатқаныңызды естідік. Әрине, Қазақстан Республикасына келіп, қаржы салып, бірлескен кәсіпорын құрып жатқан шетел кәсіпкерлері аз емес. Соның ішінде Сіз секілді Қытай қаржыгерлерінің де қарасы мол. Бізді қызықтырып отырғаны, «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының дәл «ЭКСПО-2017» көрмесі көтерген тақырыпқа сай жұмыс істейтіндігі. Сөз бастамас бұрын өзіңіз және компанияңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. 

Мен - Қытайдың Джан Су өлкеcнің тумасымын. Нанжің университетін бітіргем. Мамандығым – кәсіпорын басқару. 2004-2007 жылдары «Panasonic» компаниясында өндіріс бөлімінің басшысы болып жұмыс атқардым. 2007 жылы АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық орталығының («NASA»)  Күн сәулесін зерттеу бөлімшесінде экологиялық таза кабельдік тақталарды өндіру туралы бірлескен зерттеу жұмысы жүргізілді. Мен арнайы ұсыныспен барып, соның шетелдік зерттеушілер тобын басқардым.

2009 жылдан бері Қытайдағы «Jiangsu sunhui new energy technology co ltd» компаниясында қызмет атқарам. Қазіргі таңда аталған компанияның Қазақстанға бағытталған инвестициялық жобаларын іске асыру жолында жүрмін.

Ал, «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясы 2009 жылы құрылды. Жияңсу өлкесі, Яңжу қаласындағы иноватциялық аймағында орналасқан. Бұл – осы өлкедегі тұңғыш және ең үздік компания. Компанияның басты өнімі – күннұры кабельдік тақталары (баннер) болып табылады. Кәсіпорын құрылған күннен бастап күннұрынан, жел күшінен және судан  ақылды, тиімді, фолиярлық сапалы электр қуатын өндіретін стансаларды  зерттеу, жобалау, өңдеу және құру жұмысымен айналысып келеді. Өнім шығаруда NASA-да зерттелген тәжірибені қолданады. Сол себепті, компания техникалық мандандырылған ұжымымен, жоғары деңгейдегі жабдықтарымен бәсекелестікке төтеп береді және сенімді жұмыс атқара алады. Қысқасы, біздің компания ЕРС (Engineering Procurement Construction) бас мердігерлігімен айналысуға толық қуатты.

- Сөз – инвестиция туралы болып отыр. Дау жоқ, әлемдік қауымдастықта  Қытай экономикалық әлеуеті ең жоғары елдердің қатарында тұрады. Айналасы отыз жылдың ішінде қаратабан кедейліктен құтылып, дүниенің алдыңғы қатарына өтуде, Қытай елі де, әрине, шетел инвестицияның рөлі зор болғанын жоққа шығармаса керек?

- Өткен ғасырдың соңғы жартысындағы Қытай тарихында Қытайға инвестор тартушы басшылардың басында Дэн Сяопин (邓小平) тұрады.

Өзіңіз айтып отырған әлемдік қауымдастықтан бөлініп, есік-терезені тұмшалап, томаға-тұйық өмір сүруге әбден бекіп, көніп қалған жүйені өзгерту,  «Шетел», «Капитализм», «Капиталист» десе төбе шашы тік тұратын күйге түскен миллиард халықты нарықтық экономикаға бұру Дэн ақсақал үшін оңайға түскен жоқ.  Ол жұмысты алдымен «Идеяны азат етуден», «Сыртқа есікті ашық ұстаудан» бастады. «Капитализм қорқынышты нәрсе емес. Керек болса, оны жүректілікпен пайдалану керек!» деген ұран тастады.       20 жыл бойы саяси күреспен әбден былыққан елге шетел кәсіпкерлерінің сеніп келе қоюы да қиын шаруа еді.

Қытайға алдыңғы кезекте келіп, кәсіпорын ашқан этникалық қытай кәсіпкерлері болды. Мемлекет оларға барынша қолайлы жағадай жасап бақты. Теңіз жағалауындағы қалаларды арнайы инвестициялық аймақ етіп белгілеп берді. Сөйтіп, тұтынушысы көп, еңбеккүші арзан ортаға өзге де шетелдік инвесторлар біртіндеп келе бастады. Инвестиция құямын деп топ-тобымен келген шетел кәсіпкерлерін күн құрғатпай Дэн Сяопин өзі қабылдап, кеңесіп, кепілдік беріп отырғанын баса айтып өткім келеді. Дэн өлке, қала, тіпті аудан басшыларының еңбегін өзі басқаратын өңірлерге тартқан инвестициясының көлеміне қарай бағалап, сыйақы беру тәртібін жолға қойды. Сөйтіп, шенуніктер арасында бәсеке жүріп, қызмет істеу белсенділігі артты.

Соның арқасында, өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын, бүгінде Қытай өз өнімін шетелдерге экспорттаушы елге айналды. Қытай кәсіпкерлері бес құрлықты түгел кезіп жүр. Қытай бірлескен кәсіпорындары әлемнің барлық елдерінде құрылды деуге болады.

