Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5308 0 пікір 25 Қыркүйек, 2010 сағат 16:04

Ә.Қапизұлы, Ұ.Ахметова. Шерғазы Қайыпұлын білеміз бе?

Шерғазы сұлтан елге оралған соң, 1803 жылға дейін Орынбор әкімшілігіне жоламады. Оған негізгі себеп - қазақ-орыс қатынасының реттелмеуі. Қазақ наразылығын елемеген, ел игілерінің өтініш-талап­тарын аяқсыз қалдырғанын көрген Қаракөбек бидің руластары Қара Алтай, Сары Алтай бастауымен 1799 жылы Бұхарадан Орынборға шыққан керуенді тоқ­татты. Орыс үкіметі 295 000 сомынан (руб.) айырылды. Осындай жағдайда Айшуақ хан Шерғазы сұлтанды өзіне тартып, қазақ руларын тыныштандыруға әрекет жасады. Хан ұсынысына, Ж.Қасымбаев есебінше, Шер­ғазы Қайыпұлы, 15 би, 1 тархан, 1 батыр қол қой­­ған екен.

Келісімге қол қойған ел игілері бірауыздан қа­лыптасқан жағдайға басты кінәлі Орынбор әскери гу­бернаторы Н.Бахметов деп есептеді. Олар Ішкі іс­тер министрі В.П.Кочубейден қазақ-казак-орыс, қазақ-башқұрт қатынасын әділ шешуді сұрай оты­ра, Н.Бахметовтың өз ұсыныстарын ешқашан қазақтар пайдасы үшін шешпегендігін баса көрсетіп, оны ауыс­тыру қажеттігін дәлелдеді. Н.Бахметов 1802 жы­­лы І Александр патшаға қазақ даласындағы кер­уен­ді тонаушылар - Шерғазы сұлтан, Қаракөбек, Басы­қара, Жанназар, т.б. билер деп көрсетіп, оларға қар­сы әскери команда жіберуді ұсынды. Дегенмен губер­натор «Қаракөбек, Жанназар старшындар «қаусаған шал» Айшуақ ханға қарағанда ел алдында беделдірек» деп мойындауға мәжбүр болды.

Шерғазы сұлтан елге оралған соң, 1803 жылға дейін Орынбор әкімшілігіне жоламады. Оған негізгі себеп - қазақ-орыс қатынасының реттелмеуі. Қазақ наразылығын елемеген, ел игілерінің өтініш-талап­тарын аяқсыз қалдырғанын көрген Қаракөбек бидің руластары Қара Алтай, Сары Алтай бастауымен 1799 жылы Бұхарадан Орынборға шыққан керуенді тоқ­татты. Орыс үкіметі 295 000 сомынан (руб.) айырылды. Осындай жағдайда Айшуақ хан Шерғазы сұлтанды өзіне тартып, қазақ руларын тыныштандыруға әрекет жасады. Хан ұсынысына, Ж.Қасымбаев есебінше, Шер­ғазы Қайыпұлы, 15 би, 1 тархан, 1 батыр қол қой­­ған екен.

Келісімге қол қойған ел игілері бірауыздан қа­лыптасқан жағдайға басты кінәлі Орынбор әскери гу­бернаторы Н.Бахметов деп есептеді. Олар Ішкі іс­тер министрі В.П.Кочубейден қазақ-казак-орыс, қазақ-башқұрт қатынасын әділ шешуді сұрай оты­ра, Н.Бахметовтың өз ұсыныстарын ешқашан қазақтар пайдасы үшін шешпегендігін баса көрсетіп, оны ауыс­тыру қажеттігін дәлелдеді. Н.Бахметов 1802 жы­­лы І Александр патшаға қазақ даласындағы кер­уен­ді тонаушылар - Шерғазы сұлтан, Қаракөбек, Басы­қара, Жанназар, т.б. билер деп көрсетіп, оларға қар­сы әскери команда жіберуді ұсынды. Дегенмен губер­натор «Қаракөбек, Жанназар старшындар «қаусаған шал» Айшуақ ханға қарағанда ел алдында беделдірек» деп мойындауға мәжбүр болды.

