Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3808 0 пікір 26 Қараша, 2010 сағат 03:46

Шархан Қазығұл. Қазаққа нигилизм қауіпті ме?

Жұмыс орныма автобуспен барғанды жақсы көремін. Халықпен бірге жүргенге не жетсін! Көп нәрсеге көз жеткізесің! Біз қалай өмір сүріп жатырмыз? Тұрмысымыз қандай? Мәдениетіміз қандай? Бәрін байқауға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, бір нәрсе көзге ұрып тұрады. Ол - эгоизм. Қазақтарды қатыгездік жайлап барады деп жылағымыз келмейді. Дей тұра, көп жағдайда адамды адамның менсінбейтін қасиеті күн өткен сайын күшейіп бара жатқандай әсер қалдыратыны қарын аштырмай қоймайды.
Жолаушылардың жадырап отырмайтыны өз алдына, көптің көзін шұқығандай болмайық, жалқы адамды айтсақ та жеткілікті. Ал, автобустағы жалқы адам - кондуктор. Міне, осы кондуктордың өзі «кісі»! Саған қарамайды да. Жанарын тиын-тебеніңнен алмаған күйі билетіңді теріс айналып бара жатып беріп кетеді. Сені Меккеге арқалап апара жатқан адам бұлай міндет қылмас! Бұрынырақта «халыққа мәдениетті қызмет көрсету» деген термин бар еді. Қазір оны ұмыттық. Асы болсақ қайттық, біздегі эгоизм таң атпай жатып дәл осы автобустан басталады. Кешке дейін оның талай түрін көресіз. Дегенмен, бәрін тізіп отырғың келмейді.

Жұмыс орныма автобуспен барғанды жақсы көремін. Халықпен бірге жүргенге не жетсін! Көп нәрсеге көз жеткізесің! Біз қалай өмір сүріп жатырмыз? Тұрмысымыз қандай? Мәдениетіміз қандай? Бәрін байқауға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, бір нәрсе көзге ұрып тұрады. Ол - эгоизм. Қазақтарды қатыгездік жайлап барады деп жылағымыз келмейді. Дей тұра, көп жағдайда адамды адамның менсінбейтін қасиеті күн өткен сайын күшейіп бара жатқандай әсер қалдыратыны қарын аштырмай қоймайды.
Жолаушылардың жадырап отырмайтыны өз алдына, көптің көзін шұқығандай болмайық, жалқы адамды айтсақ та жеткілікті. Ал, автобустағы жалқы адам - кондуктор. Міне, осы кондуктордың өзі «кісі»! Саған қарамайды да. Жанарын тиын-тебеніңнен алмаған күйі билетіңді теріс айналып бара жатып беріп кетеді. Сені Меккеге арқалап апара жатқан адам бұлай міндет қылмас! Бұрынырақта «халыққа мәдениетті қызмет көрсету» деген термин бар еді. Қазір оны ұмыттық. Асы болсақ қайттық, біздегі эгоизм таң атпай жатып дәл осы автобустан басталады. Кешке дейін оның талай түрін көресіз. Дегенмен, бәрін тізіп отырғың келмейді.
Ең сорақысы сол, эгоизм енді «темір жәшіктен» мойнын қылтита бастады. Жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде теледидардан қазақша хабар көріп отырып, жағамызды ұстадық. Бір әнші шықты. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйық, жарнамалағымыз келмейді. Еліріп отырып айтқан сөзі жүйкеге қатты әсер етті. ТV газет емес, дәл цитата келтіре алмайсың. Мазмұны мынадай: «Мен шоу-бизнесте сегіз жыл бойы ән салып келе жатырмын. Сендер неге әлі күнге дейін мені танымайсыңдар?!».
Бұған дейін де әнші қауымына деген симпатиямыз шамалы еді. Мына сөзден кейін «тіпті үндей алмай қалдымның» кебін кидік. Шынында да осы сөз эгоизмнің нағыз көкесі болды. Әнші інімізше сырнайлатсақ, дүниенің тірегі - шоу-бизнес. Оған қоса тағы бір жігітіміздің айтқанына сенсек, қазір халықты тек әншілер тәрбиелеп жатқан көрінеді. Ал, керек болса!
