Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4830 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 13:45

АҚЫН. Ғали Орманов туралы сыр

Өткен ғасырдың 60-70-жылдары әдебиетіміздің туын ұстаған ақсақалдар көше бойлап, кең адымдап жүруші еді. Иә, кең адымдап, ірі сөйлеп өткен сол корифейлер қалай ғана жер қойнына сыйып жатыр десеңші!
“Аққан жұлдыз”, “Жұмбақ жан”, “Теміртау”, “Ақ Жайық”, “Қан мен тер”, “Елтінжал” көз алдымызда туды. О заманда жоғарыда аталған шығарма авторлары өзіміздей ғана жер басып жүрген жұмыр басты пендедей көрінуші еді, бұл заманда көбі сағынышпен ғана еске алатын бір-бір көркем сөз классигіне айналды. Солардың бірі әрі бірегейі – Ғали Орманов болатын.

Ғали ағамен я істес, я сырлас болған емеспін.
Есімінің өзінен ат үркетіндей ағаларымызға ұшыраса кетсек – қолымызды ала жүгіріп сәлем береміз баяғы. Ол кісілер: “Әб-бәрекелде-е-е! Өркенің өссін, ғұмырлы бол!” – деп батасын береді. Көбіне уақыттары тапшы болған соң ба, жүре сәлемдеседі. Хал-жағдай сұрасудан әріге бармайды.
Әкем жарықтық айтып отырушы еді: кісінің қандай екені – сәлем беруі мен сәлемді алуынан байқалады деп. Рас болар.

Өткен ғасырдың 60-70-жылдары әдебиетіміздің туын ұстаған ақсақалдар көше бойлап, кең адымдап жүруші еді. Иә, кең адымдап, ірі сөйлеп өткен сол корифейлер қалай ғана жер қойнына сыйып жатыр десеңші!
“Аққан жұлдыз”, “Жұмбақ жан”, “Теміртау”, “Ақ Жайық”, “Қан мен тер”, “Елтінжал” көз алдымызда туды. О заманда жоғарыда аталған шығарма авторлары өзіміздей ғана жер басып жүрген жұмыр басты пендедей көрінуші еді, бұл заманда көбі сағынышпен ғана еске алатын бір-бір көркем сөз классигіне айналды. Солардың бірі әрі бірегейі – Ғали Орманов болатын.

Ғали ағамен я істес, я сырлас болған емеспін.
Есімінің өзінен ат үркетіндей ағаларымызға ұшыраса кетсек – қолымызды ала жүгіріп сәлем береміз баяғы. Ол кісілер: “Әб-бәрекелде-е-е! Өркенің өссін, ғұмырлы бол!” – деп батасын береді. Көбіне уақыттары тапшы болған соң ба, жүре сәлемдеседі. Хал-жағдай сұрасудан әріге бармайды.
Әкем жарықтық айтып отырушы еді: кісінің қандай екені – сәлем беруі мен сәлемді алуынан байқалады деп. Рас болар.
Ғали ағаның сәлемдесуі мүлде ерекше сезі¬летін. Нақа бір жылдар бойы ұшыраспай кеткен көңіл жықпасын жолықтырғандай, қай ортада, нендей мезгілде болсын жүрекке жылы тиетін әрі жұмсақ, әрі ынтық сезіммен сәлемдесуші еді. Танымайтын адаммен де жылы сөйлесетін. Жүзі қандай жылы болса – сөзі де, сауалы да май ішкендей жан әлеміңе тосын бір толқын енетін. Шуақты кісі болатын. Бұрындары, жас кезімізде қысқа әрі нұсқа лирикаларын оқып өскесін бе, мінезі де жібек матадай жанға жылы тиетін.
Сол жылдары КазГу-де бір топ ақындармен кездесу кеші өтті.