Патша үкіметіне Орынбордан Шерғазы сұлтан­ды кінәләған хаттар келгенімен, оның Кіші, Орта жүздегі беделді бауыры Әбілғазы ханның Сыр бойы руларын басқарып, Бұхара, Хиуа басшылықтарымен таныстығы қайткенде де Шерғазыны империялық саясатты жүзеге асыру үшін пайдалануға итермеледі.

1802 жылдың аяғында Ресей Бұхараға елшілік дайындауға кірісті. Елшілік басшылығына Орынбор өлкесімен таныс поручик Я.Гавердовский бекітілді. Орынбор әкімшілігі елшіліктің сәтті барып-қайтуын ұйымдастыруға жол басы ретінде Шерғазы сұлтанды ұсынды. Н.Бахметов сұлтанға сенбесе де, елшіліктің Әлімұлдарының мекендерінен өтетіндігі, оған Шер­ға­зының ықпалының жоғарылығы амалсыздан осы­ған келісуге мәжбүрледі. Араға тілмәш, сұлтанның бұрынғы танысы М.Бекчуринді салып, Шерғазының келісімін алды. Я.Гавердовский жол бастаушы шек­ті, төртқара, шөмекей руларының өкілдерімен 1803 жылы 15 шілдеде Елек қорғаны тұсында 75 шақырым­дай Ордаға еніп кездесті. Осы кездесуге поручик Шер­­­­ға­зы сұлтан ұсынған төртқара, шөмекей рулары ме­кендерімен өту жоспарын қабылдады. Сөйтіп 1803 жы­лы 26 шілдеде орыс елшілері 90 түйеге жүктерін ар­­тып, Шерғазы сұлтан ерткен 35 төртқара руы, Құ­ран батыр баласы Едіге бастаған 9 шөмекей руы қа­зақтарының жол көрсетуімен Бұхараға аттанды. Ел­шілер 13 тамызда Қаракөбек, 19 тамызда Шерғазы сұл­тан ауылының үстінен өтеді. Я.Гавердовский сұл­танның ауылы төртқара Жаныш және Алтай билердің ауылдарының ортасында, Ырғыз өзені бойында, Орс­кіден 398 шақырым жерде деп суреттейді. Шерғазы ауы­лында елшілерді сүт және қымызбен қарсы алған.

Жол бойында орыс елшілері төртқара және шө­мекей руларына келген Бұхара елшілерімен кездесті. Бұхаралықтар қазақтар тартып алған керуеннің то­лық құнын талап еткен. Мұны естіген Шерғазы сұл­­тан Я.Гавердовскиймен сапарды жалғастырмай, қазақ-Бұхара қатынасын реттеу үшін руларды аралап кет­кен. Ал Қаракөбек би жиенінің қайтыс болуына бай­ланысты сапарды жалғастырмады. Содан 9 қыр­кү­йек күні шектілер мекенінде керуен қазақтар ша­буы­­лына ұшырады. Поручик күнделігінен оның ен­ді­гі тағдыры тікелей Шерғазыға тәуелді болғанын бай­­­­қау қиын емес. Я.Гавердовскийдің «Ресейге, не Бұхараға шығарып салуға ешкімнің тәуекелі жетпеген кезеңде Шерғазы келді», «1803 жылы 30 қыркүйекте сақал-мұртым өсіп, қазақша көйлекпен Орынборға келгенде, жанымда Шерғазы сұлтан мен оның 50 сенімді қазағы болды» дегені біраз мәселенің бетін ашады [История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веках. V т. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ веке. Алматы, 2007. -С. 69, 146, 251, 283; ОрОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 3-10-п.].