Қауіп сонда, эгоизм күндердің күнінде нигилизм деген ауруды туғызбай қоймайды. Бұл сырқаттың да түрі көп. Көркемдік заңдылықтарды жоққа шығаратын эстетикалық нигилизм әсемдіктің барына күмән келтіруімен ерекшеленеді. Танымдық деген тегі бұдан да қорқынышты. Ол ақиқатқа қол жеткізудің тіптен мүмкін еместігін насихаттайды.
Біздің қоғамымызда этикалық нигилизм басымдық алғанға ұқсайды. Ол жалпыадамзаттық моральды, тұтастай алғанда ізгіліктің барын жоққа шығарады. Пессимизмге апарып тірейтін осы жол адамның өзіне деген сенімін жоғалтуына әкеліп соғады. Сенімсіздік пайда болған жерде кез келген адам міндетті түрде маскировкаға барады. Ал, бұл өз кезегінде біз күнде автобустан көріп жүрген жасанды эгоизмді тудырмай қоймайды. Жасанды дейтін себебіміз, ол - құнардан қалқиып шыққан эгоизм емес, тақыр жерде тұрған эгоизм.
Қарапайым түсіндірсек, шылқыған шонжардың өркөкіректігі байлықтың буына негізделетіні рас. Ал, кондуктор мен қабылдау бөлмесінде отырған шынашақтай қыздың тәкаппарлығы неге негізделгені көп жағдайда түсініксіз. Айналып келгенде, бұл эгоизм жалған намысқа ғана құрылып тұр. Басқа ештеңе де емес.
Аталмыш ұғым ең алдымен «жоққа шығару» дегенді білдіретінімен алаңдатады. Шынында да барды бар, жоқты жоқ деп айтпау жақсылыққа апармайды. Бұл түсініктің түбіне тереңірек үңіле түссек, белгілі бір нәрсені жоққа шығаратын кесір қасиет адамның шарасыздығынан туады. Жасампаздық құдыретіне қол жеткізе алмаған пенде осы осал тұсын бүркемелеу үшін амалсыз эгоизмге ұрынады. Қоғамда өзін моралдық тұрғыдан сақтап қалудың бұдан асқан тәсілі жоқ.
Иван Тургеневтың кейіпкері есіңізде болар. Базаров өмірді жалғыз өзі өзгерте алатынын мақтанышпен айтпай ма?! Жағдай да, орта да және уақыт та оған ешқандай тосқауыл қоя алмайтынына паңқитынын жадыңызда жаңғыртып көрсеңіз, көп нәрсенің беті ашылады. Ол басқа адамдарды да, тіпті тұтастай қоғамды да өзінің ыңғайына келтіруді армандау арқылы айналасына қаншама қолайсыздық тудырады?! Әлгі әнші жігітіміз де сол сойып қаптап қойған Базаровтың өзі дерсің. Бүкіл қазақ соның әнін тыңдап отыруымыз қажет! Жасымыз да, жасамысымыз да шоу-бизнестен ғана нәр алуымыз керек! Не деген нигилизм, а?! Келісеміз, біз пікірлер әралуандығын әрқашан құрметтеуге тиіспіз. Бірақ, бір әншінің пікірін ғана дұрыс деп тануды, оны басқаларға зорлықпен таңуды түсіну - мүмкін емес.
Таласпаймыз, біздің шоу-бизнеске ешқандай қарсылығымыз жоқ. Ол да қазіргі күні қажет дүниелердің бірі. Өйткені, «массовая культура» көп кісіге керек. Терапиялық өнердің түбіне балта шабудан берекет табам деу - бекер іс. Осы мәдениет болмаса, біраз балақайдың өмірге құштарлығы семе бастар еді. Сондықтан да бұл өнерге соғыс ашудан аулақпыз. Дей тұра, «біз болмасақ, бәрі қараң қалады» деген нигилистік қасаң көзқараспен де келісу қиын. Өйткені, біреулер қараң қалғанымен, біреулер қараң қалмайды. Кешіріңіз, біз барлық өнердің бейбіт қатар өмір сүргенін тілер едік. Сол арқылы нигилизмге қарсы дауыс беруге бармыз. Қарапайым қайырсақ, өнер атаулының өлмегенін қалаймыз, сонымен бірге «сенің жаныңды біз ғана алып қаламызға» келіп саятын таяз сөзге де сенгіміз келмейді. Бүгінгі әңгіменің ең басты рационалды дәні осында жатыр.