Орта бойлы, төртбақ, дөңгелек жүзді, қараторы кісі жылдам басып мінбеге шыға келгенде – мына біздер – көгенкөз студенттер – алдында ғана тау суындай арқыраған Тайыр Жароковты, арындаған өзіміз құралпы Төлеген Айбергенов, Төлеужан Исмайылов секілді қарадай екі иығын жұлып жеген, іштерінде “жын-шайтаны өріп жүрген” ақындарды күнде көріп жүргесін бе... әуелгіде... жұмсақ үнді... қоңыр қозыдай қарапайым... бес-алты ауыз табиғат лирикасын бәсең үнмен жылдам жүргізіп оқып шығатын... Ғалекеңді, Ғали ағамызды көргенде – көңіліміз толмағандай хал кешкеніміз рас.
Мына тұстан Тоқаш Бердияров шықты: “У боп кіріп ішіме, жас боп шықтың көзімнен”, деп арақ туралы ода-өлеңін дестелесе; келесі тұстан қызара бөртіп Төлеужан көтерілді: “Қазақтың қара өлеңінің омыртқасын сындырам”, дейді қарадай Мая¬ковскийге еліктеп. Екі метр бойымен көк тіре¬гендей Жүсіп Қыдыров ақын: “Шуақтап отыр¬мын, шуақтап жатырмын, шуақтап жүрмін”, деп ұйқассыз-ақ өлеңін шұбалтады. Ғали ағамыздың өлеңі ешқандай тасыр-тұсырсыз, таңғы самалдай, жіліктің майындай тәтті сөздермен құлпырып елестейді. Студенттерге таудан тас домалатқандай тасыр-тұсыр, ірі сөз, үлкен айқай қажет... жоға¬рыдағы жын-перісі ішіне сыймаған ақындар аңқылдап өлең оқыса-ақ – жастар жағы дүрліге қол соғады. Ал Ғали ағаның “жапыраққа қонған таңғы шықтай” бипаз мәйін, майда өлеңіне келгенде – тым-тырыс!..
Ой, заман-ай десеңші!
Әлгі жастық буы, аздап жұтып алған ішімдік буы ішіне сыймаған арқалы ақындар мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп, ел-селі шығып өздері де дүрілдеді, жастар жағы қол шапалақтаумен ерледі. Салыстыра сипаттасақ, со жолы Ғали ағаның бәсі төмен¬дегендей сезілді. Адамдар солай ма, әлде заман солай ма, Сталиннің зиялы қауымды зар илеткен зұлмат жылдарынан кейін Хрущевтің жастар жағының басынан жүген-тізгінін сыпырып алып: ал, ендеше!.. Аузыңа келгенін сайрай бер!.. деп, жылымық кезеңге ат басын бұрғанын қайдан білейік. Жастар да елірме, өлең де “өр кеуде өлермен”, ызығуыт түсініксіз бір кезең басталған, әйтеуір!
Сол кездесуден кейін Ғали ағаның табанды мінезіне тұрдым. Неге дейсіз ғой. Әлгідей екі иығын жұлып жеген, шөлмектен абайсызда шығып кеткен “жын-пері мінезді” ақындардың қасында... салыстырып қарағанда... бетегеден биік, жусаннан аласа, қошақандай қоңыр мінезді Ғали ағаның әлгілерден кейін биік мінбеге көтеріліп еш қаймықпай, бұқпай, көңіліндегі шын сөзін ірікпей, таңғы самалдай жеңіл әуенді лирикасын оқуы – өз көзіме – жүрекжұтқандық, қарадай қайсарлық болып көрінді.