Сөйтіп, араға 5 жыл салып Шерғазы сұлтан Орынборға оралды. Орынбордың жаңа әскери губер­на­торы Г.Волконский сұлтанмен танысып, оның іс­те­рінен хабардар болды. 1804 ж. 19 сәуірде І Алек­сандр патшаға жолдаған хатында Г.Волконский қа­зақ­­­­тар Я.Гавердовскийдің керуенін қамқорлыққа ал­ға­­ны­мен, тонап алуға жол берді. Кінәлілер Әбілға­зы хан, Шерғазы сұлтан, Жанназар, Қаракөбек би­лер­­ді шақыртып, мойындатуымыз қажет деген ұсы­ныс бер­ді. Губернатор Айшуақ ханды ұлы Жантөре­мен ауыс­тырып, 20 000 әскермен жорыққа шығуды жоспар­лады. Шерғазы сұлтанды Орын­борда ұстап, қамауға алмай 1803 жылы қыркүйекте қол­ға түсіп, Сыр бойында қалған дәрігер Большойды босатып әкелуді тапсырды. Шерғазы Ордаға жетіп, Әбілғазы хан, Жанназар, Жанұзақ, Боранбай билер­мен кеңе­се отырып, дәрігер, денщик, татар баласын боса­тып, 1804 ж. 26 шілдеде Орынборға әкелді. Ол турасын­да губернатор Сыртқы істер министрі А.Чар­торижс­кий­ге 1804 ж. 2 тамызда хабарлап, сұлтан Шерғазы Орын­борда деп жеткізді [РМТМ 1291-қ., 18-т., 13-іс, 30-пп.].

Патша үкіметі Шерғазы сұлтанның ықпалы бар рулар мен оның басшылары туралы мәліметтер жинақтады. Ол бойынша төртқара руы 12 бөлімімен 11 000 түтінге, кішкене шектілер 6 бөлімшесімен 8 000 түтінге жеткен. Төртқара руын Қаракөбек, Басықара, Қараалтай, Сарыалтай, Жаныш, Ақтөбе, Текмеше, Алтай басқарып, қыста Сыр бойындағы Майлыбай, Кеңтөс мекендерінде және Құбан өзені бойындағы Өткел, Ақшығанақ мекендерінде, Жан өзені бойын­дағы ежелгі Нұртай қорғаны және Сырлытам кесенесі маңында, жазда Қарақұм жанындағы Қалмас меке­нін­де, Ырғыз бойында, Құлақшы өзенінен Бақсай­ты кесенесіне дейін, Ұлы Ырғыз өзенін жайлаған. Кішкене-шектілер Жанназар би, Жанұзақ, Қожабер­ген, Өтеген билерге бағынған. Оларды Шерғазы аға­сы Әбілғазы хан басқарды. Шөмекей, төртқара, шек­тілер көршілес көшіп-қонып, Сыр бойындағы кер­уен жолын бақылауда ұстады. Ал олардың орыс керуендерін қазақ даласына өткізбей, үнемі тонап алуын Ресейдің отаршылдық саясатына қарсылықтың бір түрі деп түсінген абзал.

ХVІІІ ға­сыр­дың аяғы мен ХІХ ғасырдың І ширегінде қазақ-орыс қатынасында елші деңгейінде Шерғазы Қайып­ұлындай белсенділік танытқан бірде-бір қазақ болған емес. Оның шекара бойындағы талас-тартысты, ел ішін­дегі рулар арасындағы барымтаны реттеуге қа­білеті жеткілікті еді.

Г.Волконский Ресей Ішкі істер министрі А.Ку­ракинге хабарласып, Шерғазының «Я.Гавердов­ский бастаған керуенді қорғауда пайдасынан зияны көп болды» деген қорытынды шығарғанымен, әзірше тимей, 1805 жылдың басында Орынборда қалдырып, қазақ-орыс қатынасын шешуге пайдалануды жөн көрді. Содан губернатор 1805 жылы 24 ақпанда сұл­танға Орныбордағы аманат үйінен пәтер бөлді. Көп ұзамай ол Мұсылман би ұсынысымен шекті, табын рулары арасындағы барымтаны шешуге кірісті [ОрОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 19-п.; ҚРОММ 4-қ., 1-т., 206-іс, 45,160-165-пп.].

1805 жылы Ордадағы Қаратай Нұралыұлы мен Жантөре хан арасындағы келіспеушілікті реттеуге Шер­ғазы сұлтан жіберілді. Ол 17 қыркүйекте шығып, 20 қазанда Калмыков бекінісінен 20 шақырымдай жерде орналасқан Қаратай ауылына жетті. Секунд-ма­йор Шерғазының Қаратаймен кездесуі туралы хабарламасымен танысқан атаман Бородин кейін Қаратайдың хандық билікке үміті бар екенін мо­йындады. Шерғазы сұлтан Қаратайдан соң 3 қара­шада Бөкей сұлтанға аттанады. Осы кездесуден кейін Бөкей сұлтан Г.Волконскийден Шерғазыны өзіне жі­беруін сұрап, хат жолдады. Бірақ мұндай өтініштің ар­тын болжай алмаған губернатор әзірше Шерғазыны жібере алмайтындығын жеткізді [Ахмет А. Қаратай хан. 49-б.; ОрОММ 6-қ., 10-т., 243а-іс, 5-14-п.].