Әлгіндегі хабарда енді бірі компьютердің көзін жою керек деп табандап отырып алды. Ау, ағайындар-ау, бүкіл адамзаттың жарты жұмысын жалғыз өзі атқарып отырған толағай техниканы тіршілігімізден қалай сызып тастайсың! Өйте алмайсың. Өйткені, өмірімізге дендеп кіріп алған, өзінің қажеттілігіне түбегейлі мойындатқан құдыреті күшті құрал енді «мен осы сендерге керекпін бе?» деп сұрамайды да. Бүгін бүкіл әлемді әлдилеп отырған компаны құртсаң, дүние жүзінің барлық нүктесінде хаос басталады. Адамзат абдырап қалар еді. Иә, оның кесел қырлары да көп. Алайда, біз оның өзін емес, зиянды жақтарын жоюмен айналысқанымыз жөн. Жалпы алғанда, кез келген даму өзінің логикалық жолымен жүретінін ескере бермейтініміз де көп жағдайда манадан бері айтып отырған нигилизмнің ауылына алып келеді.
Хабардың өн бойында бір ғана сөз көңілден шықты. Академик Асқар Жұмаділдаев айтты: «Жазу - сіздің құқығыңыз, оқымау - менің құқығым». Құлаққа қонады. Нигилизм ауруынан айықтыратын оқшау ой. Өмір сүріп жатқан адамның азаматтық, рухани және тағы басқа толып жатқан аспектілердегі құқығын ешкімнің де шектеуге қақысы жоқ. Оған «сен мынаны оқы», «сен шетелдің мультфильмін қарама» деген тәріздес нигилистік нұсқау беру әсте абырой әпермейді. Астананың кітап дүкендерінен қазақ ертегілер жинағын таба алмаған балаларды «Ертөстікті білмейді, Шректің шырмауында қалды» деп жазғыруға бола ма?! Отандық өнімдер дефицитін өзіміз толтыра алмай отырсақ, ол үшін басқаларды кінәлау - шарасыздық. Нарықтық қатынастарға көштің екен, енді бізден бизнес сұрамайды, өз өнімің бар ма, жоқ па, шетелден әкеліп үйіп тастайды. «Жақсысынан - үйрен, жаманынан - жирен». Енді тек осы принципті басшылыққа алу қажет. Өмірдің реалийі осы!
Өз өнімің өтпей жатса, өзгені емес, өзіңді кінала. Бәсекеге қабылетті болуға бейімдел! Намысыңды оят! Басқалардан оқ бойы озық болу ғана бізді мықты мемлекеттілікке жеткізе алады. Қалған жолдың бәрі бекер. Бөтен елдің тауарын әкелуге тыйым салумен мәселе шешілмейді.
Қазіргі жаһандану заманында секунд сайын сартылдап түсіп жатқан ақпараттар мен оқиғалардың бәрін білу де мүмкін емес. Не көп, газет көп, не көп, әнші көп. Дегенмен, тұтас халықтың дүниенің бәрін біліп отыруы - ақылға сыймайтын іс. Әркім көңіліне жақын, өзін қызықтыратын құндылықтарға құштарлығын сақтап қалуға тырысады.
Бизнесте шын мәніндегі бәсекелестік өзінің апогейіне жеткенде, рынок альтернативті тауарлар мен қызметтерге түпкілікті толғанда барып біз «ширпотребтен» құтыламыз. Тек сапалы тауар өтетін кезде барып «Талғам» деген категория аренаға шығады. Осы ұғым өз кезегінде біздің жүрегімізде үлкен мәдениетті орнықтыра алады. Иә, иә, Жүрегімізде. Мәдениеттің астанасы - Жүрек. Ізгілікке ұмтылған адам ғана мәдениетке қол жеткізеді. Ізгілікке ұмтылған адам ғана Гуманист бола алады. Әрине, жекелеген адамдар бұл дәрежеге әлдеқашан көтерілгенін жоққа шығармаймыз. Бұл жерде тұтас қоғамдағы жағдайды айтып отырмыз. Бәсекелестік пен талғам тіршілігімізге кірмей тұрып бойымыздағы эгоизм мен нигилизмнен құтылатынымызды кесіп айту қиын. Сөйлемді кері қарай бұратын болсақ, бәрімізді үлкен Мәдениеттілікке апаратын Бәсекелестік пен Талғам біздің қоғамда әлі қалыптасып үлгерген жоқ.
