Сенбі, 11 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 11586 42 пікір 25 Тамыз, 2017 сағат 14:12

Кремльдің кезекті пропогандасы

Кремльдің кезекті пропогандасы туралы сөз қозғаймыз. Мәскеудегі "мәйітхананың" (Лениннің мазарына айналған Кремльді айтып отырмыз) Григорий Миронов дейтін саясаткерсымағы Қазақстанды тілдеп, оның территориялық тұтастығын, ұлтаралық татулықты бұзуды көздейтін пікірін айтыпты. Оны жариялаған "Новороссия" (Жаңаресей) сайты.

Мақала осы жерде жарияланған:

http://kolokolrussia.ru/novosti/esli-kazahstan-ne-stanet-federaciey-to-ego-mojet-jdat-sudba-ukrain

https://www.novorosinform.org/opinions/2295

Григорий Миронов тарих ғылымының докторы екен-міс. Міне, сол Миронов әй жоқ, шәй жоқ, былай дейді: "Қазақстандағы орыстар өздерінің этникалық жерлерінде тұрып жатқанын Астана мойындағысы келмейді. Ол жерлерді большевиктер қазақтарға сыйға тартқан жерлер. Дейтұрғанмен, орыстар онда жергілікті және авторитетті ұлт".

Ең сорақысы сол, Астана әріптес көретін Кремльдің айтағындағы ала күшік "Қазақстан Ресейдің федерациясы болмаса, Украинаның кебін киеді" дегенді ашық айтты.

Осы тақылеттес ең негізгі деген ойлары төмендегідей өрбіпті:

"Қазақстан қазақылану жолына түсті. Бұл Қазақстанды моноэтностық мемлекет етуге бағытталған. Бұдан әрі жалғасатын болса, жағдай қиындай түседі. Бұның барлығы он жылдан кейін қазақты доминантты ұлт ретінде шығару үшін жасалып жатыр.

Сондай-ақ, Қазақстан аумағында бір-бірімен жауласып жүрген екі топ бар. Бірі орыстар әм орыстілді аз ұлттар. Олар қазақ тілін үйренгісі де келмейді. Екіншісі - қазақтар. Айтпақшы, "шала қазақтар" бар. Олар - орыстілді немесе орыстанып кеткен қазақтар. Осылардың жауластығынан от тұтанып кетуі мүмкін. Сондықтан, федерализация ғана Қазақстанды құтқарады", - депті білгішіміз.

Григорийдің сала-құлаш сөздерін қазақшаға қотарып жатуды ар санадық. Геосаяси сауатсыз әм агрессивті позицияда жазылған бұл мақаланың мазмұны осы, қысқаша.

Кремльдің шала-сауатты саясаткерсымақтары мен төсектегі теоретиктері осыған дейін де Қазақстанның территориясына шүйлігіп, елдің тыныштығын бұзуға, іріткі салуға тырысқан. Біз олардың әрқайсысы туралы жаздық. Қазақстанның құзырлы органдарына көздерін шұқығандай етіп, көрсетіп бердік.

Бір өкініштісі сол, ҚР Ақпарат министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР ҰҚК және басқа құзырлы органдар осы тектес шовинистік әм басқыншылық пиғылдағы ақпараттарды Қазақстанның ақпарат кеңістігіне еркін жіберіп отыр.

Қазақстан мен Ресей шекараласып қана отырған жоқ. Мемлекетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын экономикалық саясат ұстанып отыр. Қос бірдей одаққа мүшелік еттік. Сауда-саттық орнаттық. Мейлі, Ресей көп пайда көріп отырса да, көрші ақысын Құдай ақысына теліп, тыныш отырмыз. Тыныштығымыз маңызды бізге.

АҚШ пен Батыс елдері путиндік Ресейді санкциясының төпесіне алғанда, бауырлас деген Беллорусияның өзі Путин мен оның кабминіне жотасымен қарады.  Қазақстан ше? Керісінше. Ендеше бұл әділетті ме?

Кремльдің аузы лас арандатушыларына Қазақстан аумағында тыйым салынатын уақыт жетті емес пе? Ақпараттық қауіпсіздік қайда қалды? Арандатушылар мен бүлікшілердің провокациясы ашықтан-ашық ақпарат кеңістігінде тарала бере ме?

Ресейге бүйрегі бұрып тұратын  "троя аттары" бар

Досым Сәтпаев, саясаткер:

- Мұны кезекті провокация деп қабылдауға болар еді. Бірақ, біздің биліктің транзитіне әзірден әзірленіп жатқан Ресей элитасы бастаған көп жұрт осылай ойлауы мүмкін. В.В.Путинге біздің мемлекеттілігіміз туралы сұрақ қоюдың да сыры осында жатыр.

Кремль Астананың көпвекторлы саясатын тек қана посткеңестік саясаттың патриархының Қазақстанды ҰҚКД мен ЕАЭО-ға мүше еткендігі үшін кешіріп, төзіп келеді.

Билік транзитінен кейін бұл екі одақ та біз үшін  солтүстіктегі көршілерімізбен арамызды суытып, құрамынан шығуы көп қиындық туғызатын екі қақпан секілді болады.