1805 жылы патша үкіметі хандық билік іргесін шайқалту әрекетін жалғастыра берді. Айшуақ хан орнына баласы Жантөре сұлтан бекітілді. Кезінде Сырым бастаған қозғалысқа қатысқан Жантөре жаңа ғасырда толықтай орыс әкімшілігінің тапсырмасын орындаушыға айналды. Міне, сондықтан да оның немере ағасы Қаратай сұлтан осы кезеңде Жантөреге қарсы ашық күресті бастады. Бастапқы кезде Шерғазы Бөкеймен бірге оларды келістіруге ұмтылғанымен, хан артында орыс саясаты жатқандығын ұқты. Бөкей сұлтанға жібермегенінен, Жантөре мен Қаратай ара­сындағы тартыстың күн санап күшейгенінен қауіп­тенген Шерғазы, оның әсері қазақ-орыс қатынасын шиеленістіретінін сезініп, Ордаға кетуге бел бай­ла­ды. Оның мүмкіндігі 1806 жылы күзде туды. А.Рязановтың анықтауынша, 1806 жылы қазанда Шөмекей руы­ның қамқорлығымен, 2040 түйеге жүгі тиелген бұха­ралықтар керуені Орскіге жақындаған тұста, оны күтіп алуға Шерғазы Қайыпұлы мен Сәбитов жіберілді. Зерттеуші бұл керуен Орынборға сәтті жеткенімен, оған жетер жолда қазақтар Шерғазыны тонап алды деп түйіндейді. Оны шекаралық комиссия 6 қазанда Орск гарнизоны батальоны басшысы подполковник Эссен арқылы естіген. Мұндай хабарды М.Вяткин: «Шерғазы тапсырманы орындамай, шекті руларында қалып қойды», - деп өзінше түйіндейді. Осыдан ке­йін тарихшы Ж.Исмурзин Шерғазы сұлтан 1811 жыл­дың жазына дейін Орынборға оралмаған деп ой қо­рытады. Расында да 1806-1811 жылдар аралығында Шер­ғазының қоғамдық-саяси қызметі туралы дерек­тер еш сыр ашпайды. Соған қарағанда Шерғазы Сыр бойына кетіп, орыс шекарасына жақындамаған. Де­ген­мен, кейбір деректерге қарағанда ол Бұхара­да болып, оңтүстіктегі саяси-экономикалық мәселе­лерді шешумен шұғылданған. Ал Қаратай мен Жан­төре­нің күресі Кіші жүз ханының өлтірілуімен аяқ­тал­ды. Өлім соңы Қаратай ханның інісі Орман Нұ­ра­лы­ұлы мен Есім хан ұлдары премьер-майор Қара және Шожықтың жер аударылуымен, өзге қаты­сушылардың қатаң жазалануымен аяқталды.