Ғали аға өзіне бұйырған тіршілік сапарын сол қайсарлығымен жаяу жүріп өткендей сезіледі. Ол кісінің өлмейтін, өміршең, өнегелі лирикасынан бірнеше ғылыми зерттеулер жарық көрді, әлі күнге көңіл күйі өлеңдерін қызыға оқып келеміз. Жоғарыда “жаяу жүріп өткендей сезіледі” дедім. Ол кісінің жекеменшік ақ “Волгасы” болатын, кітабы жылма-жыл шығатын. Есімі мектеп оқулығына еніп үлгерген еді. Әйтсе де мың сан оқырманына... мына үлкеннің алдын кесіп өтпей өскен бізге... Ғали ағамыз қарапайым, қоңторғай, қоңыр қозыдай мінезімен тіршілік кешкендей көрінеді де тұрады.
Тасыр-тұсырдан ада-күде болатын.
Айқай-шуды, кеудемсоқ, өркөкірек, өктемсіген мінезді жаны жаратпайтын еді.
Ғали ағамен екі мәрте кездескен мезетім есімде қалыпты.
Бірі: ол кісімен бірге шопандар тойына, Асының жайлауына барған сапарымыз. “Жетісу” газетінде әдеби қызметкер болып істеймін. Жоғарыдағы басшылар шақырып алып: “Бір топ өнер қайраткерлері шопандар тойына барады, ілесіп, төбе көрсетіп, мақала жазып қайтасың”, – деп тапсырма берді. Мақұл. Өнер адамдарының жуан ортасында Ғали ағамыз бар екен. Өңгесі кино, сахна қайраткерлері. Ақын ағамды жағалаймын баяғы. Алдында ғана газетімізге ол кісінің топтама өлеңдерін суретімен басып, риза еткенбіз. Қай жерге кідірсек те – алдымызда ақын ағамыз жүреді.
Біз мінген көлік совхоз мамандарының үстінен түспей, қиқалақтап тозығы жеткен жеңіл “Уаз”-игі еді. Суы қайнап, әр жерге бір тоқтап, селкілдеп жүр¬генде – өзге өнер қайраткерлерінің жеңіл мәшинесі қайқайып қырға өрлеп, өзімізді шаң қаптырып кетті. Ғали аға: “Бұл немелер кісінің басына, сосын жасына қарамайды ғой... Қағып-соғып өте шығады”, – деп ренжіп қалды. Одан-бұдан тартып сөз сабақ¬та¬ған боламын, ақын ағамыз аяғының басына шұқ¬шиып келе жатып еш еңсесі көтерілмейді. Күн түске тырмыса шопан ауылына түтеленіп әзер жеттік.
Сөйтсек, бізді басып озған “өнерпаздар” қонаққа деп тігілген ең еңселі, сегіз қанатты ақбоз үйді бұ¬ры¬нырақ барып иеленіп алыпты. Бізге шеттегі қо¬ңырқай шағын шошала тиді. Шопанның баспанасы екен, иесі бұрқырап ішіп алыпты, келіншегі қолды-аяққа тұрмай ас-ауқаттың қамында жүр. Алдымызға шелекпен әкелген бесті қымыз бықырып ашып кетіпті. Ғали аға бір кесесін қылғынып әзер ішті.
– Құдай-ай, бізге бал қымыз да бұйырмады-ау, ғой, – деп Ғали аға қап-қара болып түтігіп сөйледі.
– Ана үлкен үйдегі қайраткерлерге кетті бал қымыз, – деп үй иесі бұрқырайды. – Сәл шыдаңыздар, бағлан былқып пісіп жатыр, ең тәуір арақ біздің үйде, салқын сыра да табылып қалады.
Қымызды қойып салқын сыраға көшеміз. Үлкен үйден ән салған дауыс әңкілдеп жетеді. Ақын ағамыздың әуезді әдемі әңгімесін әлгі ән бөліп-бөліп кетеді.
– Құдай-ай, бізге дұрыстап әңгіме-дүкен құру да бұйырмады, – деп ақын ағамыз қарадай түңіледі.
Былқып піскен бағланның еті тартылды. Алдына буы бұрқырап бас келген соң, ақын ағамыздың жүзі жылып, тілі шешілді, арғы-бергіден қазып әңгіме термеледі. Есімде қалғаны – Ілияс Жансүгіров туралы бір үзік сырлы естелігі еді.