«Қазір ешкім кітап оқымайды» деп ренжитін кейбір жазушылар қалың оқырманды жалпылама кінәлаудан гөрі мұның себеп-салдарын өз жазғандарынан іздегені дұрыс. Бұл тек жазушылыққа ғана қатысты мәселе емес. Кез келген өнерде де осы формулаға жүгінген жөн. Ванесса Мей «скучно» сайрайтын скрипканың өзін сүйіспеншілікпен тыңдаттыра білген жоқ па? Зорлап емес, зейін аударта! Жаңа пішін арқылы! Қай кезде де халықты өнерге осылай қызықтырар болар!
Құндылық біткеннің бәрі де бизнестің принциптеріне егіздің сыңарындай өте ұқсас. Сапалы зат ғана пышақ үсті өтеді. Ұсыныс сұраныс болса ғана жасалуы шарт. Әркім қажетті затын сатып алады. Жұрт көрпесіне қарай көсіледі. Қаржысына қарай тамақ ішіп, қалтасына қарай киінеді. Қанша жерден жарнамалағаныңмен, елдің сатып алу мүмкіндігі мен талғамына сәйкес келмейтін тауарды өткізу қиын.
Өнерде де солай. Көптің көкейіндегіні дөп басқан өнер туындысы ғана резонанс тудырады. Біз өзіміз түсінетін өнерді ғана бағалаймыз. Ой өрісіміз жеткен жердегі шығарманы қабылдаймыз. Тісіміз бататын дүниеге тұщына аламыз. Қанша жерден жарнамалағаныңмен, жекелеген адам қажетсіз нәрсені керек етпейді.
Әрине, бұл жерде уақыт факторының рөлін де айтпай кетуге болмайды. Шынайы өнер өз заманында қабылданбауы да - өмір парадокстарының бірі. Бірақ, шедевр күндердің күнінде бәрібір мойындалады. Ағылшын Артур Блейк естеріңізде ме? Отандастары поэзиясын түсінбегендіктен Парижге кетіп, сол жерде қайтыс болған оған британдықдар жүз жылдан кейін аһ ұрғаны тарихтан белгілі. Ақын мүрдесін Англияға әкеліп жерлеген бесінші ұрпақ Францияға мемлекет қазынасынан 1 миллион доллар ақша төледі емес пе? Иә, нағыз өнер осылай табындырады.
Халық бар, жеке адам бар. Жалпыдан жалқыны бөліп қарастырғанда түрлердің әр алуандығына тап болатының ақиқат. Біреу - білімді, біреу - орташа, біреу - білімсіз. Интеллектуальдарды мақтап, көкалажалпақ болып, көкке көтерудің қажеті жоқ. Білімі төмендерді табалап, тас лақтырып, тысқары тастай алмайсың! Мықтылардың да осал тұстары өздерінен артылмайтынын көзіміз көріп жүр. Әлсіздердің де әлем әйнегіндегі әсемдікті әспеттей алмаса да, әдеміліктен әсер алатыны анық.
Алла-тағаладан асқан өнер иесі жоқ! «Космос» деген сөздің аудармасы сұлулық екенін қазір екінің бірі біледі. Жер де сондай әдемі. Тау да. Тас та. Өзен-көлдер. Көкорай шалғын, гүл, оған қонған көбелек, бәрі-бәрі - Жаратқанның бізге жіберген әдемі сыйлықтары. Әне бір әнде айтылатын «себезгі нұрға шомылып жатқан Күн» мен «ерімей жатқан бір қырау» да қандай керемет! Кескіндемеші де, жазушы да, композитор да осы Алланың жанды суретін негізге алып туындыгер атанады. Иә, олар Тәңірдің табиғи туындыларын басқаларға қарағанда көбірек сезіне біледі. Содан барып, творчество туады. Әрине, әлемдік әдебиет пен өнерді көзге ілмейтін тоғышарларлар да жер бетінде аз емес. «Мы живем в эпоху, когда необходимы только бесполезные вещи» деген Оскар Уайльд әлі күнге дейін бізбен бірге өмір сүріп жүрген секілді. Иә, үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатып өнер атаулының қадыр-қасиетін білмеу өресіздікке ұрындыратынын ұқпайтынымыз - әрине, этикалық эгоизмнің нақ өзі.