Жантөре хан өлімінен соң жаңа хан сайлау мә­селе­сі күн тәртібіне шықты. Қаратайдың билікке ұм­тылысы мен елдің қолдауына қарамастан, ең бастысы, орыс үкіметіне қатысты саясаты ескеріліп, хандық таққа сайланбайтындығы белгілі болды. Айшуақ хан ұрпақтары Жантөренің інісі Шерғазыны дайындай бастады. Бұдан хабардар болған Нұралы хан, Қайып хан ұрпақтары, соның ішінде Шерғазы Қайыпұлы, т.б. қазақ руларымен ақылдаса отыра, Бөкей сұлтанды бірауыздан қолдап, хандық таққа ұсынды. Оны жүзеге асыру үшін және Бұхара, Хиуа, Ресей бағытындағы сауда-саттықты дамыту мақсатында Шерғазы Қайып­ұлы Орынбормен байланысқа шықты. Ол 1811 жылы жазда жүзеге асты. Орынборға шекті, қаракесек, кете-ожырай керуендерін жеткізген соң, Шерғазы не­ме­ре інілері Әлімғазы Әбілғазыұлы, ағасы Қарабай сұлтан балалары Әбілғазы, Есенғазы, Сирек, Жарық сұлтандар және т.б. 1811 жылы 13 қыркүйекте Бөкей­ді хандық таққа көтерді. 20 қыркүйекте Шерғазы Қайыпұлы губернатор Г.Волконскийге «халықпен кеңесіп, Бөкей сұлтан Нұралыұлын Жантөре Айшуақ­ұлы орнына сайладық» деген хабар салды. Ал губерна­тор өз жоспары бойынша 27 қыркүйекте Р.Румянцев­қа «Шерғазы Айшуақұлы Кіші жүздің ханы болып сай­лан­ды», - деп хабарлады. Сонымен осы кезеңнің ерек­шелігі Қазақстанның батыс өңірінде Ресей мо­йындаған екінші ханның бекітілуі еді. Шерғазы Ай­шуақұлымен қатар Бөкей хан таққа сайланып, Астра­хан далалары мен Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын салаларындағы қазақтарды басқару жүктелді. Орынбор әкімшілігінің қолдауына ие бол­ған Бөкей екінші рет 28 қыркүйекте «маған көмекке Шерғазы Қайыпұлын жіберіңіз» деген өтінішін жол­да­ды [ОрОмм 6., 10-т., 716-іс, І бөлім, 200-2002, 256-пп.]. Кейін Бөкейге келген Шерғазы бір айдай Сарайшықта болып, ішкі мәселелермен шұғылданды. Оның оң нәтижесі де көзге көрінді. Бөкей хан 1812 жылы 12 ақпанда В.Волконскийге Шерғазы сұлтанға сене­тіндігін жеткізіп, өзін қолдаушылар қатарына Ерәлі хан ұлдары Жантөре мен Темір сұлтанды қосып жазды. Хатта Бөкей Шерғазымен бірге ауыл-ауылды аралап жүргендігін де ерекше атап өтті. Шерғазы Қа­йыпұлы 1812-1815 жылдары аралығында Орынбор әкім­шілігімен Бөкей хан, Шерғазы хан қатынасын­­да­ғы күрделі мәселелермен ғана шұғылданып қоймады. Ол әрқашан бауыры билеген Сыр бойы қазақтары­ның Бұхара, Хиуа хандықтарымен де байланысын на­зар­дан тыс қалдырмады. Мүмкіндігінше керуен жол­дарын бұрынғысынша бақылауда ұстап, Әбілғазы ханмен Сыр бойын сақтауға барын салды.

Өйткені нақ аталған жылдары Хиуа хандығы Кіші жүздің оңтүстігіне жаңа талаптар қоя бастады. Хиуа әскерлерінің үнемі қоқан-лоққысы Қайып ұрпақтарына жаңа сын әкелді. Қарабай сұлтанның 1813 жылы жазда, Жиһангер Қайыпұлының 1814 жылы 1 тамызда, Әбілғазы Қайыпұлының 1815 жы­лы жазда қайтыс болуы Батыр хан ұрпақтары ал­дын­­дағы Шерғазы сұлтанның жауапкершілігін кө­терді. Арынғазытанушы Ұ.Ахметова қалыптасқан сая­си жағдайды ескерген Шерғазы 1815 жылдың ба­сында ата жұртына келді деп есептейді. Әбілғазы хан қайтыс болған тұста шекті, төртқара, қаракесек рулары Шерғазыны хан тағына ұсынған. Орынбор одан 1815 жылы 27 шілдеде хабарланды. Содан Орынборға келген Шерғазыны Г.Волконский жаны­на С.Абубакиров пен конфидент Р.Мұртазинді қо­сып, Сыр бойына аттандырды. Дегенмен, ел ақса­қалдары ойлана келе, Әбілғазы орнына үлкен ба­ласы Арынғазыны сайлады. Кейін 1817 жылы та­мызда Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге жа­зылған хатта Арынғазының екі жыл бұрын хан сайланған­дығы, оған бас көмекшілікке ағасы майор Шерғазы тағайындалғаны белгілі болды [Ахметова Ұ.Арынғазы хан. Алматы, 2004. - 66-б.]. Ағасы Шерғазының бірнеше елдің басқару жүйесімен таныстығы Арынғазыға күшті әсер етті. Ішкі бірлікті күшейту мақсатында тәртіпті қатаң сақтап, рулар арсындағы барымтаны тоқтатып, кінәлілерді ел алдында жазалауы көпке үлгі болды. Мәселен, 1816 жылы Шөмекей, т.б. Әлімұлдарының Сыр бойындағы Алтын-жаппастармен келісімге кел­тіруін Арынғазының алғашқы табысы еді. Содан 1816 жылы 18 мамырда Арынғазы мен Шерғазы Г.Во­л­конскийге елде Кеңес өткізіп, көпшілікке «оған қа­тысушы адамдардың осындай әрекеттері үшін бола­шақта өлім жазасына кесілетіндіктерін, ал дүние-мүл­­кінің талан-таражға салынатынын» ескерттік деп хабарлады.