“Бала кезінде, елде, Қаратал ма, Көксу ма, он¬шасы есінде қалмапты, қабағы қалың, қоңқақ мұ¬рын, баяғының батырлары секілді Ілиясты көріпті... сәлемдесіпті... сөзін тыңдапты. Кейінше, “ақын бо¬ла¬мын” деп, Алматыға келгенде – со замандағы облыстық оқу ісінің меңгерушісі Біләл Сүлеев есімді кісі¬нің жер үйінде... қазіргі Достық пен Төлеби даң¬ғы¬лының қиылысқан тұсына... құрылған ағаш пәте¬ріне бас сұғады: Ілияс ақын әрі оқу оқып, әрі қыз¬мет істейді екен. Біләл Сүлеевтің зайыбы Фатима апа¬мыз, ерлі-зайыптылар сүттей ұйып тұрып жата¬ды. Бір күні Сүлеев облысты аралап іссапарға кетеді. Ай жүреді. Шаршап-шалдығып түн жарымы ауа іссапардан оралады. Кілтімен есігін ашып, жайлап басып үйіне енсе, Ілияс ағамыз бен Фатима апамыз көңіл жарастырып үлгеріпті дейді. Оқыған, көзі ашық кісі Сүлеев ойбайлап, айқайлап неғылады. Ағаш ша¬баданын жинастырып, алды-артына бұрылып қарап: “Ал ендігі тіршілік сендерге бұйырсын!” – депті де, әй-шәй жоқ, үйден шығып жүре беріпті. Сабаз-ай десеңші! Неткен шыдамдылық, сыпайылық”, – деп, әңгімеші ағамыз басын шайқап таңғалып отырды.
Осы аз ғана өмірлік көріністі Ғали ағамыз майын та¬мызып, жырдай ғып айтып бергенде – ұйып тың¬дағанымыз – тасқа жазылғандай жадымда қалыпты.
Ғали ағамен екінші кездесуім – шығармашылық жағдайында өтті.
Ол кісі өмірінің соңына таман “Жұлдыз” жур¬налында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Студент кезімізден жабысқан “ауру”, қолымыз қызметтен қалт етіп босай қалса – Жазушылар одағына жүгіреміз. Нақа сол үш қабатты еңселі үйде “келе ғой” деп, көкеміз күтіп отырғандай ғой. Аздап өлең жазып, шамалап шағын әңгімеге қалам тартып жүрген кезім. Үшінші қабаттағы “Жұлдыз” журна¬лы¬ның редакциясына бас сұқсам, төргі үстелде Ғали ағамыз отыр. Өткен жазда, Асы жайлауына шығып қымыз ішіп, бағланның жас етіне мелдектеп қайт¬қанымыз есімізде, ақын аға сол бір ай сәулесінің астында, белуардан келетін шалғынды кешіп жүріп тоқтық басқан көрікті түнді есіне алып біраз кеңкілдеп күліп алды.
– Со шіркіндер қызып отырып “ақын ағамызға ат мінгіздік” деп еді, сөзінің аяғын ұстай алмай атта¬нып кеттік қой. Өзіңе хабарласқан жоқ па әлгілер?
– Сартмезіреті шығар, әйтпесе сол жолы қимылдап қалмас па еді! – деймін көңіл жұбатып.
– Құдай-ау, “сартмезіреті ат” менде көп, бала. Өткен күзде Талдықорғанға бардым, ондағылар да “ат міндіңіз” деді; әне бір жылы Жамбылды, Шуды араладым, ондағылар “атыңыз бар” деп сыпайылады; Қармақшының дөкейлері бір ат атады. Санай берсе – бір үйір болып қалар. Бұл қазақтың аузынан шыққан үлкен сөзінің соңын сиырқұйым¬шақ етіп үзілдіріп тынатыны жаман. Қой, аты бар болсын!.. Өзіңе тапсырыс бар. Бас редактордың пәрмені. Қырғызда Сүйінбай Ералиев есімді ақын бар. Біздің Олжас ақынымыз секілді ғарыш тақы¬рыбына үлкен дастан жазыпты. Мінеки, соны тездетіп аударып бер, нөмірге саламыз.
