Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 9110 0 пікір 6 Ақпан, 2015 сағат 10:51

БІЗДІҢ ЗАМАННЫҢ «КҮҢГІРТ ГЕРАКЛИТІ»

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - ХХІ ғасырдың алғашқы сәттерінен бастап қоғамдық санаға тың серпін, өзекті таным болмысын, күрделі, сонымен қоса тартымды поэзиялық ізденісін ұсынған тұлға. Ол өзінің «Ақшам хаттары» жинағы арқылы поэзия әлеміне өткен ғасырдың 80-жылдары-ақ танылған ақын.

Десе де, ұлттық дүниетанымдық иірімдерімен жарық көрген «Ырауан», «Қас Сақ Аңқымасының» 1-ші, 2-ші кітабы арқылы тәуелсіз елдің тәуелсіз санасын қалыптастырудағы жас ұрпақтың зор ықыласына бөленді. Ол - «Байқасаң, қазақтың сөзінде бар, қазақтың генилігі, пайғамбары» (С.Торайғыров) демекші, сөз өнерінің ішіндегі әр ұғымның тарихи мазмұнына оқырманның көңілін аудартты. Сөйтіп, қазақ санасында көмескі тартқан немесе байыбына бара бермейтін күнделікті қолданыстағы сөз қуатына көңіл бөлді, жандандырды. Дегенмен, Тыныштықбек ақын бұл сүрлеудің  басында тұр деп айта алмаймыз. Оған дейін де Олжас Сүлейменовтің туындылары оқырманына «сөз археологиясын» (М.Фуко) ұсынған болатын. Сондай-ақ, сана тәуелсіздігінің жаңғырығындай ғылыми ізденістерімен осы тәсілдің аясын кеңейткен замандасымыз Серікбол Қондыбай еңбектерінің де маңыздылығы орасан зор. Әйтсе де, Тыныштықбек шығармашылығына деген қоғамдық сұраныстың артуы поэзия тілінің құдіреті болса керек. Ақын оқырманына жеткізбекші идеясын ғылыми-логикалық қасаңдықтан өзге, интуитивті сезімдік қабылдауларының қуатын қағазға идіріп, жүйрік бестіні тақымдағандай сезінтеді. Ақын оқырманы шығарма желісінен бойындағы болмыстық жасырын сұраныстарына жол тапқандай, тамсана-таңырқай мәтіннен мәтін тауып, шығарманы қоса жазып отырғандай ғажайып күйге бөленеді. Ақын шығармаларының басым көпшілігі лирикалық сипаттаудан гөрі ойшылдық танымға құралған. Сондықтан ақын өзі оқырманына «cөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін» деп жетелер көкжиегінің түр-сипатын аңғартады.

***

Тыныштықбек ақынның философиясы айыққыш пен ұйыққыштың күресінен тұрады. Біздің қарапайым лексикондағы айқыш-ұйқыш ұғымдары. Айқыш-ұйқыштың Тыныштықбек түсінігіндегі форматы кең. Айыққыш -  танған есін жыйушы, айығушы, иесін тануға құмарту болса, ұйығушы – тәңірменен ісі жоқ, ұйы, ұйық, ұйығу, ұйыған, ұйықтау ұғымдарының әрекеттік күйі. Сөйтіп, айыққыш пен ұйыққыш – ерсілі-қарсылы кескілескен координат осі іспетті. Айыққыш – вертикальды от жалынды жан қалауы болса, ұйыққыш – горизонтальды бір текті, «бәрі-бір» ұранды хайуандық қалау.

Айқыш-ұйқыш арпалысы адамның болмыстық күйін сипаттайды. «Көрсем, білсем, үйренсем мен ішсем, жесем, ұйықтасамның» айқасы. Біз «айқас», «күрес» деген сөздерді ойдың тиянағы үшін қолданып, қарама-қарсы ұғымдар емес, қарама-қайшы, яғни бірі екіншісіне өтетін қайшыласу ұғымдары ретінде қолданамыз. Сол себепті де, автор «өмір – күрес» қағидасынан гөрі, «өмір – үйлесімділік» деген ұстанымды ұсынады. Сонымен, «білсем» қасиетті айыққан сана иесі - аңқыған, қош иісті, ізгі хабар жеткізуші аңқылдақ тұлға сипатты.