1816 жылдың көктемінде Арынғазы хан мен Шерғазы Қайыпұлы орта жүздегі Арғын руының сұлтаны Жұма Құдаймендіұлына, Мұса батырға, Қыпшақ руының сұлтаны Хұсырау сұлтанға хабар салып, өзара кездесу ұйымдастырады. Арынғазының Халық Кеңесі 1816 жылы 20-25 мамыр аралығында Ор өзені бойында өтті. Кеңеске тек қана Орта жүзден 7 000 адам қатысты. Соңында Кіші, Орта жүз би, батырлары келісімге келді. Оны Арынғазы мен Шер­ғазы Рахметтола Мұртазин арқылы Орынборға хабарлады. Міне, осыдан кейін Арынғазы Ресей мойындаған Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлымен Кеңес өткізу керек деп тапты. Ол жанына Шерғазы Қайыпұлын ертіп, хан ауылы орналасқан Бердянка өзеніне жақындады.

Халық кеңесі 1816 жылы 8 тамызда Шерғазы хан жайлауынан 3 шақырым жерде өтті. Кеңеске Арын­ғазы, Шерғазы сұлтан, Қаратай Нұралыұлының келу себебін Шерғазы хан «мені өлтіріп, мал-мүлкімді иелену» деп түсіндірмек болды. Мұны бір жақты қабылдаған Г.Волконский тез арада 600 адамнан тұ­ра­тын қарулы әскер аттандырды. Соның кесірінен Халық Кеңесі өтпей қалды.

Шерғазы сұлтанның Арынғазыны Орынбор­мен байланысқа шығарып, ішкі келісімді орнату жо­лындағы жұмыстарына Хиуа ханы Мұхамед Рахим ә­рдайым күдікпен қарады. Оның арты реті келгенде Сыр бойы қазақтарын тонауға апаратын. 1816 жылы қарашада хиуалықтар шабуылы тағы қайталанды. Қарақалпақтардың айдап салуымен Сүйін би, т.б. бастаған хиуалықтар 10 000 қолмен 11 күн бойы Жан­кент қаласын, оның маңындағы 1 000 қазақ ауылын аяу­сыз тонады. Шабуыл кезінде 20 хиуалық өлтірілсе, қазақтар 2000 адамынан айрылды.

Содан Шерғазы сұлтан Орск қорғаны комен­дан­тына хат жазып, әскери көмек сұрап, Арынғазы әрекетінде орыс үкіметіне ешқандай қарсылық жоқ екенін алға тартты. Хиуалықтардың болашақ шабуылынан қорғану үшін Арынғазы Шерғазы сұлтанды 1817 жылы Орынборға жіберді. Бұхара кер­уендерін бастаған Шерғазы 11 шілдеде Орскіге жет­ті. Басты мақсат- қайткенде де әскери көмек алу бо­латын. Шерғазы 12 шілдеде Орынбор губернаторы П.Эссенге Хиуа бағытындағы қазақтар саясатын ашық айтпағанымен, керуенді қорғауға қаруланған әс­кер керектігін дәлелдеуге тырысты. Бірақ губер­натор мұндай көмектен бас тартты [ОрОмм 6-қ ., 10-т., 716-іс, ІІ бөлім, 2-п.;]. Соған қарамастан Шерғазы сұлтан керуенмен кері қайтып, қараша айында Арынғазыға жетті. Бұхара керуендерін бауыры Мысырғали мен Мұратқа жүктеп, Шерғазы сұлтан Хиуамен келіс­сөз жүргізу үшін Үргенішке аттанды. 1818 жылы ше­каралық комиссияға жазған хатында ол «Хиуа ханы маған 200 червонец тұратын арғымақ сыйлады» деп хабарлады. Шерғазы келісім нәтижесінде 300 қазақты ауылына қайтарды.