Марқұм Ислам Каримов мұны жақсы түсінген болар, Өзбекстанның ҰҚКД-ға қосылуын тежеп, ЕАЭО-қа қосылудан бас тартты. Өзбекстанның қазіргі басшысы да осы саясатты ұстанып отыр.

Не десек те, ОА  елдерімен салыстырғанда, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасында маневрға алаң аз. Кей мәселеде геосаясат рөл ойнайды.

Оның үстіне Қазақстандағы орыс ақпаратының ықпалын ескерсек, республикамыздың ішінде-ақ, Ресейге бүйрегі бұрып тұратын  "троя аттары" бар.

Бірақ, оларға кеңестік және посткеңестік дәуірдің аяқталғанын түсінетін уақыт келді. Қазақстанда Тәуелсіздіктің жаңа ұрпағы, жаңа буыны өсіп жетілді. Олар өзінің тамырын мемлекетінен, тілінен және тарихынан іздейді.

Ал мұны қауіп көріп отырғандардың ниеті дұрыс емес. Олар бұл процессті тоқтатып, реті келсе кері қайтарғысы келетіні анық.

Және билік транзитін дер кезінде жасап, тұрақтылықты сақтау, елді дамуға бағыттау біздің басты мақсатымыз. Ал біздің ішіміздегі және сыртымыздағы жауларымыз бен, қара ниеттілерге суверенитетті бұзуға жол берілмеуі керек.

Кремльдің бұл идеологиясы сәләфизмнен де қауіпті

Дос Көшім, саясаткер:

- Өкінішке орай, шынын да Ресейдегі болсын, басқа елдердегі орыс азаматтарында осындай пиғыл, түсінік, ниет бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, Қазақстанның өзі ішінде де бірнеше топ бар, тырнағын ішіге бүгіп отырған.

Бұл бір ғана адамның пікірі емес. Үлкен бір қауымның, топтың идеологиясы. Кремльдің айналасында топтасқан бұлар кеңестік дәуірді, сүйегі қурап кеткен КСРО-ны қайта құрғысы келетін топтың қасақана жасап отырған әрекеті деп түсінемін. Бұл реванзишм. Бұл жалғыз Мироновтың сөзі емес. Осыған дейін де талай рет айтылып жүр.

Меніңше, мұны Мемлекет басшылары да түсініп отыр. Тек мұнымен күрестің нақты жолын таба алмай отыр.

Неге Ұлттық қауіпсіздік қызметі осындай басқыншылық пиғылдағы ақпараттардың жолын қиып, Қазақстанда таралуына тосқауыл қоймай отыр? Бұл маған да түсініксіз. Бұл Қазақстанның ақпараттық қорғанысы әлсіреп тұрғанын көрсетеді.

Қазір біздің Мемлекет тек сәләфизммен күресіп жатыр. Дұрыс. Бірақ, шындап келгенде орыстың осындай шовнистік идеологиясы сәләфизмнен де қауіпті.  Сәләфизмнің соңы - террор. Ал мына идеологияның соңы - Қазақстанның мемлекеттілігіне нұқсан келтірумен тынады. Егер Мемлекет дереу бір шара қолданбаса - Миронов секілділердің көксегені келуі әбден мүмкін.

Сосын тағы бір мәселе бар. Мироновтың да, басқаларының да айтатыны - қазақтар өз ішінде ырду-дырду деген ақпарат. Бұл олардың қазақтарды екінші сорттағы ұлт ретінде қабылдайтынының көрінісі. Олар қазақтар өз бетімен мемлекет бола алмайды деп түсінеді.

Сондықтан да қазақтың тіліне, дініне, мәдениетіне, сөзі т.б. тіл тигізіп, ашық мазаққа айналдыруда. Жаңылмасам, Керекуді кезінде жергілікті газет "кукареку" деп жазды. Осы секілді мысалдар көп-ақ.

Және қазақтар секілді, Қазақстандағы өзге диаспоралардың ішінде де талас-тартыс көп. Мысалы, Жетісу казактарының ішінде Захаровпен Шихотов, Машканцев дегендер бір-бірін сотқа сүйреп әлек болды. Немесе ұйғырлар да өз ішінде бірнеше топқа бөлініп, соттасып жүрді. Бірақ, біз бұл туралы жазбаймыз, айтпаймыз. Себебі, бізде мәдениет бар.

Тағы бір айта кететін мәселе, Қазақстанда ұлтаралық араздықты қоздыруға қатысты бап бар. Сол бап бойынша өзге бір ұлтқа тіл тигізсең жазалауға болады.

Ал енді ұлттың немесе этностың өз ішінде өз ұлтыңды қорлап, тіл тигізетін болсаң жазаланбайсың. Себебі, бап жоқ ондай. Сондықтан да, "шала-қазақтар" мен ұлтшылдар тобы деп Миронов айтып отырған жікке бөлу процессі ұлттың өз ішінде де бар.

Сондықтан, қайталап айтамын. Қазақстанның құзырлы органдары бұл мәселені өз қолдарына алуы керек. Себебі, неғұрлым біздің билік үндемей отыратын болса, соғұрлым індеп асқына береді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1925
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2057
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1716
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1522