Қазаққа нигилизм қауіпті ме? - 2

 

Нигилизм деген айсбергтің көзге көрініп тұратын сегізден бір бөлігі өнердің айналысынан туындайды. Бірінші бөлімдегі әңгіменің сағыздай созылып кеткені де сондықтан. «Тығылып» тұратын сегізден жеті бөлігі - басқалар. Қартаудың астына үңілсең, қалғандарын да бажайлайсың. Қазір бай кедейге мұрнын шүйіретін болды, ал, кедей өзінше кердеңдейді. Бүгінгі күні дүниесі түгел кісі ыңғыршағы айналған байғұсты, ал «сығарға биті, үрерге иті жоқ» бишара көзін май басқан шонжарды жоққа шығарып жүргені де - тұрмыстық нигилизмнің классикалық үлгісі! Өйткені, тақыр адамға төбеден қарау да, байлықты жиіркенішпен қызғану да жоққа шығаруды білдіретіні бесенеден белгілі. Әрі қарай кеттік. Шенеуніктің қарапайым халықты көзге ілетіні шамалы. Ал, бұқара жоғарыдағыларға сенімсіздікпен қарайтыны тағы рас. Бұл жердегі биліктің эгоизмі мен халықтың селқостығы да бірыңғай жоққа шығару болып табылады. Алайда, осындай нанымға негізделген нигилизмнің қай түрі де жеңіске жете алмайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Себебі, нигилизм - өзінің о бастауынан жасампаздыққа құрылмаған көзқарастар жиынтығы.
Жалпы нигилизм атаулы қалай пайда болады? Біздің ойымызша, мұның арғы бастауында адамның жерлестерінен ерекшелену мақсаты жатыр. Кез келген қоғамда біреулер сұлулығымен, енді біреу күшімен, келесісі білімімен оқшауланады. Осы қасиеттердің арқасында оларда эгоизм пайда болады. Ал, өркөкіректік өз кезегінде жеке адамның амбициясын тудырады. Осы тізбек ақыр аяғында нигилизмге әкеліп соғады. Қоғамдағы мұндай құбылыс басқалар үшін қауіпті ме? Жоқ.
Неге? Сіз соңғы Пекин Олимпиадасында гимнастикадан чемпион болған бес спортшыны атап бере аласыз ба? Атап бере алмайсыз! Ғарышта болған соңғы бес космонавты ше? Сіз бұларды тегіс түгендеменіңізге соншалықты қапаланбайсыз. Өйткені, біздің әрқайсымыздың жеке өміріміз бар. Соны күйттеп жүрміз. Әлгі спортшылар да, ғарышкерлер де айналып келгенде ең алдымен өз тұрмысын жақсарту үшін сондай шаруаларды атқарды. Сондықтан да кез келген жеке адамның қоғамда ерекшеленуі басқаларға ешқандай қауіп төндіре алмайды.
Белгілі бір дәрежеде жетістікке жеткен кісі де оны басқаларға міндет қылмауы тиіс. Алла-тағаланың алдында сұрауда тұрған молда «Мен дін жолында қызмет еттім» дегенде Жаратқан айтқан екен: «Сен мұның бәрін өз қарақан басыңның жағдайын жасау үшін істедің. Адам болып өмір сүру тіпті басқа әңгіме». Көрдіңіз бе, қандай философия?! Айналып келгенде, сенің фонограммамен ән салғаның тұрмақ, бес уақыт намазыңды міндет қылуға құқың жоқ.
Әрине, адам пенділігін істемей қоймайды. Бәрі емес. Дей тұра, көпшілігі екеніне күмән жоқ. Кейбіреулер мына жалғанда өзінің жасап жүрген ісін ғана керемет шаруа деп көрсеткісі келеді. Бүкіл халықтың назарын соған аудартудың әлегімен жүреді. Мұны дүниенің кіндігін ұстап тұрғандай іс-қимылынан анық аңғарасың. Бірақ, барлық нәрсенің ыстық-суығы күндердің күнінде басылады. Халық бәрін електен өткізеді. Кімнің кім екенін анықтап, әркімді өз орнына қояды. Бұл - тек уақыттың ісі. Нигилистердің өздері де мезгіл өте келе мұның бәрі Ресейдің телебағдарламасындағыдай «Минута славы» екенін түсінеді.