Хиуа ханы Мұхамед Рахим Сыр бойы ханы Арынғазы мен Шерғазы сұлтан арқылы қарым-қатынасты ретке келтіргендей болып көрінгенімен, оның астарында үлкен саяси ойлар жатты. Көп ұзамай ол анық көзге түсті. Орыс үкіметінен көмек алып, Хиуаны талқандауды негізгі мақсат тұтқан Арынғазыны өзіне келтіре алмайтындығын сезіп, оған өзге сұлтандарды қарсы айдап сала бастады. Сыр бойында Хиуа бекіткен хандар пайда болды. Тіпті бірде Мұхамед Рахим өзіне «қарсылас» қазақтың 6 бел­гілі би, батырларын шақырып, Хиуа бе­кінісінде өлтірген. Оның астарында сөз жоқ қазақ игілерін күштеп мойындату жатты. Хиуа ханы келі­сім барысында Шерғазы сұлтанға хандық тақ беріп, Арынғазыға қарсы қою әрекеттеріне кіріскен. Шер­ғазы сұлтан ұсынысты бірден қабылдамады. Бірақ көп ұзамай Хиуа ханы есебі толық жүзеге асты.

1818 жылы маусым айында Арынғазы хан Орс­кіден 200 шақырым жердегі Қызыл-Кебеже өзені бо­йында, Шерғазы сұлтан Орскіден 100 шақырым жер­дегі Қамысты өзені жағасында отырғанда Бұ­хар­дан Орынборға шыққан керуен тоналды. Оны Шер­ғазы сұлтан баласы Мысырғали мен Жанназар би­дің қа­рамағындағы шекті руы жігіттері тоқтатқан [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 4690-іс, 3, 8-9-пп.]. Ал шекті руына Шер­­ғазының билігі жүретін. Мұны ескерген Арын­ғазы Шерғазы арқылы керуен заттарын түгелдей жи­­нап алды. Ал Хиуа ханы әбден сенімнен кеткен Арын­­ғазыны Сыр бойынан солтүстікке қарай ығыстырып, оның орнына орыс саясатын білетін Шерғазы сұлтан­ды отыр­ғызуға кірісті. Оны хандық таққа отыр­ғызудың Хиуа үшін төмендегідей тиімді жақтары бол­ды.

Біріншіден, Арынғазы орнына ағасы Шерғазы­ны сайлап, сұлтанның ел ішіндегі беделі арқылы Әбіл­ға­зыұлын Сыр бойынан біржолата ығыстыру. Со­ны­мен бірге, ағайындылар арасына от жағу. Екіншіден, Шерғазы сұлтан арқылы Ресейдің Азия бағытындағы қадамдарын бақылауға алу, Сыр бойы қазақтарын толықтай өзіне бағындыру.

Мұхамед Рахим Шерғазы сұлтанды 1818 жылы кез­десуге шақырып, Сыр бойы қазақтарының ханы ре­тін­де бекітіп, Үргеніш қаласында таққа отырғызды. Шерғазы Қайыпұлын Әлімұлдары - шекті, төртқара, шөмекей руларының кейбір бөлімдері мойындаған. Жаңалықтан хабарланған Арынғазы тез арада Ха­лық Кеңесін өткізіп, інісі Арду сұлтан бастауымен ел­шілікті Хиуаға аттандырды. Елшінің басты мақсаты қазақтың Хиуа ханымен тату тұруын қалайтынын, Сыр бойы ханы Арынғазы екендігін, ал Шерғазы Қайып­ұлын хан ретінде тану мүмкін еместігін жет­кізу болды. Елшілік 1818 жылы қазан айында Үрге­нішке келген. Қазақ-хиуа келіссөзінен соң, Мұхамед Ра­хим Арынғазының тәуелсіз саясатынан бас тартпай­тындығын сезіп, Ардуды тұтқынға алды. Кездесуге, біздіңше, Шерғазы Қайыпұлы да қатыс­қан. Бірақ оның немере інісі Ардуды қолдамай, қорған бола алмауы болашақта Арынғазымен қарым-қатысының шиеленісуіне әкелді. Арынғазы інісін босатуға барын салғанымен, тіпті Ресей атынан Орын­бордан елші Әбубәкіров жіберілгенімен, деге­ніне жетпеді. Арду 1828 жылға дейін Үргеніште тұт­қында қалды. Содан Арынғазы өзіне бағынатын қа­зақ руларымен Кіші Борсыққа көшуге мәжбүр болды. Ол турасында 1819 жылы 2 сәуірде конфидент Р.Мұр­та­зин П.Эссенге хабарлады [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 2028-іс, 2-5-п.].