– Ғали аға, қырғызша жорғалай алмаймын ғой.
– Үш қайыра оқысаң түсінесің. Осы қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек, ноғай деп жүргеніміз — түбі қазақтан тараған бауырлар. Тек біреуі там салып, екіншісі мал бағып ірге ажыратып кеткені болмаса. Үңіліп зер салсаң – түсінесің. Ішіп жүрген ақындардай емес, сен баланы шаруаға тыңғылықты деп тапсырма беріп отырмын!
Үлкен ағаның сөзін жерге тастамай, қырғыз ақынының дастанын үйге алып кеттім. Бір жетінің ішінде аударып, әкеліп қолына бердім. Ғали аға риза болып қалды. Көп кешікпей Сүйінбай Ералиевтің әлгі дастаны “Жұлдыз” журналында жарық көрді.
Ең ғанибеті: Ғали ағаның мұңы да, сыры да, жыры да тілінің ұшында болатын. Астарлап, күлтелеп, бүркемелеп сөйлеуді білмейтін. Баладай ақкөңіл, аңқау жан еді.
Сырын жасырмай, аузына келгенін айтып салып, көбіне әзілқой, қылжақпас кісілердің “ауыз аранына” ұшырап қалатын кездері жиі. Астары, бүкпесі болмағасын ба, өмірді қаз-қалпында қабылдайтын.
Сол кезеңде... сол кезеңде деймін ғой... күні кешеге дейін: “Ойбай, Ғали ағамыз сұмдық сараң екен, оның қасында шық бермес Шығайбай деген жолда қалады. Үйіне барған кісінің аузына су тамызбайды-мыс”, – деген алыпқашты қалжың сөздерді көп естиміз. Естіп те жүрміз. Кім-кімнің ішіне үңіліпті, кім-кімнің егініне түсіпті. Әлгілер айтқандай Ғали ағамыз кей жерде... қайсібір қапылыста пендешілік мінез танытқан шығар. Өз басым оған таңғалмаймын. Қарадай отырып таңғалатын тұсым:
өздері қу бастан қуырдақ ет айырып,
пендеге қайыр-садақа бермей жүріп,
қусаң – құмалақ түспейтін, баяғыдан таныс-біліс нағыз сараң замандастарымның беті бүлк етпей, өзгелер туралы...
Өзгені қойшы... қазақтың сұлу сөзді сезімтал ақыны – Ғали ағаны “олай еді... бұлай еді... сараң еді...” деп сұйық сөзді сағызша созып отырған кез¬деріне қайранмын. Қараймын да, о, тобалап жағамды ұстаймын. Ондай әзілкеш, ауызекі қал¬жыңға ұста кісілер, сірә, өзіндегі ішмерез мінезді әй¬теуір бір есебін тауып өзгелерге жауып құтыл¬ғы¬сы келетінін қарадай сезіп, біліп, күнде көріп жүреміз.
Жоқ!.. Мен білетін, өзім дәмдес-тұздас болған қазақтың сыршыл ақыны – Ғали Орманов – жаны жайсаң, ақкөңіл, баладай иланғыш, таби¬ға¬тына тарта туған нағыз мінезге бай ірі тұлға бо¬ла¬тын. Ірі тұлға мінезімен жүріп жарық дүниеде жол¬дас тапты... өлең жазды... ұрпақ өсірді... Сөйтіп жүріп қасақана көре алмайтын, масаша шағып сөй¬лейтін бәсекелес, бақталас, күндестерін молайтты.
Кісі табиғатына тарта туады.