Нағыз өнер ғана мәңгілік бола алады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол бастапқыда қабылданбай қалуы да ғажап емес. Өйткені, құндылықтар қырық құбылып, күнде девальвацияға ұшырап отырған қазіргідей кезеңде таза өнер тез өтетін жылтырақтың тасасында қалып қоюуы да бек мүмкін. Бірақ, шын асыл бүгін еленбегенімен, ертең міндетті түрде биікке көтеріледі. Сөздің келер жағы, қоғамымызда көп талас тудырған «Келін» фильмін де осындай тағдыр күтіп тұр деп ойлаймын.
Бірақ... «Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы алғашқы номеріндегі Ермек Тұрсыновтың сұхбатына байланысты бір ойымызды айтпай кетуге арымыз жібермейді. Туған халқыңның көпшілігі бұл туындыны түсінбеді деп сары уайымға салынудың қажеті бар ма, Ереке! Сен шынайы искусство адамысың, бүкіл қазаққа ренжу артықтау болды!
Сөз жоқ, фильмді өз басым көрген бетте жоғары бағаладым. «Келін» - қазақ киноматографиясындағы толағай табыс. Нағыз көркем туынды. Әлемдік киноөнерінде жаңалық ашқанымен де құнды шығарма. Бір ауыз сөз қолданбай, тек көріністер арқылы кесек дүние жасау бұған дейін ешкімнің қолынан келген жоқ. Ең бастысы, туындыдан ешқандай жасандылық байқамайсың. Көркемдік дәрежесі өте жоғары деңгейдегі отандық фильмнің «Оскарды» қанжығасына байлай алмағанына да қайғырудың қажеті шамалы.
Жалпы, награда мен атақ деген нәрселердің барлығы қолдан жасалатынын қазір ел біледі. Әлемдегі ең зор атақ деген Нобель сыйлығының өзі о басынан әділетсіздікке құрылғанын теріске шығара алмайсың. Жауласқан адамы математик болғандықтан ғана осы салада сыйлық тағайындамауды өсиет етіп кеткен Нобельді тиянақты түсіну қиын. «Дін - ғылымның атасы» деп Мұқағали Мақатаев айтпақшы, математика ғылым атаулының ішіндегі ең сорлысы емес еді-ау!
Атақ демекші, марапат пен мақтауды суқаны сүймейтін Әбдіжамил ағамызға барып, сәлем беріп шықтым жуырда. Классик «Соңғы парызды» өлгенше қысқартып отырғанын көріп, маңдайымнан ащы тер бұрқ етті: «Ойбай-ау, Әбе, мынауыңыз не? Жасап жатқаныңыз қылмыс. Қанша жерден автор болсаңыз да, халықтың рухани қазынасына айналып үлгерген кітапқа қол салуға қандай қақыңыз бар?». «Әй, слушай, сексеннен асқан менен де өтіп кеткен консерватор екенсің. Марк Твен «ХХІ ғасырда тек әңгіме ғана оқылатын болады» деп айтып кеткенін сен білесің бе? Мына далақпандай дилогияны енді кім оқиды?! Жазғанымды келешектегілердің де кәдесіне жаратудың қамы менікі. Мазамды алма!».
Мұндай жанкештілікті, мұндай халық алдындағы жауапкершілікті көрсем, не қыл дейсіз?! Бұл - өзінен басқаны жоққа шығару емес, басқалар үшін өзін өзі жоққа шығару емес пе?! Әдебиетті ғана емес, әр нәрсені де ардың ісі санайтын мэтрден үйренетін нәрсе өте көп. Кез келгеніміз өз өзімізге сол кісі сияқты талап қоя білсек, сол кісі сияқты жалған намыстың жамылғысын сыпырып тастасақ, өркениетке әлдеқайда жақындай түсер едік!