-АҚШ-та жұмыс істеп келдім деп, Өзіңіз айтып отырсыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Қазақстан Республикасы инвесторлар үшін қолайлы ма? Қазақ кәсіпкерлерімен жұмыс істеу Сізге қиын емес пе?

- Инвесторлар үшін үшін керегі – тұтынушы мен арзан еңбеккүш. Одан да маңызды тағы бір фактор бар. Ол – сол елдің саяси тұрақтылығы.

Қазақстанда осы факторлардың бәрі бар. Мен жақсы білем, Ресейден жаңа бөлініп шыққан Қазақстан үшін де шетелден инвестиция тарту оңайға соққан жоқ. Бірақ президенттеріңіз үлкен ерлікке барды, есікті бірден АҚШ-қа ашты. Мен білгенде, Қазақстанға ең алғаш келген шетелдік компания – Теңізшевройл. Солай емес пе? Жаңылмасам, 1993 жылы  Нұрсұлтан Назарбаев пен Кеннет Дерр Алматы қаласында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімге қол қойды. Қазақстан-Америка мұнай келісім-шартының жасалуы – Бүкіл дүниежүзі үшін экономикалық қана емес, саяси да маңызы зор бастама болды. Сөйтіп, Қазақстан Орта Азияда бірінші болып, әлем назарын өзіне жалт қаратты.

Демек, жас мемлекет болуына қарамастан, бүгінде Қазақстан  – инвестиция тартуда, инвесторлармен жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие елдердің алдыңғы қатарында тұр.  Әйтпесе, елдеріңіз аз ғана жылдың ішінде осыншалық нәтижеге қол жеткізе алмас еді. Дәлел керек болса, бір ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін айтсақ, жеткілікті болмақ.

Қазақ кәсіпкерлерге келсек, олармен жұмыс істеу қиын емес. Өйткені біздің арамызға дәнекер болып жүрген білікті азамат бар. Ол – менің отандасым Мұхаметкөксеген Хамитұлы. Сіздердің тілмен айтқанда, «Оралман» қазақ. Мұхаметкөксеген кәсіби энергетик, төрт патент тапқырлаған ғалым, дипломат адам. Менің қазақстандық кәсіпкерлермен танысуыма, қорықпай инвестиция салуыма себепкер болған сол кісі.

Ал, қазақстандық әріптестерім туралы айтсам, «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясы аталған жобаларды іске асыру үшін шымкенттік «Атамекен-Қуат» ЖШС-мен келісім жасап отыр.

Келісім жасамас бұрын, әрине, болашақ әріптсіңнің жағдайын жақсы білуің шарт. Қазақстандық «Атамекен-Қуат» ЖШС Күн энергиясы стансасын салумен  айналысады екен. 2013 жылы Онтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақбай ауылына «Аксуэнерго» ЖШС-ның ұсынысымен қуаттылыгы 1 МВт күн нұры электрстансасын iске косып беріпті. Сондай-ақ, 2016 жылы «Казатомпром-Sauran» мекемесінің Онтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Таукент ауылына салған қуаттылығы 225 КВт энергия өндіретін  электрстансасының да iске қосу жұмыстарын да (инжиниринг жумыстары) осы серіктестік жүргізіп беріпті. 2017 жылы «Саутсойл» компаниясына Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Біркөлік демалыс аймағындағы қуаттылыгы 150 КВт күн электрстансасын орнатып беру жұмысы да осы ЖШС-ның қолымен істеліпті.

Біз барып, соның бәрін  өз көзімізбен көріп қайттық. Аталған стансалар түгелдей жоғары деңгейде орнатылған және ақаусыз жүмыс істеп тұр.

Ал, «Атамекен-Қуат» ЖШС жасаған 1 МВт/сағ қуаттағы күн электр станциясының жобасы  Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысы атынан ұсынылып, Қазақстан павильонына қойылыпты...

- Бірігіп атқаратын жобалараңызға Қытай жағынан да мамандар келе ме?

- Екі-үш маман ғана уақытша келуі мүмкін. «Атамекен-Қуат» ЖШС-ның өзінің де білікті, кәсіби мамандары бар. Олар өздері де бұл жұмысты атқара алды.

- Сонымен жұмыты бастадыңыздар ғой?

Иә, алғашқы бірбөлім жобалар іске аса бастады.

14 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болдық. Облыс әкімі бізді өте жылы қабылдады. Қабылдауда менімен бірге Мұхаметкөксеген Хамитұлы, «Атамекен-Қуат» ЖШС-ның директорлар кеңесінің мүшесі Бақыт Әлімқұлов, «Нұр Отан» партиясынан Өмірұзақ Мелдаханов, Облыстық Инвестиция, даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейітов бірге болды.

Кездесуде Жансейіт Қансейітұлы «Жобаларыңыз көңілге қонымды. Өйткені, біздің өңірдің табиғаты күн сәулесінен электр жарығын өндіруге өте қолайлы. Сондықтан екі тарапқа да тиімді жобаны тездетіп іске асыру қажет. Қажетті жер телімін бөліп беріп, қажетті қолдауларды көрсетуге әзірміз», – деді ағынан жарылып.