Ақын жырларына көз салсақ:

«...Қандай ғажап өн-бойыңнан Қош аңқу!

Күннен бе, жоқ күреңіткен түзден бе,

Тану үшін, бес қаруың жасанғын:

ҚОШ ЕС,

ҚОШ ОЙ,

ҚОШ СӨЗ,

ҚОШ ІС,

ҚОШ ЖҮЗЕ!..

Қош Қар Нұрын аяп еді қашан Күн!»–дейді. Яғни бойыңнан қош, жұпар, тартымды, жағымды энергия шығу үшін де сана-сезім, іс-әрекетің оң зарядты болу керек деген фәлсафа. Осы тұста ақынның өзі сипаттайтын қазақтың бір ескі аңызы еске түседі: «Мыңдаған жылдар бұрын «өшір» деп те аталатын Ажал жарықтық бір күні таң ата, өзінің үйреншікті қызметін атқарайын деп Қассаққа келіпті» деп, басталатын аңызда қазақтың ажалды үш рет кері қайтарғандағы сөз болады. Сонымен, келіп қалған ажалды байқаған қазақ «Қош келдің! Қош! Қош!» деп, алдынан жүгіре шыққан көрінеді. Ал, «Қош» сөзінде «жендет екеш жендеттің өзін де есін шығара еңіретіп жіберетін періштелік ізгі қуат болатындығы себепті ажал мақсатынан жаңылып, қош иенің соңынан еріпті» деген әдемі әңгіме баяндалады. Қазақ «бір қынға екі қылыш симайды» немесе, «бір кеудеге екі көңіл симайды» деп, біздің осы тұста қорытпақ ойымызды бір-ақ ауыз сөзбен түйеді.

Ал, ұйық текті үш арсыздың бірі – маубас–мәңгуші (ақымақ), мүңкуші (сасық) мүңкір иісті, мөңкір (бас білмес хайуан), мәңгір, мәңгірт, мәңгүрт ұғымдары тектес тоқыраулы, кері әрекет бейнесі.

«Мүңкір Жеріт!

Тамұқтанып он үшінші мүшесі,

Сені соқса!.. заң тышқақтап, тақымына түсесің!

Таңыра ғана тап басатын Қырық Жаны бар қылжалаң,

Оған

сенің бүйім емес берген соққың-зілзалаң.

Қызтекелік Көңіліңді Еркекшора сұрықта

еліктіріп әкетер Ол, қайыр сұрап тұрып та!

Меншігімен,

Саудасымен,

Саясатымен (күйлеген!)

еліктіре,

күллі әлемді соғыстырған, билеген;

ойына

не

келсе

соны

істеп баққан Ол Кесір

аңқылдаған адамдардың көз жасымен көл көсір,

к..ін жуып!..

Аңқыл Ерді кіресіне керіп тұр!..» - дейді. Бұл зымиянның арбауын қазақ даналығы о бастан «дүние – жалған» қағидасы арқылы анықтап, қорғанудың тәсілдерін ұсынса, қазіргі күні «дүниеге бір-ақ рет келеміз ғой!» ұраны жалғанды жалпағынан басып, «менен кейін тасқын болса да, мейлі!» деген ұстанымға ұйыққан.