Әбдіжамил Нұрпейісов туралы жазған сайын бүркіт туралы заманауи аңыз ойға орала беретіні несі екен?! Қазаққа да, әлемге де өзін бірдей таныта білген көзі тірі бірегейіміз болғандықтан болар, бәлкім! Аңызды айтайын. Шетелдік бизнесмен «мынау керемет құс көрінеді, бұдан пайда табуға болатын сияқты» деп бір тау бүркітін сатып алып, еліне апарады. Туған топырағында қанша жерден керемет атаулының нәні болса да, жат жерге бейімделу бүркітке ауыр тиеді. Байғұс құс жаңа мекенді жерсінбей, ауа райы да жақпай, біраздан соң тамақ ішуді тіптен қояды. Асылын ардақтай білетін, еркелете білетін, бабын таба білетін өз иесіндей қайдан болсын?! Ас ішуге кедергі келтіріп тұрған болар деген оймен тұмсығын шауып тастайды. Бара-бара бүркіт ұшуға да жарамай, жер бауырлап жатып қалады. Жаңа қожасы денесі ауырлап кеткен болар деп қанаттарын қырқа бастайды. Түптің түбінде бүркіт бүркіт болмай қалады, қысқасы. Бұрын-соңды көрмеген құсқа келген бетте де тамсанып, қарық болмаған өзге жұрт бүркіттің бөтендігін енді анық біледі. Ақыры, бүркітті бизнесмен алған жеріне әкеліп тастайды. Тұмсығы шабылған, қанаты қырқылған бүркітті енді ауылында да ешкім танымайды, ешкім бүркіт екен деп қабылдамайды. Осылай!
Мұны неге айтып отырмыз? Кез келген халық, кез келген адам өзінің тараған тамырынан ажырамау керек. Басқа елді бастапқы төл қасиетімен табындыру қолынан келмегеннің өзінде де, сол елдің болмысына бірігіп кетуден сақтануы тиіс. Ал, біз ше? Басқа елге бармақ түгілі, өз жерімізде жүріп-ақ бүркіттік біраз қасиетімізден айырылып барамыз-ау! Отанымызда отырып-ақ тұмсығымыз шабылған, қанатымыз қырқылған халықтың халіне жақындап қалған жоқпыз ба?!
Бүркіт бүркіт екенін бодандықта жүргенде де таныта білсе, нағыз бүркіт болады. Туған елі Тәуелсіздік алғанда да баяғы бүркіт екені байқалып тұрса, нағыз бүркіт болады. Балтық жағалауы мен Қап тауындағы халықтар да біз болған боданда болды. Бірақ, олар бүркіттігінің бүршігін де бүлдірмей сақтай білді. Ал, біздің қолымыздан ол келмеді. Өте өкінішті!
Бір білетініміз, кез келген қоғамда сатиралық стильге сұраныс жоқ. Салиқалы сөзге де адамдарды ұйыту барған сайын қиындап барады. Сондықтан да осы күні қалжыңға құрылған әңгіме ғана құлаққа қонатын сияқты. Осы ойымызға сүйеніп, әзілдесек: «Жизнь - это улыбка. Даже тогда, когда по щеке бегут слезы». Иә, қайғымызды да күліп отырып айтатын халге жеткен соң, не қайыр?!
Тобықтай түйін: жылай бергеннен де жыртығымыз жамалмайтынына көзіміз анық жетті. Жалған намыс та жоғымызды тауып бермейтіні белгілі болды. Бірімізді біріміз жоққа шығарғаннан да көсегеміз көгеретініне күмәніміз күшейіп келеді. Десек те, әр нәрсені өз атымен атау ғана абырой әперетінін әлімсақтан білетін халық емес пе едік! Шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп шындықты айтқан Махамбеттей ақынын қарсыласымен қасық қаны қалғанша қақтығысқан Исатайдай батырымен бірдей бағалаған қазақ едік-ау! Сол қасиетімізден айдың-күннің аманында неге айырылуымыз керек?! Өмір реалийлерін қабылдай білген халық ғана биікке көтеріле алады. Ал, ақиқаттан алшақтаған сайын Арымыздан айырыла беретініміз айтпаса да түсінікті. Әңгімеміздің әу басында бір еске салып кеткен танымдық нигилизм осынысымен қауіпті. Ақиқатты жоққа шығару - Арымызға сын.
Айтары жоқ, тірісінде ешкімнің, барында ешнәрсенің қадірін біле бермейтін салғырттығымыздан құтыла білсек, кісіге де, кішіге де құдайшылығымызды айтып отыратын қапысыз қалпымызға қайта оралсақ, Арымызды сақтап қаларымыз хақ! Тек ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, қол жеткізетін «Бәсекелестік - Талғам - Мәдениеттілік» үштағаны ғана қазақ халқын ұшпаққа алып шығатынына сонда кәміл сенесің.

 

"qogam.kz" cайты

 

 

0 пікір