Біз тоқпен жүретін мотоциклдердің құрал-жабдықтарын алып келіп, Шымкентте қажетті құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Әкім айтқанын орындап, «Атамекен-Қуат» ЖШС-не зауат құратын орынды бірден шешіп берді. Енді аталған мотоциклдерді сол зауатта құрастырып, базарға шығарамыз. Оның құны 30 миллион АҚШ долларын құрайды.

Егер жоспарымыз сәтті іске асып жатса, тоқпен жүретін жеңіл көлік пен қоғамдық көліктерді де осында құрастыру ойымызда бар.

Құны 20 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір жоба – Күн нұрымен істейтін фотоэлектр панельдерін шығаратын зауытты осында іске қосу. Оның да жұмыстары жүріп жатыр. Жансейіт Қансейітұлы оған қажетті жер мәселесін де шешуге тапсырма берді. Шаруа шешілу алдында тұр.

Жоспарға сәйкес, қомақты жобамыз – Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы аумағында қуаттылығы 100 мвт болатын  күн электр стансасын салу. Бұл өңірді таңдаған себебіміз, Оңтүстікте бір жылдың 300 күнінде Күн сәулесі төгіліп тұрады. Оған 150 млн. АҚШ долларын құюға дайынбыз. Облыс әкімі қажетті жерді белгілеп, құжатын берді. Осы қазан айында құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап қойғамыз. Бірақ кешігіңкіреп жатырмыз. Себебі, бұл жобаға мемлекеттің кепілдігі керек. Нақтылап айтсам, аталған жобаны іске асыру үшін, электрстанса іске қосылған соң, одан өндірілген электр қуатын Үкіметке сатып алу туралы Қазақстан Республикасы  Энергетика министирлігінің кепілдігі керек.

Егер, Энергетика министирлігі электр қуатын сатып алу туралы кепілдік берсе, біздің «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясы Қытай Халық Республикасының «Бір жол бір белбеу» қызмет тобына кіреді де Қазақстанға қаржы бірден аударылады.

- Сонда біздің Энергетика министирлігі «электр қуатын сатып аламыз» деп, кепілдік бермей отыр ма?

- Жоқ, олай деп үзілді кесілді айта алмаймын. Қазақстан Басшысының елге инвесторлар шақыру, инвестиция тарту туралы Үкімет мүшелерінің дұрыстап сөйлесуі керектігі жайлы үнемі айтып отыратынын мен жақсы білем. Мемлекеттік сапармен барған елдерінде де кәсіпкерлермен кездесіп, Қазақстанға шақырып жатады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы қыркүйек айында Қытайдағы электронды сауда саласының көшбасшысы болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жеткен «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы Джек Мамен (Ма Юнмен) арнайы кездесуі соның дәлелі. Президенттеріңіздің инвестор тартудағы талғамы өте жоғары. Шынын айту керек, соңғы отыз жылға таяу уақыттың ішінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде инвестиция тартуда алдына ешкімді оздыра қойған жоқ. Ендігі жерде Қазақ Елімен бұл салада бәсекеге түсетін бір-ақ ел бар деп ойлаймын. Ол – Өзбекстан. Өзіңіз білесіз, Өзбекстан  Орта Азияда жабық ел болды. Қазір Өзбектің жаңа басшысы Шавкат Мирзиеевтың тебіні күшейіп барады. Тіпті, «Кәсіпкерлікті жеделдетіп дамытуды, жеке меншікті жанжақты қорғау мен іскерлік ахуалды сапалы жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жеңілдіктер туралы» арнайы Жарлық шығарды. Оның үстіне, тұтынушының көптігі, еңбеккүштің арзандығымен бірге, Өзбекстанның климаты Күн электр стансасын салуға тіпті де қолайлы. Егер, Өзбекстан осы беталысынан таймаса, ТМД елдері «Инвестициялар туралы» заңдарын қайта қарауға мәжбүр болуы мүмкін.

-Қысқасы, «ЭКСПО»-ны Қазақстан өткізіп, қызығын Өзбекстан көрмесе болды  дейсіз ғой?

Кәсіпкерлер үшін қай елде де жоғары дәрежелі басшылармен кездесу оңайға түспейді. «Атамекен-Қуат» ЖШС-ның жігіттері бір жылдан бері барын салып, жүгіріп жатыр. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Т. Тоқтабаевта болыпты. Облыс әкімі қабылдауынан кейін, 6 қазанда «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Энергетика министрлігінің сол кездегі вице-министрі Әсет Мағауов мырзамен жолығып қайттық. Әріптестерім ҚР Энергетика министрінің атына жазылған өтініштерін тапсырды. Өкінішке орай, Әсет Маратұлы қызметтен босатылып кетті. «Атамекен-Қуат» ЖШС өзімен әріптес «Дала Солар» ЖШС-нің атынан енді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мырзаға хат жазып, қабылдауын сұрап жатыр. Біз де соның нәтижесін күтудеміз. Министр бізді қабылдап қалар деген ойдамыз.

- Ге Дженсон мырза, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Дәурен Қасенұлы

Тілмәштық қызмет жасаған М. Хамитұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 622
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 370
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 363
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 368