Жұма, 3 Мамыр 2024
Дей салдым-ау 8928 12 пікір 18 Шілде, 2017 сағат 15:52

Берекеті кеткен елдің рэкеті де депутат

Менің интернет сайттарға ел туралы, ұлт туралы жазғандарыма қарсы бірнәрсе айтқансымақ болатын байғұстар бар. Менің  достарым олардың кім екенін де біледі. Олар менің «Түп-тұқиян...» деген өтірік кітапты, Балғабек Қыдырбекұлын, Асанбай Асқаровты, Д.Қонаевты сынағаным үшін мені аяқтан шалып отыруға тырысады. Бұл нағыз надандық қой?

1. Қазақстанда қазақ тілінің өркен жаюына орыс ұлтының өкілдері ғана қарсы. Әрине, қазақ тіліне орыстардың бәрі қарсы емес те шығар. Бірақ қазақ тіліне қарсылардың бәрі орыстар. Басқа ұлттардың ешқайсысы қарсы емес.

2. Қазақстандағы телеарналарда арсыздық пен азғындық туралы көрсетілімдер өте көп. Оның үстіне бұл телеарналар қазақты ұлттығынан айырудың, жас ұрпақты ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айырып, мәңгүрттендірудің басты құралына айналды ма деп қорқамын.

3. Ислам дініндегі халықтарда ғана «Обал», «Сауап» және «Иман» деген сөз, яғни ұғым, түсінік бар. Адам баласының адамдық қасиетінің ең басты шарты дерлік бұл үш сөзді ешкім не ағылшын, не орыс тіліне тәржімалай алмайды. Өйткені, оларда «обал», «сауап», «иман» деген ұғым мүлде жоқ.

4. Қазақтың әрбір халық әні «Ой, Алла-ай», «Дүние жалған», «Өтеді-ау дүние», «Жиырма бес қайта айналып келмес маған» деп ішкі толғанысты, терең тебіреністі, ормандай қалың ойды, күрсіністі аһ ұрып сыртқа шығарып отырады. Ал орыстың халық әндерінде ондай терең ойлылық, терең толғаныс жоқ. Олардікі көбіне «калинка моя», «шумел камыш», «утки летят», «ой зимушка, зима» деген сияқты бір мезгілдік, мерзімдік, ең әрі кеткенде өткенді еске алу ғана боп келеді.

5. Қазақ жерінде өсірілген, қазақ жерінде орылып, бастырылып ұнға айналдырылып, дүкендерде сатылып жатқан нандардың атауларына шейін «Московский», «Бородинский», «Яровой», «Петропавловский», ал сүті «Мое молоко», «Зорькин луг», «Мумуня», айраны «Кефир», «Простокваша» т.б. орысша болғанынан-ақ қазақтың әлі де Ресей бұғауынан шыға алмай, ал басшылары өлсе де орыспен бірге өлуге даяр екенін аңғару қиын емес.

6. Берекеті кеткен бұл елдің рэкеті де депутат

7. Санатқа кірмейтін ақын Сенатқа кірді.

8. Қазақ жерінің – репеті, тілінің – берекеті, әнінің әрі, әдебиетінің әсіресе поэзиясының мәні кетті. Әсіресе, «Айтыс» поэзияның қадірін кетірді.

9. Біз 25 жыл ішінде қасиеттілерімізді қан қылдық, қасиетсіздерімізді нән қылдық.

10. Қазақстанда «Парасат» ордені парықсыздар мен парасатсыздарға да беріле береді.

11. Қазақстан басшылары елді өркендетіп, дамытқанын дәлелдеу үшін әлдеқашан өтіп кеткен қазақтар қымыз ішіп, орыстар махорка шеккен замандармен салыстырады.

12. Қазақ дінбасылары Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың есімін қазақшаға бейімдейміз деп Мұқамбет деп жазады да орыстың, мысалы Путиннің не Медведевтің фамилиясындағы бір әріпті өзгертуге арты шыдамайды.

13. Тарихта қазақты ең көп қорлаған, ең көп зорлаған атып асып, қайта-қайта қолдан ашаршылық ұйымдастырып, ең көп қырған қытай да, жоңғар да емес. Ендеше, ояу қазақ, тәуелсіздік алған қазақ болсаң ол қай ұлт екенін айтшы!

14. Астанасының аты жоқ, өздері өсіріп өндірген наны мен сүтінің аты орысша, өз тарихын Ресей тарихшыларының жазғандарынан оқып, солардың жазғандарын шындық деп ойлайтын ұлт – қазақ қана.

15. Қазақ бұрын «үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын» еді, қазір сырттан келгендерге түгел мұнай құйып беретін болды.

16. Қазақстанда Құдайға тіл тигізгендерге сот жоқ, ал бір әкімге, не әкімшікке қатты айтсаң не сотталасың, не айыппұл төлейсің.

17. Қазақстанда медальдар медальонша таратылады.

18. Билік – қуыршақ театры. Ал патшаңыз бір алпауыт елдің  қуыршағы болса өзінің жан-жағына, парламентке қуыршақтарды, үкіметке ұры-қарыларды, алаяқтарды, надандарды жинайды. Сөйтіп, ол елде жаман тұғыр аттар – тұлпар  атанады, қарқылдаған қарғалар – сұңқар  атанады.

19. Қазір Қазақстанда «Нұр» деген сөздің әбден қадірі кетті. Анау да – нұр, мынау да – нұр, қала да – нұр, ауыл да – нұр, дүкен де – нұр, асхана, монша, вокзал, әуежай, дәріхана т.б. түгел нұр тек «Нұр-дәретхана» деген дәретхана жоқ. Әлде ол да бар ма?

Қысқасы:           Алдымызда бұлдыр қоғам, бұлдыр ел,

Бірақ соны кім түсінер, кім білер?

Ойын қойып, ойға алғанын істеп жүр.

Құдайға да тәуелсіз ит, түлкілер.

 

Жаратқасын ойы еркін адам қып,

Келмей ешбір қалыбына қамалғым,

Ұясына у құйғым кеп тұрады

Өрісі – кең, пейілі – тар заманның, – деп айғай салғым келеді де тұрады.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 787
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 601
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 491
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 505