Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3836 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 19:59

МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР...

шаруалар осы ұстанымды місе тұтуда

шаруалар осы ұстанымды місе тұтуда

Ертістің Павлодар өңірінде «Жайлау» бағдарламасы бойынша қой түлігін өсіруге ден қойған шаруашылықтар аз емес. Солардың қатарында Железинка ауданына қарасты Аққайың ауылында кәсіп қылып отырған «Говорун» және «Молдагелдинов» шаруа қожалықтары бар.
«Молдагелдинов» шаруа қожалығының басшысы Қайырберген Молдагелдиновтың айтуынша, былтыр мемлекеттік «Жайлау» бағдарламасының қолдауын пайдаланып, 100 бас қой түлігін алған екен. Олардың басым бөлігі биыл төлдеген. Қазіргі уақытта түлікті күтіп-баптап, алдағы жылдары санын арттыру мақсатындағы ауқымды жұмыстар қолға алынған.
- «Жайлау» бағдарламасының тиімділігін жіті ұғынып, шаруашылығымызда мал өсіру бойынша нақты жоспарлар қабылдадық. Болашақта түліктің осы түрінің санын еселеу ойымыз бар. Бағдарламалық шарт бойынша 100 басты мемлекетке уақытылы қайтарамыз деген сеніміміз мол. Үкіметтің, жергілікті әкімдіктің шаруалардың кәсібін ширату бағытындағы осы тектес қолдаулары үлкен ынталылық тудырып отырғанына сөз жоқ. Алдағы уақытта мұндай қолдаулар барынша жаса беретініне сеніммен қараймыз, - дейді Қ.Молдагелдинов.
Бұл шаруа қожалығы егін шаруашылығымен де айналысады. Биыл 500 гектар алқапқа дән сіңіріп, одан ойдағыдай өнім аламыз деген ниетте. Сонымен қатар 260 гектар алқапқа күнбағыс еккен екен. Қарақұмық алқаптары да бар.
Аққайың ауылындағы шаруашылықтың тағы бірі - «Говорун» қожалығының басшысы Валерий Говорун негізінен мал шаруашылығымен айналысатынын айтты. Бұл шаруашылық та «Жайлау» бағдарламасы шеңберінде 100 қой алып, өсіріп жатыр. Ал жалпы мұнда 120-дан астам ірі қара, 200 қой бар.
- Мені «Жайлау» бағдарламасы мен оның шарттары бірден қызықтырып әкетті. Шаруаларға жасалатын тиімділігі мол, жағдай да жақсы. Осыны пайдаланып, шаруашылығымыздағы мал бағытын ширата түсуді ұйғардық. Әзірге нәтижесі жаман емес. Бағдарламамен алынған қойдың басым бөлігі төлдеді. Күзге дейін барлығы төл береді деп отырмыз. Еділбай тұқымды қойды Шығыс Қазақстан облысынан, нақтырақ айтсақ, Аягөз өңірінен алдық, - дейді шаруашылық қожайыны В.Говорун.
Қазір бұл қожалықта ауылдың екі азаматы жұмыспен қамтылған. Олар ірі қара мал мен қой түлігін бағып, баптап, күтумен айналысады. Жұмысшыларды баспанамен де қамтыған. Тіпті, олардың жүріп-тұруына қолайлылық болсын деген мақсатпен «Жигули» автокөлігін де беріп қойған екен. Сонымен қатар отағасы - шаруашылық басшысының екі ұлы да белсене жұмыс атқарады. Алдағы уақытта мал ұстайтын арнайы нысандар салу жоспары жасалыпты. Әзірге мал ұстайтын ондай арнайы нысандар жоқ. Соның салдарынан біраз қиыншылықтар қалыптасып отырса керек. Дегенмен, бұл тығырықтан таяуда шығатындарына бек сенімді. Одан соң мал санын еселей арттыра түсуге мол мүмкіндік тумақ.
«Говорун» шаруа қожалығының иелігінде 150 гектар шабындық жер бар. Қысқы шөпті осы алқаптардан даярлайды.
Айта кету керек, аталмыш қожалық құс өсіруді де тұрақты қолға алған. Қазіргі уақытта тауық және күркетауық өсіріп, өндіріп отыр. Олардың азығын да үздіксіз қамтамасыз етеді.
1995 жылы құрылған «Говорун» шаруа қожалығы жылдар ағымымен мейлінше ширап, мал санын, қажетті техника санын арттырып келеді. Оның үстіне қожалық ауылдың оны-мұны мұқтаждықтарын шешуге де белсене қатысады.
«Мал өсірсең, қой өсір...» деген қағиданы ұстаным етіп алған жоғарыдағы шаруашылықтар алдағы уақытта жеке кәсіпте мол табыстарға жетуге аса бейілді. Тек бейілді болып қана қоймай, күнделікті қат-қабат жұмыстарды жеріне жеткізе орындауға ұмтылады. Бұл ретте олардың әрқайсысы мемлекеттік тұрғыдағы қолдау-көмекті тиімді пайдаланып, істі одан әрі өрістетуге басы бүтін бет бұрып отырған жайы бар. «Жайлау» бағдарламасының игілігі - соның бір ұшығы. Болашақта мұндай қолдаулар ұсынылып жатса, одан бас тартпайтындарын, сеніммен қарап, тиімділікті іс жүзінде байқап көруге кет әрі емес екендіктерін іркіп қалмады.

Асыл ӘБІШЕВ.

 

0 пікір