Осылайша айыққыш пен ұйыққыш координаты ақын шығармашылығында әрекеттік аңқушы – мүңкуші атты келесі ұғымдармен сабақтасады. Аңқы, аңқушы деген ұғымдар - періштелік кемелдікке көтерілген немесе кемел жаралған болмыс. Тыныштықбек шығармашылығы осы ұғымға кең өріс арнайды. Ол кемелдіктің шыңында «Ес» ұғым тұр деп даралап алып, «Ес-тің» шапағы аңқушы иіс (аңқушы ие, иесі, ес) аңқылдақ деп жайдары адамның тұрқын бейнелейді. Сөйтіп, Тыныштықбек «аңқушы», «жұпар», «қош» атауларын «Қазақ иісі» деген топтамаға енгізіп, қазақтың этномәдени табиғатын айшықтайды. "Пенделік Естің «аңқыры» мен «мүңкірі» үнемі өзара итжығыс күйде болады. Бірде «Мүңкір» - зұлымдық қабілеті, бірде «Аңқыр» - ізгілік қабілеті басым түсіп тұратын Ес иесі ретіндегі пенденің екіжүзділігі сонда" дейді Тыныштықбек. Ақын бұларды екі иығымдағы әңкір-мүңкір періштем деп түсінеді. Бірінің ұраны: «Өнерді үйрен де жирен», екіншісінікі «өзің білме, білгенің тілін алма» деген қарғыстың ауыр түрі ретінде таныс. Сөйтіп, ақын қаламынан қазақтың мәдени-танымдық болмысы тіріледі. Сөз өнерінің қуатын аңғарасың. "Ең бастысы, – дейді ақын, – аңқыма дегеніміздің, ақиқатында, «Аңқылдақ Ес (Тәңір, Күн, Періште, Табиғат, кемел пенде я Адам, ақ жарқын пенде) жаратылыстарының құпиялары хақында, сол Естердің ғажайып жасампаздығы жөнінде кемел де кәміл аяндайтын-баяндайтын тәңірлік көркем философия» екендігін ұғынамыз. «Аңқыма» сөзінің ең қасиетті мағынасы да осында».

Қазақ халқының танымында «аңқылдақ ес» иелерінің прототиптерін әр өңірдегі аңыз, әңгімелердің желісінен, өмірде болған және бар адамдардың бойынан, әулие-әмбие, бақсы-балгерлердің өмір сүру үлгілерінен, сонымен қатар қазақтың жалпақ тіліндегі «жақсы адам» деп аталатын адам тұлғасы арқылы көреміз.

«Қассақ аңқымасы» еңбегінің авторы Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жақсы адам, жақсы қазақ идеясына платформа боларлықтай жоғары саналылықтың көрсеткіші ретінде естілік ұғымын адами қалыптың өзегі деп сипаттайды. Осылайша ақын өз биігінде тұрып:

«Менікі –хақ! Менікі!...» деп, күн сайын,

Мезі қылды, түрлі түрлі дін-шайх.

О сорлы дін!..

Мендегі еске енсе ғой,

Аузы-басы кетер еді қисайып.

Есім іші – ерен сұлу кескінді Ел,

Қозғалады боз далалы көш күнде!..

Есім іші – сиыну жоқ пұттарға,

Есім іші – бұйыру жоқ ешкімге!

Есім іші – жалыну жоқ жуанға,

Есім іші – салыну жоқ құранға.

Есім іші –былғану жоқ өсекке,

Есім іші – құлдану жоқ храмға.

Құлға ғана құлшылық тән: жан тәтті!

Санам маған Таңыра жолын таңдатты.

Сансыз ойлар аңқылдайды есімнен,

Сансыз ойлар!.. Кигіз үйлі, салт атты!..

О ондағы ұлдар қандай, тұлғалы!

О ондағы қыздар қандай сырғалы!..

Таңырасы,

Шаңырасы,

Қонағы,

Мейірімі!..

Бірге көшіп жүр бәрі!

Мешіттенген, шіркеуленген шекпенде

Мейір бардай, итенбесін көп пенде.

Иман исі бұрқырайды Есімнен,

Ой мен ойым сымбырласа кеткенде!

Есім іші – сәби Сөзге тіл – бесік,

Есім іші – жоқ ешқандай түрме есік...

Есім іші – ДҮНИЕНІҢ БАРЛЫҒЫН

СӨЙЛЕУ ҒАНА,

ОЙЛАУ ҒАНА БІРЛЕСІП:

Бір ой үрлеп (ой ішінде – нақ қасқа!),

Бір ой қырлап (жоқ болмыстан хақты ашқан!),

Бір ой әрлеп әм дұғалап..

әп-сәтте,

Көз жаратып үлгереді көк тастан!

Дәл солайша жаратылар тұман да!..

Дәл солайша күз де, құс та, жылан да...

Есім іші – жамандық жоқ ешқандай,

«Түнек» деген сөздің өзі – Нұр онда!

Есім іші – әне, сондай Адамдық,

Адам қылып жібереді бадамды!