Әсіресе, ақын адамның жөні бөлек. Ол асқар Алатаудың басына қонған нөсер бұлты секілді, бірде – төбеңе төңкеріліп келіп көз жасын төгіп-төгіп өтер болса, келесіде – қиырдан шақпақ шағып, жер әлемнің шаңын қағып, күркілдеп жөтеліп қыр асып жоғалады. Бұлт бойында жарқылдаған жасын да бар, жаймашуақ жадыратар азонды ақ жаңбыр да жүреді. Ғали ағаны сол бір асқар Алатаудың құбылмалы қаһарлы нөсер бұлты ма деп қаламын кейде.
Алдымызға ұстаған ағамыздың қабағы салыңқы, сыз көңілді ашулы күйінде де көрдік; жадыраған жаймашуақ күлкісін де естідік. Бәрі көңілден жуылады екен.
Өткен ғасырдың нөсері қалың, шуағы мол алпысыншы жылдары Ғали ағамыз көп толғанды, лирикалық әдемі өлеңді мол жазды. Тасыр-тұсыры аз, өрік ағашының ерте көктемгі гүл төккені секілді, таудан құлаған тасбұлақ па деп қаласың. Шалғынды жазықтың төріне құрылған бояуы келіскен кемпірқосақ болар бәлкім – табиғат пен адам көңіл күйінің қамшының сегіз өріміндей құп кіріге жымдасқан, жан әлеміңді желпіп-желпіп өтетін, ұйқасы мен ұнасымы келіскен тәтті жыр жолдарын қалай ұмытарсың!
Жастар көбіне алдыңғы буын ағаларын менсінбей, кеудемсоққа салып, екпіні тау құлатардай болып өседі... өктем сөйлейді... өркөкіректенеді... Біліп-білмей үлкеннің алдын кесіп өтеді... “Ә, соны қойшы!” – деп жүре сөйлеседі. Бәлкім, осы қазір Ғали ағаның кебін киіп келе жатқан, үлкен буын болып қалған біздер де кезінде ғажайып лирик ақынның бағасын біле қоймаған шығармыз. Бәз бірде артықтау, асылықтау танытқан болармыз.
Әйтсе де ешқашан үлкеннің басын төмендетер, ауыл арасының бықсыма өсегін өрбітер пыш-пыш әңгімеге ат басын бұрмай, тік жүріп өсіппіз. Майда сөз қууға, тілмен шағуға уақытымыз болмапты.
Әрдайым ағалар бойынан ірі мінез іздедік, ірі жүруге тырыстық. Ғали ағаның ірі сөзін, ірі мінезін сезініп жетілдік. Іншалла, қазіргі шыққан биігімізге, үлкендігімізге ол кісілердің “ішті-тысты қосқан әсері” мол болды деп тоқ сеніммен айта аламын.
Көңіл түкпірінде, жүрек басында жақсы аға, жарқылдаған ақын, қазақ сөзінің қасиеті жан әлеміне мол-мол сіңген Ғали ағаға деген сары сағы¬ныш қана қалды. Сол сағынышпен жүріп – ол кісіден қалған ырғағы бөтен, ұнасымы жарас¬қан, ұйқасы келіскен, мөлдіреген тасбұлақтай сыршыл өлеңдерін қайыра қолға аламыз. Жылы жүзін жиі-жиі еске түсіреміз. Біртуар жарық, жақсы, нұсқалы бейнесін қара жердің қойнына қимағандай көз алдымыздан өткеріп, өткен күннің сағымына көз тігеміз. Сол кісінің көзі тірісінде, шіркін-ай, қадіріне жеттік пе, жете алмадық па деп терең ойға шым батамыз!
Қазақтың келіскен көркем сөзі тірі тұрғанда – Ғали ағаның дәмді де сазды өлеңдері өлмейді деп шүкіршілік қыламыз!

 

 

Дүкенбай ДОСЖАН.

0 пікір