Шерғазы Қайыпұлы мен Арынғазының ара жі­гі­нің ашылуын әркім өзінше түсіндіреді. Мәселен, оның себебін 1820 жылы қазақ даласында болып, Арын­­ғазымен кездескен Е.Мейендорф тоналған керуендерден іздесе, А.Негри Шерғазы Арынғазының Ордадағы беделін көре алмауынан деп түсіндіреді. Зерттеуші А.Рязанов «1818 жылы көктемде Арынғазы мен Шерғазы Қайыпұлы өзара ренжісіп, екіге бөлінді. Оның себебі Хан Кеңесіне төраға болып алған Арынғазының Шерғазы сұлтанмен билік пен байлықты бөлісе алмауынан және шексіз билікқұмарлығынан» деп түйіндейді [Рязанов Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость Казахского народа (1797-1838 г.). С.123; Ахметова Т. Арынғазы хан. 83-б.]. Біздіңше, басты түйін Хиуа хандығында жатыр. Арынғазы қайткен күнде де Мұхамед Рахимді жеңуді армандаса, Шерғазы Хиуамен келісімге келуді көздеген. Міне, осы көзқарас екі бауырды екі бағытқа шығарды. 1819 жылы наурыз айында Шерғазы Қайыпұлы Қарабай атты ұлының қызын Мұхамед Рахимге қалыңдыққа берді. Сол тұста Шерғазы қарамағында шамамен 2 500 түтін көшіп қонған. Дегенмен Шерғазының хандық билігі ұзаққа созылмады. 1819 жылдың күзінде Шерғазы қайтыс болды. Г.Ф.Генс өз жазбаларында «Шерғазы сұлтан Арал теңізі жағалауында қорған салуды жоспарлады. Біздің бақытымызға қарай, оны жүзеге асырғанша, Хи­уа ханы оның өлуіне көмектесті» деп анықтайды [ОрОММ. 166-қ., 1-т., 4-іс, 15-п.]. Халқымыздың «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегені де осындай өмірден алынған тәжірибе болса керек.

Шерғазы Қайыпұлы Хиуа қаласындағы Палуан ата мешітіне жерленіпті. Оның артында Меңді жә­не Қоқаш деген әйелдерінен тараған Жанғазы (Мә­нен­бай), Есқазы, Жақыш (1820 ж. өлтірілген), Ғұмарға­зы (Өмірғазы), Бөрі, Қарабас атты ұлдары қалды. Шер­ғазы орнына 1819 жылы 21 қарашада үлкен ұлы Жанғазы хан болып бекітілді. 1802 жылы дүниеге кел­ген Жанғазы бұл кезеңде небәрі 17-18 жаста еді.

Шерғазы Қайыпұлының екі әйелі 1822 жылы Арынғазы ханның бәйбішесі Жақсы ханымның қамқорлығында болған. Ол турасында Жақсы ханым 1822 жылы 26 қыркүйекте Орынбор губернаторына хабарлап, «Меңді ханым өз еркімен біздің әпендінің заңды түрде әйелі болды, ал Қоқаш жасының ұлғаюына байланысты Меңдінің жанында» дегенді жеткізді. Жанғазы хан 1852 жылы қайтыс болып, Хиуа жерінде мәңгілікке қалды. Шерғазының өзге ұрпақтары араға уақыт сала Кіші жүзге оралды [РМӘТМ. 846-қ., 16-т., 19255-іс, 69-п.; ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1273-іс, 69-п.]

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1044
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 925
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 687
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 784