Онда дәнді өсиеттеп шашасың,

Қасиеттеп басасың сен қадамды!..

Тектен-текке шаттанбаймын бұлай мен,

О, Сор-тірлік, сынайсың ба сынай бер!

БҮКІЛ ӘЛЕМ ОЙҒА АЙНАЛЫП, ҰДАЙЫ,

ЕСІМ ІШІ ТІЛДЕСЕДІ ҚҰДАЙМЕН!

Оң мен солдан,

Биіктік пен тереңнен

Жаратылған ой жайнайды өремнен!..

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІММЕН МЫҚШИЯ,

БАС ОРНЫНА КҮН КӨТЕРІП КЕЛЕМ МЕН!..» - дейді.

***

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы шығармашылығы - шынында да жеңіл шолып шығамын деген адамға қиындық тудыратын, сай-саласын түгендеттірмей қоймайтын тартымды философиялық поэзия. Өйткені, ақын оқырманын қазақ санасында жоғалмаған, бірақ қарабайырланған атаулар мен ұғымдардың өзегіне сүйрелейді. Оның шығармашылығы осы ұғымдардың ара-жігін айырып, бірінен соң бірі өрбитін не қайшыласатын атаулар табиғатын аша түседі. Қазіргі қазақ қоғамының қайта жаңғыру заманында әр атау, әр ұғым өз орнына барып, сана жаңғыруына қызметші болғаны дұрыс. Кезінде күллі елдің санасын уландырып, «мерездікті» жұқтырушы, ұлтсыздандыру идеясы көсемінің бірі Ф.Энгельс саяси қасақаналықпен «тіл – қарым-қатынас құралы» деп анықтама берген болатын. Осы анықтама салдарынан қарым-қатынас үшін кез келген тілде шатып-пұтып шүлдірлеуге жол ашылды. Тілді ұмыттырған соң рухтың әлсірейтіндігі белгілі. Өкінішке қарай, біздің қоғам қазір де осы бір қасаң қағидадан бойын аластата алмай отыр. Сөз құдіретін мейлінше қадір тұтатын халықтың бітіміндегі пассианарлықтың көзі – сөз қуаты екендігін, тіл – мәдени тірі организм ретінде өмір сүретіндігін дәлелдейтін бізге басқа анықтама қажет. Осы ойымызды шығармашылығының басынан-ақ автор жүйелі дәлелдеп қазақ дүниетанымындағы сөз өзегін дөп басып, «Сөз – сөйлеп тұрған Рух» деген қуатты, бастысы, көңілге қонымды анықтама ұсынады. Сөйтіп, ойшыл ақын санада қалыптасып қалған ескі түсініктер орнына мейлінше қазақи пайым-парасат деңгейіндегі өз тұжырымдарын ұсынады. Дегенмен, ақын тұжырымдары жас толқынның тарапынан үлкен қолдауға ие болғанымен, бірауызды қоғамдық пікір қалыптасуы кемшін тартып, шығармашылығының кей тұстары сынға ұшырап, жылдар өтіп жатса да бағалануы өз деңгейіне жетпей, «біртүрлі ақын» деген тамсануы мен таңырқауы, не жатырқауы мен жатсынуы белгісіз «күңгірт» өліара қоғамдық пікір деңгейінде тұр.

Заманында озық ойдың, тың идеялардың бастауында тұрған грек данышпаны Гераклит деген болған. Ол адам жаны – от тектес, үнемі өршіп, рухани кемелдікке талпыну, тегін аңсау үстінде болатын құбылыс деп түсіндірге тырысты. Бірақ, дүние атомдардан тұрады, атом ыдырағанда жан екеш жанның да ыдырайтындығы туралы Демокриттің идеясы үстемдік етіп, Гераклит идеясы қоғамдық санаға саңылау таппай, түсініксіз деп жұрт оны «күңгірт Гераклит» атап кеткен еді.

Қазіргі қоғамдық сананы жаулау мақсатындағы арпалыс заманында Тыныштықбек және оның шығармашылығы «күңгірт Гераклиттің» кейпін киіп тұр.

 

Қаршыға МҰҚЫШ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты.

Абай.kz

0 пікір